БАСТЫ БЕТ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ

Орбұлақ: ұлт жеңісі, ұрпақ мақтаны

Өзбекстанға Қазығұрт ауданы арқылы өтетін халықаралық күре жолдың бойындағы жотадан бабалар рухы асқақтап қарсы алады. «Бабалар рухына тағзым» кешені, Ұлы Отан соғысына қатысушылар ескерткіші тұрғызылып, Жастар саябағы ашылғаны кешегінің оқиғасы десек, ендігі таңда осы маңда Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрдің айбынды бейнесі менмұндалап тұр. Үлкен кешен ішіндегі бір белгі мен екінші белгіні жалғайтын жолдың өне бойына Абайдың қара сөздері тасқа қашалған. Сәл төменірек түссеңіз, қазақ руханиятындағы беделді тұлғалар отырғызған ағаштар сап түзейді. Кемеңгер Әбіш Кекілбайұлы тіккен самырсын біздің көзге оттай басылды. Еңселі, айбынды. Кешегі таудай бабаларымыз бен бүгінгі биік даналарымыздың бірі беріп, екіншісі туын жықпаған дәстүр жалғастығы деп осындайда айтса керек. 1993 жылы, Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын Панфилов аумағы ауданында күллі қазақ жұртшылығы бөркін аспанға атып тойлап жатқан тұста, дәл осы Әбіш абыз келелі баяндама жасап, тәуелсіздігін енді-енді сезініп жатқан жұрттың еңсесін тіктеген, тарихын түгендеген аталы сөз айтқан болатын. Енді міне, сол шайқастың қос қаһарманы тұғырға қонған мекенде де Әбіш ақсақалдың ағашы Орбұлақ батырларына тағзым жасағандай, өзге жұртқа «айбынымыз осылар ғой» деген сөзді үнсіз ұқтырып тұрғандай…

Рухани ұстын – ұлт өзегі
Шымкент шаһарына ат басын тіреген дүйім жұрт – арнайы делегация ең алдымен өңір басшысы тізгінін ұстаған келелі жиын­ға қатысып, аймақта атқарылып жат­қан іс-шаралар легімен танысты. Облыс басшысы Жансейіт Түймебаев: «Елбасымыз рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар ауда-рып, аса маңызды бірнеше мін­деттерді айқындап берді. Оның ең не­гізгісі – ұлттың терең тарихынан бас­тау алатын рухани ұстынды сақтап қалу. Та­­­рихтың белестерінен сүрінбей өткен құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың ал­ғышартына айналдыра білу», – дейді ға­лымдар, қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысқан басқосуда. Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ-дарламасының бір жылдығына орай өткен бұл есеп беру жиында Елбасы бағдарламасын іске асыру бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы өңірлік комиссия мен Сарапшылар кеңесі құрылғанын білдік. Және бағдарламада атап көрсетілген барлық міндеттер бойынша оңтүстік аумағындағы іс-шаралардың жай-жапсарымен таныстық. Елбасы бағдарламасын басшылыққа ала отырып, Ж.Түймебаев облыста бір жылдың ішінде атқарылған әлеуметтік-мәдени ауқымды іс-шараларға нақты деректер келтіріп өтті. Оның барлығын тәптіштеп көрсетіп отыруға га­зет көлемі көтермейтін болғандықтан, негізгі бар­ған шара­мыз – «Қазақстанның киелі жерлері» ар­найы жобасы жайлы айтқан әкім сөзіне арнайы тоқ­талып өткіміз келеді: «Облыстағы 104 қасиетті, киелі жер­дің тізімі «Қа­сиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу ор­талығына ұсы­нылып, 24 нысан Оңтүстік Қазақстан облысынан рес­публикалық тізімге енді. Қалған 80 тарихи-мәдени ес­керткіштеріміз жергілікті маңызы бар, қасиетті, кие­лі жерлердің тізіміне кірді. Оңтүстік Қазақстан облысындағы киелі орындарды дамыту мақсатында 2017 жылы жергілікті бюджеттен 314,6 млн теңге қаржы қаралып, толығымен игерілді», – дейді Жансейіт Қансейітұлы. Одан өзге, ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» ата-лымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне енген ортағасырлық 8 ескерткіш туралы тұңғыш рет деректі фильм түсіріліпті. Сайрам ауданындағы «Хан­қорған» археологиялық қалашығына археологиялық қазба, реставрация және консервация жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астындағы музейі де ашылатын күн жақын.
Жиынға қатысқан өзге қонақтар да «ру­хани жаң­ғыру» төңірегінде сөз қозғап, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Белгілі жазушы, драматург Мархабат Байғұт: «Әдебиетті жүйелі насихаттауға жаңаша мазмұн беруі­міз керек. Ұлттық кодты жаңғыртудың негізгі қайнар көзі, рухани жаңғырудың басты мәйегі – әдебиет. Оны естен шығаруға болмайды. Туған жердің қасиетті то­пырағының киесі секілді, әдебиеттің де киесін ту етіп ұстауымыз керек. Әлеуметтік желінің әлеуетті жақ­тары аз емес. Алайда әулекі, әсіреңкі жақтары әде­биетті желпілдетіп, жүдетіп-жадатып барады. Әуезовтің «Әдебиет – мәдениеттің атасы» деген қа­нат­ты сөзі бар. Мәдениетті болайық», – десе, қа­ламгер, публицист Нұртөре Жүсіп оңтүстікті туризм Меккесіне айналдырудың жай-жапсарына тоқталды: «Киелі Қазақстан» жобасы бойынша ең көп нысан осы Оңтүстік Қазақстан облысынан ілініп отыр. Әрине, әр облыстың дамығаны жақсы. Бірақ табиғаты, тарихы, қызмет көрсету сапасы да ерекше өңірлердің бірі – Оңтүстік Қазақстан. Жыл он екі ай қонақ үзілмейді. Сондықтан, туризмді дамытамыз десек, осы аймаққа айрықша көңіл бөлген дұрыс», – деген пікірін ортаға салды. Академик Дихан Қамзабекұлы: «Оңтүстік Қа­зақ­стан – бүкіл Қазақстанның моделі. Мұнда біздің бабаларымыздың сүйегі жатыр. Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде қазақ хандары жерленгенін дү­ниежүзі біледі. Оңтүстікте қасиетті Қазығұрт тұр. Мұ­ның бәрі – миф, фольклор емес, бүгінгі күннің шын­ды­ғы», – дейді.

Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы
Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Мұхтар Әуезов атын­дағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: ұлы жеңістің ақи­қаты және маңызы» атты халықаралық ғылыми-тео­риялық конференция ерекше екпінмен өтті. Кон­ференцияны ұйымдастырушы «Жеті жарғы жә­не Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайы­рымдылық қорының төрағасы, заң ғылымының док­торы, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қай­раткері Бекет Тұрғараев құттықтау сөзімен ашты. «Конференция Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына бір жыл толуына орай шақырылып отыр. «Рухани жаңғыру» идеясын бүкіл халық қолдап, оны жүзеге асыруға белсенді атсалысып келеді. Бүгінгі алқалы жиынның ұйымдастырылуы да, ата-бабаларға кешенді мемориалдық ескерткіш орнату да осының дәлелі болса керек. Жалпы өткен бір жылда қыруар жұ-мыстар атқарылды. Мұнымен тоқтап қалмайтынымыз анық», – деді Б.Тұрғараұлы құттықтау сөзінде.
ҚР Ғылым академиясының академигі, химия ғылы­мының докторы М.Жұрынов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы, заң ғылымының докторы, профессор Қуатжан Уәлиев, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институтының ди­рек­торы Зиябек Қабылдинов, И.Арабаев атындағы Қыр­ғыз мемлекеттік университетінің ректоры, та­рих ғылымының докторы, профессор Толобек Аб­ды­рах­манов, Қазақстан Елтаңбасының авторы, сәу­лет өнерінің профессоры, Қазақстанға Еңбек сіңір­ген қайраткер Жандарбек Мәлібеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Ауыл» халықтық демократиялық-патриоттық партиясының төрағасы, экономика ғылымының кандидаты әли Бектаев жи­налған қауымды құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Орбұлақ шайқасы туралы жіті зерттеп жүрген бел­гілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы: «…Біздің бүгінгі жиынымыз «Рухани жаңғырудың» аясында өтіп жатыр. Жаңғыру деген өткенге оралу ғой. Осы отырған бәріміз Арыс деген бабаның ұрпақтарымыз. Қазақ ол кісінің шын аты Ан-Арыс дейді.
Ал Геродот Анахарсис дейді. Үлкен ауылды Ақ Арыс, орта ауылды Жан Арыс, кіші ауылды Бек Арыс дей­ді. Сол кісінің алты баласынан тараймыз. Екі баласы өмірден өткеннен кейін төрт баласының ұрпақтары тіршілік жасап жүрміз. Сол дәуірден жеткен бір ұлағатты сөз бар. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел бол­са, төбедегі келеді». Мұның түбі – бірлік. Одан бер­гі Түрік қағанатының заманында «Түрік халқы үшін ащы терімді төктім. Қызыл қанымды төктім. Күн ұйқтамадым, түн ұйқтамадым», – дейді Күлтегін. Не үшін? Арыс ұрпағының бірлігін сақтау үшін. Шың­ғыс хан: «Біздің халықтың жауы, жердің үстінде жүр­геннен гөрі жердің астында жатқаны жақсы. Біздің төңірегімізде, бізге қауіп келтіретін ешқандай мемлекет болмауы керек. Біз сол үшін ел қорғауымыз керек», – дейді. Мақсаты не? Халықты, бірлігін сақтау. Одан беріде «Қасым ханның қасқа жолы» бар. Ол не қылған жол? «Ұл – әкесін, қыз – шешесін сыйлауы керек. Кіші – үлкенді сыйлауы керек. Қара – ханын, Ханы – хал­қын сыйлауы керек. Сонда біздің елде бірлік бо­лады», – дейді. Демек, мемлекет бірлігі отбасынан бас­талатынын меңзеп отыр. «Есім ханның ескі жолы» дей­ді. Ол неге ескі жол? Ол ата-бабаның әлімсақтан келе жатқан жолын сабақтастыру болып табылады. «Біз сапалы халық болуымыз керек.

Жеті атаға дейін ұрпақ біріне бірі үйленбейтіні со­дан қалған. Бұл туыстықтың белгісі». Бұл бұрыннан бар әдеп-ғұрыпты Тәукенің Жарғымен бекітуінің мә­ні сонда. Кешегі Алашорда арыстары мемлекеттік бір­лікті алға қойды. Бірақ жүзеге асыра алмады. Соны жү­зеге асыратын ұрпақ біз болып отырмыз. Сондықтан жаң­ғыру деген ата-бабамыздың тегіне келу деген сөз. Ал енді осы ұлы бірлікке үлгі болған Орбұлақ шайқасы қай­дан шықты? Бұрын білмеуші едік қой. Мұның үш түп дерегі бар. Басқалары соған негізделген. Олар­дың ішінде аңызы да бар. Аңыз деген тарих емес, ол тарихқа құрмет, соны дәріптеу. Ең бірінші дерек 1644 жылы ақпан айында Тобыл әскер басы Куракинге Ор­бұлақ шайқасын баяндаған орыстың екі елшісі Гавриил Ильин мен татар Кучембердиевтерден қалған. Екеуі 1643 жылы наурыз айының аяғында Батыр қоңтайшының Еділ бойындағы Қарайғыр деген жердегі ордасына жылдық жалақысын беруге барады. Қайдағы жалақы? Көрдіңіздер ме, орыс патшасы Ба­тыр қонтайшыға жалақы беріп жіберген. Демек бұл – ымыра. Олар: «Біз жеткенде қоңтайшы 50 мың әс­керімен Жәңгір хан мен Жалаңтөске қарсы аттанып кетіп­ті», – дейді. Соғыс әлі біткен жоқ. Бірақ елшілер оның кіммен соғысатынын біліп отыр. Демек бұл әріден дайындалған. Елу мың қолды елу күнде жинай алмайсың. Қалмақтар 1640 жылы бірігу құрылтайын өткізген. Сол әскер бірігу құрылтайының жемісі. Қоң­тайшы үш жылдан кейін қазақтан кек алу керек де­ген. Елшілер: «Біз төрт ай күттік. Олар Илья күнінде орал­ды», – дейді. Орыстардың күнтізбесі бойынша Илья күні шілденің жиырмасы болады. «Содан кейін біз оның қасында екі ай болдық. Сөйтіп Тобылға он бір айда зорға жеттік», – дейді.
Орбұлақ шайқасы болған жерді 1975 жылы көр­дім. Сол жерде туып-өскен адаммын. Бұл жер бұрын­нан Ордың бұлағы деп аталып келді. Неге Ордың бұ­ла­ғы? Ордың қасында үш-төрт бұлақ бар. Орбұлақ шай­қасының 350 жылдығы мерекесіне сол кездегі Премьер-министр Терещенко өзі барып, қазақша сөйлеп ашты ғой. Сол кездегі Үкімет қаулысында «Орбұлақ шайқасы» деп беріліпті. Содан бастап Орбұлақ шайқасы деген атқа ие болып, тарихи айналымға түскен…», – деген пікірін ортаға салды.
Жиында алғашқы болып сөз алған Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев: «Бұл конференция Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығы аясында Орбұлақ шайқасына 375 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Та­рих­ты танып, зерделеу керек. Тарихты таразылау қажет. Сон­да тағдырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың, ке­ле­шегіңді бағдарлайсың» деп шегелеп айтқан еді. Біз өткенімізге құрметпен қарап, болашағымызға сенім­мен көз тіккен халықпыз. Осындай тарихта ерекше іс қалдырған қазақ халқы үшін азаттық жолындағы тари­хи жеңістердің бірі – Орбұлақ шайқасы. Орбұлақ шайқасы – ұлттық тарихтың жауынгерлік даңқ шежі­ресінде ерлік пен қаһармандықтың өнегесі болып ай­шық­талып қалды. Бұл – қазақ жасақтарының ойрат бас­қыншыларына қарсы ымыралықпен тоқсауыл бер­ген шайқастарының бірі. Сондықтан шайқастың ел тарихындағы маңызы ерекше. Қазақ жауынгерлері ойраттардың әскерін Орбұлақ тұсында тоқтатып, оның бір бөлігін жойған. Бұл оқиға бірлік пен ынтымақ бар жерде алынбайтын қамалдың жоқ екендігін дәлелдеп отыр», – дейді.
Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев: «Қазақ даласының қай жері де киелі. Ата-бабаларымыз қарыстай жер үшін қасық қаны қалғанша шайқасқан. Солардың арманы болған тәуелсіздік жаңа мүмкіндіктерге кеңінен жол ашып берді. Алтайдан – Атырауға, Арқадан – Алатауға дейін ұшса құс қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын сайын даласы, сағымды сахарасы қайта түлеп жатыр. Сондықтан өткен тарихты мұқият зерделеу арқылы кемел болашаққа көз тігіп отырған жері шұрайлы, тарихы шырайлы Шымкент жерінде мұндай басқосудың өтіп отырғаны заңды құбылыс деп бағалауымыз керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан бір жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы еліміздің өміріне жаңаша серпін, тың мазмұн берді. Елбасы ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманауи болмысына сай келмеуінің сырын ашып көрсетті. Әлемнің басқа елдерінің тәжірибесін зерделей келе әр қоғамның өз тамыры, тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады деген тұжырым жасады», – дей келе, Орбұлақ шайқасының мән-маңызына да арнайы тоқталып, «Мәдени мұра» бағдарламасын да тілге тиек етті.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымының докторы Амангелді Айталы: «Батыр бабаларымыздың ұрпағы – біз, қазақтар, бүгін кімбіз? Біздің болмысымыз қандай деген сұрақ туындайды. Сол батырлық қасиет сабақтасып, күні бүгінге дейін келді ме? Орбұлақ шайқасы бізді бүгін әртүрлі ойға жетелейді. Біріншіден, тарихи оқиғаның болғаны ешқандай күдік туғызбайды. Екіншіден, тарихи оқиға әртүрлі деректерде, мәтіндерде мойындалып, елдің тарихи жадында сақталған. Үшінші, оқиғаның тарихи негізінде ғылыми айналымға түсуі, әдеби шығармаларға арқау болуы, халық санасының арқауы болуы керек. Орбұлақ шайқасын саралағанда, Лев Гумилевтің теориясы еске түседі. Бұл теория бойынша ұлттың пайда болуы ұлт этногенез теориясы бірнеше кезеңнен өтеді. Бірінші кезеңді материалдық және рухани күш жинау кезеңі немесе императив дейді. Бұл кезең қазақ халқының хандыққа дейінгі кезеңі болса керек. Екінші кезең, осы пассионарлық кезең. Бұл – ұлттың тарихи сахнаға шығуы. Тағы да бір табыс, тағы да бір жеңіс, тағы да бір ғимарат деп, табыстан – табысқа, жеңістен – жеңіске жетеді. Бірақ ұлт осы бір пассионарлық құлшынысты әр уақытта ұстап тұра алмайды. Сондықтан үшінші кезең басталады. Оны сұйылу кезеңі дейді. Бұл тұста ұлт өткенін ұмыта бастайды. Ұлттың болашағын ойламайды. Оны білгісі келмейтін ұрпақ келеді. Олар өздері үшін ғана өмір сүріп, қарабастарының қамын ғана ойлайды. Тоғышарлық психология күш алып, бұрынғы ұлттық мұра шашырай береді. Төртінші кезең – футиризм. Бұл кезеңде ұлт тарихын ұмытады. Сондықтан бұрынғы арман бұлдырай бастайды. Бесінші кезеңде ұлт, тіл, дін, қоныс өзгере бастайды. Бұрынғы ұлы далада тұрған қазақ қалаға шоғырланады. Бірте-бірте басқа ұлтқа айнала бастайды. Енді осы бес кезеңді айтқанда бүгін біз қай кезеңдеміз деген сұрақ өзінен-өзі туады. Бұл – Гумилев теориясы. Сондықтан, өте қиын сұрақ. Қазақ халқының бойындағы мінез, қасиеттер Салқам Жәңгір заманындағыдай пассионарлық шабыт, өскелең биік рух бірте-бірте әлсіреген. Бұл – тек қазақ халқының ғана емес көптеген халықтардың басында бар жағдай. Ұлтқа дем беріп, рухтандырушы Салқам Жәңгір секілді, Әлихан Бөкейхан секілді пассионарлақ тұлғалар көрінбейді. Қазақ талай қасірет шегіп, талай рет тауы шағылды. Тәуелсіздік келді. Біз қазір тарихи жауапкершілік алдында тұрмыз. Бүгінгі қазақ – бұрынғы қазақ емес. Біреу өте бай, біреу бай. Біреу орта, біреу ортадан төмен, біреу кедей, біреу өте кедей. Солай күн көріп жатырмыз.
Ел шетіне жау келсе, Салқам Жәңгір секілді, Жалаңтөс секілді батырлар шыға ма қазақтың арасынан? Иншалла, шықсын. Бірақ миллиардтарын шетелде ұстайтын топтың ойы бөлек. АҚШ президенті Томас Джефферсон: «Коммерсанттың отаны жоқ» деп айтқан екен. Елдің басым көпшілігі даурықпай отбасын бағып, Үкіметке қол жаймай еңбек етіп жатыр. Міне, пат­риоттар – солар. Жерді, елді, тілді қорғайтын да осы­лар. Байлардың барлығы Бекет Тұрғараев секілді меценат емес қой. Ақшалы адамдар да ел шетіне жау келсе, олар да елді қорғай біледі. Сол сияқты қарапайым халықтың ішінен де сатқындар шығар. Өйткені ондайлар жоңғарлармен соғыс заманында да болған. Ең басты мақсат – мына жаһандану заманында халықтың рухын сақтап қалу. Сондықтан рухани жаңғыру дегеніміз – бүгінгі заманда елдің тұтастығы, елдің бірлігі. Қазақты елге, жерге бөлуге болмайды. Кейінгі ұрпақтан пассионарлық тұлғалар шығатынына сенімім мол. Неміс философы «Тарихта адамдар көр­мей­­тін бір жіптер болады. Ол жіп – сабақтастық. Ол – алтын жіп», – деген екен. Орбұлақ заманы мен бүгін­гі заманды жалғастыратын алтын жіп бар, ол – рух. Ол – біздің тарих. Сондықтан алтын жібіміз мықты болсын. Еліміздің рухы өсе берсін», – деп, баяндамасын аяқ­тады.
Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев өз сөзінде Орбұлақ шайқасының деректері мен зерттелу мәселесіне тоқталды. «…Қоңтайшының қазақтарға қарсы жорығы 1643 жылдың қысында басталып, 1644 жылдың жазының ортасына дейін созылады. Жоңғарлар Тянь-Шань қырғыздары мен Жетісу елінің қазақтарына қырғидай тиіп, қырғынға ұшыратады. Мыңдаған тұтқын Жоңғарияға жөнелтіледі. Жорықтың алғашқы кезеңіндегі жеңіске масайған қоңтайшы қазақ жеріне ентелеп, дендеп кіре бастайды. Дәл осы кезде Жәңгір хан жауды Орбұлақта қарсы алуға кіріседі. Ол жоңғар әскерінің саны, бағыт-бағдары мен жоспары жөнінде үнемі хабардар болып отырады. Мұны Жәңгірдің Хунделен тайшымен достығының нәтижесі деуімізге де болар. Жәңгір сұлтан барлау мәліметтерін ұтымды пайдаланып, жауға қарсы тұратын ыңғайлы, ұрымтал жерді де көрегендікпен талдайды. Жауды шырғалап, тар қысаңға кіргізеді. Әртүрлі амалдармен тосқауылдар қойып, олардың әлсіз тұстарын дәл табады. Бірнеше апта бойы тар жерге кептеліп, қамалған жаудың қалың қолын қазақ сарбаздары үздіксіз шабуылмен титықтатып, орасан зор шығынға ұшыратады. Жәңгір бастаған қазақ қолы Орбұлақтың қия беткейіндегі 600 қойтасты паналап, ор қазып алып, жауын улы жебемен қарсы алады. Сонымен қатар Сасықтекенің түтінін де пайдаланады. Улы жебемен жауын сеспей қатырса, сасықтеке деген гүлді суға қайнатып, оған шүберек малып кептіреді де, от тұтатып, жел жақтан улы түтін жібереді. Соғыс өнері хақында А.Левшин: «Ол ашық шайқастан қашып, аздаған адамдарының бір бөлігін екі таудың арасымен сайға орналастырды. Олар жерді терең етіп қазып, биік қорған дуалын жасады, ал жауынгерлердің екінші бөлігі таудың арғы жағында тығылып отырды. Жоңғарлар қорғанға таяп келіп, оған шабуыл жасады. Көп адамынан айырылған соң, оларды қоршап алуға алаңның тарлығы мүмкіндік бермеді. Сол кезде Жәңгір олардың ту сыртынан шабуылдады. Ойламаған жерден болған соққының әрі жауынгерлердің батылдығының арқасында, мылтықтарының өте сапалы болуынан Батыр қоңтайшыға қатты соққы берді», – деп жазған еді. 1643 жылғы Орбұлақ шайқасында қалың қолмен жеңіліс тауып, абыройдан айырылған Батыр қоңтайшы 1652 жылғы жорықта қалай болса да Жәңгір ханды өлтіріп, кек алмақшы болады. Сол үшін де ол арнайы мерген-садақшылардан адамдар даярлап, оларға ұрыстың қызған кезінде қазақ ханының жанына мүмкіндігінше жақын барып, өлтіруге тапсырма береді. Осылайша, ерлігімен, ақылымен, еліне деген шексіз адалдығымен артына өшпес із қалдырған, халқы үшін жауларымен алысып, арпалысып өткен қазақ ханы – Жәңгір хан нағыз ерлерше, хас батырлардай қан майданда шаһид болады.
Орбұлақ шайқасында қазақ хандығының әскери өне­рінің тарихында тұңғыш рет оқпана (окоп) қазып соғысу сын­ды әдіс-тәсіл қолданылды. Қазақ шежірелерінде жә­не халық аңыздарында соғыс Қосқолаң тауының ете­гінде Орбұлақ өзенінің бойында болған. Мұндағы со­ғыс өнері ежелгі Грекиядағы 300 спартандықтардың жау­ды жеңу техникасына сай келеді.

Бірақ Жәңгір бас­таған қазақ қолының ерлігі спартан­дықтардан да асып түскен. Тарихта атақты Леонидтің 300 әскермен пар­сының 120 мың қолмен шайқасқаны жайлы дерек бар. Аталмыш шайқаста да Жәңгір хан­ның әдіс-тәсілі бойынша жауды тау ортасындағы сай­ға тығып ойсырату амалы пайдаланылған екен. Ен­ді қазіргі таңда бұл шайқастағы ерлік аңызға ай­налып, бүкіл әлемге әйгілі бо­лып отыр. Голливуд бұл жөнінде 3 циклді фильм де түсір­ген. Бұл да ұлы ерлікті насихаттауға қосылған үлес. Қазақ тарихындағы Орбұлақ шайқасының өзіндік орны да ерекше. 1993 жылы, яғни осыдан 25 жыл бұрын осы тақырып ел көлемінде еске алынып, Үкіметтің арнайы шешімімен Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы аталып өткен болатын. Содан бері 25 жыл өтті, тәуелсіздіктің 25 жылынан да астық. Осы жылдар ішінде туып, есейіп, түлеген буынның өзі 25-26 жасқа келді. Олай бол­са, тәуелсіздік тағылымын ерлікпен жетілдіріп, ұр­пақ санасына сіңірудің мән-мағынасы төтенше те­рең. «Орбұлақ шайқасының» 375 жылдығын атап өту жайын­да Үкімет биыл да арнайы шешім қабылдады.
Дәл бүгінгі күні Орбұлақ шайқасының 375 жылдығы ар­қылы – конференциялар ұйымдастыру, кітаптар ш­ығару, жиналыстар өткізу, елдімекендер мен көшелерге аттар беру, ескерткіштер қою сынды әртүрлі шаралардың атқарылып жатқаны бізді қуантады. Осы бір тарихи оқиға мен ондағы ірі тұлғалар бейнесін мәңгілікке есте сақтау үшін Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүрдің ескерткіштері мен «Талдықорған өңірінің тарихи-киелі орындарының» қатарына енетін Алматы облысындағы «Орбұлақ шайқасы» болған орынның ескерткішін де Елбасы бастаған «киелі жер» ұғымына байланысты «Қазақстанның қасиетті жерлері» тізіміне кіргізіп, арнайы қорғауға алу лазым. Сонда ғана ол елдіктің еңселі ескерткіштерінің бірі ретінде мәңгілікке қала береді», – дейді Өмірзақ Озғанбаев. Өзбекстан республикасы Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының кандидаты Эркин Мусурманов «Самарқанд – Регистан әлемдік өркениеттің алтын қазынасы, Жалаңтөс баһадүрдің ерлік еңбегінің тарихи маңызы» атты баяндама оқып: «…Баяндамам шығыстық түркі ғажайып ғимараттарын салушы, Самарқанның басшысы Жалаңтөс баһадүрге арналған. Тарихта Самарқанд туралы аз айтылып жүрген жоқ. Соның негізгісін айтсам, Өзбекстанды әлемге танытатын Регистанды салдырған Жалаңтөс туралы материалдар бізде аз. Өзбекстан бейнесін көрсеткен кез келген фотосуретте Ре­гистан бар. Суреттер БҰҰ-ның штаб пәтерінде де ілулі тұр. Ал оны тұрғызған Жалаңтөс баһадүр тура­лы бізде жазыла да, айтыла да бермейді. Ол туралы ақпарат мүлдем аз десек те болады. Жалаңтөс баһадүр туралы бізде материалдар аз болғанымен қазақ бауырларымызда ол туралы ғылыми деректер көп екен. Және оны халыққа танытуда үлкен жұмыстар істелінгені көрініп тұр. Оған бүгінгі конференция да дәлел бола алады. Қазақстанда Жалаңтөс атында елді мекендер бар, Қызылорда облысында ескерткіші қойылған, Самарқандта, Семейде, Павлодарда оның атына көше беріліпті. «Жалаңтөс баһадүр – тарихи тұлға» атты жинақты қарап шықтым. Сол кітаптан Жалаңтөс туралы көптеген қызықты материалдарды көріп, біразымен таныстым. Самарқандқа барған соң осы кітаптағы деректер бойынша студенттерге бірнеше тақырыпта диплом жұмыстарын жазуға беремін», – дейді.

Бабалар рухына тағзым
Іс-шараға жиналған зиялы қауым өкілдері, Қазақстанның әр өңірінен келген арнайы делегация, жалпы тілекші қауым Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс баһадүрдің ескерткішін салтанатты түрде ашты. Шара барысында сөз алған қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов: «Бүгін біз ерекше оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді орындау жолында игі­лікті істің көп атқарылғанын көзіміз көрді. Жаңғыру – жаңару деген сөз. Жаңғыру болған жерде рухани жаңара­мыз. Біз грек тарихын, рим тарихын, орыс тарихын көп оқыдық. Ірі көтерілістерін де жаттап өстік. Бірақ қазақ халқының тарихынан ешқандай ха­бар болмады. Тарих оқулықтарына да қазақ тарихы ен­гізілген жоқ. Бұл – тоталитарлық саясаттың жемісі еді. Тәуелсіздіктің арқасында өз тарихымызға терең үңі­ліп, ақтаңдақтардың бетін аштық. Рухани жаңғыру бағ­дарламасы – елге үлкен серпіліс әкелді. Еліміздің үлкен азаматының бірі, меценат, ғалым, тарихшы Бекет Тұрғараев осыған ерекше мән беріп жүр екен. Сол себептен, Бекетке рақмет айтқым келеді. Ары-бері өт­кен жұрттың бәрі екі қаһарманның ескерткішіне көз тоқтатпай өте алмайды. Күре жолдың бойында орын тепкен еңселі ескерткіш ел рухын асқақтатып, мәр­тебесін биіктете түседі. Бұл тарих – бәрімізге үлгі, бә­рімізге сабақ болуы тиіс», – деді.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың тапсырмасы бойынша Ұлы Жеңісті тойлау ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен бекітілген «2016-2018 жылдары өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізіміне» енгізілген. Тарихи маңызы зор шайқастың бары мен жоғын түгендеу ісі осылай бас­талып та кетті…

Қарагөз Сімәділ.

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend