КОВИ мен ХАРАРИ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕДІ

Жақында «Ұлттық аударма бюросы» аударған әлемдік сұраныстағы екі оқулықтың тұсауы кесілді. Нақты атап айтар болсақ, Стивен Р. Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» және Ювал Хараридің «Адамзаттың қысқаша тарихы» атты кітаптар қалың оқырманға жол тартты.

«Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ-ның атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, бұл кітаптар 100 жаңа оқулықтан тыс, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен аударылып отыр.

–Бұл кітап – әлемнің ең үлкен кітап дүкендерінде көп таралыммен сатылып, ішіндегі ойлар мен ұсыныстары кең талқыға түсіп жатқан бүгінгі күннің бестселлері. Біз тұңғыш рет осындай кітаптарды аударып Қазақстандағы оқырмандарға, оқу орындарына, жалпы білімге, қазіргі айтылып жатқан идеяларға қызығатын адамдарға таратуға мүмкіндік алып отырмыз, – дейді Рауан Кенжеханұлы.

Ювал Хараридің «Адамзаттың қысқаша тарихы» кітабының мұқабасына осы кітап жайлы айтылған пікірлер де жазылыпты. Соның бірі «Елсіз аралға өзіңмен бірге ала кететін он кітаптың бірі осы шығар» деген Билл Гейтстің пікірі, сондай-ақ Барака Обама сияқты әлемге танымал адамдардың да пікірі бар.

Жалпы, осы кітаптарды аудару жөніндегі ұсыныс Алматы қаласындағы 38 ЖОО-ның басын біріктіретін Ю-38 деп аталатын алаңда айтылған екен. Сондықтан 10 мың данамен басылып шыққан бұл кітап 110 ЖОО-ға және барлық кітапханаға таралады. Сондай-ақ оқырмандар бұл кітаптардың электронды нұсқасын да оқи алады.

«Бұл кітапты қазақы ортадағы беделі бар адамдар мен ғалымдар оқып, пікірлерін білдірсе деген ойымыз бар. Өйткені кітапта түрлі ойға жетелейтін тосын идеялар, ұсыныстар бар. Яғни адамзат тарихы бүгінгі күнге дейін қалай дамыды? Жалпы адамзат 100 жылдық тарихына кері бұрылып қарайтын болса өзіне-өзі риза бола ала ма? Осы күнге жетіп адам баласы өзін бақытты сезінді ме? деген сияқты сұрақтарға жауап іздейді», – дейді Р. Кенжеханұлы.

Бұл кітап 2011 жылы басылған. Одан бері 40 шақты тілге аударылып, 7 млн данамен басылып шығыпты.

Стивен Ковидің кітабы «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» деп аударылыпты. Сондай-ақ ол еліміздегі «Меломан» кітап дүкенінде 10 жыл бойы ең көп сатылған кітаптар қатарында болыпты.

Рауан Кенжеханұлы: «Өйткені жақсы өмірдің кілтін іздеген жасөспірім баладан бастап, өзінің қарым-қабілетін дамытқысы келетін мемлекет басшыларына дейін осы кітапты қолдан түсірмей оқыған және ол әлі күнге дейін талқыланып келе жатыр. Сондықтан бұл да қазақ оқырмандар үшін қызықты болады деп ойлаймын», – дейді.

Бұған дейін 100 жаңа оқулық бойынша 18 кітап қазақ тіліне аударылғаны белгілі. Қазір тағы 30 кітапты аудару жұмыстары жүргізілуде. Аударылған кітаптарды оқырманға таныстыратын күн алыс емес.

Анар ҚОНЫС,

Алматы.

Ғаламдық менеджмент мектебі Қазақстанда

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қолға алынған бастамалардың өзекті де маңыздысы – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жыл басында алғашқы жемісін берді. Әлемнің үздік жоғары оқу орындарында қабылданып, жыл сайын жаңа басылыммен жарық көріп келе жатқан 18 оқулық қазақ тіліне аударылып басылды. Жоба аясында әлеуметтану, психология, философия және басқа да гуманитарлық білім салаларымен қатар, қазақ тіліне экономика және менеджмент салаларының оқулықтары да аударылды.

Ірі бизнес өзегін құрайтын, да­мудың ұшар ба­сында тұрған басқару өнері – менеджменттің та­рихы мың­даған жылды қамтиды. Жыл­на­ма­ларда жазылғандай, Мысыр пер­ғауын­дары мен абыздарының өзі пи­рамида салуда менеджменттің жос­парлау, ұйымдастыру және ба­қы­лау қызметтерін тиімді қолданған екен. Александр Македонский әске­ри жорықтарында іскерлік шара­лар­ды ұйым­дастыратын арнайы адам жал­дапты. Рим империясы ком­му­ни­кация мен бақылауды барынша жеңілдету үшін жақсы құрас­тырыл­ған ұйымдық құрылымды қолданған. Біздің дәуірімізге дейінгі 400 жыл­дары өмір сүрген Сократ менедж­мент тәжірибесі мен тұжырымдарын саралап, еңбегіне енгізген.
Осы айтылған мысалдардан кө­ретініміз: ме­неджмент – адамзат қауы­мдасып тіршілік ете бастағанда-ақ қалыптасып, үздіксіз дамып келе жат­қан өміршең құбылыс. Екі адам­ды, тіпті, отбасын басқарудың өзіне де ілкімділік керек. Ұйымды басқару, оның мақсаттары мен мүддесін ой­лай отырып, қарамағындағы қыз­мет­керлердің сапалы да өнімді жұ­мыс атқаруына мүмкіндік жасайтын, сол арқылы бүкіл ел дамуына үлес қо­сатын басшы мамандар дайындау – қай кезде де өзекті болған, бола бе­реді де. «Тиімді басқару – ғылым мен өнердің үй­лесімі», – дейді «Ме­неджмент» оқулығының ав­торы Рик­ки Гриффин.
Рикки У.Гриффин 1978 жылы Хьюс­тон универ­си­тетінде ғылым док­торы дәрежесін алғалы бері АҚШ түрлі жоғары оқу орындарында менеджмент, ха­лықаралық менед­ж­мент, ұйымдық мінез-құлық, адам ре­сурстарын басқару пәндерін оқы­тып, осы са­лаларда зерттеу жұмыс­та­рын жүргізіп, оқулықтар жазып ке­леді. «Менеджмент» – ғалымның ір­ге­лі де күрделі еңбектерінің бірі. 1984 жылы ал­­ғаш жарық көрген оқу­лық содан бері 12 рет ха­лықаралық деңгейде қайта басылып, үздіксіз өңделіп жетілдірілу үстінде.
Қазақ тіліне аударылған 12-ба­сы­лым мәтіні 6 бөлім, 20 тарау­дан тұра­ды. Бұл бөлімдерде менедж­мент­­тегі түрлі көзқарастар, ұстанымдар мен бас­қару тәсілдеріне шолу жа­са­лады, сол арқылы оқыр­ман бизнес әле­міндегі қарым-қатынас сырына бой­лайды, менеджерлердің алдынан шы­ғатын қиын­дықтармен танысып, оларды еңсеру жолдарын меңгереді.
Қазіргі әлемдік және жергілікті ком­паниялардың ба­сында тұрған ме­нед­жерлер қызмет барысында кез кел­ген түйінді мәселелер сала-сала­сына, қиындық деңгейіне қарай жік­­теліп сипатталады. Оларды ше­шу жол­­дары, онымен байланысты туын­­дайтын өз­герістер, түрлену мен даму, жетілу жолдары кей мы­сал­да­рымен өрнектеліп, дәйекті сөз бо­лады.
Оқулықтың басты ерекшелігі, ар­тықшылығы – соң­ғы жылдардағы жаһандану тенденциясын ес­кере оты­рып, соған бағыттала жазыл­ған­дығында. Ком­пания басшыларының алдында тұрған міндеттің бірі – әлемдік экономикаға еркін араласу болса, сол жолда атқарылатын жұ­мыс­тар, мақсат қою мен жос­пар­лау­дың барлық түрлері кеңінен түсін­ді­ріліп, кезең-кезеңімен сипат­та­лады.
Рикки Гриффиннің «Менедж­мент» оқулығын ау­дару жұмысын Нар­хоз университетінің Эконо­ми­ка және менеджмент жоғары мектебі, ме­неджмент ка­федрасының оқыту­шы-профессорлар құрамы жүзе­ге асырды. Қазақстанда алғаш ашылған эко­но­мика институтының құрамын­да 1975 жылы құрыл­­ған «Басқару» ка­федрасының мұрагері, қазіргі ме­­неджмент кафедрасы – Қазақстан­дағы басқару өнері мен ғылымын те­реңдете зерттеп, оқытып, прак­ти­ка­лық жетекшілік жасап келе жат­қан басты ұжым.
Аударма барысында кафедра оқытушылары өз жұмысында қолда­нып келе жатқан Ресей, Қа­зақстан ғалымдарының оқулықтарын, Нар­хоз университетінің Экономика жә­не бизнес мек­тебінде әзірленген оқу-әдістемелік құралдар мен сөз­дік­тердің көмегіне сүйеніп, қол­да­ныстағы тер­ми­нология мен ұғым-тү­сініктер аясын кеңейте түс­ті.
«Менеджмент» оқулығын ауда­рып, баспаға әзірлеу барысында жи­­нақталған терминология алда ау­да­рылатын «Стратегиялық ме­нед­жмент», «Ұйымдық мінез-құлық» және «Адам ресурстары менеджменті» оқулық­та­рын аудару барысында қолданы­лары анық.