ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТІ, РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Таңғажайып ТЕАТР

Астананың 20 жылдығы мен қазақ көркемөнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына орай «Қазақстан – Еуразияның жүрегі» атты Орталық Азия елдерінің VII халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылды. Фестифаль Алматы облысы Талдықорған қаласында жаңадан салынған 510 орындық драма театрдың ашылуымен тұспа-тұс келген. Байқауға Башқұртстаннан, Түркіменстаннан, Түркиядан, Қырғыз және Өзбекстаннан, сонымен қатар еліміздің областарынан келген театр ұжымдары өнер көрсеткен.

Құттықтау сөзінде Амандық Баталов жаңа театрдың ерекше сәулеттік және құрылыстық ескерткіш екенін атап өтіп, жаңа театр ғимаратының ашылуымен және Орта Азия елдерінің «Қазақстан – Еуразия жүрегі» атты VII Халықаралық театр фестивалінің басталуымен құттықтады. «Бұл жобаның жүзеге асуына Мемлекет басшысы зор қолдау көрсетті. Бүгін жоспарларымыз жүзеге асты. Күні-түні осы нысанның басы-қасында жұмыс істеген құрылысшыларға, сәулетшілерге, дизайнерлерге алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Бүгін халықаралық фестиваль аясында театр өз сахнасында мазмұнды қойылымдарын ұсынады», – деді А. Баталов.

Көрермендердің қызу ықыласымен қызыл кілемде театр және кино актерлері, шара қатысушылары мен қонақтары жүріп өтті. Салтанатты шараның құрметті қонағы ретінде көрнекті өнер қайраткері, театр және кино актері, режиссер, сценарист, мем лекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов құттықтау сөз сөйледі.

– Халықаралық фестивальдің мақсаты – театр өнерін халыққа кеңінен насихаттау және Орта Азия елдеріндегі өнер ұжымдарының өзара ын тымақтастығын арттырып, тәжірибе алмасуын қам тамасыз ету. Мәртебелі халықаралық шара үшін Талдықорған бекер таңдалған жоқ. Алматы облысындағы Бикен Римова атындағы драма театрдың бүгінге дейін жеткен жетістіктері баршылық. Облыс басшылығының көркем өнерге деген қамқорлығы ерекше. Осыдан екі жыл бұрын жаңа драма театр ғимаратының қазығын қағуға қатысқан едім. Енді, міне, жаңа театрдың ашылуына келіп отырмын. Жаңалықтың халықаралық фестивальге, қазақ өнерінің, оның ішінде театр өнерінің дамуына үлкен еңбек сіңірген, бастауында тұрған Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына орайлас келуі де бекер емес, – деді Асанәлі Әшімов.

Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрының директоры Ғалия Темірбаева халықаралық театр фестивалі жайлы жан-жақты айтты. Қандай өнер ұжымдарының келгенін, қойылымдардың қашан, қай уақытта болатынын, оларға кірудің тегін екенін жұртшылыққа жеткізді.

Сол жерде биылғы «Серпер» жастар сыйлығының иегерлеріне марапаттары тапсырылды. Театрдың лентасы қиылып, шара қонақтары театр ғимаратын аралап, экскурсия жасалды. Мұнан соң Амандық Ба-талов барлық келушілерді Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» шығармасы бойынша дайындалған қойылымды көруге шақырды. Қойылымды Б.Римова атындағы драма театрының труппасы дайындаған.

Атап өтсек, қазіргі Б. Римова драма театры отырған ғимарат бейімделген ғимарат болғандықтан, драма театрын салу туралы шешім қабылданып, оның құрылысы 2016 жылдың қазан айында басталған болатын.

Құрылыстың сметалық құны 3,7 млрд теңге. Ғимараттың жалпы алаңы 10,5 мың шаршы метр. Жаңа театрдың құрылысы кезінде негізгі басымдық әртістер мен көрермендерге қолайлы жағдай жасауға берілді. Әсіресе, ол жарыққа, дыбысқа және акустикаға қатысты.

Жалпы, халықаралық театр фестивалі екі жылда бір рет болатын. Негізі, бұл өнер сайысы 2006 жылдан бастау алған. Содан бері 6 фестиваль өтіп, көршілес елдердің театр өнерін одан әрі дамытуға және жас-тардың актерлік шеберлігін шыңдауға едәуір септігін тигізді.

Анар ҚОНЫС,

Талдықорған.

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend