БАСТЫ БЕТ, ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАУ КӨТЕРГЕН ТОЛАҒАЙЛАР

Елімізде өтіп жатқан ұлттық мәдени шаралардың қайсы болсын, баяғы қазақ батырларының көзі тірі жұрнағындай тау тұлғалы қыз-жігіттерді көруге болады. Былайғы жұрт оларды көргенде суретке түсіп, әлеуметтік желіде бөлісуге асығады. Бірақ олардың қайдан шыққанын, қайдан келгенін, не істейтінін ешкім білмейді. Тіпті оларды Мүсілім Жұмағалиевтің жетекшілігімен ашылған «Арлан Жете» арттеатрында жұмыс істейтінін екінің бірі біле бермейді. Міне, осы санда толағай жігіттермен танысуды жөн көрдік.

«АРЛАН ЖЕТЕ» АРТ-ТЕАТРЫНЫҢ АШЫЛУЫ

Мүсілім Садықұлының айтуынша, ол сексенінші жылдардың басында Мәскеудегі музейге барған. Сол жерде бір шапан көзіне түскен. Өлшеміне қарап, оны киген адамның бойы 2 метрден кем болмаған деп ойлаған. Астына Қатонқарағайдан әкелінген деп жазылған екен. Сөйтіп, Мүсілім Жұмағалиев көрменің қызығына кіріп кеткен. Көрмеде Тараз, Шымкент, Қарағандыдан әкелінген киімдер болған, өлшемі 65тен кем емес. «Бұл киімді алып адамдар кигені анық еді. Көрмеден терең оймен шығып, сол оймен метроға кіріп кеттім, метро іші тастай қараңғы, бір кезде жарық жарқ етті, айналамда бойы ұзын жігіттер қаптап жүр. Сөйтсем, олар Балтық жағалауының баскетбол командасының жігіттері екен. Бәрі ірі-ірі, ұзынұзын, бізде де осындай ұзын бойлы, батыр тұлғалы жігіттер бар болуы керек, бірақ олар қайда деген сұрақ көкейімде қалып қойды», – дейді ол.

Сөйтіп, «Мәскеуден келген соң өнертанушы ғалым Өлкей Марғұланмен, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековпен кездесіп, кеңестерін тыңдағаным бар. Ұлттық киімдердің суретін көрсетіп, ерекшелігімізді ерінбей-жалықпай түсіндіретін. Ұлттық құндылықтарымыздың нағыз жанашырлары еді. Бертін келе Шерхан Мұртаза, Зейнолла Самашев, Ғалым Доскен ағалардың кеңесіне құлақ түріп жүрдім. Осындай ағалардың ақылы демеу болса керек, 1995 жылы «Арлан Жете» ұлттық салт-дәстүр театрын құрдым» деген ол, бастапқыда «Арлан» мен «Жете» театрлары бөлек болған. Артынан екеуін біріктіріп жіберген. Айтуынша, бұрын театр қойылым ұсынған екен. Кейін қажетті қондырғылардың қымбаттығынан, техникалық мүмкіндіктің болмағаннан қойылым қоюды тоқтатқан. Қазір көбіне үкіметтік шараларға баратын болған. Ал алғаш театр Астананың тұсаукесеріне шыққан екен.

– Қазақтың батыр тұлғалы жігіттерінің ірі екенін көрсету арманым жүзеге асты. Театр құрылған жылы 4 жігіт пен 5 қыз ғана болды. Ал қазір ұжымда 150 адам бар, оның 60-65 – пайызы жігіттер, қалғаны – қыздар. Алғашында ең ұзын жігіттің бойы 1м 90 см болса, қазір Ертай есімді жігіттің бойы – 2м 13см. Театрға келіп жатқан жігіттер әлі де көп. Соларға қарап отырып байқағаным, жыл сайын жігіттердің бойы ұзарып барады екен. Бұл Толағай қай Толағай демеңіздер, олар мен Мәскеуде көрген шапанды киген алыптардың ұрпағы, – деді Мүсілім Садықұлы.

ТЕАТРДЫҢ ТАҒЫ БІР ҚЫРЫ

Мүсілім Жұмағалиев әскерге барғанға дейін жылқы бағып, нағашы апасының қолында өскен. Нағашы жұрты шеберлер әулеті екен. «Біз бүгін көненің көзі деп санап жүрген ұлттық бұйымның барлығы нағашымның үйінде күні кешеге дейін қолданыста болды. Нағашыларымнан жұққан болса керек, бүгінде киім дизайнерімін», – дейді Мүсілім Садықұлы. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында график алық дизайн мамандығы бойынша оқуға түсіп, кейін бірінші курста «Костюм дизайны» мамандығына ауысып кеткен. Үшінші курста Парижде жас сәнгерлер арасындағы көрсетілімге қатысып, топтамасын Пьер Карден, Тедом Лапидус, Вячеслав Зайцев сынды әлемдік деңгейдегі сән мэтрлерінің коллекцияларымен қат ар көрсеткен. Түрлі сән апталықтары мен сән маус ымдарына да қатысқан. Сол кезде белгілі дизайнерлердің жұмысты көшіріп алатынын байқап, өз жолын табуға кіріскен. Онда да жолын ұлттық киіммен бай ланыстырмақшы болған.

– Біз ұсынатын ұлттық киімдер бір-біріне ұқсамайды. Әр киім өзінше бір әлем. Материал сапасы ұстағаннан-ақ сезіледі. Таза былғарыдан тігіп, асыл тастар тағып, күміспен көмкереміз. Бір сөзбен айтқанда, көз жауын алар киімдер тігеміз. Осы деңгейге жету үшін әуелі, ұлттық киімдеріміз туралы деректерді жинадым. Киімдердің ерекшелігін, ол заманда матаны қайдан алғанына дейін әбден зерттедім. Жібек маталарды Кашмир, Үндістан мен Қытайдан алған екен. Ал мен Дубайдан аламын, тері мен былғарыны өз елімізден, аса сапалы теріні Италияға тапсырыс беремін. Мәселен, бөрік тігетін теріні Копенгагеннен аламын. Өкініштісі сол, Қазақстанда сапалы тері өңдейтін зауыт жоқ. Бар зауыттың былғарысы талабыма сай келмейді. Театрымызда тігінші жоқ. Өзім жұмыс істейтін өнер академиясында оқып кеткен шәкірттеріме тапсырамын. Ал сауыттарды соғу, бас киімдерді тігу бауырларымның міндетіне айналған. Біздің әулет төрт ғасырдан бері ұсталық пен шеберлікті кәсіп еткенін айттым ғой. Бауырларымның бірі әскери, бірі – аспаз, енді бірі тағы басқа салада, бірақ олар сауыт та соғады, бөрік те тігеді, ата кәсіп пен ұлттық өнерді тастап кеткен жоқ. Хобби ретінде айналысады. Ал теріні өзім өңдеймін, қазақтың көне тәсілімен айранмен илеймін. Театр үшін тігілген киімдерді санамаған екенмін. Жобамен 300-ге жеткен еді, біразы жоғалды, қолды болды, – деді «Арлан Жете» арт-театрының жетекшісі М.Жұмағалиев.

Майра ӘУЕЗБАЕВА, Назарбаев университетінің студенті:
Бойым – 1м 83 см, жасым – 22-де. Мүсілім ағамен сән апталығында таныстым. Ол кезде 15 жаста едім. Театрда жүргеніме 7 жыл болды. Бұл театрға сіңлім де келді. Ол – 16 жаста. Театрдағы қызжігіттер түрлі мамандық иелері. Мысалы, мен экономист мамандығында оқимын. Болашақта мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Біз көбіне мемлекеттік жиындарда, әкімшілік ісшараларда, туристік көрмелерге қатысамыз. Театрдың арқасында әлемнің түкпір-түкпірін араладым. Театр екінші отбасыма айналды десем болады. Мұнда біз бір үйдің баласындаймыз. Бойым ата-анама тартса керек, олар бойшаң кісілер. Ешқандай диета ұстамаймын. Бойыма байланысты ыңғайсыздық туған емес. Тек театр жігіттерінің «Тальго» пойызына әрең сыятыны бар. Қонақүйге барғанда ыңғайлы болу үшін ең үлкен бөлмені сұраймыз. Бойымыз ұзын еді деп, жеке ұшақ жалдаған емеспіз.

Ертай ҚАДЫРОВ, қаржыгер: – «Арлан Жете» арт-театрындағы ең бойы ұзын жігіт екенмін, жасым 24-те. Театрға әр жігіттің келу тарихы әртүрлі. Мысалы, мен театрдың жігіттерімен көшеде таныстым, олар мені көріп қалып, сөзге тартты. Театр туралы айтты. Сосын Мүсілім ағамен танысып, сынақтан өттім. Алматыдағы «Нархозды» бітірдім. Туған жерім – Ақтау, бірақ қазір Алматы қаласында тұрамын. Бойым – нағашы жұртыма тартқан. Ұзын бойды қолдан жасай алмайсыз. Құдайдың бергені, қанда болуы керек деп ойлаймын. Бағыма орай, Алматыдағы автобустардың төбесі биік. Көлікке сыясыз ба деген сауалды жиі қояды. Таксиге сыйып жүрмін. Шетелде жиі боламыз, жақында ғана Барселонаға барып келдік. Алдағы күндері Қытайға барамыз, біраз жігіт Жапонияға барып келді. Барған жерімізде қазақ халқы ірі халық деп таңданып жатады. Қазақ хандығының екінші маусымына шақырды. Сол фильмге түстім. Бірінші маусымына да біздің театрдың жігіттері түскен. Массовкада батырлардың рөлін ойнаймыз. Мамандығым бойынша Алматыда жеке қаржылық ұйымда еңбек етемін. Театрға келгелі көп өнер үйренуге тырысып жатырмын. Дауылпазда ойнаймын.

Дайындаған Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend