РУХ ЖЫРЫ

Қ Ы Л Б Ұ Р А У (Қайыршы үндiстiң монологы)

«1996 жылы АҚШ-та Қаһарлы Қызыл Бұлт есімді кісі қайтыс болды. Ол – жергілікті үндістердің сиу тайпасының соңғы өкілі екен. Көз жұмар алдында байғұс Смитсон университетінің өнертанушыларына өз тілінің ерекшеліктерін, ғұрыптық әндерін жаздырып кетіпті».
Сәкен Сыбанбайдың мақаласынан.

Ұқсап бiр кеттi-ау «Ағажайыма»,
Зарлы әнiң зарпы жазған-ау!
Амстердамның әуежайына,
Қай жақтан келдiң қарғам-ау!

Сарқыншағыма ең сұрапылдардың,
Қылыштай бейне қияғы.
Қапыда сенi жылатып алдым,
Тарихтың соңғы тұяғы.

Қайыршы үндiстiң қарлыққан даусы,
Құлақ түбiмде тұр әлi.
Кәрi құрлықта қаңғырған басын,
Тоқпақтап сонда жылады:

«Даланың тарлан тағысы едiм ғой,
Тайпамның аты – ұраным!
Өркениетiм – тау iшi едi ғой,
Жақпар тас, лашық – тұрағым.

Шiрене тартқан адырнам қайда,
Жебесi желмен жарысқан.
Қауырсын таққан қабырғам қайда,
Жайратқан жауын алысқан!

Мұңсыз жанарын мұхит тербеткен,
Қыздарым қайда қылықты?
Арғымақтардың жалын терлеткен,
Ұлдарым қайда құрықты?

Қайысқан қалың қолдарым қайда,
Жаужүрек бата алмайтұғын.
Жондарға түскен жолдарым қайда?
Ешқайда апармайтұғын.

Аспаным шайдай ашық едi ғой,
Иесi күннiң мен едiм.
Найзаға iлiнгенi – асым едi ғой,
Еркiн бiр соққан жел едiм.

Отырушы едiм сыйдырып көзге,
Ғаламның шетiн, шегiн де.
Ел болғаны ма бiзден де өзге,
Осынау жердiң бетiнде!

Бау-бағы абат, өзенi мөлдiр,
Тауымды неге шақтыңдар?
Қай жақтан келдi келмеске кеткiр,
Қайығы суға батқырлар!

Алтын һәм күмiс тиындарыңды,
Танымаушы едiк тегiнде.
Шарап ұсынған бұйымдарыңның,
Түбiнде кеткен кегiм бе?..

Мисисипидiң арнасындағы,
Сұрапыл едiм тулаған!
Қылқанды орманның қалқасындағы,
Қаңқа болдым ба қураған?..

Қабiрiме менiң қала салдыңдар,
Тiлiмдi турап тастадың.
Дiлiме өшпес жара салдыңдар,
Тарихтан кеттiм қас-қағым.

Еуропада жаңғырып қалсын,
Қауашағыма сыйған сөз.
Ұрпағың мәңгi қаңғырып қалсын,
Атаңа нәлет жиһангез!

Санамда сонау ғапыл ғасырдың,
Сұңқыл қағады байғызы.
Ұйқымды менiң неге қашырдың,
Қайыршы үндiстiң қайғысы.

Көмiлген қоса бейiтiңе кегiң.
Қызылтәндiлер қырдағы.
Түскiм келмейдi кейпiңе сенiң,
Ункастың сорлы ұрпағы!

Шекарамды жауға шендестiрмеймiн,
Түскенше жерге келте иек,
Даламды саған теңдестiрмеймiн.
Молада тұрған өркениет!

Байтақ далам-ай далиып жатқан,
Кiрмеге толы құшағы.
…Қабағына сол қан ұйып қалған,
Үндiстен зәрем ұшады…

Жанарбек ӘШІМЖАН,
ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend