БАСТЫ БЕТ, ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТІ

ҚОРЖЫНЫМЫЗ «АЛАШ ТУЫ АСТЫНДА» ФИЛЬМІМЕН ТОЛЫҚТЫ

Деректі фильм түсіру – қажырқайрат пен байқампаздықты талап ететін жұмыс. Түсіру тобы, сценарист, режиссер деректі фильмді көрермен көкейіне жеткізу үшін барын салады. Не үшін деректі? Себебі, фильмде жылдар жылнамасы, тарихи шындық, белгілі кейіпкер болуы керек. Киноқоржынымызда дерегі бар, мазмұнды деректі фильмдер аз. Олқылықтың орнын толтыру үшін киногерлер тырысып-ақ жатыр. Жақында «Алаш туы астында» атты ұлт-азаттық Алаш қозғалысы туралы сыр шертетін деректі фильм жарық көрді.

Фильмді түсіру тобы Алаш қайраткерлерінің ізімен Семейдің Алаш қаласы аталған аумағында, Мәскеудегі Кремль, Санкт-Петербургтегі Дума отырыстары өткен Таврия сарайында, Смольныйда, Санкт-Петербург, Қазан университеттерінде, Уфадағы Мемлекеттік Мәжіліс өткен бұрынғы «Сібір» қонақүйінде түсіру жұмыстарын жүргізген.

Түсіру тобының жұмысы жөнінде сценарий авторы Болат Мүсірәлім: «Фильм Ресейдің төрт қаласында түсірілді. Осындай ірі қалаларда түсірілім жұмыстарын жүргізу оңай емес екенін кино саласында жүрген азаматтар жақсы біледі. Кремльде, бұрыңғы Смольныйда, бұрыңғы Дума отырған Таврия сарайында түсірілім жүргізу үшін арнайы аккредитация алу керек. Тіпті рұқсат алу үшін кейде бір жылдай уақыт кетеді екен. Алайда, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов пен елшіліктің баспасөз хатшысы Жанар Колбачаева бізге үлкен қолдау көрсетті. Осы орайда фильмнің түсіру тобы Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне алғыс білдіреді», – дейді.

Деректі фильм үш бөлімнен тұрады. Алғашқысы – «Оян, қазақ!». Меңіреу қазақ даласын оятқысы келген алаш азаматтары. Жанын бағумен шерменде болған қазақ қоғамы. Батыстың мәдени ықпалы мен жәдиттік ағымның әлегі. Дума сайлауымен басы қатқан биліктегілер. Қазақы қалыпты жоғалтқысы келмеген жанкештілер. Ұлтын ояту үшін шырылдаған бозторғай-бейнелер. Бірінші бөлімде жоғарыдағы кезең суреттеледі. Оған қоса, қазақ баспасөзінің қарлығаштарын да байқайсыз. Ұлт жанашырларының ерен еңбегі мен «ұлтым» деп соққан жүрек дүрсіліне құлақ түргендей боласыз.

«Жарияланбаған автономия» бөлімі – тарихи шындықпен арпалыс. Алашорда үкіметінің келелі шешімі. Уфадағы мемлекеттік мәжілістің қырсыры. Алаш әсеркерінің жай-күйі. Толассыз сауалдардың жауабын екінші бөлімнен табасыз. Қайраткерлердің тәуелсіздік алу мен автономия құру арасындағы шешімі. Жарияланбаған автономияның Қазақстан тарихындағы алатын орны айтылады. Алаш қозғалысы туралы санаңыздағы сансыз сауалдарға жауап табасыз.

«Қатерлі өткел» деп аталатын үшінші бөлім – кульминация тәрізді. Деректі фильмдегі ұтқан кім? Алты алашты көк күмбездің астында біріктірем деген қайраткерлер ме? Әлде қазақ жеріне иелік еткісі келген солақай саясат па? Жеңіске жеткен – тарих. Бастапқыда Голощекин қырғыны мен Сталиндік репрессияны көргенде қайраткерлер тізе бүкті дерсіз. Бірақ мүлдем олай емес. Олар – Алатаудың ар жағынан шығар бейбіт күннің ажарын күні бұрын көргендер. Елінің ертеңін тарихқа тапсырғандар. Жылдар өткен соң, дарқан далада Мәңгілік елдің шаңырағы көтерілетінін сезгендер. Іштей келер ұрпақтың қамын ойлағандарына, елі үшін барын аямағандарына қуанғандар. Қайраткерлер өтпекші болған «қатерлі өткел» қауіпті болды. Өздері өте алмағанымен, өткелден барша қазақ қоғамын өткізді.

Деректі фильм жөнінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы кеңінен тоқталды. Зиялы қауымның қазақ қоғамына сіңірген еңбегінің өлшеусіз екенін алға тартты. – Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал», – деп көрсеткен болатын. Осы орайда Алаш азаматтарының тарихи аз уақытта қазақ халқына сіңірген еңбегінің бағасы өлшеусіз екенін баса айтқым келеді. «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз!» деп жырлаған Сұлтанмахмұт Торайғыровтай бүгінде алаш ізбасарлары баршылық. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Алаш арыстары ұстанған ұлттық идеяны бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда ұштастырып, көреген саясатты ұстанып келеді, – деді министр.

Деректі фильм заман көрінісімен бетпе-бет келетінімен қызықты. «Алаш туы астында» бізді Алаш қозғалысы кезеңіне апарды. Ұлт зиялыларының тынымсыз еңбегі мен халықты бүтіндеуге тырысқан күш-жігері қайран қалдырады. Деректі фильмнің мән-маңызы да – осы. Алашордашылардың бозторғайғұмыры – ұрпақ жадында. Олар бейбіт күннің сақшыларының кім екенінен хабардар. Тарихи шындықпен жанасып, ел рухын көтерер деректі фильмдер көбейген сайын, қоғам «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» бүгінгі күннің қадіріне жетеді.

Айзат ЖОЛДАСОВА

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend