ТАҒАННЫҢ КӨЗІМЕН ҚОҒАМҒА, ҚОҒАМНЫҢ КӨЗІМЕН ТАҒАНҒА ҚАРАҒЫМ КЕЛЕДІ

Бақыт ТУШАЕВ,
Ғ.Мүсірепов
атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері, «Серпер» сыйлығының иегері:

– Өнер академиясы сияқты үлкен

шығармашылық ордасына оқуға түсу оңай емес. Өнер жолына кімнің ықпалымен келдіңіз?

– Мен Алматы облысы, бұрынғы Шелек, қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы, Жаңа шаруа ауылында дүниеге келгенмін. Біздің балалық шақ – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елең-алаң кезеңге тура келді. Бұрынғы экономика тұралап, нарық енген жылдар. Ауылда жарық бірде бар, бірде жоқ. Елде жұмыссыздық белең алып, қиыншылық көбейген шақ. Бірде тоқ, бірде аш ауыл жұртының мәдени өмірі де жұтаң: бұрынғы клуб жабылып, мәдениет үйірмелері тарап, кино көрудің өзі арманға айналған. Жарық берілген үш-төрт сағатта теледидардан көретіндері «Тамаша» әзіл- сықақ театры. Соны халық медет тұтып, күні бойы әңгіме етеді. Мектепте мұғалімдерде бор жоқ, өздері сатып алады да, сол борын шыттарына орап, басқалар сұрамасын деп тығып жүреді. Бір күні мектепке жаңа келген жас мұғалімдер мен өнерге жақын оқушылар бірігіп, ақылдаса келіп «Ауыл тамашасы» атты топ құрдық. Ол кезде менің 7-8 сыныпта оқитын кезім. Сол топта белсенді болып, шағын рөлдерді ойнайтынмын. Мектепте қойған әзіл-сықақ кешімізге жұрт ағылып келетін болды. Көрерменіміз мол, сұранысымыз көп болған соң қойылымдарымызды ақылы етейік деп шештік. «Ауылымыздың талантты жастарынан құралған «Ауыл тамашасы» атты әзіл-сықақ театрының кешкі концертіне келіңіздер!» деп ауылдың ыңғайлы жерлеріне «афишалар» жапсырып, жарнама жасадық. Бағасы – 10 теңге. Ел көп келді. Ол кезде көпшілік жұрттың орташа айлығы 1000 теңгедей болатын. Біздің табысымыз 2-3 мыңды құрады. Алғашқы табысымызға Шелектің базарына барып, бор сатып алып, мұғалімдерге тараттық. Ұстаздарымыз мәз. Содан не керек, жақын ауылдарға «гастрольдерге» шыға бастадық. Шағын залдар көрермендерге толды. Ауылдағылар:

«Сен нағыз әртіссің, әртістікке тапсырып, Құдайберген Сұлтанбаевтай актер бол!» деп бата-тілек айтатын. Актер кім десе, біз үшін «Тамашадағылар» ғана болып елестейтін. Мектептің атынан аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алдым.

– Сол күндерді сағынасыз ба?

– Ақын-жазушылар шығармаларында қызықты да бақытты балалық шағын жиі айтады. Шыны керек, мен балалық шағымды соншалықты сағынған емеспін. Сол күндер қайтып келмесе екен деймін. Шелек өңірі түгелдей темекі егетін. Жаз бойы атыз басында, темекінің маңында уақытымыз өтетін. Темекі екпеген отбасының жағдайы мүшкіл болатын. Өйткені ол негізгі табыс көзі болатын. Біз сонда каникул болмаса екен, мектеп демалмаса екен деп тілеуші едік. Ондай балалықты қалай сағынасың?!

– Мектеп бітіргеннен кейін бірден оқуға түсіп кеттіңіз бе?

– Менің Өнер академиясына түсуім ұзаққа созылды. Мектеп бітірген жылы қалаға келіп, оқуға тапсыруға отбасылық жағдайымыз жар бермеді. Қаражат болмады. Екінші жылы «бойың толмайды» деп қабылдамады. Үшінші жылы қатты ауырып, өнер түгілі жан қайғы болды. Ұзақ сырқаттан әрең айығып, аман қалдым. Тек төртінші жыл дегенде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Эстрада миниатюра театрының» актері мамандығына оқуға түстім. Алғашқы ұстазымыз Жанат Ысқақовтың тобына қабылдандым. Бізді Жанат ағайымыз пен атақты Лидия Кәденова екеуі таңдап алды. Лидия апайымызды бір көру арманымыз еді ғой… Жанат ағамыз өмірден ерте өтті де, екінші курстан бастап Құдайберген Сұлтанбаев ағамыз қарамағына алды. Сол кісінің тобынан түлеп ұштық.

«Тамашаның тарланы –Құдайберген ағаларыңдай бол» деп тілек айтқан ауылдастарымның айтқаны келді.

– Сіздердің буын ерте танылды.

Бір топ группалас қыз-жігіттер театрға топтарыңызбен келдіңіздер.

Алдарыңыздағы бірнеше буынға қарағанда осы толқынның тегеуріні қатты болды. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

– Шындығында, бұл шақ еліміз экономикасын тіктеп, руханиятқа көңіл бөліне бастаған кез еді. Кино саласы қайта жанданып, театрлар қайта түлей бастаған уақыттарда өнер адамдары да сұранысқа ие бола бастады. Алдыңғы буынға қарағанда біздің жас буын телеарна бағдарламаларына, киноға түсуге жиі шақырту ала бастады. Мәдени өмірде сілкініс болды. Тобымызбен театрға кіруіміздің де театрға, өнерге көңіл бөлу басталған кезбен сәйкес келді. Әрине, тәлім алған ұстаздарымыздың берген білімі, төккен тері де бізге пайдасын тигізбей қойған жоқ.

– Театр актерлерінің құрамына ену бар да, сол ортадан ойып орын алу бар. Бұл ретте Бақыт Тушаевтың жолы болған секілді: негізгі рөлдерге тез ие болған

актерлердің бірісіз. Алғашқы рөліңіз қандай болды? Сол кездерді жиі еске аласыз ба?

– Біздің театрдың бір артықшылығы – балалар және жасөспірімдер театры болғандықтан, рөл алу, театрға тез бейімделу жағында

мүмкіндік мол. Күндіз балаларға арналған қойылымда ойнасақ, кешке ересектерге арналған спектакльдерде өнер көрсетеміз. Басқа театрлар 10 жылдап күтетін бейнелерді біз бірер жылда сомдауымыз мүмкін. Ең алғаш театрға келе салып, көп күтпей «Тазша бала» қойылымындағы Тазша бала образына ие болдым. Бұл маған берілген үлкен мүмкіндік еді. Жанымды салып ойнадым. Көрермен де, театр актерлері де жылы пікірін жиі айтатын. Көп өтпей Тахауи Ақтановтың «Күшік күйеу» қойылымындағы Бекболатты ойнадым. Бұл театрға жаңа келген жастардың бәріне бұйырмайтын

бақ еді. Осы күнге дейін қаншама рөлдерді сомдадым. Театрда үлкен-кіші деген рөл жоқ. Шағын эпизодтағы кейіпкердің кейде бас кейіпкерден артық әсері болса, ол актердің шеберлігі. Мен қай рөлді алсам да, жеріне жеткізе ойнауға тырысамын. Десе де, алғашқы рөлдерім – Тазша бала мен «Күшік күйеудегі» Бекболат бейнесі маған ыстық.

Осы күні Бекболатты жас актерлер сомдайды. Солардың ойынына қарап отырып, үш-төрт ай репетиция кезіндегі осы спектакльдің барлық қалтарыс-бұлтарысын еске аламын. Ондағы әр қимыл, әр өзгеріс маған таныс. Жастар буыны біз көрсеткен жол бойынша келе жатыр. Олардың Бекболаты біздікінен көп өзгешелігі жоқ Бекболат.

Бір қуанатыным, араға біраз жылдар салып барып, жақында ғана 5 мамыр күні осы рөлімді сахна төріне өзім қайта алып шықтым. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының иегері, режиссер Жанат Хаджиев сахналаған спектакльдер апталығының соңғы күнінде

«Күшік күйеу» комедиясын көрермен назарына ұсындық.

Бұл рөлді өзім де сағынып қалыппын. Өзгеше шабытпен ойнап шықтым.

– Көп актерлер Гамлетті немесе Абайды ойнағысы келеді. Сол рөлдер бұйырмады деп өкінгендері де бар. Сізде «осы рөлді сомдасам-ау» дейтін ішкі арман бар ма?

– Гамлет рөлі бұйырмады деп қаншама актерлер өмірден баз кешкені тарихи деректерде өте көп. Абай бола алмағаны үшін қайғы шегіп, уайымы ішіне түсіп кеткен актерлер де бар… Мен өз өмірін белгілі бір образдар үшін өксітетіндер санатынан емеспін. Театрда өзіңе қандай рөл бұйырса да барыңды салып ойнау міндетің. Саған бұйырған әрбір рөл – сенің бақытың.

Оны бағалай білуің керек.

Мен белгілі режиссер Жанат Хаджив сахналаған қойылымдардың 70-80 пайызында негізгі рөлдерді сомдадым. Есімнен кетпейтін, өзіме етене жақын

«Қозы-Көрпеш – Баян сұлудағы» Жантық рөлі. Негізі, мен екі құрамда да болғам жоқ. Бірақ репитициядан қалмай, көрермен болып отырдым. Екі құрамның да ойынын көріп, Жантықтың орнына өзімді қойып, солармен бірге қиялымда сол рөлді сомдап жүрдім. Ақыры, режиссер мені үшінші Жантық етіп бекітті. Екі құрамдағы актерлер жоқ бола қалса, мен шығамын. Сөйтіп

жүріп Жантықпен бірге өзім де бір биікке көтерілдім. Бұл – өте күрделі образ. Жантық – ерте заманның емес, бүгіннің де кейіпкері.

Егер менде мүмкіндік болса, онда «Атау – кередегі» Тағанның рөлін сомдар едім. Таған

– біздің болмысымыз. Ол – қатал қоғамның кесірінен жолы болмаған, дәрменсіздік дертінен жапа шеккен, өзінің білетінін іске жаратуға мүмкіндік таппаған, бөгде мінезді жат ұрпақтың тепкісіне ұшыраған қаншама тағдырдың, керек болса, түркі тілдес талай халықтардың тағдырын айшықтайтын образ. Мұндай күрделі бейнені ашу үшін мықты режиссермен қатар, Тағанды жанымен түсінетін актер керек. Өз басым Оралхан Бөкеевті қазақ әдебиетінің теңдессіз классигі деп білемін. Мүмкін, алдағы уақытта өзім қаржысын шығарсам да,

«Атаукере» қойылымын қайта сахналатып, осы рөлді сомдармын. Қазір жасым да сол Тағанмен қарайлас. Уақыт күтпейді. Бар арманым – Тағанның көзімен қоғамға, қоғамның көзімен Тағанға қарап көру. Содан кейін психологиялық образдарды сомдағым келіп жүр. Өз жандүниемізді ашатын, адам болмысын тереңнен түсіндіретін образдарды сомдағым келеді.

– Арман, мақсаттарыңыздың тезірек орындалуына тілектеспіз.

Сізден сұрағым келіп отырғаны:

қазақ театрының қойылымдарында неге жаңалық аз, өзге ұлт театрлары қоятын эксперименттік қойылымдар неге бізде жоқ? Қырғызстанның «Меккеге қарай ұзақ жолын» мысалға алайық. Оларда сондай қойылымдар баршылық. Бізде театр репертуары тарихи дүниелермен толып тұр, көбінде ескі сарын, драматургиялық та, режиссерлік те ізденіс білінбейді.

– Әрине, бұл көптен бері қойылып жүрген, бізді де толғандыратын сұрақ. Бізді эксперименттік қойылымдар болса да, көрермен көрмей ме деп қорқамын. Бірер қойылым болды да, бірақ көрермені өте аз болды. Біздің көрермен терең дүниелерге бас қатырғысы келмейді, жеңіл, түсінікті дүниелерді ғана көргісі келеді. Олар

ондай күрделі, өзіне беймәлім қойылымға келгенше, «Алдараспан», «Базар жоқ» секілді арзан қойылымдарға әуес. Олардан ақшасын аямайды. Абай – түсінікті әлем бе, елдің бәрі түсінбейді екен деп, Абайдан қашамыз ба?

Өссек – Абаймен өсеміз. Сол секілді көрермен талғамын өсіретін дүниелерге көп көңіл бөлсек деймін. Көрермендер батыс елдері секілді театр мәдениетін толық түсінгенде ғана, біздің театрлар жаңа сатыға көтеріледі.

Екіншіден, театрға да ізденіс керек.

Қаржыландырып отырған мемлекет болған соң, жоғарының тапсырмасы, шеңбері де бар. Одан ұзап шыға алмаймыз. Бірақ мұның бәрі ақталу. Қалайда екі жақтың ортасынан шығар жол іздеу керек. Театр басшылығы қызметінде жүргендер кем дегенде жылына бір эксперименттік, абсурдтық жаңа қойылым қоюына мүмкіндіктері бар ғой деп ойлаймын. Ақталу – қашан да ең оңай тәсіл.

«Арт и шок» театры шағын залда тамаша дүниелер жасап жатыр. Біздің дәстүрлі классикалық театрларға да сондай ізденіс өрісі керек деген пікірмен келісемін.

– Театр мәдениетін қалай көтеруге болады?

– Германияның Штутгарт қаласындағы театрдың кіреберіс залының екі шетінде қолшатырлар толып тұрады. Қойылым аяқталған соң далада жаңбыр жауып

тұрса, көрермендер кез келген қолшатырды алады да, үйлеріне кете береді. Бірақ келер жолы міндетті түрде қолшатырды ала келеді. Міне, театрға құрмет. Бұл – адамның өзін сыйлауы.

Мен театр басшыларына бір ұсыныс айттым. Ол да Еуропа елдерінде бар тәсіл. Мысалы, соғыс туралы қойылым болды делік, бізде көрерменді қазақша

киінген қыздар күтіп алады. Үнемі солай. Өзгермейді. Неге сол қыздар әскери киім киіп, кіреберісте соғыс жылдарында әндер қойылып, керек болса залға сол шақты еске түсіретін суреттер ілініп, қару-жарақтар тізіліп тұрмайды. Бұл – көрерменді алдын ала қойылымға психологиялық дайындау ғой. Осылай жасауға ешкім кедергі болмас деймін. Театр – тірі организм. Ол толысып, заманға сай өзгеріп тұруы тиіс.

– Соңғы кездері телесериалдарға, киноларға жиі түсіп жүрсіз. Театр актері кинода ойнаса, театр сахнасында жүргендей болады деген сынды жиі естиміз. Бұған келісесіз бе?

– Жылына оншақты киноға түсуге шақырады. Соның екі-үшеуіне ғана түсемін. Біріншіден, киносценарийлеріне қараймын. Екіншіден, көбінің төлейтін «гонорары» мардымсыз. Көшеде жүрген әуесқойлармен бірдей ақша төлегісі келеді. Бұл – әділетсіздік. Кәсіби актерлер – киноның жаны. Соны түсіну көп режиссердің қолынан келмейді. Қазір әуесқой, әнші, әзілкештердің көбі режиссер болып кетті ғой… Олар актерлерге театрдағыдай ойнамаңдар деп жатады. Мен оларға: «Неге ойнамаңдар дейсің. Қайта ойнаңдар демейсің бе? Сонда барып олар өзін табады. Еркін ойнауға мүмкіндік бер» деймін. Дәл бүгінгі уақыт – әуесқой актерлер мен режиссерлердің уақыты болып тұр. Олар ақша үшін ойына келгенін істеп жатыр. Мұның басы бәсекелестік тудырады, өнер дамиды дегенге саяр, бірақ соңы немен тынады? Талғам-таразы қайда?.. Оны ойлайтын адам бар ма бізде?

– Әлеуметтік желіде өте белсендісіз. Кейбір өткір мәселелерге пікіріңізді ашық айтып тұрасыз…

Бұл өнер жолыңызда кедергі келтірмей ме?

– Біз осы қоғамның бір бөлшегіміз. Бізді құртса, немқұрайдылық құртады. Қоғамдағы кез келген келеңсіздікке бізде жауапкерміз. Мені біздің халықтың жауапкершіліктен қашатыны алаңдатады. Егер бәрі өз міндетін ойдағыдай орындаса, бізде халық бақытты, әділетсіздік аз болар еді. Мен әділетсіздікке төзбеймін. Бала кезімнен солай алыптасқам. Көре тұра көрмегенсіп, біле тұра білмегенсіп отыру – жат. Мұндай адамдарды қылмыскер санаймын.

– Ой бөлісіп, сұқбаттасқаныңызға рахмет! Шығармашылығыңыз өрлей берсін!


Сұхбаттасқан:
Бақтияр ҚАБАСОВ

Әр халықтың өз генофонды бар

Қай кезде де қазақ өз тегін Шежіре арқылы біліп отырған. Ата-бабаларымыз жеті атасын білмегенді жетесіз деп бекер айтпаған болса керек. Текті білу жай ғана ұрпақ сабақтастығының көрінісі емес, ол үлкен ғылым екен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық қасиетті сақтап, жаңа заманда ел болашағына үлес қосып жүрген азаматтарды қолдау ниетінде: «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн», – деген еді. Дәл осындай деңгейде еңбек етіп, ұлттық ғылымға үлес қосып келе жатқан геномдық медицина ғылымының маманы Мақсат Жабағин «100 жаңа есім» жобасына енген жас генетик маманмен осы саласының болашағы төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

– Бүгінде Қазақстанның медицина саласында ге­ном­дық зерттеулерге көңіл бөліне бастады. Генетик ретінде осы бағытта атқарылып жатқан шаралар туралы айтып өтсеңіз.
– Қазақстан толық геномдық зерттеулер заманына жа­қында кірді деуге болады. Бірақ оның алдында да отан­дық зерттеушілер генетика және молекулалық био­логия саласында көптеген маңызды ғылыми зерттеулер жүр­гізгенін естен шығармау қажет. Елімізде осы б­а­ғыт­тардың іргетасын қалап жатқан бірнеше орталық бар. Олар – академик Айтхожин Мұрат Әбенұлы құрған Мо­лекулалық биология және биохимия институты, ака­демик Берсімбаев Рахметқажы Ескендірұлы құрған Ге­нетика және Цитология институты, көп жылдар бойы академик Раманқұлов Ерлан Мірхайдарұлы бас­қарып отырған Ұлттық Биотехнология орталығы жә­не жаңадан құрылған Назарбаев Университетінің про­фессор Жұмаділов Жақсыбай Шаймарданұлы бас­таған National Laboratory Astana – Өмір туралы ғы­лымдар орталығы. Мысалы, біздің орталықта ге­ном­дық зерттеулерді ілгері дамыту үшін арнайы құ­рыл­­ған лабораториялар бар. Олар – Геномдық және дер­бес медицина лабораториясы, Биоинформатика жә­не системді биология есептеу лабораториясы. Осы лабораториялардың инфақұрылымы негізінде қа­зақстандық алғашқы геномдары мен экзомдары оқыл­ды. Барлық жұмыстар басынан аяғына дейін Аки­льжанова Айнұр және Каиров Ұлықбек басқарған отан­дық жас мамандардың қатысуымен өтті. Бұл – үлкен шара, бұл – үлкен тәжірибе. Үлгілерді шетелге жіберіп зерт­теу емес, керісінше, өзімізде отандық ғылыми ба­ғыт­ты қалыптастырудың жолы. Қазақстандық геном әр түрлілігі және ерекшеліктері жөніндегі ақпарат елі­мізде жүргізіліп жатқан медициналық зерттеулерге үле­сін қосып жатыр. Мәселен, лабораториямызда обыр және жүрек ауруының генетикасы зерттелуде. Жинақталып жатқан мағлұмат халықтың денсаулығын жақсартуға өз пайдасын тигізеді деп сенеміз.
Геномдық зерттеулерді жүргізу үшін қажетті ин­фа­құрылым бүгін Қазақстанның медициналық уни­верситеттерінде де жасалып отыр. Заманға сай жас мамандар даярланып жатыр. Көбісі Болашақ бағдарламасы арқылы біліктілігін арттырған. Тәжірибе алмасу үшін жыл сайын халықаралық конференциялар өткізіліп келеді. Солардың бірі – біздің орталықта екі жылда бір рет өтетін Дербес медицина және Ғаламдық Денсаулық конференциясы: Семей және Шымкентте жыл сайын өтетін генетик және дәрігер мамандардың бас қосатын конференциялары. Білім және ғылым министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі геномдық зерттеулердің маңыздылығын түсіне отырып, бірқатар үлкен ғылыми жобаларды қаржы-ландыруды ойластыруда. Бұл бағыттағы зерттеулер өте қымбат екендігін атап айту жөн және көп зерттеулердің бағыты негізгі ғылымдарға жатады. Коммерциялық нә­тиже шығу үшін төзім мен уақыт керек. Дегенмен, онсыз болмайды. Өйткені халқымыздың генофонды мемлекеттің стратегиялық ресурсы болып табылады. Сонымен қатар генетика және геномдық селекция, гендік инженерия және биотехнология сияқты салалар да ауыл шаруашылығы және өндірісте қолданысқа енгізіліп жатыр.
– Этногенез тарихын зерттеп жүр екенсіз. Қара­пайым халыққа түсінікті болуы үшін өз салаңыздың қыр-сырын айта кетсеңіз.
– Этногенезді әр түрлі ғылым салалары зерттейді: ант­ропология, археология, генетика, лингвистика, та­рих және этнология. Біз этногенездің сұрақтарына ге­нетика тарапынан жауап іздеп жүрміз.
Әр адамның бойында әкесінен және шешесінен мұра болып берілген генетикалық ақпарат бар. Әке­леріміз бен шешлеріміз өз кезегінде генетикалық ақ­парат­ты өз ата-анасынан бойға сіңірген, ал олар өз ата-аналарынан. Генетикалық ақпарат ДНК мо­лекуласында сақтаулы және ол біздің биологиялық тұрғыдан қандай болатынымызды айқындайды. Бір жасу­шадағы бүкіл ДНК жиынтығын геном дейміз. Ол бойымыздағы генетикалық барлық ақпаратты қамтиды. Бұл тек адамға ғана емес, тірі ағзалардың бә­ріне тән құбылыс. Әр ағзаның геном ақпараты әр түрлі. Мысалы, адам геномы 3 млрд. символдан тұра­тын мәтін деп қарастыруға болады. Бұл мәтінде тек 4 әріп кездеседі. Олар А (аденин), Т (темин), Г (гуа­нин), Ц (цитозин) нуклеотидтері. Кез келген екі адамның арасында мәтіннің 99,9% ұқсас, тек 0,01% айырмашылық бар. Біз осы айырмашылықты адам­дардың арасында және халықтардың арасында зерт­тейміз. Халықтың бойындағы геном әр түрлілігін гено­фонд дейміз. Мысалы, қазақ халқының генофонды қай­дан және қандай жолдармен қалыптасты деген сұрақ­қа жауап іздейміз. Жауап іздеу барысында қа­зақтың бойындағы мәтінге ұқсас басқа халықтар бойын­дағы мәтіндерін табамыз. Ол ұқсастық қалай пай­да болды деген сұраққа жауап іздейміз. Жауап іздеу барысында тарихшылар және басқа пәнаралық мамандармен жақын байланыста талқылау өткіземіз.
Геном мәтінін әдеби шығарма жиынтығы ретінде қарас­тырсақ, адам геномы 46 томнан тұрады деуге болады. Ол 23 жұп хромосома. Біз қазір соның бірін – Y-хромосоманы зерттеп жүрміз. Оның өзінің ерек­ше­лігі бар. Біріншіден, ол тұқым қуалауда әкеден тек ұл балаға беріледі. Екіншіден, жаңа ағза геномы 50% әкесінің және 50% шешесінің мәтіндерінің араласуынан қалыптасса, тек бір ғана Y-хромосома араласпай, бойында жиналған ақпаратты жоғалтпай, келесі ұрпаққа толығымен біртұтас жиынтық ақпарат ретінде береді. Сондықтан Y-хромосоманың тарихы негізінде біз әкеміз жақтан аталарымыздың тарихын біле аламыз. Біздің халқымыз үшін бұл жағдай өте қызықты. Өйткені, бізде Шежіре бар. Шежіре мен ге­нетиканы сәйкестіре отырып, біз халқымыздың демографиялық тарихын зерттей аламыз.
– Алғашында экономика мамандығын, кейін «Бо­лашақ» бағдарламасымен мүлде басқа саланы таң­дауыңызға не себеп болды?
– Мектепте оқып жүргенде өзіме тарих пәні қат­ты ұнайтын. Сондықтан жоғарғы сыныптарда та­рих немесе саясаттану мамандығына түсетін ойым бол­ған. Бірақ Елбасымыздың сол жылдары халыққа жолдауында «әуелі экономика, содан кейін саясат» деген қағиданы ескере отырып, мен экономика ма­ман­дығына оқуға түсуге бел байладым. Нәтижесінде, Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік уни­верситетінің экономика факультетіне грантқа түс­тім. Оқу барысында халықаралық инвестициялар ин­новациялардың төңірегінде айналып жатқандығын түсіне отырып, мамандығымды жаратылыстану бағы­тына ауыстыруды жөн көрдім. Негізгі ойым, «елімізге жаңа инвестицияларды ғылыми зерттеулер негізіндегі инн­овациялар арқылы тарту» болатын. Дарынды балаларға арналған Қарағанды облыстық «Дарын» мектеп түлегі болғандықтан шығар, бізге берілген жан-жақты білім мамандығымды ауыстыруға өз көмегін тигізді. Осылайша мен оқуымды М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік университетінің био­ло­гия факультеті, генетика кафедрасында жаңадан бас­та­дым. Ең қызығы, оқып жүрген кезімде мен мек­теп қабырғасында ойымды және көңілімді толға­тып жүрген «халқымыздың шығу тегі» сұрағына қай­та оралдым. Бірақ енді оның жауаптарын гене­тика тарапынан іздестіру үстіндемін. Қазір соған бай­ланысты диссертациялық зерттеуімді тәмамдап жа­тырмын. Сондықтан бұл жолдың негізгі себебі – тағ­дыр деп түсінемін.
– «Қазақстан болашағы» қоғамдық қозғалысының же­текшісі ретінде еліміздің келешегін қалай елестетер едіңіз? Өз салаңызда қандай жаңалықтар күтесіз?
– «Қазақстан болашағы» – әлеуметтік желіде 2009 жылы орын алған қозғалыс деуге де болады. Ол аз уақыттың ішінде желіде ірі топтардың біріне ай­налды. Ол кезде әлеуметтік желілер енді ғана қар­­қынды дамып жатқан кезі еді. Негізінен, ол тек сту­денттердің басын қосатын. Бұл топ әлеуметтік және тарихи сұрақтарды талқылайтын, саяси модельдеуді жүргізетін платформаға айналды. 2011 жылдан бас­тап «Ырыс алды – ынтымақ» мақсатымен қозғалыс қатысушылары тек интернет шеңберінде ғана емес, көзбе-көз бас қосулар өткізіп және әлеуметтік кішігірім шараларға қатысатын. Студенттік уақыт зымырап өтті. Дегенмен сол кездегі қозғалыс мүшелері, өзім та­нитын қыз-жігіттер, бүгінде әр салада еліміздің дамуы­на өз үлестерін қосып жатқанын білемін. Сол қоз­ғалыстың бас-аяғында жүріп, еліміздің келешегін елес­тететінбіз. Болашақ бүгін біздің қолымызда еке­нін білеміз. Тарих сахнасында ежелден келе жатқан ор­нымызды ұмытпай, болмысымызды жоғалтпай, халық­тың әл-ауқаты мықты, ғылыми прогресс және бейбітшілік ұстанымдарына негізделген Мәңгілік Ел боламыз деп сенемін.
Өз саламнан XXI ғасырда көптеген маңызды жаңа­лықтар күтемін. Қысқаша үш бағытты айта өтейін: біріншіден, геномдық медицинаның қарқынды дамуы, яғни дербес медицина және гендік терапияның кеңінен қолданысқа өтуі халқымыздың денсаулығын және өмір ұзақтығын жақсартады. Екіншіден, синтетикалық био­логияда, соның ішінде ксенобиологияда кере­мет жаңалықтар күтіп тұр. Жақында ғана бір ғылы­ми мақалада табиғатта кездеспейтін нуклеин қыш­қылдарынан адам баласы алғаш құрастырған гене­тикалық мәтін тірі ағзаның бойына енгізілгені ту­ралы жаңалық шыққан. Үшіншіден, палеогенетика және биоинформатика негізінде біз барлық тірі ағ­залардың ежелгі тарихының реконструкциясын жа­сап, табиғаттағы орнымызды және ол үшін жауап­кершілігімізді түсінетін боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Н.Батыр.