«Сал – СЕРІЛЕРДІҢ АЛТЫН БЕСІГІ»

Ұлы ойшыл Сократтың «Адам жан дүниесімен бай» деген тамаша сөзі бар. Қазақ халқының данасы Абай Құнанбайұлы өзінің жиырма жетінші қара сөзін арнаған Сократтың осы бір сөзі қанша ғасыр өтсе де, әлем халықтары үшін өз құндылығын жоймақ емес. Ал осыдан келіп «адам жан дүниесін қайтіп байытпақ керек?» деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, жан дүниенің байлығы оқу мен ілімде, кітапта. Он сегіз мың ғаламды жаратқанда Құдай Тағала жер бетін мекендеген тіршілік иелерінің ішінде адам баласын сана биігіне көтеріп қоюы – бізге деген шексіз рақымы шығар, бәлкім.

Алты құрлық пен төрт мұхитты мекендеген «екіаяқтылар» есте жоқ ескі замандардан бері қарай созылған уақыт көшімен болашаққа беттеп барады. Әлбетте, ғасырлар қойнауында әрбір ұлт пен ұлыс тіршілік үшін күресін тоқтатқан емес. Иә, тоқтатқандар да бар. Қартаймайтын уақыт қана. Оған тарихтағы пайда болған, гүлденген сосын құрыған қаншама алып империялар мен патшалықтар куә. Сондықтан да әр халық өз маңдайына бұйырған тағдыр талайының өзгелерден бақыттырақ, ғұмырының ұзағырақ болуы үшін жандәрмен жанталас үстінде. Қай ұлттың өркениетке, ғылымға, әдебиет пен мәдениетке қосар үлесі неғұрлым басым болса, сол ұлт соғұрлым уақыт кеңістігінде өмір сүру құқығына ие.

Өркениет демекші түркі халықтарының, яғни көшпенділердің өркениетке бергені аз емес. Біз әлемді бет-бұрысқа әкелген халықпыз деп мақтануға толық қақылымыз. Өзге халықтар жапырақ байлап жүргенде, металл қорытып алтыннан сауыт киген, қаншама мемлекеттердің территориялық картасының өзгеруіне ықпал еткен жылқы баласына алғаш тоқым салған көшпенді жұрттың десі басымырақ екені айдан анық.

Жоғарыда айтып өткеніміздей уақыт доңғалағы үздіксіз айналыс үстінде. Көшпенділер атының тұяғы бармаған жер, баспаған тау жоқ. Күні кеше дүниені дүбірлеткен Сақ, Ғұн, Көк Түріктердің ұрпағын Құдай Тағала аз сынаған жоқ – бастыны идірген, тізеліні бүктірген заманды да, дәл солай алтын басының иілген, тізесінің бүгілген тұсы да аз емес. Құдайдың оң көзі түсті ме, батыр бабалардың әруағы жебеді ме, қалай болғанда да бағымыз бар ұл екенбіз – әлем сахнасына «Қазақстан» деген жаңа атпен, жаңа мемлекет болып қайта шықтық! Тәуба!

Ендігі міндет – Көк Аспанның өзінен жыртып алған алты құлаш қасиетті Көк байрағымызды биіктен түсірмеу! Ал, осы міндетті жүзеге асыру үшін не істемек керек?!

Ол үшін – Қазақ жаңғыру керек. Қазақ өз бойындағы масыл қасиеттерін жойып, асыл қасиеттерін жаңғырту керек, Ұлт болып тіршілік ету уақытын мәңгілікпен ұштастыру қажет!

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің 2018 жылғы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деген еді. Сайып келгенде, Елбасының «Бірінші – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екінші – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген сөзін тағы кесе-көлденең тартамыз.

Араға жыл салып жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасымыз бөлім-бөлімге бөліп, көп дүниені соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетті. Енді оны жүзеге асыра алмаса – қазақтың өзіне сын. Әлем Аристотельден кейін «Екінші ұстаз» деп баға берген ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелген қазақ халқының әлем алдында айтары да, көрсетері де, үлгі боларлық тұсы да көп, әрине. Бай фольклоры 100 томнан асып жығылатын қазақтан өзге халық жоқ-ау, сірә. Осыдан аз ғана уақыт бұрын мемлекеттің қолдауымен жинақталып, оқырманымен қауышқан «Бабалар сөзі» дәлел. Әлі де зерттелмей, жинақталмай жатқан асылдарымыз қаншама?! Елбасы мақаласында: «Фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет», – деген болатын.

Осы тұрғыдан келгенде әдебиет пен мәдениетті дамыту, жандандыру үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өзіміздің Ақмола облысында атқарылған бірқатар шаруаларға тоқтала кеткен артық болмас. Сал-серілердің алтын бесігі болған Көкше өңірі әдебиет пен өнерден құр алақан болған емес. «Рухани жаңғыру» аясында, «Сал-серілер» сериясымен жазушы Жабал Ерғаливтің құрастыруымен күні кеше сол сал-серілердің бастауында тұрған – Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Иманжүсіп сынды тұлғалар жеке-жеке кітап болып жарық көруде. Жабал Ерғалиевтің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі атқарған қыруар еңбегі жайлы жазылған «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» атты еңбегі бір төбе. Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдауымен қазақ әдебиетінің алтын қорындағы шоқтығы биік шығармалардың бірі – Сәкен сері Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» кітабы ағылшын тіліне аударылып, шетелдік оқырмандарына жол тартты. Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің он бір томдық шығармалар жинағы мен батыр туралы жазылған «Қазақтың оқжетпесі» мақтануға лайық кітаптар.

Биылғы 2019 жылды Елбасымыз «Жастар жы­лы» деп жариялады. «Мен жастарға сенемін» деп Мағ­жан жырлағандай, біз де жастарға зор сенім артамыз. Жыл соңына таяу көкшетаулық жеті жас ақын­ның жеті кітабы жарық көріп, жоғары дең­гейде ұйымдастырылған «Жетеудің хаты» ат­ты шығармашылық кеш өтті. Кешке Қазақстан Жазу­шылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің келуі де біздің жастарға артқан сеніміміздің ақтала бас­та­ға­нының көрінісі іспеттес. Тағы бір қуаныштысы – Ақмола облыстық Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ақмола облыстық жастар театрының» құрылып жатқандығы. Бұл еңбектің жемісін жуық арада көреміз деген сеніміміз мол. Жастар жылы осы жастардың жаңа белестерді бағындырып, халыққа жаңа тың дүниелерді ұсынатын жыл болса екен деп тілейміз!

Қазақтың біртуар перзенті, сөз зергері Ғабит Мү­сіре­повтің «Әдебиет ұлы болмай, халық ұлы бол­майды» деген сөзі бар еді. Бұдан асырып айту мүмкін емес те шығар. Ұлы даланың төсінде туған біздің ұлттың ұлы болмауға қақысы жоқ, осыны естен шығармайық, қазақ!

Қуаныш Оспан,
Көкшетау қаласы.

ЖАҢҒЫРУ – ЖАЗУШЫЛАРДЫҢ ЖАН АЗЫҒЫ

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы қай кезде де еліміздегі зиялы қауымға, ақын-жазушыларға, мәдениет пен өнер қайраткерлеріне үлкен қолдау көрсетіп келеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және одан өрбитін құндылықтарды кеңінен дәріптеу мақсатында «Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар одағы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы ретте тұғырлы төрт жоба ұсынылды. Бірінші жоба бойынша әдеби байқау өткізіледі. Байқау нәтижесі бойынша бес номинация белгіленеді. Әр номинацияда үш орыннан, барлығы 15 қатысушы жүлделі болады. Екінші телевизиялық жоба негізінде «Астана» телеарнасынан арнайы телебағдарлама дайындалады. Үшінші жоба әлеуметтік желілер мен интернеттің мүмкіндігін тиімді пайдалануға қатысты жүзеге асады. Заманауи технологиялардың көмегімен YouTube-те арнайы канал ашып, сол арқылы рухани жаңғырудың құндылықтары насихатталады. Төртінші жоба негізінде ақын-жазушылармен кездесулер, түрлі шығармашылық кештер өткізетін арнайы клубтар құрылады.

– Бұл жобалардың барлығы жас ақын-жазушыларға беріліп отырған мол мүмкіндік. Елбасының Жолдаудағы әр ұсынысының стратегиялық маңызы зор. Мәселен, ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейту – миллиондаған қазақстандықтың тұрмыс деңгейіне оң әсерін тигізетін шара. Сол сияқты денсаулық сақтау мен білім беру саласына бөлінетін қаражат та көбейетін бол ады. Бұл шаралардың бәрі жүйелі түрде еліміздегі әлеуметтік жағдайды одан ары дамытуға тың серпін бер еді. Сол себепті, «Нұр Отан» партиясы Мемлекет басшысының сенімді саяси тірегі ретінде Жолдаудың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіріп, Елбасы ұсыныстарын жүзеге асыруға үлес қосып, осы бағыттағы жұмыстарға жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізетін болады. Партия бұл жұмыстарды еліміздегі жетекші саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, жүзеге асырмақ. Өйткені мұндай ауқымды жұмысты жұмыла атқарсақ, оның нәтижелі болары сөзсіз. Ел игілігіне бағытталған бұл істен Жазушылар одағы да тыс қалмайды деп сенеміз. Өйткені халыққа ең жақын топтың бірі – қаламгерлер, – деген еді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов зиялы қауымның Елбасы Жолдауын xалыққа түсіндірудегі орны туралы оң пікір білдірді. «Ақмола облысындағы кездесулер кезінде жұртшылықтың Елбасы Жолдауына жаңа ша көзқарасы қалыптасқанына тағы да көз жеткізіп, көңіліміз жайлана түсті. Целиноград, Ақкөл, Шортанды аудандарында, А.Мырзаxметов атындағы университетте, облыстық «Арқа ажары» газетінің редакциясында, Ақмола облыстық жастар басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығында өткен кездесулерде сұрақ қоюшылардың дені елдік мәселелерді қозғады. Бұрынғыдай «анау неге жоқ, мынау неге жоқ, олар қашан болады?» деген сияқты бірсарынды әңгіме азайғанын анық байқадым. Бұрын жылдың басты құжатына белгілі дәрежеде тұтынушылық тұрғыдан қараушылық бой көрсете бастағанын байқайтынбыз. Атап айтқанда, Президент Жолдауының жария етілетін мерзімі жақындағанда жұрттың арасында «Биыл Елбасы стратегиялық міндеттерді қалай шешер екен? Қай салаға көмек көрсетер екен? Біздің салаға еңбекақыны өсірер ме екен? Әсірсе, қанша өсірер екен?» деген сияқ һты әңгімелер көбейе беретін. Жолдаудың елдің алдағы өмірінің басты бағыт-бағдарын айқындайтын стратегиялық құжат екенін ескере қоймайтындар қатары бұрын қалың еді десек, мұнымыз артық айтқанға жатпас. Ал кейінгі жылдарда жаңағыдай көзқарастың орнына «Президент келесі жылға қандай басымдықтар белгілер екен? Қоғам дамуының негізгі арналарын қалай айқындар екен? Соның ішінде өзім қызмет ететін салада қандай өзгерістер орын алар екен?» деген байсалды пайым басым түсе бастағаны байқалады. Мұның өзі Елбасы Жолдауын жан-жақты түсіндіруге зиялы қауым өкілдерінің бұрынғыдан белсендірек қатысуының нақты нәтижесі деуге болады. Оның бір себебі – Жолдаудың басынан аяғына дейін адамға қамқорлыққа, отандастарымыздың әл-ауқатын арттырудың, өмірімізді өзгертудің нақты тетіктерін табу талабына тұнып тұрғандығы болса, тағы бір себебі дамуымызды тежеп келе жатқан түйткілдерді ашық көрсетуі, сол қиыншылықтарды еңсерудің жолдарын елмен ақылдаса отырып іздестіруі дер едік. Мысалы, экспорт пен импорттың арасындағы үш еседей алшақтық, көлеңкелі экономиканың ойлы адамды айран-асыр қалдыратындай, тіпті сескендіретіндей көлемі сияқты жайлар ашып айтылып, соларды еңсерудің жолдары нұсқалғаны бәрімізді де қатты үміттендіреді. Міне, мұны да біз қазір кең қанат жая жүргізіліп жатқан руxани жаңғырудың нақты нәтижесі, жақсы жемісі деп білеміз. Сондықтан егер билік халықтың мүддесін ойлайтын шешімдер қабылдап жатса, билік қабылдаған шешімдерден халықтың мүддесіне нақты пайда тиіп жатқан болса, биліктің шешімдерінен халықтың әл-ауқаты жақсарып, нақты нәтиже шығып жатса, «имидж үшін шын жазушы билікке қатыстырылуы тиіс» деген пастулатты өте даулы деп қабылдау керек. Осы тұрғыдан келгенде, «Нұр Отан» партиясы халыққа жақындаудың нақты көрсеткіштерін көрсетіп отыр» деді.

«Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» дегендей, «Нұр Отан» партиясының жазушыларға жасап жатқан қамқорлығы бірқатар зиялы азаматтардың көкейінен шығыпты.

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан «Нұр Отан» партиясы жанында «Мирас» республикалық кеңесі жұмыс істейтінін айта келе, «Бұл – қазақ зиялыларының қатысуымен қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғайтын сұхбат алаңы болып отыр. Сондықтан партия мен жазушылар арасындағы ортақ меморандумға қол қою – өте тиімді бастама деп білемін. Себебі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда жазушылардың қоғамдағы алатын орны ерекше. Жазушы – қазақ қоғамының парасаты мен ой деңгейі. Әр кезде заманаға ой тастайтын да, бұқараға ой қозғайтын да зиялы қауым өкілдері екені сөзсіз. Ақын-жазушы сол қоғамның тамырын басып отырған, жан-дүниесін түсінетін тұлға» деген пікірді алға тартады.

Қазақстан Жазушылар одағы 800-ге тарта қаламгерді біріктіріп отырған қоғамдық ұйым. Біле білгенге, бұл – үлкен күш. Елбасы Жолдауын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдап, қуаттап жатқан қаламгерлер қатары көп.

Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: – Елбасы Жолдауында айтылған руха-ни-әлеуметтік мәселелердің шешімін табуда «Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар одағы бірлесе, ынтымақтаса қызмет етеміз деген ойдамын. Жақында ғана қабылданған меморандум биік нәтижелерге қол жеткізеді деген үміттеміз. Шығарма өміршең болуы үшін өмірден алынуы тиіс. Өмірді жеңілдетуге, тұрмысты, әл-ауқатты жақсартуға бағытталған Жолдаудың жылдағы жолдаулардан ерекшелігі де осы болды деп айтар едік. Әлемдік және жергілікті проблемалар бірі жағадан, бірі етектен алып тұрған қазіргі кез еңде халқымыздың әл-ауқатын өсіру, тұрмысын байыту оңай шаруа емес. Жақсы тұрмыс деген не?

Ол – барлық жұрттың жағдайының жақсаруы – яғни, қам-мұңсыз өмір сүріп, ауырмай-сырқамай, алаң- сыз еңбек етіп, бала-шағасын асырап, оқытуы. Ал сол тұрмыс қайтсе жақсарады? Арифметикалық қар апайым сұраққа қарапайым жауап берсек, бұл, әрине, ең алдымен тапқан табысыңа тікелей байланысты болмақ. Нарық кеңірдегінен қысқан теңгеміз қылғынған сайын, азық-түлікпен күнделікті тұтыну тауарларының бағасы шарықтай түсетіні анық. Мұндайда тапқан табысың бойын тіктеп, алып жүрген жалақыңның өзі жербауырлап қалмай, еңсесін көтере білсе – асығыңның алшысынан түскені емей немене? Сондықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауының әлқиссасы халық табысының өсуінен басталуында үлкен мән бар. Түбінде әмбеге ортақ еңбек қоғамын құру үшін мемлекет пен халықтың арасы мейлінше жақындап, екеуі тізе қосып, күш біріктіруі қажет. Ол үшін алғашқы қа дам – ең төменгі жалақының мөлшерін алдағы жылдан бір жарым есе, яғни 28 мыңнан 42 мың-ға өсіруден басталғалы отыр. Cондай-ақ, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы 35%ға өспек. Бұл дегеніміз – бүкіл еліміздегі күнделікті және айлық, жылдық табыстың молаюына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Осындайда, төмен жалақы алатын қызметкерлер мен жұмыскерлердің еңбекақыс ын көтеру туралы Елбасы бастамасына алпауыт компаниялар қалай қарайды деген сауал сұранады. Бүгін Елбасының «қолдайды» деген сеніміне «қолдаймыз» деп қосарлана жауап беріп, еңбекақы көтеру мәселесін ертең су аяғы құрдымға жіберіп, соңын сиырқұйымшақтандырып жібермес пе екен деген қауіп басын қылтитады. Сондықтан бұл аса өзекті тапсырманың бұлжытпай, мінсіз орындалуын Үкімет өзі қадағалағаны жөн болар еді.

Сондай-ақ, Жолдауда алдағы жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы әзірленіп, қабылдау туралы тапсырма бергені зор ғанибет болды. Бұл ұстаздар үшін аса зор қуаныш. Айлығы аз, науқандық жұмыстарда әрдайым қолбалаға айналатын мұғалімдердің беделін көтеру, абыройын арттыру еліміздің келешегі үшін керекті, аса маңызды стратегиялық шешім. Биылғы Жолдаудың тағы бір артықшылығы, Елбасы алдағы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялау туралы өте орынды ұсыныс айтты. Бұл – жастарға арналып арнайы бағдарламалар қабылданып, үлкен қар жылар бөлініп, игілікті істер көзделеді деген сөз. Мұндай «шұға жауатын» шапағаттан шығармашыл жастар да құр қалмайтын шығар. «Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан ақын жазғандай, біз өз болашағымызға сенеміз, бірақ, олар біздің сенімімізді ақтауы үшін жан-жақты жағдай туғыза білуіміз керек. Жастардың оқып, маман- дық алуына, лайықты жұмысқа орналасуына, басп ан алы болуына қолайлы жағдай жасау – болашаққа салар нағыз инвестиция осы деп білемін! Қарапайым халық қолд ап отырған Жолдауды қолында билігі мен қаржысы бар, тұтқа мен тізгін ұстаған, бас көтерер, атқамінер азаматтардың қолдағаны қажет. Айтумен емес, ар-ұятп ен! Құр сөзбен ғана емес, нақты іспен! Бұл – сөзден іске көшетін кез келгенін көрсетеді. Осыны талап ету керек», – дейді.

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Төлен Әбдік «Жолдауды айтқан кезде мадақ жанрынан қашуымыз керек. Халыққа мейлінше түсіндірген дұрыс, бірақ кез келген дүниені айтардан бұрын, оны біліп айтқан жөн. Қазір өмірде не көп – жағымпаз көп. Олар алқалы топта алға түсуге ұмтылады. Өзгелерден көбірек айғайлағысы келеді. Осы жылдың қаңтар айында Елбасы Жолдау жасаған еді. «Арада тоғыз ай өткен кезде тағы бір Жолдау жолданғаны қалай болар екен?» деген ойға кеткенім рас. Шынтуайтына келгенде, екі Жолдаудың да мән-мағынасы бір-бірімен сабақтас, бір-бірімен біте қабысып жатыр. Жыл басындағы Жолдауда «әлем дамуы жаңа инновациялық сатыға көтерілді. Біз де сол инновациялық дамуды бастан кешіруіміз керек» деген ойды көтерсе, енді халықтың әл-ауқатын арттыруымыз қажет деген мәселені айтып отыр. Түсіндіру жұмыстарын өз сөзімізбен, публицистикалық мақалаларымызбен көрсеткеніміз дұрыс. Бірақ көркем шығармадан талап етуге болмайды. Әдебиетке бір-ақ зат керек: Ол – ой еркіндігі. Көркем әдебиетті насихатқа айналдырсақ, одан әдебиет шықпайды» деген ойын ортаға салды.

– Шындығына келгенде, ақын-жазушының өзі бір-бірін оқымайтын жағдайға жеттік. «Менің шығармамды оқыдың ба?» деп сұрасақ, көбі білмеуі де мүмкін. Мен де солай болуым мүмкін. Сөйтіп отырып, «халыққа жетпей жатыр, оқымайды» деп айтамыз. Халық оқитын шығарма бар ма, жоқ па, оның да мәнін айырып отырған жоқпыз. «Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар одағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Егер саяси партиялар шығармашылық қызметті, оның ішінде әдебиет пен өнерді ұлттық идеологияның ерекше бір түрі деп танып, оны қам орлыққа алып, әрі оны халыққа қызмет етуге бағыттайтын болса, оны біз әрқашан да қолдауға дайынбыз. Бүгінгі таңда көркем шығарма халыққа жетпей жатыр деген мәселені көп айтамыз. Жазушылар одағының бір пленумын шығармашы-лық мәселеге арнайық деген ұсыныс айтқан едік. «Бүгінгі әдебиеттің деңгейі қандай?», «Қандай бағытта кетіп барады?», «Артымыздан келе жатқан жас буын қаламгерлердің шығармалары не нәрсені көксейді?» деген дүниелердің басын ашып алмағаннан кейін басқасы бос нәрсе. Жас жазушылардың арасында «әдебиет бізден басталады» деген пікірлер де пайда болыпты. Мұның бәрі қайдан шығып жатыр? Әдебиеттегі толқын арасында байланыс үзіліп қалған ба? Егер үзіліп қалса, оны қалай жалғаймыз? Осындай мәселелерді меморандум арқылы бекіте алар болсақ, онда біздің ұтқанымыз. Жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттайтын бағдарлама ашылуы тиіс. Осының бәріне партия бас-көз болатын болса, онда бұл жұмыстардың басы-қасында жүруге дайынбыз, – деп Алдан Смайыл мырза Елбасы мен еліміздегі жетекші партия бастамаларын қызу қолдайтынын жеткізді.

Қазақ қаламгерлері қоғам дамуынан ешқашан сырт қалып көрген емес. Елдің мұңы мен зары, әлеуметтің жағдайы жазушылардың негізгі нысанасы. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шығармашыл жандар-дың жан азығына айналды десек те болады.

Күрмеуі көп күрделі кезеңде елдік, мемлекеттік, ұлттық мәселелерді ашық көтеретін, аталы сөзді айтатын да қаламгерлер қауымы. Осы орайда «Нұр Отан» партиясы ұсынған төрт тұғырлы ұсынысты барынша тиімді пайдалану қажет шаруа.

«Ұйықтаған ойды кім түртпек?» дейді ойшыл Абай. Сондай түртпекті еліміздің жетекші партиясы жасап отыр. Ендігі селт ету мен серпілу – жазушылардың белсенділігіне тікелей байланысты.

Нұртөре ЖҮСІП,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист.

 

Мәді күйлері – дала үні

Дәулескер күйші Мәді Шәутиевтің көзін көрген, төгілте шерткен ежелгі күй аңыздары мен қисса-дастандарды таспаға түсіріп алған, 1980 жылдары «Домбыра үйренейік» атты бағдарламада Мәді есімін көпшілікке паш етіп, дүйім жұрттың алдында көне күйді насихаттаған Әбділхамит Райымбергеновпен әңгіме күй мен күйші, дала үні мен домбыра күйі жайлы өрбитіні айдан анық еді. Ә.Райымбергеновты әдеттегідей «Көкіл» мектебінен таптық…

– Қазақтың дәулескер күйшісі Қазанғап шығармашы­лығын жан-жақты зерттеп, көптеген еңбектер жаздыңыз. Сіздің орындауыңызда Қазанғап күйлері Қазақ теледидары мен радиосының қорына жазылып алынғаны белгілі. Күйші Мәдінің де бірталай шығармашылығы сіздің түсіруіңізбен тас­па­ланғаны белгілі. Мәді Шәутиев туралы бұрыннан хаба­рыңыз бар ма еді?
– 1983 жылы, Құрманғазы атындағы Консерваторияны тә­мамдап, жас маман ретінде, фольклор экспедициясы құрамында Жамбыл облысын араладым. Кез келген жаққа шығардың алдында ол жақта қандай өнерпаздар бар, қай өңірді аралаймын деп, жобалап маршрут сызасың ғой. Мен де солай із салып, жол жасадым. Кімдердің бар екенін сұрастырдым, кімдерден күй, кімдерден ән жазып алуға болатынын зерттедім. Қазір Тараз деп атап жүрміз ғой, сол шаһардың дәл өзінде тұратын Тұраш Абуов дейтін ағамызды кездестіргенім үлкен олжа болды. Жақсылық Сәдібеков дейтін ақын бар екен. Мен келді дегенді естіп, телефон арқылы тауып алып, Тұраш ағамыздың үйіне алып барды. Тұраш ағамыз – отставкадағы полковник, Ұлы Отан соғысын бастан өткізген, Мәншүк, Әлия, Рамазан Елебаевтарды көрген, Әзілхан Нұршайықовпен бірге от кешкен. Өнерден құралақан емес. Домбыра тартады екен. Өзінің шығарған күйлері де бар. «Осы күйлерім қалай екен» деп, тартып берді. Сол сапарымда Тұраш ағамыздың күйлерін нотаға түсірдім. «Арнау», «Қазақстан комсомолы» деген күйлерін тартты. «Ұлы Отан соғысында Қазақстан жастарының танкі бригадасы қырылып қалды, соған бір жоқтауым» деп жүрек сыздатар күйін тартты. Сол күйдің бір ұшығын, ара-тұра құлағым шалып қалады. Оранжировка жасап қойған, ұшақтарда музыкалық фон ретінде беріп жатқанын да естіп қалдым…
Осылайша, ән мен күйді таңдап, талғап таспаға түсіру қызметін бастау үшін ел аралап кеттік. Аудан-аудандарға шық­тық. Өнерге деген қызығушылығымыз бір орында байыз тапқызбайды. Қай жерде, қандай домбырашы, күй­ші бар деп елеңдеп тұрамыз. Байқадам жақта керемет өнер­паздар бар дегенді естідік. Ол жақта Қабыл және Дабыл Ажықаев деген ағайынды күйшілер бар екен. Негізгі мамандықтары басқа, біреуі – бухгалтер, екіншісі – халық бақылауында істейді. Олар туралы «Күй қайнары» деген бағдарлама жазып, күйлерін нотаға түсірдім.
Ал Мәді ақсақал туралы жоба-маршрутымды сызғанда ес­тіген болатынмын. Мәді дейтін зағип өнерпаз бар, елден-елге бір кішкене бала жетектеп жүреді, күй тартады, ән айтады деген әңгімелерді құлағым шалған. Бірақ бұрын-соңды көрген емеспін. Таразға келе сала, Мәді күйші жайлы сұрастырдым. «Бар, жүретін» еді дейді көпшілігі. Содан не керек, облыстық Мәдениет бөліміне қолқа салдым. «Соқыр шалды қайтесің, жазсаң, мыналарды жаз» деп, екі жігітті әкелді. Олар маған екі дауысты ән айтып тұр. Облыстағы шенді-шекпенділерден сұрастырып, діттеген адамына жете алмайтынымды түсіндім.
«Байқадамның ар жағында Коммунар дейтін совхоз бар, күйші сол жақта тұрады екен» деген хабар жетегімен сол жаққа тарттым. Ол уақытта жеке көлік жоқ. «Сатурн» деген күй жазатын құрылғымыз зілдей ауыр. Одан бө­лек, үлкен-үлкен кассеталар бар. Ол кассеталар көпке жет­пейді, сондықтан, бір дорбасын арқалап аласың. Арты­нып-тартынып «Коммунар» жаққа жолға шықтық. Бал­табай Дәуірбаев дейтін жігіт бар екен. Өнерге адал. Аспап жасайды. Әртүрлі кеселерді қойып, бекітіп, клавиш жасап, ұрған кезде неше түрлі үн шығарады. Өте өнерпаз жігіт. Соның үйіне түстік. Мәді ақсақалды сұрадым. Тауып алып келді. Бұл, 1983 жылдары, ақсақал шамамен сексенге жақын­дап қалған кезі екен.
Мәді күйші үйге кіріп келгенде қайран қалдым. Сырттан бас­қа дәуір кіріп келгендей. Не болмаса біз өткен ғасырға өтіп кеткендейміз. Атамыздың басында – түлкі тымақ. Үстін­де – шекпен. Шекпен болғанда да, сырып тігілген, ға­жап. Аяғында – мәсі. Кітаптарда жазатындай, киіз қапқа сал­ған домбырасын бір иығына, тағы да киіз қапқа салған гар­монын келесі иығына асып алған. Бір бала қолынан же­тектеп әкелді. Ақсақал асықпай жайғасып отырып, бізді өткен ғасырдың қойнауына жетелеп әкете жөнелді…
Балтабайдың үйіне отырып, Мәді күйшінің шығарма­ларын магнитофонға түсірдік. Бұрын-соңды көп орындала бермейтін, аңыз күйлер деген болады. Ақсақал сондай аңыз күйлердің оншақтысын тартып берді. Көне аңыздарды айтып отырып, іле күйін тартып әкетіп, жалғастырып аңы­зын айтып отырды. Еш жерде жазылмаған, естімеген «Ақсақ қыз», «Бозайғыр», т.б. күйлерді шертіп отырып, «Мынау – аттың кісінегені» дейді де, аттың кісінегенін шертеді, «Мынау – шауып келе жатқаны» дейді де, аттың шауып келе жатқан дыбысын орындайды, «Мынау – көк өгіздің мөңіреп тұрғаны» дейді де, домбыра көк өгіз болып мөңірей жө­неледі, «Мынау – айдалада қалып қойып, кемпірдің жы­лағаны» деп, кемпір болып жылайды…
– Ол кездің домбыралары да басқашалау шығар?
– Әрине. Домбырасы – қолдан шабылған. Қақпағын – шегемен жапқан, көне домбыра. Пернелерінің өзі жылжып отырады. Тура ХІХ ғасыр ақсақалдарындай, күйі де, сыйы да бөлек. Әңгімесі де ерекше. Сүгірді көргенін айтты. «Сүгірден естіп қалған күйім» деп сазы ерек күй тартты. Қызып алғаннан кейін сырнайын алып, арасында өлеңдер шығарып қояды екен, соны орындап берді. Одан кейін ескі қисса-дастандарға көшті. Кәдімгі «бір актердің театры», бір өзі бір театр, бір өзі бір әлем.
«Домбыра үйренейік» деген бағдарламам бар еді, Алматыға келе сала, сол хабарда Мәді туралы айтып, көрсетіп, бір бала жетектеп жүрген, өнерді кие тұтқан, зағип болғанымен көкірегі ояу, жүрек көзі ашық осындай ғажап адамның өз арамызда жүргенін көпшілікке жеткіздім.
Бағдарлама шыққан соң, сол жақта басшылық қызмет атқаратын бір тұлға Мәді атамызға колхоздың атынан үй салып, күйшіні сол үйге кіргізіп, қасына шәйін қойып беретін адамдарды белгілеп беріп, қамқорлық көрсеткені бар. Жақсылық жасаған адамға сол жақсылық қайта айналып келеді емес пе, қамқорлық көрсеткен ағамызға да жақсылықтар үйіліп-төгіліп, қызметтік лауазымы да жоғарылағанын да естідік.
– Мәді Шәутиевті көрген 1983 жылдардан бері көп заман ауысты. Ол кісінің көзін көргендер де сиреп қалған болар?
– Дұрыс айтасың. 1983 жылдардан бері уақыт қана емес, тұтас қоғам алмасты. Ол кезде біздер жаспыз. Жас маманбыз. Айналамызда, әсіресе елге шыққанда, көненің күйін қозғайтын ақсақалдарымыз көп еді. Олардың барлығы сол қалпында жүре беретін сияқты болып көрінетін. Мәді, Қабыл мен Дабыл, Сиқымбай дейтін ақса­қалды іздеп бардық. Халықтық аспаптарды жасай алатын шеберлерді көрдік. Қолын алдық, сөзін тыңдадық. Жамбыл облысына шеккен бір ғана сапар барысында көптеген әнші-күйшілермен таныстық, шығармаларын жазып алдық. Сол үлкендердің көзін көрген, әні мен күйін тыңдаған, әңгі­месін естігендердің өзі қазір сиреп барады. Олардың да естеліктерін жазып, хаттап, құжаттайтындар табылса, болашақ үшін сауап іс жасаған болар еді.
– Мәді Шәутиевтің өзі тартқан күйлері қай мектепке жатады деп есептейсіз?
– Қаратау өңірінде үлкен мектеп бар. Қаратау өңірінің шерт­пе күй мектебі деп аталады. Бәлкім, Жетісу мектебі десе де болар. Жалпы, ол кезде күйшілер шекараға бөлін­бейді, руымен айтатын. Тамалардың, қоңыраттың, үйсіннің күйшісі дейтін. Сондықтан, ол уақыттың күйшілерін, байырғы адамдар айтқан атымен де атай берген дұрыс шығар деген ойдамын.
– Мәді Шәутиевтің күйшілік ерекшелігі неде?
– Мәді ақсақалдың әсіресе көне күйлерді тартуы мен үшін үлкен жаңалық болды. Бұндай қалпында, күйлерді аңызымен, әңгімесімен айта және шерте алу – үлкен өнер.
– Мәді күйшінің пернелерді жылжытып күй шертетіні жайлы айттыңыз. Пернелерді ауыстырып күй шерту әр күйшілік мектептің өз сарыны ерекшелігін білдіре ме?               Жалпы, музыка тілінде жарты тон деген болады. Ал, ауыстырған пернелер жарты тонның тағы жартысын береді. Қазір домбыраны он тоғыз пернеге алып бардық. Пер­не­нің барлығын байлап тастадық, ол енді өзгермейді. Қай мектептің де күйін бір домбырамен тарта беруге мүмкіндік бар. Ол кезде олай емес, кейбір күйлерді жеті, кейбірін тоғыз пернемен, енді келесілерін он үш пернемен тартты. Сейтек перне, сарыарқа перне, қашаған перне деген бар. Оны жас­тардың көбі біле бермейді. Ол кездегі домбыраларда әр перне бөлек байлаулы болады. Сол байлауын шешіп, жыл­жытып отыратын.
Дәулескер күйші туралы: «Күйші пышақпен пернені ті­ліп жіберіп, бар перне сөгіліп түскен кезде пернесіз күй тө­гілтті» десіп жатады. Бұл – күйшінің мықтылығын көр­сетеді. Мәді күйші де пернелерді солай сөгіп жіберіп, жыл­жытып тастап төгілтіп шертетін.
Көне күйлердің көпшілігі теріс бұраумен тартылады. Күй­дің формасының әлі дамымағандығының, яғни көне­лігінің белгісі. Онда диапазон, бәрі шектеулі. Көне күйлер­дің барлығын Мәді Шәутиев теріс бұраумен тартты. «Ерке атанды» да, «Бозайғырды» да, «Жауқарғаны» да барлығын да теріс бұраумен төгілтті. Әңгімесін айтып отырады да, ара­сында тоқтап, «Міне, атпен шауып келеді», «міне ат кісінеп жатыр», «міне, қалай күн көреміз деп, қызы жылап жатыр» деп, әр оқиғаны айта отырып, күйін төгілтеді.
Жалпы, аңыз күйлер неліктен фольклортанушылардың назарынан тыс қалды деп ойлайсыз?
– Себебі, аңыз күйлері сахналарға лайықты емес де­ген көзқарас бар. Кез келген шығарма музыкалық фор­­­ма­да болу керек. Өзі шағын ғана күйлерді сахнада қа­лай ойнайсың? Көне күйлердің көбі эпизодтық түрде орындалады. Сондықтан олардың көбі жазылмады, фольклортанушылардың назарынан тысқары қалып кетті. Олардың көбі таптырмайтын құнды деректер еді. Кешегі қобыз күйлерімен, бақсы сарындарымен үндесіп жататын…
– Мәді Шәутиев шығармашылығын арнайы зерттеген мамандар бар ма?
Жалпы, менің негізгі зерттеу нысанам – Қазанғап күйші ғой. Сондықтан, көбіне батыс өңірін араладым. Үсіртке, Түркіменстанға, Қарақалпақ жаққа шығып кетіп, сол жақтың ақсақалдарымен көбірек әңгімелестім. Жетісуды да солай егжей-тегжей зерттеген мамандар бар. Ербол Сенбаев дейтін шәкіртіміз Жетісу күйшілік мектебі туралы диссертация жазды. Мәді күйшіге арнайы барып жолығып, қасында қона жатып әңгімесін тыңдады, күйін жазып алды. Уәли Бекенов ағамыз да Мәді күйші жайлы терең зерттеулер жасады…
– Мәді Шәутиевтің өзі шығарған әндері бар дедіңіз. Олар не жайлы болатын?
– Мәді ақсақал үйге кіріп келгенде он тоғызыншы ға­сыр келгендей болды дедім ғой, оның әндерінен де, күйі­нің сазынан да байырғы дала үні сезілетін. Тыңдар құлақ болса, ол ән мен күйді тыңдауға болады. Себебі, Мәді Шәутиевтің айтқаны мен шерткенін түгел таспаға бастырып, Консерваторияның фольклор кабинетіне өткізіп, хаттап берген болатынмын. Студенттер тақырып алып, ғылыми дүние жазғысы келсе, үнтаспасын тыңдап, керегін алып пайдаланады…
– Ол құжаттар әлі де қорда сақтаулы тұр ма?
– Сақтаулы тұруы керек. Қазір өнер құнсызданды ғой. Тү­сін­беген адамға, әрине. Түсінген адам оны қадірлеп, қастерлеп, сандық қалыпқа түсіріп, бабалар үнін сақтау үшін барлық жағдайды жасауы керек. Ең өкініштісі, қазір дәстүрлі ән мен күйді тек жобалар барысында ғана іздейді. Сол уақытта ғана, үлкен орындарға есеп тапсыру үшін өнерімізге көз тастаған кейіп танытамыз.
– Мәді Шәутиев күйлері «Қазақтың мың күйіне» енді ме?
– Енген болар, нақтысын айта алмаймын.
– Мәді тартқан болсын, басқаларының жанынан шыққан болсын, байырғы күй, ән тілінен, табиғатынан айрылып қалу қаншалықты қауіпті?
– Ол үлкен трагедия. Қазақтың музыкасы мен қазақтың тілі – біте қайнасып тұрған дүние. Осы күні қазақтың кейбір әндерін тыңдап отырғанда, әннің фонетикалық құрылысы мен музыкалық құрылымы бір-бірімен үндеспейтінін байқайсыз. Жалпы, ұлттық музыкалық интонация деген болады. Мысалы, жапоннның музыкасы бар, дың-дыыың дейді, өздері рахаттанып тыңдайды. Оны алып тастаңыз, жапон – жапон болмайды. Кәрісте де, әр ұлттың әрқайсысында ұлттық музыкалық интонациясы бар. Жапондардың қаласының қақ ортасында Кабуки деген театры тұр. Мемлекет қорғауға алған. Жағдай жасаған. Ішіне кірсеңіз, сізге қалай әсер етті, сіз түсініп жатырсыз ба – ешкімнің шаруасы жоқ. Себебі, олар ұлттық өнерді өздері үшін деп біледі. Біз болсақ, шетел түсінбей қалады, анау ұқпай тұр деп қуыстанамыз.
Біз көнеден жеткен күй күмбірі мен ән сазының тұтас қа­зақы дүниетанымды құрайтынын ұмытпауымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.

«Тамырсыздану қаупінің тұжырымдамасы» алшақтап бара ма?

Ұлтқа деген жанашыр жүрегі бар адамнан ғана үлкен өнер туатынын кәрі тарих дәлелдеп келеді. Бір жүректен шыққан отты сөз кем дегенде он жүректе бұғынып жатқан ұлттық сезімнің, рухани күштің оянуына сеп болса, нұр үстіне нұр емес пе?! Осы тақылеттес әңгіме өрбігенде Шаханов шығармашылығындағы шымыр ойлар санамызда жылт етіп, тіл ұшына орала кетеді. Ақиқаттың мәнін айғайға бармай-ақ, шындықтың шырайын шыңғырмай-ақ, қара өлеңге сыйдырып жүрген Мұхтар Шахановтың шығармашылығы жас ұрпақты тәрбиелеуде көш бастаушы «кейіпкер» екендігін біз де, сіз де растайсыз. Мақұлдайсыз. Келісесіз.

Сонымен…
Сонымен жуырда, Талғар төрінде екінші мәр­те өткен республикалық Шаханов оқу­лары жайлы айтпақпыз бұл жолы. Өт­кен жылы «көштің жүре түзелетініне» сеніп қайтқан едік, сеніміміз алдамапты. Биыл бір­шама жүйеленіп, бірізділікке түскен ша­ра рухани жаңғырудың дәп өзімен үн­десе кетті. Еліміздің төрт облысынан, атап айтсақ, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қа­зақ­стан, Қызылорда, Алматы облысынан ағыл­ған өрендер өрелі сөздің төркінін та­нытып, төресін көрсетеміз деп бекініп кел­гендей. Шараны бастап, алғысөзін айтқан кеш қонағы, республикалық «Желтоқсан ақи­қаты» қоғамдық ұйымының төрағасы Бей­сенғазы Сәдуұлы алдын-ала іріктеуден өткен 100-ге жуық қатысушыға сәттілік ті­леді. М.Шаханов шығармалары арқылы ба­лалардың қазақ тілі мен әдебиетіне, мә­дениетіне деген ықыласын арттыру және көр­кем сөз оқу шеберлігін, тіл мәдениетін жетіл­діру, ұлтқа деген сүйіспеншілігін оятуды мақсат еткен ұйымдастырушылар бұл жолы байқауға өзгерістер енгізген екен. Алдымен ақынның екі өлеңін мәнерлеп оқы­ған соң, келесіде ақынның өмірі мен шы­ғармашылығына орайластырылған сұрақтарға жауап беру талабын қосыпты. 2-5, 6-8, 9-11 сынып оқушылары және колледж студенттері деген топқа бөлінген талапкерлер ақын­ның тіл, ұлт, рух жайлы өлеңдерін шамырқана оқып, тыңдарманның тағы бір мәрте өлең өлкесіне саяхат жасауларына сеп болды. Ақынның өзі қатысып отыруы балаларға жігер берсе керек, тіпті ұзын-сонар «Отырар», «Танакөз» сынды поэмаларына дейін бастан-аяқ мүдірмей оқып шықты. Тәуелсіз сарапшылардан құралған қазылар алқасы әр қатысушының өлең таңдау өресіне, дауыс мәнері мен сахналық мәдениетіне сын көзбен қарауға тырысты. «Дәстүрге айналып келе жатқан додаға қатысушылардың саны жыл санап артуда» деп ұйымдастырушылар риза.
– Былтыр 187 оқушы қатысып, бақ сынаған еді, биыл 410 оқушы өтініш білдірді. Сондықтан алдын-ала іріктеу турын өткізуіміз керек болды. Ақын шығармашылығын сүйіп оқитын жігерлі деген 95 баланы конкурсқа жібердік, – дейді Шаханов поэзия клубының Алматы облысы бойынша төрайымы Зәмзәгүл Әубәкір.
– Мұндай шаралар әр жастың жүрегінің бүтінделіп, са­насының түзуленуіне «теңізге қосылған тамшыдай» болса да үлес қосады, – дейді ұлты тәжік болса да тілі де, жүрегі де қазақ деп соғып кеткен Талғар ау­данындағы №5 орта мектептің 6-сынып оқу­шысы Ситора Косимова.
– Қазақ тіліне қызығушығымды қазақ поэ­зиясы оятты. Абай, Ыбырайдың өлең­дерін оқудан бастап бүгінгі көзі тірі ақын­дардың да шығармаларын жаттай бердім. Со­лардың ішінде Мұхтар атамыздың өлең­дері қатты ұнайды. Сиясы әлі кеуіп үлгер­меген екі өлеңін алып келдім. Ұстазым Нұр­шат Айдарханова апайдың берген тәлім-тәрбиесі мен өнегесі болашағым үшін қажет деп ойлаймын. Өйткені мен Қазақстанда тұрамын, – деген Ситораның ұстанымының келешекте де өзгермеуін тілеп қалдық.
Алматы қаласындағы №42 ЖББ мектеп­тің 8-сынып оқушысы Галина Гебель де қазақ тілін тәп-тәуір меңгергенін байқатып, өлең ар­қылы өзімен тілектес дос тапқанына риза. Қара домалақтардың ішінен ерекшеленіп тұрғанын орыс қызының ұстазы Сайлаухан Бейсенғалиқызы шәкіртінің мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігінің арта беруі үшін осындай шараларға жиі апарып тұратынын айтты. Мемлекеттік тілде сөйлейтін жастар­дың көбеюіне ықпал етіп жүрген ұстаздарға ал­ғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Шара жеңімпаздарына ақынның қолтаңбасы қойыл­ған кітабы мен портреті сыйға берілді. А.Айтбай, А.Дүй­сен 2-5 сыныптар арасында топ жарса, Ә.Оңалбай мен М.Темірғалиева 6-8 сыныптар ішінен үздік деп та­ныл­ды. 9-11 сыныптар ішінен А.Нүбиев бас жүлдені ие­ленсе, колледж студенттерінен ТАжМК студенті Н.Бақ­берген озық шықты. Жетекшілер де марапатсыз қайт­пады. Ақынмен естелік суретке түсіп, мәре-сә­ре болған көпшілік бір күн бойы Талғар аспанын рух­ты жырға бөледі. Қорытынды сөз алған аудандық мә­де­ниет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фари­да Мамырбекқызы «Тамырсыздану қаупінің тұжы­рымдамасы» М.Ш. бол­мас үшін осы тақылеттес шараларды жиілете беру кере­гін алға тартты.
Адамның ар-намысына шоқ тастап, отты жырларымен қоғамдық ой салып жүрген ақынның әр жырынан ел ру­хының биіктігін көксегенін аңғармау әсте мүмкін бе? Қай өлеңін оқысақ та ҚАЗАҚ деген асқақ ұлттың ұланы екеніне мақтанып қаласың. Республикалық деңгейде өт­кен Шаханов оқуларына қатысқан балаң жүректер де осы сезімнің жетегінде кетті деуге кәміл сенеміз.

М.Дүйсенғалиева