ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТІ, РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

«МҰЗБАЛАҚ»: қыран қанатын қақты

Біріккен Араб Әмірлігінің тұңғыш билеушісі шейх Зайед бен Сұлтан әл Нахайян «Қызыл кітапқа» енген қырандардың жойылу қаупі туған соң, жаңа бағдарлама қабылдайды. Қасиетті құсты сақтап қалу үшін оларды бостандыққа жіберіп, көбейту туралы шешім шығарады. Еркіндік берер алдында әр қыранға арнайы құрылғыны қоса іледі. Яғни, олардың ұшу бағыты мен барлық тірлігін бақылауда ұстайды. Нәтижесінде, мамандар мынадай қызық фактіні байқапты: Арабиядан ұшқан қыранның көбі шығыстағы Күршімнен бір-ақ шыққан екен. Құстардың өмір сүруіне қолайлы жердің бірі – біздің ел. «Қырантекті қазақ» тіркесінің бекер емесін осыдан байқасақ болады. Мұны неге айтып отырмыз? Ұлттық болмысты оятып, қыран мен қазақтың байланысын тереңнен түсіндіретін туындының тұсауы кесілді. Кішкентай көрерменге арналған «Мұзбалақ» қанат қағып, еркін самғады. Қазақстанның барлық кинотеатрынан тамашалауға мүмкіндік бар.

Мультфильм қазақ тілінде дыбысталып, орысшаға дубляж жасалған. Тұсаукесеріне біз де арнайы бардық. Қазақша көрсетілім өтетін жерде ине шаншар орын болмады. Көбі – балалар. Әлбетте, «Мұзбалақтың» жұмыс тобы үшін олардан өзге қадірлі қонақ жоқ. Кинозалдың ең соңына көз салсақ, жалғыз орын қалыпты. Құрбым екеуміз бір орынға жайғассақ та, көңіліміз тоқ. Өйткені бұл фильмнің шығуын ұзақ күттік. Отандық анимацияның толықметрлі туындымен толыққанына қуандық. Мультфильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген. Тұсаукесерден соң қос режиссер – Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы мен сценарий авторларының бірі, қоюшы-суретші Адай Әбілдамен сұхбаттастық. Толықметрлі туынды екі жарым жыл түсірілген. Осындай көп уақытты талап еткен жұмысты еңсерген соң арқадан жүк түскендей болуы – заңдылық. Дегенмен режиссерлердің дамылдайтын түрі жоқ екен. Тұрдыбек Майдан «Алтын адам» атты анимациялық фильмнің жұмысына кірісіп кеткенін айтты. «Тұсаукесердің ойдағыдай өткеніне қуаныштымыз. Әрине, еңбектің нәтижесін көрген жақсы. Келесі жобаны қолға алып кеткен соң ба, жеңілдегенімізді аса сезіне алмай отырмыз. Алда «Алтын адам» туралы мультфильмнің жұмыстарымен айналысамыз. Фэнтези жанрындағы туынды болады. Бұл тақырып көпшілікке түсінікті. Тіпті күллі әлем үшін белгілі деп ойлаймын. «Қазақфильм» алғашқы дайындық кезеңіне жіберді. Соған кірісіп кеттік. Жалпы алғанда, тұсаукесерден соң көпші іктен тек құттықтаулар ғана қабылдап жатырмыз. Әсерлерімен бөлісіп, толқығандарын, тіпті кейбірі көзіне жас алғанын айтты. Бұл енді – көрерменнің пікірі. Режиссер ретінде айтар болсам, өзің түсірген дүние ешқашан 100 пайыз көңілден шықпайды. Себебі, «әттеген-айлар» болады. Ең біріншіден, қаржы мен уақыт мәселесіне қатысты. Біздегі техникалық мүмкіндіктер жоғары деуге келмейді. «Мұзбалақта» іске асыра алмағанды келесі фильмге қосуға тырысамыз. Өйткені осыған дейін «Тастүлекте» қойылмай қалған сахналарды, сол кезде бергіміз келген режиссерлік шешімдерді осында көрсеттік. Демек, алда жасалатын «Алтын адамда» «Мұзбалақта» болмаған мүмкіндіктерді пайдаланымыз деп ойлаймын» дейді ол. Мультфильмде фэнтези жанрының элементтері барын білген соң, оқиғалардың аяқасты ауысуына, қиялдың қосылуына іштей дайын болып бардық. Балапанын қорғаған бүркіт айдаһармен алысып жатып, тырнағынан айырылады. Оны бас кейіпкер Ақтай тауып алып, мойнына бойтұмар етіп тағатын эпизод бар. Ол жалт-жұлт етіп жанған сайын, әлдебір сиқыр болатындай сезілді. Бәлкім, бойтұмарды аспанға сілтеп жібергенде алпауыт күш иесіне айналып кетер ме екен деп отырғаным рас.

Бірақ ондай болмады. Мұның мәнін сұрағанымызда, Тілек Төлеуғазы бойтұмарды тек достық символы, қасиетті зат ретінде көрсеткіміз келді деп жауап берді. «Бүркіттің тырнағын бойтұмар қылады. Яғни, оны тек қасиетті зат ретінде көрсеткіміз келді. Егер қиял-ғажайып қосқанда, ол сиқырлы затқа айналып, барлық сырын жоғалтар еді. Бұл жерде тырнақ – Ақтай мен бүркіттің арасындағы достықтың символы», – дейді Тілек. Тұрдыбек болса, «Фэнтези жанрындағы әсерді беру үшін түсті көбірек қолдандық. Мысалы, түсте бүркіт иесіне көңіл-күйін айтады. Қырандар «Аспанда жүрсем қанатым талады, жерге түссем Жалайыр Шора ұстап алады» деп мұң шағыпты деген аңыз бар. Сол абыздың бейнесін беруге тырыстық. Бұдан артық әсер қоссақ, асырасілтеу болып кетер еді. Мысалы, «Ер Төстікте» темір сауыт киіп, робот секілді ұшып кетеді. Сол кезде халық мұны басқаша қабылдамаған. Қиял дегенің – шексіз әлем. Түрлі нәрсе қоса беруге болады» деген пікірін жеткізді. Тұсаукесерден соң жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы ақжарма тілегін жолдады. Қыран мен қазақтың байланысы жайлы да сөз етті. «Екі режиссер де қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдаровтың көзін көріп, қолын алған соңғы шәкірттерінің бірі. Олардың бірнеше жылдық еңбегінің нәтижесінде «Мұзбалақ» сынды туынды жарыққа шығып отыр. Туымызда бүркіттің бейнесі бар, қазақ өзін қыранға балап жатады, «Рухани жаңғырудың» эмблемасында да қыран тұр. Мұның негізінде ұлттық болмыс жатыр. Осыны тереңнен түсінуіміз керек. Қазақ баласына «қанатың талмасын» деп бата береді. Одан кейін «тұғырың берік болсын» дейді. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген де бар. Абылай ханның тұсында 3000-ан астам бүркіт болыпты деген тарихи деректер белгілі. Осыны қайта жаңғырта алмай келеміз. Қыран – еркіндіктің құсы. Сол еркіндіктің аспанында ұшқан бүркітке өзімізді балап, болмысымызды теңестіреміз. Фильм осыны сезіндіреді. Бүркіттің адамға достығы көрініс табады. Құстың тілін таба білгеннің артықшылығы баяндалады. Сондықтан бұл мультфильм Қазақстанның барлық аймағында көрсетілсе дейміз. Насихаты кем болып жатқандай көрінеді. Астанадағы тұсаукесеріне ата-аналар мен балалардан бөлек, ресми орындардан ешкім келген жоқ. Негізі, мұндай туындылар көптеп түсіріліп, жарнамалануы тиіс. Балалардың бойына ұлттық рух сыйлайтын мультфильмдер жоқтың қасы десек, «Мұзбалақ» ойсыраған орынды толтырып жатқан секілді» дейді Ұларбек Нұрғалымұлы. «Қазақ анимациясын қайтсек дамытамыз?» деген тақырыпта мамандарға қоса біздің «Айқын» да талай шырылдады. Тұрдыбек Майдан дамытуды әркім өз шаңырағынан бастауы керек деген пікірді алға тартты. «Қоғамға дендеп кеткен бір дерт бар. Ата-ана баласы дүниеге келген соң қазақы дүниені көрсете бермейді. Шетелдің арнасы қосулы, сол жақтың туындысын тамашалайды. Содан санаға қалай сіңгенін байқамай қаламыз. Ақыры «Мұзбалақ» сынды ұлттық туындыны көргенде, бұл балаға жат сияқты сезіледі. Сол себепті көрерменді тәрбиелеу керек. Қазақ анимациясын дамыту үшін ел болып атсалысу керек. Мәселе тек мамандарда емес. Ата-аналар осындай рухани дүниені баласына көрсетуге тырысса екен. Сол жайында сөйлесіп, түсіндірер болса, дертке дауа болар еді» дейді ол. Адай Әбілда болса, айта берсең, өкпе көп. Осының өзіне қуану керек дейді. «Қазақ анимациясына елу жыл толды. Сол жарты ғасыр бойы наз айтумен келеміз. Бірақ қазір, меніңше, қуануымыз керек. Анимацияға көбірек көңіл бөлініп жатыр. Демек, бұрын-соңды болмаған жанрдағы дүниелерді жасау қолымыздан әлі-ақ келеді деген сөз. Бізге әлі өсу керек. Ол үшін мультфильмнің саны көп болғаны дұрыс. Әзірге сапа туралы сөз қозғамай, санын асыру қажет. Өйткені әлемдік тәжірибеде дәлелденген: санның соңы – сапа. Бізге керегі Үкімет тарапынан – қазіргіден де мықты қолдау, көрерменнен – сұраныс». Тұрдыбек Майдан болса, кино заңының тезірек қабылдануын күтіп жүр екен. «Елбасымыз кино туралы заң керегін айтқан еді.

Әрине, көп дүние заңмен қорғалуы қажет. Мысалы, «Мұзбалақты» ел көретін уақытқа қою – заңмен шешілетін дүние. Ондай жағдайда, кинотеатрларға заң бойынша талап қоя алар едік. Осы күнге тезірек жетсек екен. Жыл сайын белгілі бір мөлшерде анимациялық кино түсіруге қаражат жүйелі түрде бөлініп тұрса дейміз. Сонда біз жоспарларымызды реттеп, үлкен дайындық жасаймыз. Ондай кезде жақсы туындылардың саны да көбейер еді. Мықты дүние жасау қолымыздан келеді. Үлкен фильмнің көлемін құшақтап көрдік. Құшағымыз жетті. Алда да руханиятқа жұмыс істей береміз, бұйырса» дейді. «Алдар көсе» көрсетіле бастағанда кейіпкерлерінің бейнесіне қатысты біраз сынның астында қалған еді. Түрінің қазаққа ұқсамауына қоюшы-суретшілерінің өзге ұлт өкілдері болғаны әсер етті деген болатын. «Мұзбалақта» мұндай мәселе туындамайтын сыңайлы. Өйткені адам тұрмақ, қыранның өзі – қазақ сияқты. «Өнер академиясында оқып жүргенде оқытушыларымыз «Сендер қанша жерден шетелге ұқсатқыларың келгенімен, бәрібір кейіпкерлерің қазақ болады. Өйткені өздерің – қазақсыңдар» дейтін. Тіпті әр сызықтарымыздан қазақтың исі шығып тұрады. «Мұзбалақтың» кейіпкерлерін салу барысында дәстүрлі түстер мен реңдерді қолдануға тырыстық. Сондай-ақ бет-пішіні мен үйлесімге баса мән бердік. Мақсатымыз – ұлттық колоритті заманауи түрде жеткізу болатын. Жаңашыл дегенде роботтарды қосу емес, әнмен әрлеу арқылы бергіміз келді. Байқасаңыздар, саундтрегі өте заманауи. Жақында бір кісіден «Сендердің бүркіттерің қазақ сияқты қуанып-қайғырады екен» деген пікір естідік. Демек, мақсат орындалған секілді». Мұндай пікірді Адай алға тартты. Мультфильм еліміздің бірқатар облыстарының кинотеатрларынан беріледі. Әдетте, отандық туындылардың тысқары қалып, елдің көп келетін кезіне тап болмайтыны бар. «Кин оның берілу уақыты алдағы уақытта сұранысқа қарай белгіленеді. Яғни, прайм-таймға қойылуы үшін көрермен тарапынан көбірек сұралуы қажет. Тұсаукесерден соң бір апта ішінде келген көрермендердің санына қарап бағаланады. Сұраныс жоғары болған жағдайда көрсетілу мерзімін бірнеше айға созады. Осы ретте көпшіліктің қолдауы қажет» деп Тілек Төлеуғазы көрермендерден көп үміт күтетінін айтты. Сөз соңында, бір қуаныштың соңынан екіншісі ілесетінін айтқымыз келеді. Өйткені отандық анимацияда – жаңа туынды. Көптен күткен «Күлтегіннің» де көрерменімен қауышар сәт алыс емес. Әзірге нақты уақыты белгісіз екен. Десе де, шамамен, қараша айының ортасына қарай көріп қалуымыз мүмкін. Тарихи деректерге негізделген мультфильм кең көрсетілімге дайын екен. Режиссері Адай Әбілда осындай жақсы жаңалықпен қуантты. Балаңызға көрсетер дүние көбейіп келеді. Сізден керегі – сұраныс. Кинотеатрға барып, қалтаға ақшаны салып, оған билет алып, тамашалаңыз.

Айша ЕРСҰЛТАН,

Алматы облысы.

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend