Моё будущее — это будущее моей страны.

«Цветы лишь на своей поляне – цветы, человек лишь на родине — человек»,-  гласит казахская пословица. В словах заключена тысячелетняя хранимая и бережно передаваемая из поколения в поколение истина о человеке и о  Родине. Только чувство Родины, осмысление своего единения с ней, своей сопричастности  к жизни и судьбе отечества делает нас настоящими людьми.

Что такое Родина для  меня? Страна, государство, где я родилась и выросла, где жили  мои предки. Родной язык, привычки, нравы, традиции. Народ, среди которого я своя.  И еще что-то большое, невысказанное…  Моя Родина – Казахстан.…Перед моим мысленным взором возникает огромная страна, населенная добрым и мудрым народом.  Казахстанские степи, расстилающиеся ковром трав. Запах горькой полыни, дурманящий и кружащий голову.   Кроваво-красные маки, большие, высокие.  Созвездия желтых тюльпанов, тихо колышущихся под дуновением ветерка.  Запахи цветов, трав. И в этих запахах – синее-синее небо, высокие-превысокие горы. И мой родной город, расположенный у подножия этих гор, с улицами, наполненными шумом машин, аллеями, засаженными пестрыми цветами, парком, который я больше всего люблю за то, что сюда приходит много-много детей, таких же счастливых и смеющихся, как и я.

Я заканчиваю 11 класс и стою на пороге выбора жизненного пути. Я всегда думаю о том, что же я могу сделать для развития моей страны, что я могу сделать для её прекрасного будущего? Уже сейчас мы строим планы на будущее, мечтаем кем-нибудь стать в жизни.  21 век – это век нового поколения, которому предстоит стать опорой молодого  государства.  Мы осознаем свою ответственность, поэтому сейчас уделяем большое внимание учебе, стараемся приобрести максимум знаний. Государству нового тысячелетия необходимы квалификационные, активные люди. Через несколько лет в наши руки передадут управление государством, от нас будет зависеть его будущее.  Какая судьба ждет нашу Родину: расцвет, процветание или что-то другое — вся ответственность  лежит на нас, поколении нового времени.

Моё будущее — это будущее моей страны. В Послании  первого Президента есть слова: «Наши дети станут высококвалифицированными рабочими и фермерами, инженерами, банкирами и деятелями искусств, учителями, врачами, владельцами заводов, биржевыми маклерами…»
Глядя, как трудятся мои родители, я хочу сказать словами Б. Пастернака: «Во всем мне хочется дойти до самой сути…». А я очень хочу, чтобы мной гордились мои родители, мои учителя,  моя школа, моя страна. Я буду очень для этого стараться.  Настал наш черед, Родина. Мы отдадим тебе все свои знания, свою любовь, жар наших молодых сердец. Я желаю тебе, моя страна,   моим одноклассникам и себе доброго и светлого  пути!

   Куандык Санжар,

ученик 11 класса

                                     КГУ «Общеобразовательная школа №76»

                                       Турксибского района г.Алматы.

                       

Ұлытау етегіндегі рухани жаңғыру

2017 жылы 169 жоба және құны 2,3 млрд теңгені құраған акциялар іске асырылды. Бұл сомадан 1,8 млрд теңгені бизнес салымы құрады. Жобалық кеңсенің бағамдауы бойынша олардың арасында анағұрлым маңызды болғандары: ғұлама қоғам қайраткерінің 350 жылдығына арналған «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен: Бабаларға тағзым» атты халықаралық автокеруен; «Шеберлер қалашығы – Город мастеров» шеберлер арт-фестивалі. Сонымен қатар Қарқаралыда жас туристер станциясы ашылды. Оқу жылының басында Теміртау қаласының 10 мыңнан астам оқушысы өз-өздеріне болашаққа хат жазды.

2018 жылы 4,7 млрд. теңгеге 238 жобаны іс­ке асыру жоспарланды. Олар бағдарламаның төрт бағыты бойынша таратылған: «Тәрбие және бі­лім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат тол­қыны». Жоспар бойынша Қарағандыда бала­лар туризмін дамыту орталығын ашу,Балқаш қа­ла­сында мүгедектерге көліктік көмек қызметін құру бірінші кезекте тұрды. Облыстың танымал спорт­шыларының қатысуымен «Туған жер» спорттық керуенін ұйымдастыру, археологиялық картаны ба­сып шығару, «Қарағандының театралды му­зыкалық түндері» халықаралық фестивалін өткізу күн ­тәртібінде болды.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – Елба­сы­ның бас­тамасымен қабылданған ұлттық деңгейдегі ау­қымды жоба. Ол салалардың барлығын қам­туы­мен ерекшеленеді. Бұл жоба қоғамның идео­логиялық платформасы іспеттес, – деді Гүлнар Құр­­банбаева аймақтық коммуникациялар қыз­­метінде өткен брифинг барысында. – «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасының жалпы рес­пуб­­ликалық реестріне енген жобалардың саны бойын­ша Қарағанды облысы ең үлкен пул ұсынып отыр. 2017-2022 жылдары жүзеге асырылады деп жос­парланып отырған жалпы сомасы 12,3 млрд теңгені құрайтын 430 жоба, қосымша жоба және шара­лар құрылған».

Бағдарлама шеңберінде Қарағанды облысында Азаматтық бастамалар күні ұйымдастырылды, ол өңіріміздің кез келген тұрғынына өмірдің сол немесе басқа да саласын қалай жақсартуға бо­латыны туралы нақты ұсыныстармен келуге мүм­кіндік береді. Бұл акция қарағандылықтардың үл­кен қызығушылығына ие болғанын айта кет­кен жөн. Оған қоса, тағы бір қызықты жоба әзір­леніп жатыр. Ол– «Игі істер корпорациясы мо­биль­ді қосымшасы». оның көмегімен кез келген адам қалауы бойынша телефоннан нақты қайырым­дылық жобаларына ақша жібере алады.
Ұлытаудағы сакралды нысандарға кірме жол­дар салу жұмысы жүріп жатыр. Туристік инф­ра­құрылымын жақсарту үшін құны 718 млн теңге болатын «Сапар-орталық» салу жоспарланған, ол турис­терге өңір туралы, жолбағыттар, орналасу орын­дары және т.б. туралы барлық қажетті ақпа­ратты алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, же­ке инвестициялар есебінен Ұлытауда Этноаул са­лынатын болады. Бұл жобаның құны – 150 млн тең­ге.

Өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде облыста «Жез киік» халықаралық эт­нос­­тық музыка фестивалі өтті. оған Қы­тай­дан, Мексикадан, Перуден, Түркиядан, Тәжікстаннан, Польшадан, Франциядан, Шот­ландиядан және Жапониядан келетін топ­тар қа­тысты.

Облыста таяу күндері еліміздегі алғашқы «Ұлы дала мұрагерлері форумы» өтті. оған 4 мың­­нан аса оқушы қатысты. Биылғы оқу жы­лы бойы Қарағанды, Атырау, Талдықорған НЗМ мұғалімдері Жезқазған – Ұлытау өңірінің қара­пайым орта мектептеріне өз тәжірибелерін бер­ді. Келесі оқу жылында Жезқазған өңірінің мек­тептері НЗМ бағдарламасы бойынша өз бетінше жұ­мыс істейтін болады.

2018 жылы шілде айының 11-15 күндері ара­­­­лығында Қарағанды облысының Ұлытау ау­данында І халықаралық «Жезкиік» музыка фес­тивалі өтті. Фестиваль күндері қонақтарға әр елдің тарихы мен мәдениетімен танысуға зор мүмкіндік туды. І халықаралық «Жезкиік» му­зыка фестивалінде Мексика, Перу, Польша, Ре­сей, Түркия, Тәжікстан, Франция, Шотландия, Жапония, Қазақстан елдерінің өкілдері бас қосты. Қазақстанның мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов бастаған көптеген танымал тұлғалар фестивальдің құрметті қонағы болды. Фестивальге 92 музыка шебері қатысты. Әр топ өз елінің ұлттық аспаптарында халық әуен­дерін ойнап, елінің тарихы мен мәдениетінің түп тамырын паш етті.

Ерлан Қошанов өңір тұрғындары Президенттің «Ту­ған жер» бастамасын да нық сеніммен қа­­былдағанын айтты. «Барлық іс-шаралар мен жобалар, осынау барлық цифр мен көр­сеткіш сыртында меценаттарымыздың, жер­лес­теріміздің үлкен жұмысы тұр. Азаматтардың әрбір балалар алаңы, әрбір нысан сыртында тірі адам тұрғанын білуі керек. Ол адамдар туралы айту керек. Біздің облысымызда сондай жомарт жандардың өте көп екені мені қуантады», – дейді Ербол Қошанов.

Айзат ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
Қарағанды облысы.

ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫСЫНЫҢ ҚИЛЫ ТАРИХЫ

Еуразия континентін дүр сілкіндіріп, адамзат тарихының өзгеше өрбуіне ерекше әсер еткен көшпенділер даңқы ежелгі дәуірлер қойнауынан жаңғырып жеткендей. Әсіресе сахараны шаңдата жүйткіген тұлпарларының тұяқ дүбірі құлағыңнан кетпейді. Иә, сәйгүліктер сол даңқты бабаларымыздың айырылмас серігі болатын. Жылқы малы мінсе көлігі, жесе тамағы, ішсе сусыны, кисе киімі ретінде халық тіршілігі мен ел экономикасының да негізі еді. Көшпенділерді жылқысыз елестету садақты жебесіз атқанмен бірдей екені түсінікті. Жылқы тек төрт түліктің бірі ретінде ғана емес, көшпенділер тіршілігінің тірегіне айналған соң, оның салт-дәстүрі мен өмірлік философиясынан көрініс таппауы мүмкін емес. Бүгінде ғылым мен техниканың дәуірі жүріп, жылқының маңызы бұрынғыдай болмаса да, жылқы десе ішкен асымызды жерге қойып, елегізе елітіп отыратынымыз соның айғағы болса керек.

Біз, әдетте, өзімізді «жылқы мінездес халықпыз» деп мақтанатынымыз бар. Бала кезімізде де аналарымыз «құлыншағым» деп еркелетсе, құлдыраңдай шауып, мәз болатын кезіміз есіңізде болар. Арғы аталарымыз да ат жалын тартып азамат болғаннан бастап, ана дүниеге аттанғанша аттан түскен жоқ. Сонау Эллададан бастап, қиырдағы Египетке дейін кентаврлар туралы аңыз қалдырды. Достарына құшағын айқара ашып, қастарымен ат құйрығын кесісті. Ал қателессе, ат-шапан айыбын төледі, еліне қауіп төнгенде, «аттандап» жауға шапты. Осылайша, жылқы тек көлік ретінде ғана емес, философиясы мен мәдениетінен, тілі мен қисса-дастандарынан орын теуіп, халқымыздың бөлінбес рухани дүниесіне айналды. Әйтеуір, аталарымыз жылқы малына атүсті қараған жоқ. «Тегіміз түркі, көлігіміз жылқы» деп оны басқа түліктен артық санады. Кешегі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да жылқы малын қазақтың брендіне айналдыруды сөз еткен болатын. Иә, өте құптарлық іс. Кешегі бабаларымызға төл тарихымызды бірге жасасып, даңқымызды әлемге жайған жылқы түлігінің еңбегі мен атқарған рөлін жоққа шығара алмасымыз айдан анық. Керісінше, оларға қарыздар екенімізді мойындауымыз керек.

Жылқы қашан пайда болған?

Ғалымдардың сөзіне сенсек, жылқының пайда болу тарихы осыдан 65 миллион жыл бұрын басталған екен. Ол кезде қазіргі кездегідей биік те сымбатты болмаса керек. Яғни, арқасы бүкір, құйрығы ұзын, көлемі қан­ден ит сияқты бір түрлі жануар болған деседі. Ол жануар­ды ғылымда «эохипус» немесе «хирокетрия» деп те атайды. Бұл хайуанның алдыңғы қолында төрт сау­сағы, артқы тұяқтарында үш саусағы болып, бұталар мен жас ағаштардың жапырақтарымен қоректеніпті.

Ал 25 миллион жыл бұрын климаттың өзгеріп, ағаш­ты ормандар мен бұталы алқаптар, ұзын шөпті шал­ғындар құрғақшылыққа ұшырап, жер бетінің ке­бе бастағаны мәлім. Осы құбылыстан кейін тау-тас­ты далалардың пайда болуына орай, эволюция заңдылығына сәйкес жылқының арғы тегі де өзгеріпті-мыс. Осылайша, тұрқы пониге, бас сүйегі мен ті­сі қазіргі жылқыға ұқсас басқа тіршілік иесіне ай­на­лыпты. Бұрынғы жұмсақ айыр тұяқтары қатты тұяқ­қа өзгеріп, енді секіріп, жылдам жүруіне жағдай туыпты. Арада 13 миллион жыл өткеннен соң (12 миллион жыл бұрын) дене тұрқы киіктей, үш айыр тұяқты, жылдам шауып жүретін гиппарион деген жаңа жануарға айналса керек. Уақыт өткен сайын жылқы тұрпаты да сатылап өзгеріп, бүгінгі түріне еніпті. Рас-өтірігін кім білсін, қазіргі ғы­лым осылай деп болжам айтады. Десе де, жылқының жаңа тарихы оны адамдардың қолға үйретілуінен кейін басталды.

Жылқыны ботайлықтар
қолға үйреткен

Бертінге дейін тарихшылар жылқы алғаш рет Еуропа жерінде қолға үйретілген деп санап келген. Тек Ботай мәдениеті ашылғаннан кейін жылқының алғаш рет Солтүстік Қазақстанның аумағында қолға үйретілгені ғылыми түрде дәлелденді. Ботайлықтар тек жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, қымыз ашытуды да тұңғыш ойлап тапқан. Олардың қымыз ашыта білгендігінің дәлелі табылған қыш ыдыстың қабырғасындағы май қышқылдарының дағымен байланысты.

Ал ыдыс қабырғасындағы дақтар бие сүтінің ізі екені анықталған. Американ археологы Дэвид Энтони
2007 жылы жарық көрген «Жылқы, дөңгелек және тілдер» атты кітабында бұл аймақтағы жылқының қолға үйретілу мезгілі шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жыл деп жазады. Яғни, жылқының қолға үй­ретілгеніне шамамен кем дегенде 4500 жыл бол­ды деген сөз. Ботай мәдениетін зерттеушілер тұрақ­тың 6 мың жыл бұрын құрылғанын айтады. Мың­жылдықтармен есептесек, екі болжам бір-біріне өте жақын. Жылқының қолға үйретілуі – адамзаттың өн­дірістік қуатын арттырып қана қоймай, сонымен қоса әлем тарихындағы мәдени революция болғаны анық. Бұл туралы әлемге танымал ғалым Сандра Олсен: «Ме­нің ойымша, жылқының қолға үйретілуі – адамзат та­ри­хындағы ең шешуші оқиға болған. Александр Ма­кедонский мен Шыңғыс ханды қоса алғанда, бар­лық ұлы империялардың негізін қа­лаушылар жы­л­­қысыз ештеңе істей алмас еді», – деп, адам баласы үшін жылқының маңызы қандай болғанын айшықтай түседі. Жылқытанушы қазақ ғалымдары болса, жылқы түлігі ақпарат алмасуды тездетіп, өр­кениеттің пайда болуына әрі ғаламдық тарихтың бір-бірі­мен байланыс орнатуына айрықша ықпал еткен деп тұжырымдайды. Қазақ даласындағы жылқының тарихы арий кезеңінде жаңа бір сатыға көтерілді.

Кентаврлар… олар кімдер?

Арийлер жылқыны ерекше қастерлеп, шексіз құрмет көрсеткен. Ғалымдар арийлерде жылқының үш түрлі тұқымы болған деп санайды. Олар: тауда жүруге ыңғайлы аласа жылқы, ұзақ жүруге ыңғайлы шыдамды қазанат және қазіргі Түркіменстанның ақалтеке жыл­қысының арғы тегі саналатын ұшқыр тұлпар. Әсіресе, арийлер арасында ұшқыр тұлпарлар жоғары бағаланған. Әлемде алғаш болып екі доңғалақты арбаны ойлап тапқан арийлер оған ұшқыр тұлпарларын қос-қостан жегіп алып, сары далада сағымша жүйткіген. Оның ескерткіштерін қазақ даласындағы жартасқа салынған суреттерден көруге болады.

Келесі сақтар кезеңінде де жылқының рөлі ар­та түс­песе кеміген жоқ. Дала төсінде үйір-үйір жыл­қы өргізіп, соның арқасында атағынан ат үркіп, қаһа­­рынан дұшпанының тізесі дірілдейтін атты ка­ва­лерия құра білді. Бала-шағасынан бастап, тіптен әйел­дер­ге дейін ат құлағында ойнауды игерді. Сонымен бір­­ге, Геродот жазбаларында сақтардың аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізіп, жү­гендері мен шылбырларына дейін алтынмен әше­кей­легені айтылады. Яғни, жылқыны адамнан кем көр­мей, өздерін қаншалық сәндесе, аттарын да сон­ша­лық дәрежеде әсемдеп отырғанын байқаймыз. «Ал­тын адам» – соның бір ғана мысалы. Тіптен, сақ­тардың патшалары мен қолбасшылары өздерінің бас киімдерімен бірге мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі таққаны туралы деректер бар. Мұн­дай мүйізге ұқсайтын белгілерді «жыға» деп атаған. Өзіңіз кинодан жиі көретін мүйізді жылқылардың қайдан шыққанын енді түсінген боларсыз. Мүйізді тұлпарлар өзіміздің Елтаңбамызда да бейнеленген.

Ал ғұн кезеңінде осы жылқының арқасында бір шеті Қытайдың Сары өзенінен сонау Балқан тау­ларына дейінгі ұланғайыр аумақты иемденіп, ұлы империя құруларына мүмкіндіктері болды. «Мәңгілік империя» саналған Римнің өзі ғұндардың алдында қауқарлы болмай шықты. Еділ бастаған ғұн жауынгерлерінен тас-талқаны шығып жеңіліп, ақыр соңында тарих саханасынан келмеске кетті. Ең қызығы, тарихшылардың айтуынша, римдіктердің жеңілуіне ғұндардың технологиясының мықтылығы әсер еткен. Мұндағы мықты технология ғұндардың атты жауынгерлерінің ержүректігі мен әскери қару жа­рағында емес, ат әбзелдерінде екен. Нақтырақ айтқанда, олардың ерлерінде үзеңгісі болған. Үзеңгісі жоқ Рим атты әскерлері жай соққының өзінен атынан аунап түсіп, сайыс үстінде дәрменсіздік көрсеткен. Ал ғұндар болса үзеңгінің арқасында атта орнықты отырумен қатар, найзамен түйреп, шоқпар үйіргенде де ептілік танытқан.

Осылайша, осы бір елеусіздеу үзеңгінің өзі адамзат тарихының өзгеше өрбуіне мұрындық болыпты. Ата-бабаларымыз тек жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, ат әбзелдерін уақыт өткен сайын түрлендіріп, дамытып отырған. Қазіргі сәнге айналған ұзын қоныш, жұмсақ табанды етіктер мен шалбарларды да осы атқа мінуге қолайлы болу үшін бабаларымыздың ойлап тапқаны әмбеге аян. Бұл ұлы бабаларымыздың жылқының арқасында жеткен жетістіктерінің бір парасы ғана. Тарихи мәліметтер бойынша, алғаш атқа мінген бабаларымызды көрген гректер «Адам басты жылқылардан» қатты қорқып, неше түрлі аңыз-миф шығарыпты. «Кентавр» сөзі содан пайда болған. Қа­зіргі күні батыстың фильмдерінде кентаврлар жайында сюжет көп кездеседі. Батыр бабаларымыздың даңқ­ты тарихы адамзат көкірегінде әлі де сайрап жатыр…

Жабы мен қазанат

Халқымыз үшін кейінгі түркілер дәуірінен бастап, ұлт болып қалыптасқанымызға дейін де жылқының рөлі еш кеміген емес. Алпамыстың Байшұбары, Қо­бы­ландының Тайбурылы, Қамбардың Қарақасқасы, Ер Тарғынның Тарланы, Қабанбайдың Қубасы, Ақан серінің Құлагері секілді, тұлпарлардың даңқы бізге аңыз болып жетті.

Десе де, қазақ халқында жылқы тұқымының екі түрлі бағыты қалыптасқан. Біріншісі, еті мен сүт үшін және күш көлігі ретінде өсірілетін жылқылар. Мұндай тұқым түрі жабы деп аталған. Қазақтың жабы жылқысы жайы­лымда жақсы әрі тез семіреді. Еті көп те дәмді, сүті мол да нәрлі болып келеді. Ыстық пен суыққа тө­зімді, ортаға бейімделгіш, жұмысқа көнбіс әрі тез арымайтын жабылар шаруашылық үшін таптырмайтын жылқы болып саналады. Дегенмен мұны жорық аты ретінде мінбеген. «Қанша жүйрік болса да, жауға мінбе жабыны» деп оны сәйгүліктерден төмен санаған. Ал екін­шісі, бетегелі бел мен найза ұстаған ерге ғана бітетін аузымен құс тістеген сәйгүліктер тұқымы. Мұ­ны қазақта қазанат деп атайды. Жоғарыда аталған Бай­шұбар мен Тайбурыл, Қарақасқа мен Тарлан, Қубасат пен Құлагер – осы қазанаттардың жарқын үлгісі. Мұн­дай сәйгүліктер соғыста әскердің күші болса, бей­бітшілікте бүкіл рудың атын шығарған бәйгелерге шап­қан. Мұндай тұлпарлардың құны ердің құнынан кем түспеген.

Көкмойнақтың үйірі қайда кетті?

Қазақ жерінде өсірілген жылқылар басқа халықтар ара­­сында да өте танымал болды. ХІХ ғасырдың сек­сенін­ші жылдары Австрия подполковнигі А.Дандевиль Орынбор даласына арнайы сапар шегіп, Австрия ар­миясы үшін 3000 қазақ жылқысын сатып алғаны ту­ралы деректер кездеседі. Тіптен І және ІІ дү­ниежүзілік соғыс майдандарына да көптеген қазақ жылқылары жіберілген. Бірақ қазақты отарлауды көздегендер оларды қалайда аттан түсіруге барын сал­ды. Ол үшін қазақтардың жылқысын азайтып, қа­занаттардың тұқымын жоюға тырысты. Мәселен, 1880 жылдары Австрия – Венгрияда 3,5 миллион, Германияда 3,3 миллион, Францияда 3 миллион жылқы болса, 1879 жылы алынған санақ бойынша Қазақстанның бір ғана Орын­бор облысында 1,8 миллион жылқы болғаны көр­сетілген. Ал ХХ ғасырдың басындағы нәубеттерден кейін бүкіл Қазақстанда 8 миллиондай ғана жылқы қал­ғандығы айтылады. Ұлттық байлығымыз саналған осыншама жылқы Кеңес үкіметінің солақай саясаты сал­дарынан да азая түскен. 2018 жылғы санаққа сен­сек, еліміздегі жалпы жылқы саны бар-жоғы 2,5 мил­лионның шамасында екен. Қазақтың басына келген нәубет жылқыларын да айналып өтпепті. Осылайша, кезіндегі басқан жерін ошақтай оятын асылтұқымды тұлпарлардың да қатары сиреп, ыңғай мәстектер мен қойға жетпес қойторылардың күні туыпты. Енді өз қазынамыздан айырылған соң шекара асып, өзге елден тұлпар іздейтін күйге түсіппіз. Тыңдаған болсаңыз, Елдос Еміл орындайтын «Көк мойнақтың үйірі» атты біздің қасіретті тарихымызды жылқы малымен байланыстырған таңғажайып жыр бар. Осы жырда қазақ даласындағы асылтұқымды жылқылардың қалай қырылғаны баяндалады.

Бүгінде әлемдік аренада бәсі жоғары жылқы тұ­қымы көптеп кездеседі. Олардың қатарында – ақал­теке тұқымы, жәуміт тұқымы, қарабайыр тұқымы, араб тұқымы, «таза қанды» ағылшын тұқымы, дон тұқымы, буденный тұқымы, Украинаның ұлттық тұқымы секілді асылтұқымды жылқылар бар. Дегенмен біздің де жергілікті жылқы тұқымдарын асылдандырудың арқасында жеткен жетістіктеріміз аз емес.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Болатхан Махатов: «Біз Кеңес кезінде ет пен сүт беретін бағыттағы жылқыларды өсірдік те, спорттық бағытқа көңіл аудармадық. Бізге бұл са­ланы жақындатқан да жоқ. Батыс Қазақстанда ең алғаш рет сүтті бағыттағы күшім жылқысы өсірілген болатын. Одан кейін жабының бірнеше түрін біріктіріп мұғалжар жылқысы шығарылды. Бұдан бөлек өзінің өсіп отырған ортасына жақсы бейімделген адай жыл­қысы қалыптасып келеді. Мұның ерекшелігі мініс­ке төзімді әрі жүйрік жылқы. Алыс қашықтыққа шап­қанда оған тең келетін бірде-бір жылқы жоқ. 150 шақырым ол үшін түк емес. Қазақ жылқылары біздің ал­тынмен бағаланатын ұлттық брендіміз болып отыр. Еуропаның асылтұқымды жылқыларының қа­ны бұрынғы жабайы тегінен өте алшақ кетіп қал­ған. Ал жабайы тегіне ең жақын тұрған біздің қазақ­тың жылқылары» – дегенді айтады. Ғалымның сөзі­не сенсек, өзге елдер жылқыларын барынша асыл­дандырып, басқадан артық етеміз деп тыртық еткенге ұқсайды. Яғни, бұрынғы түп тегінен алыстап, жылқыға тән жақсы қасиеттерінен айырыла бастаған. Ендеше, алдағы уақытта қазақ жылқылары бұрынғы атақ-даңқын қайтарып алуына мүмкіндік мол деген сөз.

Қорыта келгенде, жылқы мен қазақтың тағдыры бір ар­надан қатар аққан қос өзен секілді. Мейлі, техника мен компьютерге байланған бүгінгі заманда өмір сүрсек те, жылқыдан тағдырымыз бөлінбек емес. Қиқу көр­се делебесі қозатын тұлпарлардай біздің де жылқы көр­генде арқамыз ұстайтыны анық. Елбасы айтқандай, жыл­қы Ұлы дала елінің бір қыры болып қала бермек.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

ШЫҒЫСТАҒЫ ОҢДЫ ІСТЕР

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр.

Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы кешенді жоспар дайындалып, оған әртүрлі 61 жоба енгізілді. Олардың қатарында музей салу, киелі жерлердегі инф­рақұрылымды дамыту, археологиялық қазба жұ­мыстарын жүргізу, көне жәдігерлерді іздеу сияқты көп­теген игі іс бар. Бұл жұмыстың барлығы ал­дағы 6 жылға жоспарланып, «Рухани қазына», «Тәр­бие және білім», «Ақпарат толқыны», «Атамекен» деген арнайы бағдарламалар арқылы жүзеге асады. Ол үшін бюджеттен 28 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінбек.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласында туған елді, туған жерді тануға айрықша на­зар аударып, еліміздегі киелі жерлердің картасын әзір­леу жөнінде тапсырма берді. Қазіргі уақытта «Қазақстанның киелі орындар картасына» ене­тін Шығыс Қазақстанның өзінің киелі орындар кар­тасы түзіліп жатыр. Әзірге бұл тізімге облыс ау­ма­ғындағы 8 тарихи орын еніпті. Олар: Зайсан ау­данындағы Шілікті жазығы, Катонқарағайдағы Бе­рел қорымы, Ұлан ауданындағы «Аблайкит» ғиба­дат­ханасы, Мұзтау шыңы, Күршім ауданындағы Қиын Керіш, Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі, Тар­бағатайдағы Ырғызбай Досханаұлы кесенесі мен Се­мейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік та­рихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі.

Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен са­­лынған «Абай – Шәкәрім» мемориалды кешені де тек Шығыс Қазақстан облысы үшін емес, барша Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Белуха, Қиын-Керіш, Ашутас таулары сияқты табиғат-ана тарту еткен құндылықтарымыз да талай тарихтың куәсі ретінде баға жетпес асыл мұрамыз. Мұндай жәдігерлер Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ай­тылған ұлттық кодты сақтауда да ерекше рөл атқарады.

Берел жазығы мен Шілікті қорғандары брендке ай­налып келеді. Зерттеу нәтижелері де таңдай қағарлық. Патша жазығынан табылған құнды жәдігерлер елді елең ет­кізді. Бұған қоса, профессор Әбдеш Төлеубаевтың же­текшілігімен Зайсан ауданы аумағындағы Қаратал және Айнабұлақ қорымдары да зерттеліп жатыр. Аталған нысандарды зерттеу біраз уақыт алады. Де­сек те, археологиялық әр ес­керткіштің тарихи маңы­зы бар. Бұл Елбасы бағ­дарламада нұсқаған «сак­ралды Қазақстан» жо­басының бір бөлігі. Шығыс Қазақстан облысындағы ар­найы экспедиция жалғасын табады. Қараталдағы қазба жұмыстары аяқталған соң экспедициялық топ Сауыр, Маңырақтың бойымен археологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді де жоспарлап отыр.

Шығыс Қазақстанда «Туған жерге тағзым» ша­расын өткізу біраз жылдан бері дәстүрге айналған. Шара мем­лекеттік бағдарлама шеңберінде жалғасын тапты. Бұл жауапкершілікті еселей түседі. Осы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға 21,3 млрд. теңге бөлу қа­растырылды. Оның 10 миллиардқа жуығы игеріліп, 929 әлеуметтік жоба бастау алды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұнына сәйкес келетін жобаларды ғана іріктеудің қажеттігін ай­тып, өңірдің іс-шаралар жоспарына сай «Абай» институтын ашу және «Абай» журналын халықаралық деңгейге көтеру мәселесі қозғалды.

Облыстағы белді кәсіпорындар ірі әлеуметтік жо­­­­баларды іске асыру үшін «Парыз» қоры арқылы 4,7 млрд. теңге бөлді. 2017 жылдың ең ірі жобасы – «Нұрлы жол» саябағы. Ал «Тәрбие және білім» кі­ші бағдарламасы аясында 35 жоба басталды. Үш тілде оқыту және рухани білім беру жобалары рес­публикалық деңгейде жүзеге асып жатыр.

Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында «Әдеби Шығыс» жобасы бастау алды. Оған әртүрлі байқауларда топ жарған 2 мыңнан астам оқушы қатысуда. Жеңімпаздар үшін арнайы оқу-тәжірибелік саяхат ұйымдастырылып, олар ақын Абай Құнанбайұлының туған жеріне сапар шекті.

А.Ержанқызы,
Шығыс Қазақстан облысы.

ЖЕТІ ҚЫРДЫҢ АР ЖАҒЫНА ЗЕР САЛҒАН

Философия ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті Сапар ОСПАНОВПЕН сырлы сұхбат.

– Сапар Иманғалиұлы, біз сіздің ертедегі сақтар, олардан да бұрынғы арғытектер әлемінде басты сенім болған Тәңірлік пен Жаратушылық деп түзеткен Заратуштралық діндерді терең зерттегеніңізді білеміз. Сіздің сол зерттеулеріңіз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен қарашаның 21 жұлдызында жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегінің басты идеясымен үндес сияқты. Осыны өзіңіз тарқатып көрсетсеңіз.

– Елбасының өзі айтқандай, бұл – оның 2017 жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінің бастау-көздерін археологиялық ар­тефактілермен нақтылау жұмысы. Рухани жаңғыру бағдарламасы – тек қазақ ұлты үшін ғана емес, жалпы түркі халықтары үшін тарихи тағылымы бар жоба. Оның сәуірдің 12 жұлдызында, адамзаттың ғарышқа ұшқан күнінде жарияланғандығының өте үлкен образдық мәні бар. Оны тарих әлі талай бағамдай жатар.
Кезінде Ленинград университетінің философия факультетін, сосын Мәскеудегі КСРО Ғылым ака­де­миясының Социология институтының ас­пирантурасын бітірген едім. Осындай кәсіби бі­лі­міме сәйкес, 1990 жылдары докторлық дис­сер­тация қорғау үшін әуелі теориялық тұрғыда «социологияның онтологиялық концепциясы» деген тақырып бойынша ізденістер жасадым. Соның алғашқы теориялық нәтижелерін практикалық тұрғыдан нақтылау үшін, онтологиялық мәселелерді «әлеуметтік болмыстың даналығы» деген қосалқы тақырып тұрғысынан нақтылауға кірістім. Соны тарихи жәдігерлер арқылы іздестіре бастағанда, тарихтағы ең алғашқы діни-мифтік дүниетаным тәңірлік екенін нақтыладым. Сонан бергі кездегі тарихи жәдігерлерді іздестіре келе, бүгінгіден шамамен 4 мың жылдай бұрын, яғни кәзіргі әлемдік діннің барлығынан 1-2 мың жылдай бұрын, Тұран әлемінде «Жаратушы» немесе «Жарастырушы» деп атаған, «Абаста» атты қасиетті кітабы бар нағыз дін пайда болған екен. Ол дін осы аймақта мәңгіліктен келе жатқан тәңірлік діннің басты қағидаларымен қайшылыққа келген. Сондықтан тәңірліктің бақсылары (ол кездерде «бақсы» атауы «екі дүниені бағушылар, қараушылар, білетіндер» деген мағынада айтылған) жаңа діннің жас пайғамбары Іспитаманы қудалаған. Ақырында, ол Тұраннан Иранға қашып кетуге мәжбүр болған. Сол елдегі бір жергілікті жерде оның дінін қабылдаған тұрғындар Абаста мазмұны аяттық өлеңдермен құрылғандығынан, жергілікті парсылар тұрандық (ескі түркі) тілді еркін білмесе де жаттап алып, ауыздан ауызға тарап, айтылып келген.
Арада мың жылдай уақыт өткенде, оны Парсы императоры II Кир мемлекеттік дін есебінде қа­былдаған. Сол кездерде сол империяның құрамында болған, кейіннен де аралас-құралас болған Антикалық дәуірдегі грек философтары сол Жаратушылық дінді «зороастризм» деп атап кеткен. Олар оның пайғамбары Іспитама атын шамасы білмеген, білсе де оған назар аудармаған. Сонымен «Жаратушылық» атауынан грек тіліне сәйкестенген Заратуштралық немесе зороастризмдік дін атауы қалыптасып кеткен. Грек философтарының осы қате айтуынан Батыс Еуропа елдеріне, солардан бүткіл әлемге таралып, қазіргі бізге де осы атау­мен жетті. Оны әлемге кең танымал еткен неміс фи­лософы Ницшенің «Заратуштра осылай деді» де­ген шығармасы болды. Осы жаратушылық дінді не­ге сонша мұқият қарастырдым деп ойлайсыз?

– Шынында мұның себебі неде?
– Мұның басты себебі – қазіргі түркі халық­тары­ның да, қазақ ұлтының да нағыз байырғы, ең терең ділі­мізде жатқан руханияттылықтың бастауларын дәл табу үшін осы жаратушылықпен, онан бұрын, мәң­гіден басталған тәңірліктің мазмұндарынан бас­талатынына мықтап назар аудару керек екенін көрсету үшін айтып отырмын.
Батыс Еуропа елдерінің ғалымдары Т.Хайдт, А.Дюпперон 1770 жылдардан Үндістандағы «пар­сылар» деп аталып кеткен, жаратушылық дінді ұстану­шылардың арасында болып, солардан Абаста мәтінін жазып алып, батыс елдері тіліне аударған. Сол аударма мәтіндерін ХIХ ғасырда Батыс елдері ғалымдары көп талдаған. Оны зерттеу жұмыстары соңғы 40-50 жылдан бері сиреп кетті. Солардың ортақ қорытындылары қандай десек, біріншіден, осы дін мен оның қасиетті кітабының адамзат тарихындағы ең бірінші нағыз дін екенін және шын мәнінде имандылық бастауларын берген жәдігер екенін дәлелдегендігі.
Екіншіден, Абаста мәтініндегі басты ұғымдардың үштен бірін шын мәнінде қандай мағына беретінін дәлелдей алмағандығын мойындау болды. Яғни, олар сол ұғымдарды байырғы иран, үнді-европалық, тіпті ескі иврит (еврей) тілдерімен де салыстырып көргенімен, олардың мағыналарын таба алмаған. Ал сол ғалымның барлығы дерлік осы қасиетті кі­тап мазмұнын, Құдай атынан келген аяттарды қа­былдаған Іспитама пайғамбары Тұран елінен екенін біле тұра, Абастадағы ұғымдарды көне алтай-түркі тілдері тұрғысынан қарастырмаған. Бұл сол кездердегі культуртреггерлік, яғни көшпенді елдердің мәдениеті болмаған деген көзқарасты ашық немесе үнсіз қабылдаған көзқарастық ұстанымның нә­­тижесі еді. Олар көшпенді халықтардың соқ­­қан зәулім ғимараттары болмаса да, тілсіз болмағанын, Елбасымыз атап көрсеткендей, көшпенді сақтардың металдарды өңдегені, қару-жарақ жасағаны, ал­ғаш­қы атты сарбаздардың қалың қолы және т.б. болғанын білмеді, кейіннен білсе де, оларға мә­­дениеттік факторлар есебінде мән бермеді. Бір сөзбен айтқанда, Абаста мәтіні осы кезге дейін байырғы алтай-түркі тілдері тұрғысынан қарас­тырыл­маған. Осы жұмысты өз тарапымнан 1990-2000 жылдары жүзеге асырдым. Олардың нә­тижесін екі арнайы монографиялық кітапта жарияладым.
Алайда, өкінішке орай, өзіміздің зиялы отан­дас­тарымыз да, Кеңес үкіметі кезіндегі «қазақтардың өткен көшпенді-феодалдық өмірінде мәдениет болған жоқ», сондықтан «олардың тия­нақты дү­ниетанымы болмаған» деген сияқты тұжы­рым­дармен іштей келісіп өскен. Содан қазіргі қазақ санасындағы Қытай қамалындай мықты да иір-шиір, көзге көрінбейтін «қорған», біздің ақыл-көзімізді мықтап торлап тастаған. Сонан біз ұлттық рухани-мәдени әлемімізден ажырап, «сорлап» қалғанбыз дегім де келеді.
Осы жағдайды түбегейлі өзгертудің ең маңызды жолы – тәңірлік пен жаратушылық дәуірлерден сақ­талып және тұрмысымызда пайдаланып келе жатқан салт-дәстүр, ырым-жоралғы, рәміз-рәсімдеріміздің негіздері мен мазмұндарында мән-мағыналар тұнып тұр десем, қате емес. Солар ғана қазақтың қазақ екенін сақтайтын бастаулар мен өзектер болып табылады. Мәселен, Абаста сияқты көне бастаулардың мән-мағынасына мұқият үңілуіміз, соларды ділдік дүниемізбен қабылдауымыз керек.
Бұдан біздің ғылыми дүниетанымызға ешбір нұқсан келмейді. Тек осы кезге дейін руханияттылық әлеміміздің Арал теңізінің түбіндей құрғап қалған аңқасына ата-тектердің рухани әлемінен нәр қуаты жететін болады. Ол күшің басты потенциалы қазір көбіміз ұстанатын – адалдық, шынайылық, әдеп­тілік, сыйластық сияқты құндылықты онан әрі арғытектер әлемімен шынайы байланысы бар екенін түсіну, қуанышпен сезіну, мойындау, со­лар­ға сәйкес жетілуіміз керек. Сонда ғана ар­ғытектерімізбен нағыз рухани байланыс баста­лады.
Бұл біздің әлемнің ешбір халқымен, ұлты­мен араласпайтын, керісінше, өзгелердің «О, қа­­зақ­тардың руханияттылығы, имангершілігі өте жо­ғары» деп айтарлықтай қасиетке ие боламыз. Ата-тектеріміздің жас ұрпақтарға берген ең қасиетті дұға-тілектерінің іс жүзіне асқаны болады.

– Ізденістеріңіз үлкен тұжырымдарға әкелген екен. Енді журнал оқырмандарына Абаста мәтінімен байланысты маңызды деген тұстарын таныстырсаңыз?
– Ұсынысыңыз өте орынды.
Абаста мәтіні, жоғарыда айтылғандай, қазіргі­ден кемі 4-5 мың жылғы тілдік құрылымға жата­ды. Ежелгі тілдің бәріне дерлік ортақ бір заңды­лық­тар бар.
Біріншіден, ертедегі сөздер өте қысқа болған. Олар негізінен бір, екі, үш дыбыстардан тұрған. Оларды тіл ғылымында моносилабтар дейді. Сөздердің жалғаулықтармен күрделенуі кейінгі ғасырларда пайда болған. Мысалы, ескі түркі тілінде «а» дыбысының өзі «өте ертеде», «шексіз көп», «өте ұзақ» деген мағынаны білдірген.
Екіншіден, табиғат құбылысын, жан-жануар­лар­ды, адам ағзалары мен мүшелерін, әлеуметтік қа­рым-қатынастарды білдіретін сөздер ең ертеде қолданылған және олардың мағыналары қазірге дейін көп өзгермеген. Мысалы, бас, аяқ, қол, кел, кет, ит, мал деген сияқты сөздер күнделікті тұр­мыста қолданғандықтан өте тұрақты болған және мыңдаған жыл бойына сақталып келген. Әрбір үздіксіз ұрпақ жалғастырып келген ұлт бір күнде бұрынғы сөздерінен айырылып та қалмайды, бір күнде өзге тілді толығымен қабылдап, өзгеріп те кетпейді. Сондықтан тілдің түбірінде нағыз ар­хаикалық түбір-тектер бар. Соларды талдап ашуды ғылымда тіл археологиясы деп те атайды. Сондай сөздер әрбір тілдің ең бастапқы және ең маңызды сөз қорларын құрайды.
Осы тұрғыдан алғанда «Жаратушы» деген сөздің өзі «жар» және «ат», «ату» деген сөздерден тұрады. Біз­дің үйлену тойында айтатын «келеді әне, екі жас қол ұстасып, жар-жар» деген сөздің төркіні: «О құдай, құдай, көрдің бе? Келеді, әне, екі жас, қол ұстасып, жас отау құрмақшы, қамқорлығыңа ал» деген мағынада айтылатын, Жаратушыны көмекке, қуанышқа шақыру ырымымен келген сөздер.
«Ат», «ату-шы» ұғымдарының ең ескі түсінігі, Ас­пан­дағы Ең құдіретті нәрсе — Күннің жер асты­нан (ал біздіңше, көк жиектен) көкке «ат(ыл)уы» [әрине ол «атылу» қазіргі мылтық оғының атылуы емес; ол жебенің самғап, доға бойымен иіліп атылуы – күннің көктегі жолына ұқсас емес пе?]. Ер­тедегі адам үшін оның құдіреттілігінің тағы бір «дәлелі» – қанаты жоқ күннің, төменнен біреу итермесе де, үстінен біреу тартпаса да, оның жерге «құламайтындығында». Осылай Күннің «көкке аталғандай болып, әуелеп шығуы», өте ғажап нәрсе емес пе? «Жар+ат(у+шы)» атауындағы «Жар»-дың тағы бір мағынасын түсіну үшін таудағы өте тік және терең құз-жардың тап астында тұрып жоғарыға немесе шыңның басына барып, жардың тап шетінен төменге қарасаңыз, Құдай құдіретімен беттескендей, басты еріксіз айналдыратын өте үрейлі сезім бойыңызды билейді. Ондай сезім жер бетінің басқа жерінде туындамайды. Сондайдан да болса керек, орыс тіліндегі «Скала» сөзі де құдайдың балама атауы есебінде Таурат мәтінінің 2-3 жерінде кездеседі.
Кейін келе, Күн жарығымен, жылуы мен жердегі қарды ерітіп, жер астынан көкті шығарып, малға жайылым өсіретіні, сонда жайылған малдан, оның өнімінен адамның тағдыры тәуелді екені өзара байланысты түрде түсінгенде, Күн жердегінің бәрін жарататын, нағыз «Жаратушы» деген атауға ие болғандығы, қазіргі бізді таңырқатпауы керек. Сонымен «Таңғы-ірі» – «бәрін Жаратушы Күнге» табыну өте ерте кезден әлемдегі көптеген халықтың ең бастапқы діни сенімі болған.
Іспитама қолданған «Жаратушы» немесе «Жарастырушы» ұғымы тәңірліктегідей өзімен шектелмеген. Ол Күннің өзін жаратқан өте жоғары, адамның көру, есту сезімі емес, санасы арқылы оймен қабылданатын «(А-а-у бастан бәрін «құр+а»-тын) А-құра-маздаушы — «Ақұра-мазда» — Абаста мәтініндегі нағыз Құдайдың атауы. Яғни, құдіретті нәрсе дәл Күннің өзі емес, одан келетін маздаған жылуды туындатушы, оны жерге жеткізуші Құдіретті күш. Сол жылу ағаш бойына жиналған соң, оны түн мезгілінде немесе суықта, ас даярлау үшін немесе жыртқыш аңдардан қорғану үшін қайтадан жағып пайдалануға болады. Сонда «от+ы(і)н» сөзінің өзі «оттың (тығылған, жасырынған) іні» болып табылады. [«Ін» сөзіндегі «і»-нің «ы»-ға айналуы, түркі тіліндегі алғашқы жуан дауысты дыбыстың өзінен кейінгі жіңішке дауысты дыбысты өзіне бағындыратын сингармониялық заңдылығынан «і» дыбысы «ы» болып өзгерген].
Іспитама Күннен тарайтын оттың осындай қасиеттері үшін отқа алғыс айту керек; соның қадірін білу керек деп уағыздаған. Сол үшін зороастризмдік дінді ерте кезден-ақ «отқа табыну діні» деп те атаған. Алайда Іспитама ошақтағы отты құдай деп санамаған. Оны Аспандағы Күннің жердегі «баласы», «образы», «адамдарға отбасында тікелей көмек беретін» адамның көмекшісі деп санаған. Егер оны дұрыс қадірлемесе, яғни Құдай алдында адам күнәлі болатын болса, онда сол от өртке айналады, отбасын жалмайды, адамды жазалайды. Немесе сөніп қалып, адамды қараңғылықпен, суықтан қорғамайтындығымен қинайды.
Абастада осылардың және олардан да өзге құбылыстар мен байланыстардың ара қатынастары мұқият талданған.

– Мұндай қазақ халқының да осылай отты сый­лауы­на байланысты сенімдері мол екені бәрімізге бел­гілі. Ал Жаратушылық немесе сіз тәржімалағандай, Жа­растырушылық діннің адамның рухани дүниесімен бай­ланысы қандай болған?
– Іспитамаға дейінгі тәңірлік дүниетанымда «о дү­ние», «жұмақ», «тозақ» туралы түсініктер бол­ма­ған. Адам өлгенде оның тәні жерге, жаны желге, рухы айдағы баба-тектер әлеміне «қайта (кету) ісі» яғни, адам «қайтыс» болды деп түсінілген. Адам­ның рухы бойынан жылу сияқты шығып, көкке, ошақ­тағы от жылуымен бірге көтеріледі. Тән суып, мүр­деге айналады.
Жаңа түскен келінге тапсырылатын басты өсиет, «Отаудың отын сөндірмеу» деген басты тілек-тап­сырма – тірі ұрпақ пен баба-тектердің рухымен бай­ланыс жолын үзбеу деген сөз. Сол жол арқылы бір баба немесе ата тектің ерекше аруағы немесе қа­лып­ты рухы, отты сақтаушы, ошақ қасында жүруші ке­ліннің құрсағында жаралған шақаның бойына Ым-ай-ананың (әженің) көмегімен енеді. Оның сол құрсақта өсіп, дүниеге келуіне көмектесетін де сол Ым-ай-ана. Келіннің жеңіл босануына көмек бе­ретін де сол ана.
Кешегі 1950 жылдарға дейін Ай жаңа туғанда, ауылдағы қариялар келіндерге: «Жаңа туған айға сәлем қыл» дейтін еді. Бұл сол айдағы ата-тектер рухына сәлем беру болып саналатын. Ал ертеректе ер адамдар шөпті жерде маңдайын жерге тигізіп аруақтарға тағзым етіп, маңдайы тиген шөпті әкеліп отқа салатын болған. Бұл ата-бабалар рухының әлеміне, жанған шөп қызуымен бірге жіберілген құрметтік ықылас-ойы, «сәлем хаты» іспетті болып саналған. Жұма сайын ата бабалар рухына арнап жеті шелпек пісіріп, үйден иіс шығару да, сол аруақтарды ырза етудің бір ырымдық ре­ті саналатын. Сол шелпекті көршілерге, бөгде адам­дар­ға беріп, «аруақтарға тие берсін» деп жеңіз» деу­ші еді.
Егер бұрынғы өмірінде адам жаманшылық жасаса, онда оның рухына жасалатын «жаза» – оның нашар болып туатын, аурушаң болып қиналуы, тіпті жетім қалып бұл өмірде азап шегетін, қала берді қайта шетінеп кететін баланың денесіне енгізілу болып саналған.
Ал бұрынғы өмірінде жақсылықтар жасаған адамның рухы ұрпақтарының біріне қайта келіп «қонғанда», ол сол отбасының жұмақтай жақсылығына кенелген, денсаулығы мықты, бақытты бала болып өскен. Кейінгі өмірі де жақсылықта болған. Сонымен тәңірлік дүниетаным реинкарнациялық, яғни адам рухының осы дүниеге қайта оралып тұратындығы туралы дін. Оның мән-мазмұны біздің салт-дәстүрлерімізде, ырым-жоралғыларымызда тұнып тұр деуге болады. Оның бәрін талдау бұл жерде көп уақыт алады.
Десек те, осы жерде ерекше, бірақ арғы тектерімізге қатысы бар бір мәселені айтайын. Шамасы, ең берісі 4-5 мың жыл бұрын, сақтар дүрілдеген империя құрған кезде, солардың бір тобы Үндістандағы Ганга өзені бойындағы халыққа көп ғасырлар бойы билік құрған. Солардың «сақ» атауы жергілікті тілдің фонетикалық жүйесіне сәйкес «шах» аталып кеткен. Шамамен, мың жылдан кейін, сондай сақ-шахтың әулетінің бір табиғатынан зерек баласы, ата-әжелерінен, олар үшін байырғы саналған тәңірлік дүниетанымды тыңдап өскен Сиддхартха Гау-тама болған. Ол сол тәңірілік дүниетанымдағы реинкарнациялық идеяны одан әрі дамытып, Будда («Оянған», «Нұрланған») ата­нып, өз дінінің негізін салған. Сол Будданың тектік аты Шах-ие-муни немесе «Сакья» болған. Үнді елінде сақтың көп болғаны туралы мынандай та­рихи деректерді де келтіруге болады. Үнді елінің бас­шысы болған және тамаша тарихшысы Дж. Неру: Үн­дістанның төрт батыс провинциясында сақтар тұрады, деп жазған.
Ал ескі бір тарихи дерек бойынша, қазіргі Пәкістан мен Ауғанстанның орнында ертеде Сақастан деген ел болған. Кейіннен ол жерді арабтар өз тілдеріне сәйкес Систан деп атап кеткен. Қазақ халқының ең ескі қиссаларының бірі Алпамыс батырдың сюжеті бері алғанда
VI-VII ғғ. жатады. Сонда Жиделі-Байсын атал­ған жері қазіргі Түркістан облысынан бастап Са­марқандтың шығыс жағымен Сақастанға (қазіргі Ауғанстанға) дейін созылып жатқан аймақ болған. (Бұл деректі айтқанда ол жерлерде қазақ немесе өзбек тұрған ба деп бөлместен, жалпы түркі тек­тес халық тұрған деп қарауымыз керек). Сол Сис­тан (яғни Сақастан) елін 1887 жылы ағылшын ко­лониалистері Ауғанстан және Пәкістан деп аталған екі мемлекетке бөліп жіберген.

– Сіздің тарихи деректеріңіз өте қызықты. Бі­рақ осы жерде, бастапқы Жаратушылық дүние­та­нымға қайта оралсақ. Соның Ұлы даланың жеті қы­рының арғы жағындағы орнын анықтай түссек.
– Ия, тарихқа тереңдеп кетсек қызық нәрсе өте көп.
Сіздің сөзіңіз орынды. Әлқиссын деп, бастапқы сөзіміздің арнасына қайта түсейік. Жаратушылық діннің көптеген мәселелерінің ішінен мынандай екі шартына тоқталайық. Біріншісі, табиғаттың негізі саналатын төрт басты нәрсені – жерді, суды, ауаны және отты таза ұстау керек деген қағидат.
Осыдан мынандай сұрақ туындайды. Егер Іс­пи­та­маның кезінде сақ-прототүркі халқы жерді, суды, ауаны былғамаған болса, отты тек орнымен пай­даланған болса, онда оларды таза ұстау керек деген уағыз-талап туындар ма еді? Меніңше, туындамас еді.
Олай болса, осындай уағыздың туындауы неден еке­­нін түсіну үшін, жалпы тарихтан сақтардың Еуразия қосқұрлығында қазіргіден 4-5 мың жыл бұрын үлкен империя құрғанын жоғарыда айттық. Оны Елбасы да өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты ең­бегінде атап көрсетті. Сол жерді жаулап алу үшін, қанша мың сарбаздың қолына әртүрлі суық қаруды жасап беру, аттың ер-тұрманына қажетті металды көп мөлшерде өндіру қажеттігі болған. Олармен қоса ол кездердің өзінде алтыннан жасалған әшекей бұйым да көп болғанын Алтын адамдардың киімдерінен білеміз. Сондықтан біз сөз етіп отырған мыңжылдықта сақтардың ора­сан үлкен кендерді қазып, яғни жердің табиғи тазалығын бұзып, металл өндіруші көп от жағып, суды лай­лап, ластап пайдаланғаны түсінікті.

Соларды бақылаған Іспитама «Жаратушы жаратқан табиғатты адамның сонша бүлдіруге хақы жоқ» деп терең толғануына сәйкес, оған Жаратушы атынан «адам жерді, суды, ауаны, отты таза ұстау керек» деген дұғалық аяттарды естуі ғажап емес. Ал бұл талаптың қазіргі заманда қаншалықты керек екенін әлем болып қолға алып жатқан жоқ па? (Әрине, бұл да өз алдына өте үлкен мәселе.)
Жаратушылық діннің келесі бір маңызды шарты – ол адам имандылығымен байланысты дұға. Ол дұға табынушы атынан: «Игілікті оймен, игілікті сөзбен, игілікті іспен игілікті ойды, игілікті сөзді, игілікті істі мадақтаймын» деп айтылады. Яғни адамның ойы, сөзі және ісі игілікке арналуы керек және де олар бір-бірлерінен ажырамауы керек деп айтылатын шарт. Осыған байланысты тағы да мынандай сұрақ туындайды: егер адамдар осы айтылғандай дұғаның шартын бұрыннан бұзбаған болса, онда ондай адалдыққа шақыратын уағыз сөздерінің де керегі болмаған болар еді. Мысалы, адамның дем алатын ауасы жеткілікті болып тұрғанда, адамға «дем ал» деп уағыз айту керек пе? Әрине, керек емес. Осыған қарағанда, ең ертедегі сақтар алтын-күмістерді көптеп тауып, өзге елдерді бағындырып, солардан байлық жинай бастаған кездерінде әртүрлі лауазымдық қызмет атқарушылардың, әсіресе салық жинаушылардың арасында адалдықты бұзу, қазіргі біздің де бір жағы сотталып жатса да, халықтың ақша-қаражатына қол сұғушылар да, қолына тиген аз билікті де пайдаланып пара алушылар, бір нәрсені ойлап, екінші нәрсе туралы айтып, үшінші бір нәрсе істеу етек алған болуы керек. Шамасы сондай жағдаяттың кеңінен етек алуы ақыры сақтардың тұтас империясын күйретсе керек. Міне, сондай жағдаятты көрген Іспитама қатты ойланып, Жаратушыға жалбарынып толғанғанда оған жаратушылықтың жоғарыда айтылған игілік туралы иманшарттық дұғасы кезекті аян болып келуі ғажап емес. Сәл қосатын нәрсе — жас пайғамбар өзінің өлеңмен жазылған қасиетті Абаста мәтінін сақтар арасында жырлап, тарата бастағанда, оған тәңіршілдердің бақсылары онша мән бермеген. Шамамен оншақты жылдан кейін, бірте-бірте халық оның уағыздарына құлақ асып, оны жақтай бастағанда ғана сол кездегі ел билеушілер, олардың демеушілері болған, байлық бөлушілермен сыбайлас болған бақсылар, яғни дінбасылар Іспитаманың жаңа дініне қарсы шығып, оны қудалаулары қисынды жағдаят сияқты емес пе?.. Тіпті Іспитама Иранға қашып кетсе де, оның беделі бұрынғыдан да күшті бола бастағанда, ақырында тәңіршіл-тұрандықтардың бір Ірі-бақсысы, «көк бөрідей жасырынып келіп», 72 жастағы Іспитама дұға оқып отырған жерінде өлтірген. Дегенмен, халық арасында Жаратушы дінінің уағыздары кең қолдау тапқан. Оның үстіне б.д.д. VI ғ. II Кир сақтарды бағындырған кезде, Парсы империясында жаратушылық дін «зороастризм» деген атаумен әбден гүлденген кезі болатын. Сол арқылы сақтар арасында бұрыннан ізі болған, жаратуштыралық дін тез дамып, нығаяды. Жоғарыда айтылған дұға арқылы сақтар арасындағы игілікті қасиет, игілікті ойдың, сөздің, істің бірлігі, әбден нығаяды. Ол туралы Геродоттың тарих туралы кітаптарында, Сократтың шәкірті Ксенофонттың «Киропедия» атты кітабында талай жазылған. Сақтардың адалдығы үшін, оларды Иран және басқа мемлекеттер, жалданбалы әскер есебінде қызметке шақыруға ынталы болған. Себебі, олар айтқан уәделерін бұзбаған. Адал болған.
Ежелгі грек философтарының Парсы им­перия­сының қарамағында болғандығын айтқанбыз. Олар бір-бірлерін дәріптегенде «Сен Заратуштра сияқты данасың» дейді екен. Солардың Эфесте өмір сүрген Гераклит зороастризм ілімін өте те­рең талдаған. Оның жазғандарын кейінгі грек фи­лософтары дұрыс түсіне алмағандықтан оны «тұңғиық(қараңғы)-Гераклит» деп атаған. Бірде оның шығармасын оқыған Сократ: «менің түсінген жерлерім тамаша, ал түсінбеген жерлерім одан да ғажап шығар» деген екен. Гераклит зороастризмдік салтпен жерленген.

– Сапар мырза, жаратушылық дін мен оның кең тарағаны, ата-тектеріміз сақтардың да ұстанғаны өте қызықты деректер екен. Сіздіңше, қазіргі біздер осындай рухани бастаудан қандай сабақ ала аламыз деп ойлайсыз?
– Әрине, аларымыз өте көп. Ең бастысы, сол бұрынғы тәңірлік дүниетаным мен отқа та­быну­шылық діннің мән-мағыналары қазіргі біздің салт-дәстүрлеріміздің, ырым-жоралғыларымыздың, рәміз-рәсімдеріміздің ішінде тұнып тұр десем артық емес. Олардың барлығын декодтау өз алдына үлкен әңгіменің арқауы бола алады. Ең бастысы, солардың мән-мағыналары ислам дінінен еш қайшылығы жоқ. Сондықтан да ата-тектеріміз оларды
VIII-Х ға­сырларда қабылдағанда, өздерінің бұрынғы дүниетанымдарымен, дәстүрлі салттарымен мән-мағыналық деңгейде сәйкес екенін көргеннен кейін қабылдаған. Солардан исламның бес шартына тікелей қайшы келмейтін жақтарын сақтап қалған. Онсыз қазақ жеріне исламның қылыштың күшімен емес, имандылықтың байыптылығына сәйкес келгені белгілі. Осы нәрсенің өзі бізге ең басты та­­ғылымдық сабақ болуы керек. Ал нақтылы нәр­селерді талдау, солар туралы әңгіме-дүкен құру, оларды келешектің қажеттіліктері үшін ойласу ешқашан аяқталмайтын және ең бастысы аса құнды мәселелер. Оларға кейіннен тағы да оралармыз.
– Әңгімеңізге көп рақмет! Биылға жетпіс жасқа толған мерейлі күндеріңізбен редакция атынан, шын ықыласпен құттықтаймыз!

Сұқбаттасқан
Бақтияр Қабасов.

ЕР ТҮРІКТІҢ БЕСІГІ — КИЕЛІ ТҮРКІСТАН

Жақында ғана Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістан қаласына арнайы барып, археологтар және тарихшылармен кездескен еді. Сонымен бірге, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени және «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейін аралап көрген болатын. Одан әрі министр «Қазқайтажаңғырту» РМК-сы мен «Базиз-А» құрылыс компаниясының жұмыстарымен танысып, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолға алынған жоба бойынша Түркістан қаласындағы 88,7 гектар аумақта орналасқан орта ғасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін қайта қалпына келтірілуіне тапсырма берді. Мұның бәрі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында көрсетілген – қаланы түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде таныту туралы идеясынан туындағаны түсінікті. Түркістан секілді тарихи қаланың төл келбетін сақтай отырып, оның болашақ сәулетін гүлдендіру мақсатында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі де осының жаңғырығы. Ағымдағы жылдан бастап «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты «Хан мешіті», «Хан ордасы», Күлтөбе қалашығы мен «Жеті ата», «Дарбаза», «Мүсәлла», «Тәкия» қақпаларында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Алдағы уақытта Түркістан қаласының мерейі асып, сәулеттене түсері хақ.

Әулиенің құты қонған Ясы

Түркістан қаласы орта ғасырларда Ясы деп аталатын қалашық болғаны мәлім. Ал қаланың ірі шаһарға, түркі әлемінің рухани астанасына айналуы – әйгілі ғұлама Қожа Ахмет Яссауидың есімімен байланысты. Ежелгі Сайрам деген қалада өмірге келген Ахмет Яссауи сол кездегі ғылым мен ағартудың орталығы ретінде белгілі болған Отырар қаласында білім алып, кейіннен Бұхардағы Юсуп Хамадани басқарған сопылар қауымына кіріп, дәруіштік мектептен өтеді. 1140 жылы Юсуп Хамадани, кейіннен оның екі мүриті дүние салған соң, қауымды Ахмет Яссауи басқарады. Бірақ көп ұзамай-ақ мәртебелі қызметін тастап, өзінің туған өлкесіне біржола қайтып оралады. Софизм идеяларын уағыздап, өзі де оны берік ұстана отырып, тақуалықта өмір сүреді. Елін иман мен хақ жолына шақырып, жолын қуған мыңдаған шәкірт тәрбиелейді. Осындай ерен еңбегі мен хақ жолына деген адалдығы үшін оны жергілікті халық Әзірет Сұлтан деп атаған.

1166 жы­­лы ғұлама қайтыс болғаннан кейін де зиратына тәуіп етушілер толастамай, оның мазары қасиетті орын ретінде қастерленеді. Ясы шаһары да күн өткен сайын көркейіп, көптеген сауда орындары ашылып, көпестердің соқпай өтпейтін бекеті болады. Қаланың экономикасы ғана дамып қоймай, Отырар, Бұхар, Самарқан секілді мәдени ошақтың бірі болып шыға келеді. Білімге құштар талай жан осында тәлім-тәрбие алып, рухани кемелденуге ұмтылады. Осылайша, кешегі кішкентай ғана қалашық бір ғана ғұламаның шарапатымен бар түркі әлемі үшін стратегиялық орталыққа айналады.

Шараф әд-Дин Әли Йездид деген ғалымның дерегінше, Қожа Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан кейін екі ғасыр өткеннен соң, яғни 1388 жылы Ясы қаласын Алтын Орда билеушісі Тоқтамыс басып алып, сол кезде қаламен бірге мазар да тоналады. Ал 1395 жылы Әмір Темір Тоқтамысты біржола жеңіп, 1397 жылы күзде Тоқтамысты жеңгенде түскен олжаның бір бөлігіне қирауға жақындаған мазардың басына теңдесі жоқ үлкен кесене тұрғызуға әмір түсіреді. Бұл ескерткіштің салынуының да саяси астары бар еді. Яғни, бүкіл түркінің рухани көсеміне айналып, шексіз құрметіне ие болған әулиенің басына кесене орнату арқылы Әмір Темір де халықтың жүрегінен жол табуға тырысты. Ал бұл әрекеті дұшпанына бас имейтін жауынгер әрі территориясы аса үлкен өлкені басқаруды жеңілдетуге тиіс болатын. Сонымен бірге, ислам дінінің даңқын асырып, оның кең таралуына жол ашуы керек еді. Әмір Темірдің бұл сұңғыла саясаты өз жемісін беріп, өзінің ғана емес, бүкіл ислам дінінің де мерейін үстем етіп, даңқын асырды.

Кесене салумен бірге әміршінің «Қолхаты» (гра­мота) жазылған. «Қолхатта» Әмір Темір ғимарат тура­лы «ешқашан да, қандай болған жағдайда да сатуға, же­кеменшік секілді ұрпақтан-ұрпаққа уақытша немесе тү­бегейлі біреуге беруге болмайтыны» туралы қатаң ескер­тіп, одан әрі ғимараттың кіреберіс есігінің ішкі маң­дайшасына: «Бұл әулие мекен – Алла тағаланың ра­­қымы жауған падиша Әмір-Темір Көрегеннің жар­лығы бойынша орнатылды… Алла тағала оның әмірі­нің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!», – деп жаздырған.

Бір қызығы, алғашында қаланған қабырғалары құ­лап тоқтамай, ең бірінші ғұламаның ұстазы Арыс­тан баптың басына кесене тұрғызғаннан кейін ғана құлауы тоқтапты деген аңыз бар. Сондықтан зиярат етушілер алдымен Арыстан бапқа түнеп, содан кейін ғана Қожа Ахметтен тілейтін дәстүр қалыптасқан.
Бұл ескерткіш өзінің ұзақ тарихында не түрлі жағ­дайды бастан кешкен. Әмір Темірдің кезінде бас порталдың тек нұсқасы ғана болып, оның құры­лысын 1583-1598 жылдары Бұхарды билеген Абдолла хан аяқтаған. Абдолла хан заманындағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер бүгінге дейін сақталып қалған. XIX ғасырда Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен порталға қарабайыр корғану орындары салынып, қам кесекпен қоршалып, кесене қамалға айналдырылған. Онымен қоймай, 1846 жылғы Түркістан әкімінің Қоқанға қарсы әрекетін басу үшін қоқандықтар кесенені суға бөктіреді.
Ал 1864 жылы орыс әскерлері Түркістанды қоршауға алғанда ғимаратқа 11 рет зеңбірек оғы тиіп, күмбездері мен қабырғаларына үлкен зақым келген. Егер де ке­сене шырақшысының қарша бораған оққа қарамай мұнара басына көтеріліп, ақ жалау көтермегенінде ескерткіштің бүгінге жетуі неғайбыл еді. Танымал шығыстанушы Александр Кунның «Түркістан» атты фотоальбомын құрастыруына байланысты бүкіл әлем бұл ескерткішке көңіл аударып, соның әсерімен Ресей патшалығы он бес мың сом қаржы бөліп, ескерткішті жөндеуден өткізген. Жергілікті қожалар да елден ақ­ша жинап, ескерткішті жөндетпек болады. Бірақ ол ақшаның көбі құлқын мен қалтаның түбіне кетіп, жөндеу жұмыстары аяқсыз қалып отырған. Кезінде Алаш қайраткері Міржақып Дулатов та кесенеге арнайы ат басын бұрып, кесене туралы «Қазақ» газе­тіне мақала жариялаған болатын.

1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Яссауи рес­публикалық мұражайы, 1989 жылы 28 тамызда Қа­зақстан Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан қо­рық-мұражайы» ретінде құрылып, тек 2003 жылы 23 маусымда ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында кесене дүниежүзіндегі «Мәдени мұра» тізіміне енгізілді.

Туризмге де тартымдылық керек

Елбасымыздың Түркістан қаласын түркі дүниесінің кіндігі ретінде танытуға құлшынуы, соның қамымен министрдің де бұл жерге арнайы келуі барлығы да Түркістанды туристік орталыққа айналдырудың қамы. Десе де, Түркістан туристік орталыққа айналуға сай бола алатын тартымдылығы бар ма?! Аңыз бойынша Асан Қайғы бабамыз Түркістан қаласын және олардың қожа-молдаларын көргенде: «Ай, қарыс жері бір арық, жер сорлысы мұнда екен, әйелі семіз, ері арық, жұрт сорлысы мұнда екен», – деп баға беріпті деседі. Асан атамыздың не ойлағанын қайдам, әйтеуір сөзінде бір шындық бары рас. Егер шынымен жердің «сорлысы» болса қайтпек керек?!

Осындайда Израилдің 9-президенті Шимон Перестің сөзі ойға оралады. «Бізде ешқандай табиғи ресурстар болмады. Не алтын жоқ, не мұнай жоқ. Ол кезде Таяу Шығыстағы елдер екіге бөлінеді деуші еді – мұнайлы және киелі. Біздікі екінші түріне жататын. Себебі, біз «қу тақыр» едік», – дейді. Иә, жердің нағыз «сорлысы» осы Израиль жері. Не байлығы жоқ, не суы жоқ. Суы жоқ болған соң құм мен тастан басқа ештеңесі жоқ қу медиен. Бірақ бар әлемнің көз тіккен қасиетті өлкесі. Иудаизм, христиан, ислам діндерінің тоғысып, талай пайғамбардың кіндік қаны төгілген қастерлі мекен. Осының арқасында бар әлемге танымал. Тарихтағы қанқұйлы «Крест жорықтары» да осы Иса пайғамбар жатқан қасиетті жерді азат ету ұранымен басталған жоқ па еді. Тіптен құранда баяндалатын Йемен патшасы Абраһа туралы оқиға да жердің байлығы емес, қасиеті маңызды екенін дәледеп бергендей. Елдің бәрі жыл сайын Меккеге қажылыққа баратынын байқаған Абраһа сол халықты өзіне тарту үшін Сана қаласында әлемде теңдесі жоқ әсем шіркеу тұрғызады. Бірақ алтын шіркеуден гөрі жай ғана қара тастан қаланған Кағбаның бәсі жоғары түсіп отырады. Шіркеуінің кағбамен бәсекелесе алмайтынын көрген патша оны қиратуға барып, соңы немен аяқталғаны да бә­рімізге мәлім. Бұл жағынан келгенде Израиль, Мек­ке, Түркістан арасында үлкен байланыс бар. Яғ­ни, Түркістан да түркілердің қасиетті жері. Осы қа­сиет­тілігінің арқасында сан мыңдаған адамды өзіне тартатын күшке ие.

Туристерді тартатын тағы бір ерекшелік – кесененің көр­кемділігі мен тарихилығы. Ахмет Яссауи кесенесі – Орта Азия мен Қазақстандағы біздің заманымызға дейін сақталған ең зәулім күмбезді, қыштан соғылған ғи­марат. Оның көлденеңі – 46,5 м, ұзындығы – 62,5 м. Сыртқы көрінісі симметриялы жинақы келген бұл құры­лысқа үлкенді-кішілі 35 зал мен бөлме сыйып тұр. Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты дәліздермен және әртүрлі өтпелі баспалдақтармен жалғасып жатады. Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат: қазандық, үлкен Ақсарай, кіші Ақсарай, құдықхана, кітапхана, асхана, көрхана, мешіт секілді 8 түрлі бөлме тобынан тұрады.

Кесененің қазақ тарихы үшін де маңызы зор. Мұнда қазақтың ұлттық пантеоны орын тепкен. Ғалымдардың айтуынша, осында қазақ тарихындағы аса беделді әрі танымал тұлғалардан 157 адам жерленген. Оның 21-і хан болғандар. Олар: Есім хан (1628), Жәнібек хан (1643), Жәңгір хан (1680), Тұрсын хан (1717), Тәуке хан (1718), Қайып хан (1718), Болат хан (1723), Сәмеке хан (1738), Жолбарыс хан (1740), Сейіт хан (1745), Барақ хан (1750), Сығай хан (1750), Әбілмәмбет хан (1771), Абылай хан (1780), Әбілфейіз хан (1783), Бөкей хан (1819), Тоғай хан (1826), Есім хан (ХІХ ғ. басы), Болат хан (ХІХ ғ. басы), Тәуке хан (ХІХ ғ. басы), Әликен хан (1859). Сонымен бірге, қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек тархан, Бөгенбай батыр т.б. секілді қазақ тарихындағы айтулы тұлғалар да осы жерді мәңгілік мекеніне айналдырған.

Бұл маңда тек Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ғана емес, сонымен бірге оның айналасында ХІV-ХVІ ға­сырға тиесілі Сегіз қырлы кесене, ХV ғасырда са­лынған Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның жұбайы Рабиға Сұлтан бегімнің кесенесі, ХVІ-ХVІІ ғасырда іргесін көтерген Шығыс моншасы, Түркістанды алғашқы болып билеген қазақ ханы Есім хан кесенесі, Жұма мешіті, т.б. шығыстың үздік сәулет өнерінің ескерткіштері орналасқан. Кесене ішінде атақты қолөнер туындылары да кездеседі. Оған жеті металдың қосындысынан жасалған тайқазан, кезінде қолды болып Луврға жөнелтілген шырағдан секілді бұйымдарды атауға болады. Жалпы, бұл аумақта 137 ескерткіш, 21 мыңнан астам жәдігер сақталғаны ай­ты­ла­ды. Олардың қатарында ескі құран кітаптары да бар.

Белгілі шығыстанушы академик Михаил Массон: «Бұл кесенеге Орта Азияда қай жағынан болсын тең келетін құрылыс жоқ. Ол – қайталанбас бітімді дара ғимарат» деп жоғары баға берген. Бұл ескерткіштің қазақ халқы үшін де орны ерек. Ағылшындар үшін Стоунхендж бен Тауэр қамалы, үнділер үшін Тәж Махал, египеттіктер үшін Пирамида, қытайлар үшін Ұлы Қорған қалай болса, қазақтар үшін кесененің орны дәл сондай. Сонымен қатар мұндай ескерткіштер қазақ даласында көп те емес. Өйткені көшпенді тұрмыс кешіріп, ат үстінде өткен ата-бабаларымыздың биік ғимарат салуға соншалықты көңіл бөле қоймағаны түсінікті. Әрине, қала мәдениеті бізде де гүлденген кезеңдер болған. Дегенмен аман жеткендері некен-саяқ. Сондықтан да бұл ескерткіштің қадірі бөлек.

Түркістандағы туризмді дамытуға қазақтың қонақжайлылығы да септігін тигізеді. Тек оны ұлттық дәстүрлеріміз бен заманауи менеджментті үйлестіре білу лазым. Келген туристер тек кесенені ғана емес, қа­зақ халқын да көруге келетінін назардан тыс қалдыруға болмайды.

Бүгінде Түркістан облыс орталығына айналып, да­мудың жаңа белесіне көтерілді. Атақты алашшыл ақын Мағжан Жұмабаевтың:
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, – деп жырлағанын­дай, бүгінгі Түркістан қасиеті мен көркемдігі қабысып, қазақ жеріндегі төртінші мегаполиске айналуы мүмкін бе?! Әрине, мүмкін. Тек жаңарамыз деп еуропалық қаланың көшірмесіне айналдырмай, керісінше ежелгі шығыстық стилін сақтағаны маңызды. Өйткені түркі дүниесінің бесігіне айналуы үшін соған сай келбеті де болуы керек. Бұл да туристерді көптеп тартудың төте жолы.

Қорыта келгенде, Түркістан тек қазақ даласының ғана емес, жалпы түркі әлемінің алтын бесігі. Ал осы алтын бесікті мемлекет пайдасына жаратып, қазы­наға түсім түсірсе нұр үстіне нұр болары анық. Ол үшін мемлекет туристердің көптеп келуіне мүдделі. Ту­ристерді тартуда Түркістан құдайдың өзі сыйлаған кө­рікті мекен. Тек барды пайдаға жарата алсақ бол­ғаны.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

«КҮЛТЕГІННІҢ» КӨК СЕМСЕРІ

Бала кезімізде тарихи кітаптарды оқып, оқиға желісін өзімізше өрбітетінбіз. Түрік жұртының азаттығы үшін шайқасқан Бумынды, елінің бірлігін бүтіндеуші Тоныкөкті қиялымызда елестететін едік. 1994 жылы Дисней анимациялаған «Арыстан патша» сынды мультфильм біздің елде де жарық көрсе дейтінбіз. Араға жылдар салып, Адай Әбілда арманымызды орындады. Енді еліміздің барлық кинотеатрынан Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Күлтегін» толықметражды мультфильмін тамашалауға мүмкіндік туды.

Мультфильм Бумын қағанның Түрік қағанатын құрып, етек-жеңді жинаған уақытынан басталады. Ащина тайпасы – түріктердің түп негізі екені де айтылады. Бүгінде балалардың күшіне тамсанып жүрген «Супермэн» мен «Бетмэнін» бір образдан көруге болады. Сюжеттің шебер құрылғанына таңданып, технологиямыздың ақырындап дамып келе жатқанына көз жеткізесіз.

Туындыдағы әрбір элемент тарихпен тамырлас. Елтерістің өлімді сезгендей, Тәңірден халқының амандығын тоқтаусыз сұрағаны, кейіпкерлердің әсерлі монологы жаныңызды жадыратады. Білге мен Күлтегіннің тел өсіп, елдік жолында бірігуін де режиссер жақсы алып шыққан. Елі үшін жаралған азаматты Тәңір қолдайтыны, қара ниеттіні қара тас та кешірмейтіні баяндалады. Көк бөрі, Ұмай ана, су мен от тәрізді киелі дүниелерді де сәтті үйлестіре білген. Бақсаңыз, сіз көрген мультфильмдерде зұлым кейіпкердің не аса таяғы немесе сиқырлы жүзігі болады. Қапаған образын ашуда зұлымдықпен бірге жасыл кристал жүзіктің күшін қолданғаны да – тәп-тәуір идея. Бастысы, соңында татулық пен бірлік салтанат құрады. Азаттықтың негізі тұтастықта екені айқындалады. Көрерменге иық тіресе, бір мүддеде біріксе ғана, елдің ажары кіретінін түсіндіреді.

Анимациялық фильмнің режиссері Адай ӘБІЛДА:

– Бұл – менің алғашқы толықметражды дебютім. Бағасын көрермен береді. Бізге әрбір пікір маңызды. Күлтегін образын дүниеге әкелуге «қазақтар ешқашан мемлекет болмаған» деген сөз сеп болды. Біз – Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаған мемлекетпіз. Дегенмен тарихымыз бұдан да тереңнен бастау алады. Сақ, ғұн, үйсін тайпалары, келе бере – Түрік қағанаты. Қағанат тарихындағы жарқын образдардың бірі «Күлтегінді» анимациялауды қолға алдық. Бір жыл бойы тынымсыз жұмыс істедік. Бұл мультфильмнің артында қаншама еңбек жатыр. Оқиғаны үйлестіру, кейіпкер сөзі, образдар үйлесіміне ұзақ ойландық. Бәрінен туындының тәрбиелік мәнін жоғары қойдық. Әрине, кез келген дүниеден мін табуға болады. Сапасы жағынан Америка, Азия елдерінің технологияларына жетпейді. Дегенмен мультфильмдегі елге деген сүйіспеншілік, бауырмалдық, береке-бірлік жанға жылу ұялатады. Көрерменге бірлік болғанда ғана, тірліктің алға басатынын көрсеткіміз келді.

«Күлтегін» мультфильміндегі негізгі кейіпкерлерді еліміздің белгілі театр және кино актерлері дыбыстаған. Қазақстанның халық артисі Нүкетай Мышбаева, Мерей Әжібеков, Динара Әбікеева және Филипп Волошиндер қатысқан мультфильм көрермен қызығушылығын оятып жатса, жетістік сыры сапалы жасалған дубляж жұмысымен тікелей байланысты. Белгілі әртістермен бірге көптеген голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дыбыстаған Рамазан Амантай («Бизнес по-казахски»), Әлихан Байсұлтанов («Базарбаевтар») секілді жас актерлер де тарихи кейіпкерлерді аса жауапкершілікпен дыбыстаған.

Анимациялық фильмнің көрсетіліміне келген актриса Динара Бақтыбаева «болашақта қазақтың ержүрек қыздары туралы туынды түсірілсе» деген ойын білдірді. Актрисаның ойынша «Чудо женщинадан» да сәтті кейіпкер ойлап табуға болады екен. Шынында да, Гауһар, Бопай сынды аруларымыздың тағдырын фильмге арқау етсек тамаша емес пе?!

Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихи тұлғаларымыз жайында кино, мултьфильм түсіру жайын сөз етеді. Күлтегін – бастамаға сәтті қолдау әрі лайықты демеу екен дедік.

«Күлтегін» мультфильміндегі құндылықтардың өзі – бөлек әңгіме. Сайын даладағы наурыз мерекесі, әженің «Наурыз көже ішкеннің жолы болады» деуі, теңге ілуде немеренің қырағылық танытқаны – сценарист шеберлігі.

Туындыда көк пен сары түстің үйлесіміне назар аудармасқа болмайды. Елтеріс жамылғысының көк пен сарыдан болуы – біздің қазіргі байрағымыздың негізі ма дерсіз. Тұмса табиғатты да сөйлете білген. Тату елдің түндігінен күн күлері, алауыздың аспанынан ала бұлт кетпеуін тамаша бейнелеген. Ұғынғанға іліп алар дүние жетерлік.

Сөз арасында Адай Әбілдадан «Түрік қағандары жайлы серияны жалғастырасыз ба?» деп сұрадық. Режиссердің айтуынша, Күлтегіннен кейін бір кеңестің болары анық. Олар қазір ой үстінде. Бүгінгі балаларды таңғалдырудың жолын іздеп жатыр.

Айзат ЖОЛДАСОВА,

Алматы облысы.

«МҰЗБАЛАҚ»: қыран қанатын қақты

Біріккен Араб Әмірлігінің тұңғыш билеушісі шейх Зайед бен Сұлтан әл Нахайян «Қызыл кітапқа» енген қырандардың жойылу қаупі туған соң, жаңа бағдарлама қабылдайды. Қасиетті құсты сақтап қалу үшін оларды бостандыққа жіберіп, көбейту туралы шешім шығарады. Еркіндік берер алдында әр қыранға арнайы құрылғыны қоса іледі. Яғни, олардың ұшу бағыты мен барлық тірлігін бақылауда ұстайды. Нәтижесінде, мамандар мынадай қызық фактіні байқапты: Арабиядан ұшқан қыранның көбі шығыстағы Күршімнен бір-ақ шыққан екен. Құстардың өмір сүруіне қолайлы жердің бірі – біздің ел. «Қырантекті қазақ» тіркесінің бекер емесін осыдан байқасақ болады. Мұны неге айтып отырмыз? Ұлттық болмысты оятып, қыран мен қазақтың байланысын тереңнен түсіндіретін туындының тұсауы кесілді. Кішкентай көрерменге арналған «Мұзбалақ» қанат қағып, еркін самғады. Қазақстанның барлық кинотеатрынан тамашалауға мүмкіндік бар.

Мультфильм қазақ тілінде дыбысталып, орысшаға дубляж жасалған. Тұсаукесеріне біз де арнайы бардық. Қазақша көрсетілім өтетін жерде ине шаншар орын болмады. Көбі – балалар. Әлбетте, «Мұзбалақтың» жұмыс тобы үшін олардан өзге қадірлі қонақ жоқ. Кинозалдың ең соңына көз салсақ, жалғыз орын қалыпты. Құрбым екеуміз бір орынға жайғассақ та, көңіліміз тоқ. Өйткені бұл фильмнің шығуын ұзақ күттік. Отандық анимацияның толықметрлі туындымен толыққанына қуандық. Мультфильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген. Тұсаукесерден соң қос режиссер – Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы мен сценарий авторларының бірі, қоюшы-суретші Адай Әбілдамен сұхбаттастық. Толықметрлі туынды екі жарым жыл түсірілген. Осындай көп уақытты талап еткен жұмысты еңсерген соң арқадан жүк түскендей болуы – заңдылық. Дегенмен режиссерлердің дамылдайтын түрі жоқ екен. Тұрдыбек Майдан «Алтын адам» атты анимациялық фильмнің жұмысына кірісіп кеткенін айтты. «Тұсаукесердің ойдағыдай өткеніне қуаныштымыз. Әрине, еңбектің нәтижесін көрген жақсы. Келесі жобаны қолға алып кеткен соң ба, жеңілдегенімізді аса сезіне алмай отырмыз. Алда «Алтын адам» туралы мультфильмнің жұмыстарымен айналысамыз. Фэнтези жанрындағы туынды болады. Бұл тақырып көпшілікке түсінікті. Тіпті күллі әлем үшін белгілі деп ойлаймын. «Қазақфильм» алғашқы дайындық кезеңіне жіберді. Соған кірісіп кеттік. Жалпы алғанда, тұсаукесерден соң көпші іктен тек құттықтаулар ғана қабылдап жатырмыз. Әсерлерімен бөлісіп, толқығандарын, тіпті кейбірі көзіне жас алғанын айтты. Бұл енді – көрерменнің пікірі. Режиссер ретінде айтар болсам, өзің түсірген дүние ешқашан 100 пайыз көңілден шықпайды. Себебі, «әттеген-айлар» болады. Ең біріншіден, қаржы мен уақыт мәселесіне қатысты. Біздегі техникалық мүмкіндіктер жоғары деуге келмейді. «Мұзбалақта» іске асыра алмағанды келесі фильмге қосуға тырысамыз. Өйткені осыған дейін «Тастүлекте» қойылмай қалған сахналарды, сол кезде бергіміз келген режиссерлік шешімдерді осында көрсеттік. Демек, алда жасалатын «Алтын адамда» «Мұзбалақта» болмаған мүмкіндіктерді пайдаланымыз деп ойлаймын» дейді ол. Мультфильмде фэнтези жанрының элементтері барын білген соң, оқиғалардың аяқасты ауысуына, қиялдың қосылуына іштей дайын болып бардық. Балапанын қорғаған бүркіт айдаһармен алысып жатып, тырнағынан айырылады. Оны бас кейіпкер Ақтай тауып алып, мойнына бойтұмар етіп тағатын эпизод бар. Ол жалт-жұлт етіп жанған сайын, әлдебір сиқыр болатындай сезілді. Бәлкім, бойтұмарды аспанға сілтеп жібергенде алпауыт күш иесіне айналып кетер ме екен деп отырғаным рас.

Бірақ ондай болмады. Мұның мәнін сұрағанымызда, Тілек Төлеуғазы бойтұмарды тек достық символы, қасиетті зат ретінде көрсеткіміз келді деп жауап берді. «Бүркіттің тырнағын бойтұмар қылады. Яғни, оны тек қасиетті зат ретінде көрсеткіміз келді. Егер қиял-ғажайып қосқанда, ол сиқырлы затқа айналып, барлық сырын жоғалтар еді. Бұл жерде тырнақ – Ақтай мен бүркіттің арасындағы достықтың символы», – дейді Тілек. Тұрдыбек болса, «Фэнтези жанрындағы әсерді беру үшін түсті көбірек қолдандық. Мысалы, түсте бүркіт иесіне көңіл-күйін айтады. Қырандар «Аспанда жүрсем қанатым талады, жерге түссем Жалайыр Шора ұстап алады» деп мұң шағыпты деген аңыз бар. Сол абыздың бейнесін беруге тырыстық. Бұдан артық әсер қоссақ, асырасілтеу болып кетер еді. Мысалы, «Ер Төстікте» темір сауыт киіп, робот секілді ұшып кетеді. Сол кезде халық мұны басқаша қабылдамаған. Қиял дегенің – шексіз әлем. Түрлі нәрсе қоса беруге болады» деген пікірін жеткізді. Тұсаукесерден соң жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы ақжарма тілегін жолдады. Қыран мен қазақтың байланысы жайлы да сөз етті. «Екі режиссер де қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдаровтың көзін көріп, қолын алған соңғы шәкірттерінің бірі. Олардың бірнеше жылдық еңбегінің нәтижесінде «Мұзбалақ» сынды туынды жарыққа шығып отыр. Туымызда бүркіттің бейнесі бар, қазақ өзін қыранға балап жатады, «Рухани жаңғырудың» эмблемасында да қыран тұр. Мұның негізінде ұлттық болмыс жатыр. Осыны тереңнен түсінуіміз керек. Қазақ баласына «қанатың талмасын» деп бата береді. Одан кейін «тұғырың берік болсын» дейді. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген де бар. Абылай ханның тұсында 3000-ан астам бүркіт болыпты деген тарихи деректер белгілі. Осыны қайта жаңғырта алмай келеміз. Қыран – еркіндіктің құсы. Сол еркіндіктің аспанында ұшқан бүркітке өзімізді балап, болмысымызды теңестіреміз. Фильм осыны сезіндіреді. Бүркіттің адамға достығы көрініс табады. Құстың тілін таба білгеннің артықшылығы баяндалады. Сондықтан бұл мультфильм Қазақстанның барлық аймағында көрсетілсе дейміз. Насихаты кем болып жатқандай көрінеді. Астанадағы тұсаукесеріне ата-аналар мен балалардан бөлек, ресми орындардан ешкім келген жоқ. Негізі, мұндай туындылар көптеп түсіріліп, жарнамалануы тиіс. Балалардың бойына ұлттық рух сыйлайтын мультфильмдер жоқтың қасы десек, «Мұзбалақ» ойсыраған орынды толтырып жатқан секілді» дейді Ұларбек Нұрғалымұлы. «Қазақ анимациясын қайтсек дамытамыз?» деген тақырыпта мамандарға қоса біздің «Айқын» да талай шырылдады. Тұрдыбек Майдан дамытуды әркім өз шаңырағынан бастауы керек деген пікірді алға тартты. «Қоғамға дендеп кеткен бір дерт бар. Ата-ана баласы дүниеге келген соң қазақы дүниені көрсете бермейді. Шетелдің арнасы қосулы, сол жақтың туындысын тамашалайды. Содан санаға қалай сіңгенін байқамай қаламыз. Ақыры «Мұзбалақ» сынды ұлттық туындыны көргенде, бұл балаға жат сияқты сезіледі. Сол себепті көрерменді тәрбиелеу керек. Қазақ анимациясын дамыту үшін ел болып атсалысу керек. Мәселе тек мамандарда емес. Ата-аналар осындай рухани дүниені баласына көрсетуге тырысса екен. Сол жайында сөйлесіп, түсіндірер болса, дертке дауа болар еді» дейді ол. Адай Әбілда болса, айта берсең, өкпе көп. Осының өзіне қуану керек дейді. «Қазақ анимациясына елу жыл толды. Сол жарты ғасыр бойы наз айтумен келеміз. Бірақ қазір, меніңше, қуануымыз керек. Анимацияға көбірек көңіл бөлініп жатыр. Демек, бұрын-соңды болмаған жанрдағы дүниелерді жасау қолымыздан әлі-ақ келеді деген сөз. Бізге әлі өсу керек. Ол үшін мультфильмнің саны көп болғаны дұрыс. Әзірге сапа туралы сөз қозғамай, санын асыру қажет. Өйткені әлемдік тәжірибеде дәлелденген: санның соңы – сапа. Бізге керегі Үкімет тарапынан – қазіргіден де мықты қолдау, көрерменнен – сұраныс». Тұрдыбек Майдан болса, кино заңының тезірек қабылдануын күтіп жүр екен. «Елбасымыз кино туралы заң керегін айтқан еді.

Әрине, көп дүние заңмен қорғалуы қажет. Мысалы, «Мұзбалақты» ел көретін уақытқа қою – заңмен шешілетін дүние. Ондай жағдайда, кинотеатрларға заң бойынша талап қоя алар едік. Осы күнге тезірек жетсек екен. Жыл сайын белгілі бір мөлшерде анимациялық кино түсіруге қаражат жүйелі түрде бөлініп тұрса дейміз. Сонда біз жоспарларымызды реттеп, үлкен дайындық жасаймыз. Ондай кезде жақсы туындылардың саны да көбейер еді. Мықты дүние жасау қолымыздан келеді. Үлкен фильмнің көлемін құшақтап көрдік. Құшағымыз жетті. Алда да руханиятқа жұмыс істей береміз, бұйырса» дейді. «Алдар көсе» көрсетіле бастағанда кейіпкерлерінің бейнесіне қатысты біраз сынның астында қалған еді. Түрінің қазаққа ұқсамауына қоюшы-суретшілерінің өзге ұлт өкілдері болғаны әсер етті деген болатын. «Мұзбалақта» мұндай мәселе туындамайтын сыңайлы. Өйткені адам тұрмақ, қыранның өзі – қазақ сияқты. «Өнер академиясында оқып жүргенде оқытушыларымыз «Сендер қанша жерден шетелге ұқсатқыларың келгенімен, бәрібір кейіпкерлерің қазақ болады. Өйткені өздерің – қазақсыңдар» дейтін. Тіпті әр сызықтарымыздан қазақтың исі шығып тұрады. «Мұзбалақтың» кейіпкерлерін салу барысында дәстүрлі түстер мен реңдерді қолдануға тырыстық. Сондай-ақ бет-пішіні мен үйлесімге баса мән бердік. Мақсатымыз – ұлттық колоритті заманауи түрде жеткізу болатын. Жаңашыл дегенде роботтарды қосу емес, әнмен әрлеу арқылы бергіміз келді. Байқасаңыздар, саундтрегі өте заманауи. Жақында бір кісіден «Сендердің бүркіттерің қазақ сияқты қуанып-қайғырады екен» деген пікір естідік. Демек, мақсат орындалған секілді». Мұндай пікірді Адай алға тартты. Мультфильм еліміздің бірқатар облыстарының кинотеатрларынан беріледі. Әдетте, отандық туындылардың тысқары қалып, елдің көп келетін кезіне тап болмайтыны бар. «Кин оның берілу уақыты алдағы уақытта сұранысқа қарай белгіленеді. Яғни, прайм-таймға қойылуы үшін көрермен тарапынан көбірек сұралуы қажет. Тұсаукесерден соң бір апта ішінде келген көрермендердің санына қарап бағаланады. Сұраныс жоғары болған жағдайда көрсетілу мерзімін бірнеше айға созады. Осы ретте көпшіліктің қолдауы қажет» деп Тілек Төлеуғазы көрермендерден көп үміт күтетінін айтты. Сөз соңында, бір қуаныштың соңынан екіншісі ілесетінін айтқымыз келеді. Өйткені отандық анимацияда – жаңа туынды. Көптен күткен «Күлтегіннің» де көрерменімен қауышар сәт алыс емес. Әзірге нақты уақыты белгісіз екен. Десе де, шамамен, қараша айының ортасына қарай көріп қалуымыз мүмкін. Тарихи деректерге негізделген мультфильм кең көрсетілімге дайын екен. Режиссері Адай Әбілда осындай жақсы жаңалықпен қуантты. Балаңызға көрсетер дүние көбейіп келеді. Сізден керегі – сұраныс. Кинотеатрға барып, қалтаға ақшаны салып, оған билет алып, тамашалаңыз.

Айша ЕРСҰЛТАН,

Алматы облысы.

Таңғажайып ТЕАТР

Астананың 20 жылдығы мен қазақ көркемөнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына орай «Қазақстан – Еуразияның жүрегі» атты Орталық Азия елдерінің VII халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылды. Фестифаль Алматы облысы Талдықорған қаласында жаңадан салынған 510 орындық драма театрдың ашылуымен тұспа-тұс келген. Байқауға Башқұртстаннан, Түркіменстаннан, Түркиядан, Қырғыз және Өзбекстаннан, сонымен қатар еліміздің областарынан келген театр ұжымдары өнер көрсеткен.

Құттықтау сөзінде Амандық Баталов жаңа театрдың ерекше сәулеттік және құрылыстық ескерткіш екенін атап өтіп, жаңа театр ғимаратының ашылуымен және Орта Азия елдерінің «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты VII Халықаралық театр фестивалінің басталуымен құттықтады. «Бұл жобаның жүзеге асуына Мемлекет басшысы зор қолдау көрсетті. Бүгін жоспарларымыз жүзеге асты. Күні-түні осы нысанның басы-қасында жұмыс істеген құрылысшыларға, сәулетшілерге, дизайнерлерге алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Бүгін халықаралық фестиваль аясында театр өз сахнасында мазмұнды қойылымдарын ұсынады», – деді А. Баталов.

Көрермендердің қызу ықыласымен қызыл кілемде театр және кино актерлері, шара қатысушылары мен қонақтары жүріп өтті. Салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде көрнекті өнер қайраткері, театр және кино актері, режиссер, сценарист, мем лекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов құттықтау сөз сөйледі.

– Халықаралық фестивальдің мақсаты – театр өнерін халыққа кеңінен насихаттау және Орта Азия елдеріндегі өнер ұжымдарының өзара ын тымақтастығын арттырып, тәжірибе алмасуын қам тамасыз ету. Мәртебелі халықаралық шара үшін Талдықорған бекер таңдалған жоқ. Алматы облысындағы Бикен Римова атындағы драма театрдың бүгінге дейін жеткен жетістіктері баршылық. Облыс басшылығының көркем өнерге деген қамқорлығы ерекше. Осыдан екі жыл бұрын жаңа драма театр ғимаратының қазығын қағуға қатысқан едім. Енді, міне, жаңа театрдың ашылуына келіп отырмын. Жаңалықтың халықаралық фестивальге, қазақ өнерінің, оның ішінде театр өнерінің дамуына үлкен еңбек сіңірген, бастауында тұрған Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына орайлас келуі де бекер емес, – деді Асанәлі Әшімов.

Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрының директоры Ғалия Темірбаева халықаралық театр фестивалі жайлы жан-жақты айтты. Қандай өнер ұжымдарының келгенін, қойылымдардың қашан, қай уақытта болатынын, оларға кірудің тегін екенін жұртшылыққа жеткізді.

Сол жерде биылғы «Серпер» жастар сыйлығының иегерлеріне марапаттары тапсырылды. Театрдың лентасы қиылып, шара қонақтары театр ғимаратын аралап, экскурсия жасалды. Мұнан соң Амандық Ба-талов барлық келушілерді Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» шығармасы бойынша дайындалған қойылымды көруге шақырды. Қойылымды Б.Римова атындағы драма театрының труппасы дайындаған.

Атап өтсек, қазіргі Б. Римова драма театры отырған ғимарат бейімделген ғимарат болғандықтан, драма театрын салу туралы шешім қабылданып, оның құрылысы 2016 жылдың қазан айында басталған болатын.

Құрылыстың сметалық құны 3,7 млрд теңге. Ғимараттың жалпы алаңы 10,5 мың шаршы метр. Жаңа театрдың құрылысы кезінде негізгі басымдық әртістер мен көрермендерге қолайлы жағдай жасауға берілді. Әсіресе, ол жарыққа, дыбысқа және акустикаға қатысты.

Жалпы, халықаралық театр фестивалі екі жылда бір рет болатын. Негізі, бұл өнер сайысы 2006 жылдан бастау алған. Содан бері 6 фестиваль өтіп, көршілес елдердің театр өнерін одан әрі дамытуға және жас-тардың актерлік шеберлігін шыңдауға едәуір септігін тигізді.

Анар ҚОНЫС,

Талдықорған.

МЕН ЖҮРГЕН ЖОЛДАР

2008 жылдың шілде айы. Жұмысқа жаңадан кіріп, әріптестеріммен танысып, айналамдағы өмірге ақырындап етім үйрене бастаған кез. «Еңбекке жаңадан араласқан адам елпілдек болады» деуші еді әкем. Жұмыстағылардың елпек қолғанаты – менмін. Жасы үлкені де, кіші де, еркегі де, әйелі де кез келген жұмысқа жұмсай салады. Олардың тапсырмасын бұлжытпай орындауға тырысамын. Шетке қаққаны емес, үйренсің деген пейілі екені белгілі. Журналистің жазуға бейімделуі де жауапкершілігі ауыр екенін кейіндеп сезініп жүрміз ғой. Ауқымды жиналыстарға баруға, іссапарларға шығуға құлшынасың. Бірақ көбіне жібере бермейді. Ондай да бұртия қалатының бар. Сондай күндердің бірінде бөлім басшысы сырқаттанып қалды да, тізгін менің қолыма тиді. Тәңертең жұмысқа келген бетім еді. Сол тұстағы «Жетісу» газетінің жауапты хатшы Нүсіпбай Абдырахым кабинетіне шақырып:

– Абай кӨшесі №128 үйге барасың, сондағы шараны жазып қайтасың? – деп тапсырма берді.

Қайта-қайта айнаға қарап, галстугымды түзеп, аяқк иімді жарқыратып майлап, иіс суды шашып жолға шықтым. Айтылған адреске жұмыстың көлігі жеткізіп салды. Үлкен темір қақпаны итеріп ашып, ішке ендім. Айналасы биік дуалмен қоршалған ауладағы жалғыз жүк көлігіне үлкен-үлкен сумкаларын тиеп бір топ жігіт қарбаластанып жүр. Жиналысқа келген адам сияқты емес, киім киістері де бөлек. Қалтасы көп шалбар-шапандарына ілгек темірлер қыстырап алған. Жақын барып мән-жай ұғыспақ едім, біреуі де қазақша, мен орысша білмеймін. Қолымдағы баспасөз парағын нұсқап, ымдап «Осы ма?» деп қоямын. Оларда осы екенін ымдап түсіндірген болады. «Мүмкін, жиналысқа осы көлікпен баратын шығармыз?» деп ойладым. Бір кезде олар жүктерін тиеп болды да маған «көлікке шық» деп ымдады. Қарғып шықтым. Сырты темірмен қапталған көліктің іші толған адам. Бәрі 20-25-тің аралығындағы жас жігіттер мен қыздар. Тойға бара жатқандай көңілдері көтеріңкі.

Бір қуысты тауып, мен де жайғастым. Жабық көл іктен сыртты көру мүмкін емес. Бір сағаттай жол жүріп көлік тоқтады. Бәріміз жамырап сыртқа шықтық. Сонда ғана Текеліден өтіп, Қора шатқалына кіретін жол айрығына жеткенімізді білдім. Осы жерде Салтанат деген қазақтың қызы күтіп тұр екен. Қазақшасы тым жұтаң болса да, қазақша түсінетін адамды кездестіргеніме қатты қуандым. Салтанаттың үзіп-үзіп айтқандарынан альпинистерге еріп, Текелінің тауына кетіп бара жатқанымды білдім. Олар менің түріме қарап, жымыңдап бір нәрсе айтқан болады. Тілін түсінбеген соң, шамданған жоқпын. Міне, осылай Астана, Қарағанды, Шымкент, Көкшетау мен Алматы облысының альпинистер мен тауға шығушыларына еріп, «Жоңғария – 2008» туриадасының қатысушысы болып, Қора шатқалына аттандым. Сол сапар болмаса, Жетісу өлкесінің сансыз құпиясына кенелетін кезең тумас па еді, кім білсін!

ЖОҢҒАРИЯ ТРИАДАСЫ

Қора шатқалы табиғатты сүйетіндер, экстремалдар, өлкетанушылар, натуралистер, альпинистер үшін табылмайтын таңғажайып жер. Қора шатқалына демалуға келген туристер Будда артефактісін, «Бұрханбұлақ» сарқырамасын, үлкен қас иетті тасты, таңғажайып ертегілік жайылымды көріп таза табиғаттан тыныстап қайтады. Осы арада керемет бір тыныштық, әсемдік пен үйлесімділік орнаған. Таулар алысқа қол созып, алып ағаштар сапқа тұрған, жайылымның көк шалғын шөбі жайқалып тұр. Қора шатқалындағы көркем жерлерінің біріне «Таубұлақ» лагері ірге жайған. Тау басындағы алғашқы түнді осы лагерьде өткіздік.

Қора шатқалындағы демалыс лагерінде ең ерте тұратын адам – басқарушы Владимир Молдцов. Әрине, мұнда отызға тарта адам жұмыс істейді. Өзіндік міндеттері де бар. Дей тұрғанмен, жастар емес пе? Бір күндік міндетін өтесе болды, қыдырып кетеді. Одан басқа да жұмыс жетіп жатыр – жол көліктері сапарға дайын ба? Ұқыппен тексеріп шығу керек. Демалуға келген қонақтардың көңіл күйі қалай? Оларға жылыжүз танытуды да ескермесе болмайды. Бір күндік шығынды есептеу, су тартатын насос, ток шығаратын генератор дұрыс жұмыс істеп тұр ма? Осы ортаның келер кездегі көркем келбетін бір сәтке көз алдына келтіріп, соған сай жоспар жасап отыру да Молдцовтың шаруасы деп есептеледі. Тіпті, ол Қора шатқалы туралы көп нәрсені білетін болып шықты. Түнімен ұйқы бермей, қазақшаны бұзып сөйлейтін Молдцовтан Қора шатқалы туралы білетіндерін жазып алуға тырыстық.

Жетісудың жеті өзенінің бірі – Қаратал өзені бастауын Қора, Шажа, Ойсаз, Текелі, Теректі өзендерінен алады. Қараталға таудан сарқырай, арқырай құлайтын Қора өзенінің жағалауы мен қос қапталы бірден биік жоталарға ұласа өрлеп, төбесі ақшулан бұлттар қонақтаған алып таулармен керіліп, көркем табиғатқа, ғажайып көрініске ұштасады. Қора өзенінің шатқалына орналасқан. Бұр анбұлақ – Жетісу жеріндегі ең биік сарқырама. Ол – 125 метр адам аяғы баспайтын құз басынан құлақ тұндыра күркіреп, тонналаған мұздай суы құлай ағып жатқан жұмбақ құбылыс. Қарақошқыл гран итке ұқсас жартастан мөлдір моншақтай құбыла төгілген су, көк жасыл мүк басқан, көкке өрмелеген алып тастан сырғанай аққан сарқыраманың бүкіл бойында кемпірқосақтың барлық түсімен құлпыра ойнап тұрады. Ғажап көрініс. Мұны тек көзбен ғана бағамдау керек.

Молдцовтың әр сөзі маған қызық, құпия болып сезілді. Осылай әңгімелесіп жатып, қай уақытта ұйқыға кеткенімді білмеймін. Таң ата орнымнан тұра сала айналаны аралап келейік деп, тағы да Молдцовты мазасын алдым. Ол да өтінішімді жауапсыз қалдырған жоқ. Иығына түсетін шашын төбетайлап түйді де, қалпағын әдемілеп киіп, аса таяғын алып бастай жөнелді.

Бір байқағаным, Қора шыны қора іспеттес екен. Өзеннің жазыққа қарай шығар аңғарының (өзеннің ағысымен айтсақ) оң жақ жағалауында үлкен, бойына тарих белгісін жинаған алып қара тас алғашқы болып көзге түті. Таста бейнеленген дүниелер Будда дініне қатысты-ау деп пайымдауға әбден болады. Жалпы, Буддизм Қазақстанда ІХ-ХІ ғасырларда пайда болғаны белгілі. Тастағы таңбаны орта ғасырдан қалған жәдігер деп есептедім. Үлкен тастың жылтыр, өзенге қараған бетінде ескіден қалған сызбалардың ізі әлі де көзге көрініп тұр. Тастың биік төбесінде су қағы тұратындай қазан шұңқырға үнемі су толып тұрады. Жыл он екі айда құрғамайды. Тастың үстіне шыға алатын адамдар емге ішеді екен. Қанша тырыссам да тастың үстіне шыға алмадым. Табаны жылтыр бәтіңкем кедергі болды. Бәтіңкемді шешіп тастап, өрмелеп көріп едім, таңғы шықпен суланып тұрған тас бетінен табаным тайғанақтап тоқтамай қойды.

Биік тас бетінде индиялық табынушы бейнесіне ұқсас әйелдің суреті бейнеленген. Тастың төменгі бө-лігінде әлдебір мифологиялық хайуанның кескін-сүлдесі салыныпты. Мұндай ескерткіштер басқа жер-ден кездеспейді. Алайда, кейбір скульптура мен кескіндерде стилистикалық ұқсастықтары болатыны даусыз. Мысалы, Ұлы Шива шіркеуіндегі сызықтар осыған ұқсас сияқты. Хайуанның басы айдаһар сияқты да, денесі арыстанға ұқсайды. Кезінде Қытайда жүргенде географ, ботаник, этнограф Василий Сапожниковтың қытай тіліне аударылған «Жетісу очеріктері» атты еңбегінде 1903 жылы Қапалдан атпен шығып, Қора өзенінің жағалауын аралап, көрген-білгенін хатқа түсіре келіп: «…өзен бойын бес сағат бойы жағалап жүргенімізде, алып тасқа кездестік. Қалың қарағайдың ішіне орналасқан. Мұны жергілікті қырғыздар «Әулие тас» дейді екен. Таспен қатарлас өскен ағашқа түрлі-түсті шүберектер бай-лапты.

Осыдан жоғары өрлегенде, алдыңыздан ғажайып сарқырама көрінеді» дегенін оқыған едім. Сол Сапожниковтің кітабында сарқыраманы Бұрқанбұлақ деп атағаны есіме түсті.

– Бұл әулие тас, анау Бұрқанбұлақ, – деп айғай салыппын.

– Әрине, бұл туралы халық арасында неше-түрлі аңыз-әңгіме бар, – деді Молдцов менің тебіренген көңіл күйімді түсіргісі келмей.

Сондай аңыздың бірі былай өріледі. Бұрқан – анасының жалғыз ұлы екен. Осы баласын тым жақсы кө- ретін шешесі күндердің күнінде Бұрқан жүзінен иманы төгілген инабатты да тіл алғыш келін түсірсе деп арман етіпті. Алайда ұлы тәкаппар әрі бірбеткей Қора сұлуға ғашық болады. Бұл таңдау көңілінен шық- паған ана екі ынтызар жүректің бірігуіне жол бергісі келмей, орасан зор тас қамал соғады да баласын қамап тастайды. Әйтсе де, Бұрқанның махаббаты бәрінен басым түсіп, қамалдан асып төгілген көз жасы Қора сұлудың өзеніне қосылады. Міне, содан бері екеуі тел ағысқа айналып, телегей теңіз өзен болыпты. Баласынан айырылып қалған ананың көз жасы да әлі тыйылмапты. Бұрқанбұлақ сарқырамасымен қатарлас жылай ағатын кішкентай жылға осы «Ананың көз жасы» дейді.

Сарқырамаған жақындасаң су астындағы әр түсті тастар анық көрінеді. Шашыраған су жаңбыр тәріздес, ыстық ауа мен судың шашырап қосылған тұсы кәдімгі оазис. Жаныңды рақатқа бөлейді. Суды кешіп, сарқыраманың астына бару қауіпті. Судың күшімен мұжылып жатқан жақпар тастың ұш қындары, көлемі торғайдың жұмыртқасына жете қабыл, ұшып түсіп жатыр. Денеңе тисе, шымыр еткізеді. Сарқырама астына барсаң, одан да үлкені болуы мүмкін. Судың сарыны, шуылы бүкіл денеңді билеп алып кетеді, сондай бір бойыңа жан тыныштығын орнатады. Ойыңнан барлық күдік сейіліп кеткендей. Тек табиғаттың тартылыс күші бойыңды меңгереді.

Көрікті ағаш пен иісі жұпар аңқыған шөп Қораның ажарын кіргізсе, аңы мен құсы өз алдына бір жыр. Өткен ғасырда талай ғалымдар мен оқымыстылар бұл маңайда болып, зерттеу жұмысын жүргізген. Орыстың белгілі биологі В.Шитников 1908 жылы осы жерден әлемнің еш жерінде кездеспейтін бақа-балықты (тритонды) Ой саз жайлауындағы Талды өзенінен тапқан. Бұл балықтың емдік қасиеті ерекше. Оның кептірілген ұнтағы сыныққа мың да бір ем болып табылады. Бір ақ біз өзен жағалап біраз жерге барсақта В. Шитников тапқан балықты кездестіре алмадық. Қолға ілінген бірнеше ұсақ шабақты місе тұттық. Есесіне, өзен бойындағы түрлі құстардың дауысы құлақтың құрышын қандырады. Молдцовтың айтуынша, Қора шатқалында құстардың 465-470 түрі, сүт қоректілердің 115-120 түрі жасайды екен. Бұл туралы арнайы зерттеу жұмысын жүргізгендер бар. Тіпті, сол туралы кітапта жазылыпты. Бірақ Молд-цов зерттушілер мен кітапты есіне түсіре алмады.

Өзеннен балық қуалап жүріп, сарқырамадан біраз ұзап кеткенімізді байқамай қалыппыз. Алдымыздан алып қара тас көлденеңдей қалды. Бұрқанбұлақ сарқырамасына 1 шақырым жетпей «Киелі тас» орналасқан. Бұл шатқалда оны байқамай өту мүмкін емес. Орасан зор, аппақ тас көзге бірден шалынады. Жергілікті халық киелі тас деп атайды. Келген адам тағзым етіп, шүберек байлайды. Келіп-кетушілер тастың жанына тастан үйіп ошақ жасап қойыпты. Жанында балықты шаншып пісіретін істіктері де дайын екен. Біз де отыра қалып, өзеннен ұстап алған шабақтарымызды істікке қадап, отқа қақтай бастадық. Бір қызығы, сол маңнан ондай үлкен тасты кездестірмейсің.

Ол жайлы халық арасында қызық аңыз сақталған. Баяғыда осы жерде, өзен жағасында ауыл болыпты. Көк майсалы құнарлы мал жайылымында малдары семіріп, адамдары тыныш өмір сүріпті. Кенет жер сілкініп, адамдардың үрейі ұшып кетіпті. Тау жарыла құлап үлкен тастар жолындағы мың жылдық шыршаларды қопара ауылға қарай жақындап келе жатыпты. Осы мезгілде бір киіз үйде әйел босанып жатады. Дүниеге жаңа келген сәбидің шыңғырған үні шатқалдың ішін жаңғыртып кетіпті де, бір керемет болыпты! Домалап келе жатқан таудай тас киіз үйге бірнеше сантиметр қалғанда кілт тоқтапты. Содан бері бұл тасты жергілікті жұрт «Киелі тас» деп атап кетіпті.

Біз әңгіме қызығына түсіп кеткенде, айналамызға біраз адам жиналып қалыпты. Тілімізді түсінбесек те, жүрегімізбен сөйлесіп тұратын шетелдік әріптесім, француз журналисі Мичель мырзаны алғаш рет осы жерде кездестірдім.

– Әлемнің талай елінде болдым. Қора шатқалы экологиялық бүліншілікке ұшырамай, табиғи қалпымен өзіне баурап алды. Экологияның көркемдігін сезінемін деушілерге табылмайтын жер, – деп өз сөзін түйіндеді. Менің экология саласындағы біраз жетістігіме осы Мичель мырзаның ықпал еткенін бүгінде көп адам білмейді. Мүмкін, «Киелі тастың» қасиеті біздің арамызға үзілместей сыйластық берген шығар.

Шынында да мұндай ауа, мұндай су, мұндай жер, мұндай көрікті, әсем жайлау ешбір жерде жоқ. Соны ел кәдесіне жарата алсақ, кәне.

Біз түнде келген соң, көп жағдайдан бейхабар екенбіз. Бұрқанбұлақ сарқырамасының айналасына тігіл- ген көп шатырды көріп таң-тамаша болдық. Олар туризм саласының жанашыры, ұзақ жылдық биология пәнінің мұғалімі Светлана Федорованың оқушылары болып шықты.

– Бұл жер мектеп қабырғасындағы балалар үшін табылмайтын орта. Жыл сайын оқушыларымды осын-да ертіп келіп демалып қайтамын. Осы барыста экологияны қалай қорғау керек екенін түсіндіремін, әрі балалар өз алдына өмір сүруге жаттығады. Себебі, бұл күндері олар тамақты өздері жасайды, тауға шығады, дәрі-шөп теріп әкеліп, дәмді сусындар жасайды, – дейді Светлана.

Біздің қатарымыз міне, осылай мектеп оқушыларымен толықты. Қасиетті тасқа барып тілек тіледік. Аңызда айтылғандай тасқа қос алақаныңды тигізіп тұрып тілек етсең қабыл болады дейтін сенім бар. Сосын тастың дәл түбінен өсіп шыққан қарағайға шыт байлауың керек. «Әулиебастаудан» су ішпей кетуге болмайтынын ескерте кетейін. Оның суы түрлі асқазан және көз ауруына шипа болады. Қаз- қатар тізілген қарағайлы алқап пен көкорай шалғынға аунап таза ауамен тыныс алып, сарайың ашыла-ды. Қаланың шуын мүлдем ұмытып өзіңді сергек көңіл күйде сезінесің.

– Енді, таңғы асқа барайық, – деді Молодцов.

Біз келгенде сапарластарым таңғы асын ішіп, бізді күтіп тұр екен. Шай үстінде ресми киінген тілшіні ерту, ертпеу мәселесі біраз талқыға түскен көрінеді. Бірақ, ұйымдастырушылар аттай қалап алған жалғыз журналисті тастап кеткісі келмепті. Мичель мырза мен қазақша білетін Молдцовпен осы жерде қоштасып, қазақша білмейтіндерге еріп, тағы да жолға шықтым. Ендігі бағытымыз – тау жолымен жаяу 20 шақырым жүріп, Асылбай мұздығына жетіп, альпинистер мен тауға өрмелеушілердің тәжірибесін сынақтан өткізу.

Демалыс үйінен көп ұзамай бәтіңкемнің тігісі сөгіле бастады. Костюмді бұта-бүрген талап, тамтығын ұшырып келеді. Қысқасы, осыдан былайғы екі күн қиындық пен қызыққа толы болды. Егер демалыс үйінде қалғанда Қора, Шажа, Ойсаз, Текелі, Теректі, Шегірбұлақ, Қасқабұлақ, Асылбай өзендерін кешіп өту бақыты бұйырмай, Жаманкөл және Мыңжылқы тауларын көріп, Төле би бабамыздың Абылай ханды қалай құтқарып қалғаны жайлы әңгімені жазып алмас едім.

Қажет Андас,

Әлқисса, Алматы облысы.