ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТІ, РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

«КҮЛТЕГІННІҢ» КӨК СЕМСЕРІ

Бала кезімізде тарихи кітаптарды оқып, оқиға желісін өзімізше өрбітетінбіз. Түрік жұртының азаттығы үшін шайқасқан Бумынды, елінің бірлігін бүтіндеуші Тоныкөкті қиялымызда елестететін едік. 1994 жылы Дисней анимациялаған «Арыстан патша» сынды мультфильм біздің елде де жарық көрсе дейтінбіз. Араға жылдар салып, Адай Әбілда арманымызды орындады. Енді еліміздің барлық кинотеатрынан Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Күлтегін» толықметражды мультфильмін тамашалауға мүмкіндік туды.

Мультфильм Бумын қағанның Түрік қағанатын құрып, етек-жеңді жинаған уақытынан басталады. Ащина тайпасы – түріктердің түп негізі екені де айтылады. Бүгінде балалардың күшіне тамсанып жүрген «Супермэн» мен «Бетмэнін» бір образдан көруге болады. Сюжеттің шебер құрылғанына таңданып, технологиямыздың ақырындап дамып келе жатқанына көз жеткізесіз.

Туындыдағы әрбір элемент тарихпен тамырлас. Елтерістің өлімді сезгендей, Тәңірден халқының амандығын тоқтаусыз сұрағаны, кейіпкерлердің әсерлі монологы жаныңызды жадыратады. Білге мен Күлтегіннің тел өсіп, елдік жолында бірігуін де режиссер жақсы алып шыққан. Елі үшін жаралған азаматты Тәңір қолдайтыны, қара ниеттіні қара тас та кешірмейтіні баяндалады. Көк бөрі, Ұмай ана, су мен от тәрізді киелі дүниелерді де сәтті үйлестіре білген. Бақсаңыз, сіз көрген мультфильмдерде зұлым кейіпкердің не аса таяғы немесе сиқырлы жүзігі болады. Қапаған образын ашуда зұлымдықпен бірге жасыл кристал жүзіктің күшін қолданғаны да – тәп-тәуір идея. Бастысы, соңында татулық пен бірлік салтанат құрады. Азаттықтың негізі тұтастықта екені айқындалады. Көрерменге иық тіресе, бір мүддеде біріксе ғана, елдің ажары кіретінін түсіндіреді.

Анимациялық фильмнің режиссері Адай ӘБІЛДА:

– Бұл – менің алғашқы толықметражды дебютім. Бағасын көрермен береді. Бізге әрбір пікір маңызды. Күлтегін образын дүниеге әкелуге «қазақтар ешқашан мемлекет болмаған» деген сөз сеп болды. Біз – Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаған мемлекетпіз. Дегенмен тарихымыз бұдан да тереңнен бастау алады. Сақ, ғұн, үйсін тайпалары, келе бере – Түрік қағанаты. Қағанат тарихындағы жарқын образдардың бірі «Күлтегінді» анимациялауды қолға алдық. Бір жыл бойы тынымсыз жұмыс істедік. Бұл мультфильмнің артында қаншама еңбек жатыр. Оқиғаны үйлестіру, кейіпкер сөзі, образдар үйлесіміне ұзақ ойландық. Бәрінен туындының тәрбиелік мәнін жоғары қойдық. Әрине, кез келген дүниеден мін табуға болады. Сапасы жағынан Америка, Азия елдерінің технологияларына жетпейді. Дегенмен мультфильмдегі елге деген сүйіспеншілік, бауырмалдық, береке-бірлік жанға жылу ұялатады. Көрерменге бірлік болғанда ғана, тірліктің алға басатынын көрсеткіміз келді.

«Күлтегін» мультфильміндегі негізгі кейіпкерлерді еліміздің белгілі театр және кино актерлері дыбыстаған. Қазақстанның халық артисі Нүкетай Мышбаева, Мерей Әжібеков, Динара Әбікеева және Филипп Волошиндер қатысқан мультфильм көрермен қызығушылығын оятып жатса, жетістік сыры сапалы жасалған дубляж жұмысымен тікелей байланысты. Белгілі әртістермен бірге көптеген голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дыбыстаған Рамазан Амантай («Бизнес по-казахски»), Әлихан Байсұлтанов («Базарбаевтар») секілді жас актерлер де тарихи кейіпкерлерді аса жауапкершілікпен дыбыстаған.

Анимациялық фильмнің көрсетіліміне келген актриса Динара Бақтыбаева «болашақта қазақтың ержүрек қыздары туралы туынды түсірілсе» деген ойын білдірді. Актрисаның ойынша «Чудо женщинадан» да сәтті кейіпкер ойлап табуға болады екен. Шынында да, Гауһар, Бопай сынды аруларымыздың тағдырын фильмге арқау етсек тамаша емес пе?!

Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихи тұлғаларымыз жайында кино, мултьфильм түсіру жайын сөз етеді. Күлтегін – бастамаға сәтті қолдау әрі лайықты демеу екен дедік.

«Күлтегін» мультфильміндегі құндылықтардың өзі – бөлек әңгіме. Сайын даладағы наурыз мерекесі, әженің «Наурыз көже ішкеннің жолы болады» деуі, теңге ілуде немеренің қырағылық танытқаны – сценарист шеберлігі.

Туындыда көк пен сары түстің үйлесіміне назар аудармасқа болмайды. Елтеріс жамылғысының көк пен сарыдан болуы – біздің қазіргі байрағымыздың негізі ма дерсіз. Тұмса табиғатты да сөйлете білген. Тату елдің түндігінен күн күлері, алауыздың аспанынан ала бұлт кетпеуін тамаша бейнелеген. Ұғынғанға іліп алар дүние жетерлік.

Сөз арасында Адай Әбілдадан «Түрік қағандары жайлы серияны жалғастырасыз ба?» деп сұрадық. Режиссердің айтуынша, Күлтегіннен кейін бір кеңестің болары анық. Олар қазір ой үстінде. Бүгінгі балаларды таңғалдырудың жолын іздеп жатыр.

Айзат ЖОЛДАСОВА,

Алматы облысы.

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend