Бахадүр бабалар бейіті

Өткенін бағаламаған елдің болашағы да баянды болмасын, тарихын білмеген ұлттың мемлекет ретінде қалыптасуы да неғайбыл екендігін түсінген Елбасымыз Н.Назарбаев қазақ руханиятының, Қазақстан халқының көмейінде жүрген бірталай тақырыптарды түртіп өткен соңғы мақаласында ұлан-ғайыр даламыздың түкпір-түкпірінен орнын тапқан киелі жерлердің картасын жасап, түбегейлі аралап, зерттеуді тапсырған болатын. Күллі Алаш баласы «Жер жәннаты» деген атақ таққан, жерұйық мекен Жетісу атырабында да бұндай орындар жетерлік.

Солардың бірі ретінде асау толқыны тулаған, асқар таулары аспан сүйген айдынды Алакөл ауданының аумағында орналасқан «Борша төбені» атауға болады.
Ғасырлар қойнауына зер салып, зерделейтін болсақ бұл киелі мекеннің қазақ тарихында алатын орны ерек. Бахадүр бабаларымыздың қайсарлығы, батылдығы мен батырлығы тоң топыраққа тоғытылған жер. Өздерінен отыз есе көп қалмақ қолына жалғыз ат, жалаң қылышпен қарсы шапқан қазақ қаһармандарының ажалмен арпалысқан төбесі.
Тарих беттерін парақтайтын болсақ осыдан екі жарым ғасыр бұрын өмір сүрген Қаракерей Қақал әулие бастаған ел Жоңғар Алатауын бөктерлей мал қамын күйттеп, көктеуде жатқанда тұтқиылдан шабуылдаған қалмақ қонтайшысы қапысыз отырған халықтың төрт түлігін айдап, қыз-келіншегін байлап әкетеді. Намысымен нар сүйреген баһадүр бабамыз осы мезетте қару көтере алатын үш жүз жігіттің басын қосып, он мыңнан астам жаудың жолын бөгеуге аттанады. Ескі дала заңына сай алғашқы екі күн қос қанаттың батырларының жекпе-жегімен өтеді. Бірнеше қайталап айқасқа шықса да аттан құламаған азаматтарымыз ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қалың қолдың дегбірін қашырады. Осал қарсылас жолықпағанын сезген қоңтайшы құйтырқы әрекетке барып, сайқал тәсілге көшеді. Сардарларымен ақылдаса келіп, күшпен алмасын түсінген ол айламен жеңуді ойлайды. Сөйтіп соғыстың үшінші күні садақ оғын қарша боратып, оғландарымызды қоғадай жапырған қалмақтардың айласы асады. Он мың адырнадан атылған көбе бұзар жебелер үш жүз жігіттің сауытын сөгіп, кеудесінен өтсе де жер құшуға асықпаған батырлар ақтық демдерін іштеріне тартып, соңғы шайқастарында көрсеткен ерліктері аңызға бергісіз оқиға. «Ер сүрінсе еңкеймес жығылар тік» демекші тізелері бүгілмеген, бастары иілмеген қазақтардың мәйітінен де сескенген қоңтайшы олардың денелерін бөлшектеп, боршалап, жан-жаққа сүйреп апаруды бұйырады. Содан ол жер «Борша төбе» деп аталып кеткен көрінеді. Бұл қырғыннан «Ақбоздара» атының арқасында аман қалған Қақал әулие түнімен жау ордасын аралап, онсыз да құты кеткен қалмақтарды шетінен бауыздап, жеңіске масаттанған елді дүрліктіреді. Бастан аяқ қанға боялған батырды көргендер оны аруақ, пері деп ойлап, асып-сасады. Тіпті кейбір жүзбасылар, мыңбасылар жеке-дара қашып кетуге де тырысып, қалың қол бөліне бастайды. Бұны естіген қоңтайшы бүкіл даланы от жақтыртып, алау тұтатып аластатады. Сол сәтте адал арғымағына мінген Қақал әулие төбе ұшынан қарап тұрған деседі. Содан бері ел басына зауал төнсе «Борша төбеден» Ақбоздара кісінейді деген сенім қалған.
1909 жылға дейін қазіргі Қабанбай ауылы да «Борша» деп аталған. Аталмыш ауылға кіреберісте орналасқан төбенің тарихы осындай. Елінің азаттығы, жерінің бостандығы, қызының ертеңі, ұлының болашағы үшін қайтпас сапарға аттанған бабаларымыздың ерлігі ұрпаққа өнеге екендігі шындық. Осындай қаһармандарымыздың қанымен жазылған өткенімізді ұмытпау басты парызымыз. Ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын Елбасымыздың арқасында тарихымыз қайта түгенделіп, ұмытуға болмайтын ұлы тұлғалардың есімі жаңғыруда. Дәл осындай тағылымды оқиғалардан дәм алып өскен жастар ұлағатты, ұлықты, ұлтжанды болып ержететіндеріне сенімім кәміл.

Алмат Есенбеков,
Алматы облысы.

Жас ұрпақтың нағыз жанашыры

«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілеттілік дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы», – дейді Елбасы рухани жаңғыруға үндеген мақаласында.

Рас, қазір нарықтың заңдылықтарын, қыр-сы­рын меңгеретін кезең. Әрі бұл орайда жастарды отан­сүй­гіштікке баулу, төл тарихымызды танытуға да назар ау­дарсақ. Қазір сананы оятып, салт-дәстүрімізді бойға сіңі­ріп, рухани кеңістігімізді ұлттық құндылықтармен то­лықтырар уақыт.
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген жақсы сөз бар. Туған жерін түлетуді перзенттік парызы са­­найтын, бар қажыр-қайратын елінің дамуына жұм­сайтын, жас ұрпақтың жанашыры бола білетін аза­маттардың ісі көпке үлгі ғой. Біз осындай азаматты жа­қыннан та­нимыз. Туған жері Отырар ауданының Шәм­ші ауы­лынан «Алпамыс батыр» кешені мен Алаш қай­раткерлерінің аллеясын ашып берген Әбдімәжит Сат­тарұлы Сыздықбековты көпшілік жақсы қырынан біледі.
Бәрі де жас ұрпақтың қамы үшін. Асқаралы 60 жас­қа келген Әбдімәжит аға әлі де тың. Бір орнында отыр­ған кезі жоқ. Техника ғылымдарының кандидаты. Та­лай ғылыми еңбектердің және оқу-методикалық құ­ралдардың авторы. Десе де, бақытын кәсіптен тапқан. Ғы­лымнан алған азын-аулақ қаржысын кәсіпке са­лып, өндірісті дөңгелетіп әкетті: бүгінде өз туған ауы­лында «Сыздықбеков» шаруа қожалығының өрісі кеңейіп келеді. Бұдан бөлек, Шымкентте орналасқан «OTYRAR GROUP LTD» ЖШС-і де жергілікті азамат­тар­ды құрылыс заттарымен қамтамасыз етіп отыр. Шүкіршілік, кәсібі біреуден ілгері, біреуден кейін да­мып келеді.
Ынта болса, мақсат болса, жүйесін таппайтын іс жоқ. Абзал азаматтың айтары да осы. Шетелге шық­са, әлемге әйгілі стадиондар мен спорттық ба­за­ларды аралайтын әдеті бар. Футболдың отаны са­налатын Ұлыбританияда азулы клуб «Арсеналдың» ста­дионында болған. Оларда барлық жағдай жа­салған: талантты көре білу, оны әрі қарай дамыту жұ­мыстары дұрыс жолға қойылған. Әрине, жеңістің бас­тауы – жүйелі тірлікте. Бұдан бөлек, Африканың Оң­түс­тігін­дегі футболдан әлем чемпионатын тамашалап қайтуы да зор серпін бер­ген. Жағдай жасалса қазақтың қай баласы да, атой­лап шығар еді. Осындай ой маза бермеген. Со­дан міне, армандар іске асып, өзінің туып-өскен ауы­лында (ОҚО, Отырар ауданы, Шәмші ауылы) «Ал­памыс батыр» кешенін іске қосып берді. Оны ау­дандық әкімдікке өткізіпті. Сый ретінде тегін-ақ. Бү­гінде 70-тей әр жастағы балалар арман қуып жүр. Әри­не, мақсаттың жемісін беруі үшін уақыт керек. Ма­ман кадрлар да сәтімен толыға жатар. Мемлекетке өт­кізгенмен өзі де әрдайым назарда ұстап, қолдау көр­сетеді.
Стадионның жанынан «Алаш аллеясы» кешені де ашыл­ған. Онда Алаш арыстарының портреттерімен қоса, ұлағатты сөздері қашап жазылған. Сондай-ақ, до­даларда топ жарған спортшыларымыздың суреттері де бейнеленіпті. Мұның бәрі де футболшыларды отан­сүйгіштікке баулысақ деген ниеттен туған ой. Осы аллеяда ән падишасы – Шәмші Қалдаяқовты ес­ке алуға арналған салтанатты мәдени іс-шара өтіп тұра­ды.
Соңғы жылдары, кәсіпкер азамат Алаш идеясын на­сихаттауда да белсенділік танытып жүр. Бір аллея­мен ғана тоқтап қалған жоқ. Жыл сайын Алаш қай­рат­керлерінің еңбегін жас ұрпақтың бойына сіңдіру мақ­сатында ғылыми-конференциялар өткізу де дәстүрге айналған.
Ағаның атқарған ісінен жүзеге асырсам деген тір­лігі әлі де көп. «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» де­ген ұлағатты сөзді жадынан шығарған емес. Бұған дейін БАҚ беттерінде жазылғандай, кәсіпқой боксшы Ген­надий Головкинге қазақтың көк шапанын арнайы тік­тіріп, Еуропаға жеткізген де Әбдімәжит аға еді. Бұ­дан бөлек, Париж қазақтарының «Paris Kazakspor» фу­тбол клубының ойыншылары елімізге келіп, Ата­жұртта саяхат жасауына демеуші болған азаматтың бірі де.
Әрине кез келген спорттың дамуы материалдық-тех­никалық базаға баланысты. Екінші, маман кадр­лардың жеткілікті болуы. Үшіншіден, қаржы болса, со­ның бәрін ұйымдастыруға болады. «Жалпы, ұрпақ тәр­биесіне салғырт қарауға болмайды. Жер-жерден спорт нысандарын ашып тастай берейік. Бұл ретте тұр­ғындардың көзқарасы өзгеруі керек. Қаржы жоқ емес бар, тек соны іске асыратын ынта болса. Сонда мемлекет те дамиды. Ұрпақтың да дені сау болады», – дейді аға. Ойландыратын-ақ жағдай.

«Қазақ халқының бет-бейнесі болып бардық»
Бұдан бөлек, жақсы аға спорттың нағыз жан­күйе­рі. Оны әрбір Олимпиада ойындары кезін­де жиі байқаймыз. Рио Олимпиадасы кезінде де спортшыларымызға жанкүйер болып, қанат­тан­ды­рып, жігерлендіріп отырды. Жалғыз өзі ғана емес жанына ұлы Алмасты да ерткен. Он бес күн бойы спортшыларымыздың әрбір сәтіне қуанып, ащы жеңілісіне мұңайып, қолдау көрсетті. «Ба­тыр­­ларымыздың жеңісті сәтіне куә болу бір бақыт. Өзім­нің іштей ойлаған жүлделер қоржынға түсті. Со­ған ризамын. Әсіресе, қазақтың алғашқы қарлы­ғаштарының жеңісінен қанаттанып жүрдік», – дейді Рио-де-Жанейродан көтеріңкі көңіл күймен қайтқан Әбдімәжит аға.
Бизнесті дөңгелеткен кәсіпкер ғана емес, нағыз спорт жанашыры бола білгеніне тәнтіміз. Қай спорт­шының қандай мүмкіндігі барын, қандай жетістікке жет­кенін, бәрі-бәрін түгендеп жүргені. Ағамыздың ұлы дүрмектен алған әсерлері, куә болған қызық­ты жағ­дайларын қолқалап, сұраймыз.
Бұл – Әбекеңнің үшінші Олимпиадасы. Кө­­кейін­­де бар мақсат – қазақтың ұл-қызы­ның жеңі­сіне куә болу, қолдау көр­се­тіп, қанаттандыру. Не­гі­зінен, та­ма­шалағандары бокс, күрес және ауыр атлетика бәсекелері. Қазақ боксшы­ларының қар­сы­ласын айызды қандыра ұрғанынан қанаттанып, зіл­теміршілердің бәсекесіне қарай асығады екен. Екі аралықта елеңдеп жүріпті. Би­летті де әу бастан осы мақсатта ал­ған. Ағаның айтар әңгімесі көп-ақ. Ес­те қалған қызықты оқиғаларды тың­дап отырмын. Ба­ландиннің алтын алу­ға мүмкіндігі барын да дәл бол­жап­ты. Бұл туралы өзі «Баландиннің чем­пион бола­тын күні қонақүйдің астында тұр­мыз. Диманың ана­сы жүр екен. «Финалға се­гізінші орынмен шықты. Қалай болар екен» дей­ді. Ұнжырғасы түсіп кеткен. «Мүм­кіндік мол бізде. Жылдамдықты қосса, біз жеңеміз. Же­ке рекордын орнатады әлі. Көресіз» дедім көңілін жай­­ландырып. Құдай аузыма салғанын айтсайшы», дей­ді спортшының топты жарып шығатынын іштей сез­генін айтып.
Бір қызығы, ұлы Алмастың да үшінші Олим­пиа­дасына жолы түскен. 2008 жылы ол Бейжіңде оқи­тын. Лондон Олимпиадасы кезінде сол қаладағы әй­­гілі колледждің шәкірті еді. Бұл жолы қазақ жан­күйерлерінің басын үйіріп, топтап қосуда Алмастың ең­бегі сіңіпті. Ол жарыс басталардан бір сағат бұрын ба­рып, орындарға көк Туды іліп шығады екен. Өз­гелердің орнына да қазақтың туын іліп кетіп жүрген. Әйт­песе, қазақ жанкүйерлерінің әрқайсысының орны әр жақта. Шашырап отырған жерден дауыс қайдан ес­тіл­сін. Ал дауыстың бір жерден шыққаны залды жаң­ғ­ыртпай ма. Өзі қытай, ағылшын тілін меңгерген. Рио көшесінде жерлестерімізге жол көрсетіп жүрген ел­гезектігін айтсаңызшы…
Әңгіме ауаны жанкүйерлік мәдениет жайына ойыс­қанда ағамыз сәл ренжіген кейіп танытты. Өйткені, бізде 10 адамның басын қосу қиын. Әрқайсысы әр түрлі айқайға басатыны тағы бар. Бұл туралы: «Ұлыбри­таниялықтардан үйренеріміз көп. Олар дереу ұрандатып, сөз құрастырып ала қояды.

Футболына барсаң, бәрі өлең­детіп тұрады. Ұтылып жатса да қошемет көрсетіп, шы­ғарып салады. Ал бізде ұтылып қалсыншы, жер-же­біріңе жетеді. Мәдениеттің жетіспеуі ғой бұл» дейді қын­жылысын жеткізіп.
«Олимпиадалараға жетелеп жүрген қандай күш?» деп ағаның әңгімесін одан әрі қыздыра түстім. «Біз қазақ халқының бет-бейнесі болып бардық. Сөзі­міз­бен, ісімізбен, тіпті киімімізбен де үлгі болуымыз ке­рек. Қазақтың озық ұлт екенін таныту үшін. Шетелге шы­ғып, қазақтың ұл-қызына қолдау көрсетіп қайту кі­ші­гірім кәсібіміздің арқасы ғой. Ал жағдайы менен ас­қан жігіттер аз ба? Олар неге жанкүйер болмайды?» – дейді аға.
«Алаш» этноауылына бардыңыз ба?
Рухани жаңғыру саясатын насихаттап, нақты іске көшкендердің әрекетіне қалайша риза болмассыз?! Оты­­рар ауданының Бестораңғыл елдімекенінде өт­кен жылы ашылған «Алаш» этноауылы бірегей жоба. Атауы айқындап тұрғандай, алаш жастарының арман-аңсарын, салт-санасын сергек етер таптырмас орын. Жал­пы аумағы – 4 гектар. 8 киіз үй, қолөнер шеберлері, кі­лем тоқушылар, теріні өңдейтіндердің бөлмесі жа­ғалай орналасыпты.
Этноауылды әке жолын жалғаған жас кәсіпкер Ал­мас Сыздықбеков қолға алған. Ол да туған жерін тү­летуді перзенттік парызы санайды. Өзі Қытай, Ұлыб­ританияда білім алып, тағы басқа елдерді аралап жүріп, әр елдің салт-дәстүрімен танысып, талай дүниелерге қа­н­ыққан. Бізде әсіресе осындай этнографиялық ту­ризм ақсап жатқаны ойландырған. Сол ойдың же­тегінде жүріп, ақыры осындай жобаны іске асырды.
Өзінің айтуынша, негізінен, этноауыл ресми түрде 10 маусым күні жұмысын бастаған. Сол күні де АҚШ, Түр­кия, Польшадан, өз елімізден 9 турист келіп, тама­шалапты. Содан бері, 1 қазанға дейін созылған алғашқы маусымда 500-ден астам турист қонақ болыпты.
21 мамыр күні Бакуден басталған Түріксой мем­лекет­терінің делегацияларының туристік сапары бары­сында 11 мемлекеттен 50 шақты адам осында аял­да­ғанын көпшілік білер. АҚШ, Сингапур, Қытай, По­льша, Франция, Германия сияқты әлемнің жетекші ел­дерінің өкілдері таң-тамаша болған. Ұлы Жібек жо­лының бойындағы мемлекеттерді, қалаларды аралап, көру­ді мақсат еткен олар осы орынға да соға кетуді жөн санапты.
Қазақ ауылын ашудағы негізгі мақсат – шетел аза­маттарына қазақтың салт-дәстүрін насихаттау, та­ныстыру, екіншіден, болашақ ұрпақты, жастарды пат­риоттыққа тәрбиелеу. Үшіншіден, ұмытылып кеткен қо­лөнершілер, зергершілер, ұлттық құндылықтан ажы­рамаған ата-апаларымыздың тәжірибесін келешек ұрпақтың бойына сіңдіру. Бүгінде ондай бұйымдарға деген насихат аз болып тұр, қызығушылық төмен. Жас кәсіпкер сол кәсіпті қайта жаңғыртуға құмбыл.
– Бізде кәсіпкерлер негізінен қаржының тез қайта­ты­нын есептейді ғой. Салған ақшасын тез шығарып ал­ғысы келеді. Этноауыл салып, жұмысын жүргізуге көп уақыт, біршама шығын керек. Әр нәрсенің бастамасы қиындықпен басталатынын ұмытпайық. Түптің түбінде кәсіпкерлер осындай рухани жаңғыруға бет бұрады деп сенемін, – дейді талапты жас.
Өткенді білмей, алға жылжу жоқ. Елбасының рухани жаң­ғыру мақаласы – еліміздің көркеюіне, болашағына үл­кен серпіліс беретін стратегиялық бағдарлама. Осы бағ­дарлама аясында талай құндылықтарымызды жа­рыққа шығаруға зор мүмкіндігіміз бар.
Рас, қазір әлемнің дамыған елдері туризмнен, оның ішін­де этнотуризмнен мол пайда тауып отыр. Халық ел­дің өткен ғасырдағы тарихы, этнографиялық өмірін на­сихаттайтын орындарға жиі барады. Шетелдік ту­ристер этноауылға барып, сол жердің тамағын жеуге, қы­зықтауға асығады ғой.
Елімізде этнографиялық туризмді дамытуға, салт-дәстүрімізді насихаттауға деген талпыныс бар. Тек қол­дау болса…
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар рухани жаң­ғыру» атты мақаласында айтылғандай, патриотизм кін­дік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен бас­талады. Мұндайда халқымыз «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Сол себепті, әрбір азамат ту­ған жеріне, оның руханиятына, бей-жай қарамауы тиіс. Бұл орайда Сыздықбековтер отбасы көпке үлгі бо­лып келеді.

«Жан қиналмай жұмыс бітпес…»
Үлгілі отағасы Фарида апай екеуі немерелерінің қы­зығын көріп отыр. Ұл-қыздары да өмірден өз жолдарын тап­қан. Үлкен ұлы Ғабит бүгінде ҚР Парламент Се­на­тында абыройлы қызметте. Кіші ұлы Алмас пен қызы Айнұр – жеке кәсіпкер. Жолдасы Фарида Үсенова – «Айтекс» шағын кәсіпкерліктің басшысы.
Құдай қуат берсе, алда әлі талай іс тындырмақ. Жас­тардың нағыз жанашыры бола білген кәсіпкердің бере­келі тірлігіне қуанасыз. Әр қазақ өз елінде бай болуы керектігін санама сіңдіргендей болды. «Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес», «Егіннің ебін, сауданың тегін, үйреніп ойлан, мал ізде»… Әб­дімә­жит ағаның жұмыс үстелінің қақ төбесінде осындай ғибратты сөздер ілулі тұр. Адал еңбек етіп, абы­ройлы бола білу де бір бақыт қой.

Тағабай ҚАСЫМ.
Шымкент қаласы.