БАСТЫ БЕТ, РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

ӨСКЕМЕНДЕГІ АЛЫП САЯБАҚ

Қай жерге барсам да ел аузынан естіген орындарды көруге асығамын. Осы жолы Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласына жол түсті. Алғаш рет келгендіктен болар, қаланы аралауға асықтым. Алдымен талай адамның аузынан естіп, есімді алған Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафты қорық-мұражайына бағыт алдық.

120 гектар аумақты алып жатқан қорық-мұражайын көз алдыңызға елестетіп көріңіздер. Өмірімде бірінші мәрте кезіктірген ең үлкен демалыс орны болды. Толық танысуға бір күн жетпейді. Уақыттың тығыздығына байланысты, өкінішке қарай жылдам шолып шығуға тура келді. 1968 жылы құрылған мұражайда Шығыс Қазақстан облысында тұратын халықтардың 17 елдімекені, әскери кешені, зообақ, ботаникалық саябақ, Шеберлер қалашығы, «Көгілдір көлдер» отбасылық демалыс аймағы, «Жібек жолы» экспозициясынан тұратын энтографиялық кешен кездеседі. 8 гектар алаңдық зообақта сүтқоректі мен құстардың сан алуан түрі бар. Күннің салқындау себебінен құстың барлығы жылы жерге ауысыпты. Тек қасқыр, қоңыр аю, теңбіл бұғы, түйе, елік, марал, жабайы қабан сынды жануарларды байқадық. Мұнда хайуанаттардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін өсірілуде. Келген қонақтар кішкентай балаларымен аралап жүр. Нағыз отбасымен серуендейтін мекен екен. 14 гектарлық ботаникалық бақта түрлі табиғиклиматтық аймақ флорасы орналасқан. Олар: ислам, жапон мәнеріндегі бақ, террасалы бақ, классикалық музыка аллеясы, көпфункциялық маңызы бар жазғы жабық алаң, кеңестік кезең ескерткіштері аллеясы, Көрмелік кіші павильон, Көрмелік үлкен павильон, сахнасы бар музыкалық аллея. Бақта түрлі табиғиклиматтық флораның өкілдері орналастырылған, оларды жергілікті жағдайда ашық топыраққа жерсіндіру жөнінде тәжірибелер және ғылымизерттеу жұмыстары жүргізілуде. Телімде жылусүйгіш өсімдіктерді өсіруге арналған оранжереялықжылыжайлық шаруашылық, райхан, қызғалдақ, жұлдызгүлдер мен т.б. гүлдерді өсіруге арналған розарий, көшеттер өсіруге арналған тұқымбақ орын тепкен. Этнографиялық кешен қысқа уақытта салынған. Ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келген болатын. 10 гектар жерді алып жатқан мұражайда ШҚО халықы мен аз санды этнотоптары, халықтық сәулетшілігінің ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың ортасында 16 қонысы және жеке тұрған 3 нысан бар. Қалыпты уақытта олардың ішіне еніп, тіпті, әр ұлттың тұрмыстық құралдарымен де танысуға болады. Қазір ауа райының сууына байланысты жабық тұр. Ал 3 гектарлық әскери кешен 2 павильоннан тұрады. Бірінші павильонда «өмір үшін өлімнен қаймықпағандарға…» атты экспозиция орналасқан, ол Ұлы Отан соғысы жылдары ұрыс алаңдарында соғысқан шығысқазақстандықтар туралы сыр шертеді. Экспозиция Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Екінші павильонда «Ауған қасіреті. Кеңес Одағының соңғы соғысы. 1979 – 1989», «Ерлік мектебі: чернобыльшіжоюшылар» экспозициялары орналасқан.

 

Абаттандырылған отбасымен демалу аймағы жаяу жүргіншілер бойында күркелі сәкілер, орындықтар, алаңқайлар мен газондармен қамтылған. «Көгілдір көлдер» жағажайы, Қайық станциясы, балалардың көрме-ойын кешені, «Қозы көрпеш пен Баян сұлу» атты отау құрушыларға арналған кешені бар. 2013 жылы Сол жақ жағалау кешенінің аумағында «Жібек жолы» экспозициясы ашылды. Онда сәулет қолөнер бейнелері: Қазақ жерінің «Хан сарайы», «Керуен сарай», Үндістанның «Раджа сарайы», Орта Азиядан «Өмір сарайы» және Қытай «Император сарайы» бар. «Каравелла» көрме орталғы, лабиринт, сарқырамалар көздің жауын алып, келушілердің назарын бірден өзіне аударады. Сол жақ жағалаудың тағы бір ерекшелігі – шеберлер қалашығы. Қалашық «Қазақстандағы көркемөнер кәсібін жаңғырту және қолөнердің дамуы» бағдарламасы бойынша қорық-мұражайының жанында ашылған.

Демалыс орнының тағы бір ерекшелігі – құнды қорлардың сақтауында. Қор жылына орта есеппен 3000-5000 мұражайлық затпен толығып отырады. Маңызды коллекцияларын мата және ағаш құрайды. Олардың әрқайсысында 5 мыңнан астам зат бар. Киім, кілем, киіз бұйымдары, белбеулердің бірегей топтамасы топтастырылған. Қазақтардың тоқыма өнерінің туындылары басқұр, бау, алаша, қоржын ерекше маңызға ие. Мұражай қорында жүкаяқ, сандық, кебеже, тегене, ожаудың көптеген түрі сақтаулы. Қорықмұражайдың негізін қалаушы Николай Зайцев тарих пәнінің мұғалімі болып жүріп, мектепте этнографиялық мұражай ұйымдастырады. Кейін өлшеусіз еңбектің арқасында осындай алып саябақ бой көтерді.

«Жүз рет естігенше, бір рет көр» демекші, осындай ғажайып саябақты тек көзбен көру керек. Ал арнайы барып қайтсаңыз еш, өкінбейсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ұлттық дүнетанымды сақтау туралы айтылған. Ал осындай қорықтарда қаншама тарихи туындылар сақтаулы. Ол да «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосылған сүбелі үлес.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend