БАСТЫ БЕТ, ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТІ

Олжас өнегесі

Адамзаттың ақыны дәрежесіне көтеріліп, Қазақ Елін дүниежүзіне танылған мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, «Әлем Азаматы» көрнекті ақын, Халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің шынайы да шымыр шығармалары әлемдік әдебиетте үлкен құбылыс ретінде жоғары бағаланып, мағынасы рухы биік
өлең-жырлары бірнеше буынды тәрбиелеп келеді.

Олжас Омарұлының гуманист ақын ретінде «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозға­лысына басшылық жасаған қызметі де жұртшылыққа жақсы мәлім. Ақынның әркездегі қоғамдағы тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты, бейбітшілік пен достықты қадірлеуге үндейтін ой-пікірлері баршамыз үшін өте құнды.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінде тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында 2004 жылдан бері «Олжас Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие инс­титуты» жұмыс істейді. Қайраткер тұлға осында оқи­тын ауылдан шыққан студенттермен жиі кез­десіп, әртүрлі мәдени-көпшілік, спорттық ша­раларға қатысып тұрады.
Студенттермен кездесулерде көрнекті ақын әде­биет пен мәдениет, ұлттық патриотизм мен бей­бітшілік мәселесі, еліміздің экологиялық проб­лемалары және жоғары оқу орындарының ха­лықаралық білім кеңістігіне кіруі туралы пайымдауларымен пікір алмасып отырады.
Биыл да Олжас Омарұлы туған күні қарсаңында өзінің атымен аталатын институтқа келіп, университеттегі әр ұлттың жастарынан құралған студенттік «Достық» ассамблеясы мүшелерімен кездесіп, руханият тақырыбында әңгіме өрбітіп, пікір алмасты. Өнерлі жастар Олжекеңнің өлеңдерін әр ұлттың тілінде оқып, шығармаларынан композициялық көріністер ұсынып, көрнекті ақынның батасын алды.
Шығармашылық кездесуден кейін университет­тің Спорт кешенінде дәстүрлі «Олжас Сүлейменов жүлдесі» үшін волейболдан ардагер командалар арасында ХII Халықаралық турнир тартысты өтті. Турнирді ұйымдастырушы – университет ректоры, академик Тілектес Есполов.
Олжекеңнің қол добы – волейбол ойынына құмарлығын дүйім жұрт жақсы біледі. Ақын студент­тер арасында салауатты өмір салтының үлгісі де болуда. Оның бастауымен университетте ардагерлердің командасы құрылып, басқа оқу орындары мен мекемелердің командаларымен кездесулер өткізу дәстүрге айналған. Биылғы турнирге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдері командаларымен қатар, Қазақстанның Тараз, Талдықорған, Шымкент, Қарағанды, Семей, Қызылорда қалаларының және Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 2 ардагер волейболшылар командалары қатысуда. Қалыптасқан дәстүрді бұзбай, бұл жарыстарға 82 жасты еңсерген Олжекеңнің өзі де қатысып, шебер ойын көрсетті. Үш күнге жоспарланған турнирдің қорытындысы бойынша Олжас Омарұлы ойнайтын Қазақ ұлттық аграрлық университетінің командасы бірінші орынды, Жамбыл облысынан келген «Ардагер» екінші, талдықорғандық «Жетісу» үшінші, Ресейлік «Ангара» төртінші орынды иеленді.
Алдағы уақытта да университет жанындағы О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты көрнекті ақынның шығармашылық еңбектері мен азаматтығын студент жастарға кеңінен насихаттап, олардың интеллектуалды түрғыдан қалыптасып, жетілдіру бағытындағы жемісті жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра бермек. Бұл ретте жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу аса маңызды. Бүгінгі күні зерттеу университетіне трансформациялануға қадам басып келе жатқан оқу орнымыз тәрбие жұмысын заманауи тұрғыдан ұлттық бағытта ұйымдастыруды қолға алды. Заман талаптарына сай, қазіргі уақытта университеттегі тәрбие жұмыстары Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мазмұны терең, ұлттық мүддеміз бен рухани құндылықтарымызды жандандыруға бағытталған мақаласында айтылған ұлттық идеологиялық басым бағыттарды негізге ала отырып қайта түзілді. Біздің міндетіміз – рухани жаңғыру идеясы арқылы қазақстандықтардың мемлекетшіл, патриот жаңа буынын қалыптастыру.

Есенгелді МЕДЕУОВ,
ҚазҰАУ жанындағы О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институтының директоры.
Суреттерді түсірген М.Ботабеков.

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend