БАСТЫ БЕТ, ТУҒАН ЖЕР

Бахадүр бабалар бейіті

Өткенін бағаламаған елдің болашағы да баянды болмасын, тарихын білмеген ұлттың мемлекет ретінде қалыптасуы да неғайбыл екендігін түсінген Елбасымыз Н.Назарбаев қазақ руханиятының, Қазақстан халқының көмейінде жүрген бірталай тақырыптарды түртіп өткен соңғы мақаласында ұлан-ғайыр даламыздың түкпір-түкпірінен орнын тапқан киелі жерлердің картасын жасап, түбегейлі аралап, зерттеуді тапсырған болатын. Күллі Алаш баласы «Жер жәннаты» деген атақ таққан, жерұйық мекен Жетісу атырабында да бұндай орындар жетерлік.

Солардың бірі ретінде асау толқыны тулаған, асқар таулары аспан сүйген айдынды Алакөл ауданының аумағында орналасқан «Борша төбені» атауға болады.
Ғасырлар қойнауына зер салып, зерделейтін болсақ бұл киелі мекеннің қазақ тарихында алатын орны ерек. Бахадүр бабаларымыздың қайсарлығы, батылдығы мен батырлығы тоң топыраққа тоғытылған жер. Өздерінен отыз есе көп қалмақ қолына жалғыз ат, жалаң қылышпен қарсы шапқан қазақ қаһармандарының ажалмен арпалысқан төбесі.
Тарих беттерін парақтайтын болсақ осыдан екі жарым ғасыр бұрын өмір сүрген Қаракерей Қақал әулие бастаған ел Жоңғар Алатауын бөктерлей мал қамын күйттеп, көктеуде жатқанда тұтқиылдан шабуылдаған қалмақ қонтайшысы қапысыз отырған халықтың төрт түлігін айдап, қыз-келіншегін байлап әкетеді. Намысымен нар сүйреген баһадүр бабамыз осы мезетте қару көтере алатын үш жүз жігіттің басын қосып, он мыңнан астам жаудың жолын бөгеуге аттанады. Ескі дала заңына сай алғашқы екі күн қос қанаттың батырларының жекпе-жегімен өтеді. Бірнеше қайталап айқасқа шықса да аттан құламаған азаматтарымыз ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қалың қолдың дегбірін қашырады. Осал қарсылас жолықпағанын сезген қоңтайшы құйтырқы әрекетке барып, сайқал тәсілге көшеді. Сардарларымен ақылдаса келіп, күшпен алмасын түсінген ол айламен жеңуді ойлайды. Сөйтіп соғыстың үшінші күні садақ оғын қарша боратып, оғландарымызды қоғадай жапырған қалмақтардың айласы асады. Он мың адырнадан атылған көбе бұзар жебелер үш жүз жігіттің сауытын сөгіп, кеудесінен өтсе де жер құшуға асықпаған батырлар ақтық демдерін іштеріне тартып, соңғы шайқастарында көрсеткен ерліктері аңызға бергісіз оқиға. «Ер сүрінсе еңкеймес жығылар тік» демекші тізелері бүгілмеген, бастары иілмеген қазақтардың мәйітінен де сескенген қоңтайшы олардың денелерін бөлшектеп, боршалап, жан-жаққа сүйреп апаруды бұйырады. Содан ол жер «Борша төбе» деп аталып кеткен көрінеді. Бұл қырғыннан «Ақбоздара» атының арқасында аман қалған Қақал әулие түнімен жау ордасын аралап, онсыз да құты кеткен қалмақтарды шетінен бауыздап, жеңіске масаттанған елді дүрліктіреді. Бастан аяқ қанға боялған батырды көргендер оны аруақ, пері деп ойлап, асып-сасады. Тіпті кейбір жүзбасылар, мыңбасылар жеке-дара қашып кетуге де тырысып, қалың қол бөліне бастайды. Бұны естіген қоңтайшы бүкіл даланы от жақтыртып, алау тұтатып аластатады. Сол сәтте адал арғымағына мінген Қақал әулие төбе ұшынан қарап тұрған деседі. Содан бері ел басына зауал төнсе «Борша төбеден» Ақбоздара кісінейді деген сенім қалған.
1909 жылға дейін қазіргі Қабанбай ауылы да «Борша» деп аталған. Аталмыш ауылға кіреберісте орналасқан төбенің тарихы осындай. Елінің азаттығы, жерінің бостандығы, қызының ертеңі, ұлының болашағы үшін қайтпас сапарға аттанған бабаларымыздың ерлігі ұрпаққа өнеге екендігі шындық. Осындай қаһармандарымыздың қанымен жазылған өткенімізді ұмытпау басты парызымыз. Ұлт дегенде ұлағатты сөз айтуға ұмтылатын Елбасымыздың арқасында тарихымыз қайта түгенделіп, ұмытуға болмайтын ұлы тұлғалардың есімі жаңғыруда. Дәл осындай тағылымды оқиғалардан дәм алып өскен жастар ұлағатты, ұлықты, ұлтжанды болып ержететіндеріне сенімім кәміл.

Алмат Есенбеков,
Алматы облысы.

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend