РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫСЫНЫҢ ҚИЛЫ ТАРИХЫ

Еуразия континентін дүр сілкіндіріп, адамзат тарихының өзгеше өрбуіне ерекше әсер еткен көшпенділер даңқы ежелгі дәуірлер қойнауынан жаңғырып жеткендей. Әсіресе сахараны шаңдата жүйткіген тұлпарларының тұяқ дүбірі құлағыңнан кетпейді. Иә, сәйгүліктер сол даңқты бабаларымыздың айырылмас серігі болатын. Жылқы малы мінсе көлігі, жесе тамағы, ішсе сусыны, кисе киімі ретінде халық тіршілігі мен ел экономикасының да негізі еді. Көшпенділерді жылқысыз елестету садақты жебесіз атқанмен бірдей екені түсінікті. Жылқы тек төрт түліктің бірі ретінде ғана емес, көшпенділер тіршілігінің тірегіне айналған соң, оның салт-дәстүрі мен өмірлік философиясынан көрініс таппауы мүмкін емес. Бүгінде ғылым мен техниканың дәуірі жүріп, жылқының маңызы бұрынғыдай болмаса да, жылқы десе ішкен асымызды жерге қойып, елегізе елітіп отыратынымыз соның айғағы болса керек.

Біз, әдетте, өзімізді «жылқы мінездес халықпыз» деп мақтанатынымыз бар. Бала кезімізде де аналарымыз «құлыншағым» деп еркелетсе, құлдыраңдай шауып, мәз болатын кезіміз есіңізде болар. Арғы аталарымыз да ат жалын тартып азамат болғаннан бастап, ана дүниеге аттанғанша аттан түскен жоқ. Сонау Эллададан бастап, қиырдағы Египетке дейін кентаврлар туралы аңыз қалдырды. Достарына құшағын айқара ашып, қастарымен ат құйрығын кесісті. Ал қателессе, ат-шапан айыбын төледі, еліне қауіп төнгенде, «аттандап» жауға шапты. Осылайша, жылқы тек көлік ретінде ғана емес, философиясы мен мәдениетінен, тілі мен қисса-дастандарынан орын теуіп, халқымыздың бөлінбес рухани дүниесіне айналды. Әйтеуір, аталарымыз жылқы малына атүсті қараған жоқ. «Тегіміз түркі, көлігіміз жылқы» деп оны басқа түліктен артық санады. Кешегі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да жылқы малын қазақтың брендіне айналдыруды сөз еткен болатын. Иә, өте құптарлық іс. Кешегі бабаларымызға төл тарихымызды бірге жасасып, даңқымызды әлемге жайған жылқы түлігінің еңбегі мен атқарған рөлін жоққа шығара алмасымыз айдан анық. Керісінше, оларға қарыздар екенімізді мойындауымыз керек.

Жылқы қашан пайда болған?

Ғалымдардың сөзіне сенсек, жылқының пайда болу тарихы осыдан 65 миллион жыл бұрын басталған екен. Ол кезде қазіргі кездегідей биік те сымбатты болмаса керек. Яғни, арқасы бүкір, құйрығы ұзын, көлемі қан­ден ит сияқты бір түрлі жануар болған деседі. Ол жануар­ды ғылымда «эохипус» немесе «хирокетрия» деп те атайды. Бұл хайуанның алдыңғы қолында төрт сау­сағы, артқы тұяқтарында үш саусағы болып, бұталар мен жас ағаштардың жапырақтарымен қоректеніпті.

Ал 25 миллион жыл бұрын климаттың өзгеріп, ағаш­ты ормандар мен бұталы алқаптар, ұзын шөпті шал­ғындар құрғақшылыққа ұшырап, жер бетінің ке­бе бастағаны мәлім. Осы құбылыстан кейін тау-тас­ты далалардың пайда болуына орай, эволюция заңдылығына сәйкес жылқының арғы тегі де өзгеріпті-мыс. Осылайша, тұрқы пониге, бас сүйегі мен ті­сі қазіргі жылқыға ұқсас басқа тіршілік иесіне ай­на­лыпты. Бұрынғы жұмсақ айыр тұяқтары қатты тұяқ­қа өзгеріп, енді секіріп, жылдам жүруіне жағдай туыпты. Арада 13 миллион жыл өткеннен соң (12 миллион жыл бұрын) дене тұрқы киіктей, үш айыр тұяқты, жылдам шауып жүретін гиппарион деген жаңа жануарға айналса керек. Уақыт өткен сайын жылқы тұрпаты да сатылап өзгеріп, бүгінгі түріне еніпті. Рас-өтірігін кім білсін, қазіргі ғы­лым осылай деп болжам айтады. Десе де, жылқының жаңа тарихы оны адамдардың қолға үйретілуінен кейін басталды.

Жылқыны ботайлықтар
қолға үйреткен

Бертінге дейін тарихшылар жылқы алғаш рет Еуропа жерінде қолға үйретілген деп санап келген. Тек Ботай мәдениеті ашылғаннан кейін жылқының алғаш рет Солтүстік Қазақстанның аумағында қолға үйретілгені ғылыми түрде дәлелденді. Ботайлықтар тек жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, қымыз ашытуды да тұңғыш ойлап тапқан. Олардың қымыз ашыта білгендігінің дәлелі табылған қыш ыдыстың қабырғасындағы май қышқылдарының дағымен байланысты.

Ал ыдыс қабырғасындағы дақтар бие сүтінің ізі екені анықталған. Американ археологы Дэвид Энтони
2007 жылы жарық көрген «Жылқы, дөңгелек және тілдер» атты кітабында бұл аймақтағы жылқының қолға үйретілу мезгілі шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 2500 жыл деп жазады. Яғни, жылқының қолға үй­ретілгеніне шамамен кем дегенде 4500 жыл бол­ды деген сөз. Ботай мәдениетін зерттеушілер тұрақ­тың 6 мың жыл бұрын құрылғанын айтады. Мың­жылдықтармен есептесек, екі болжам бір-біріне өте жақын. Жылқының қолға үйретілуі – адамзаттың өн­дірістік қуатын арттырып қана қоймай, сонымен қоса әлем тарихындағы мәдени революция болғаны анық. Бұл туралы әлемге танымал ғалым Сандра Олсен: «Ме­нің ойымша, жылқының қолға үйретілуі – адамзат та­ри­хындағы ең шешуші оқиға болған. Александр Ма­кедонский мен Шыңғыс ханды қоса алғанда, бар­лық ұлы империялардың негізін қа­лаушылар жы­л­­қысыз ештеңе істей алмас еді», – деп, адам баласы үшін жылқының маңызы қандай болғанын айшықтай түседі. Жылқытанушы қазақ ғалымдары болса, жылқы түлігі ақпарат алмасуды тездетіп, өр­кениеттің пайда болуына әрі ғаламдық тарихтың бір-бірі­мен байланыс орнатуына айрықша ықпал еткен деп тұжырымдайды. Қазақ даласындағы жылқының тарихы арий кезеңінде жаңа бір сатыға көтерілді.

Кентаврлар… олар кімдер?

Арийлер жылқыны ерекше қастерлеп, шексіз құрмет көрсеткен. Ғалымдар арийлерде жылқының үш түрлі тұқымы болған деп санайды. Олар: тауда жүруге ыңғайлы аласа жылқы, ұзақ жүруге ыңғайлы шыдамды қазанат және қазіргі Түркіменстанның ақалтеке жыл­қысының арғы тегі саналатын ұшқыр тұлпар. Әсіресе, арийлер арасында ұшқыр тұлпарлар жоғары бағаланған. Әлемде алғаш болып екі доңғалақты арбаны ойлап тапқан арийлер оған ұшқыр тұлпарларын қос-қостан жегіп алып, сары далада сағымша жүйткіген. Оның ескерткіштерін қазақ даласындағы жартасқа салынған суреттерден көруге болады.

Келесі сақтар кезеңінде де жылқының рөлі ар­та түс­песе кеміген жоқ. Дала төсінде үйір-үйір жыл­қы өргізіп, соның арқасында атағынан ат үркіп, қаһа­­рынан дұшпанының тізесі дірілдейтін атты ка­ва­лерия құра білді. Бала-шағасынан бастап, тіптен әйел­дер­ге дейін ат құлағында ойнауды игерді. Сонымен бір­­ге, Геродот жазбаларында сақтардың аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізіп, жү­гендері мен шылбырларына дейін алтынмен әше­кей­легені айтылады. Яғни, жылқыны адамнан кем көр­мей, өздерін қаншалық сәндесе, аттарын да сон­ша­лық дәрежеде әсемдеп отырғанын байқаймыз. «Ал­тын адам» – соның бір ғана мысалы. Тіптен, сақ­тардың патшалары мен қолбасшылары өздерінің бас киімдерімен бірге мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі таққаны туралы деректер бар. Мұн­дай мүйізге ұқсайтын белгілерді «жыға» деп атаған. Өзіңіз кинодан жиі көретін мүйізді жылқылардың қайдан шыққанын енді түсінген боларсыз. Мүйізді тұлпарлар өзіміздің Елтаңбамызда да бейнеленген.

Ал ғұн кезеңінде осы жылқының арқасында бір шеті Қытайдың Сары өзенінен сонау Балқан тау­ларына дейінгі ұланғайыр аумақты иемденіп, ұлы империя құруларына мүмкіндіктері болды. «Мәңгілік империя» саналған Римнің өзі ғұндардың алдында қауқарлы болмай шықты. Еділ бастаған ғұн жауынгерлерінен тас-талқаны шығып жеңіліп, ақыр соңында тарих саханасынан келмеске кетті. Ең қызығы, тарихшылардың айтуынша, римдіктердің жеңілуіне ғұндардың технологиясының мықтылығы әсер еткен. Мұндағы мықты технология ғұндардың атты жауынгерлерінің ержүректігі мен әскери қару жа­рағында емес, ат әбзелдерінде екен. Нақтырақ айтқанда, олардың ерлерінде үзеңгісі болған. Үзеңгісі жоқ Рим атты әскерлері жай соққының өзінен атынан аунап түсіп, сайыс үстінде дәрменсіздік көрсеткен. Ал ғұндар болса үзеңгінің арқасында атта орнықты отырумен қатар, найзамен түйреп, шоқпар үйіргенде де ептілік танытқан.

Осылайша, осы бір елеусіздеу үзеңгінің өзі адамзат тарихының өзгеше өрбуіне мұрындық болыпты. Ата-бабаларымыз тек жылқыны қолға үйретіп қана қоймай, ат әбзелдерін уақыт өткен сайын түрлендіріп, дамытып отырған. Қазіргі сәнге айналған ұзын қоныш, жұмсақ табанды етіктер мен шалбарларды да осы атқа мінуге қолайлы болу үшін бабаларымыздың ойлап тапқаны әмбеге аян. Бұл ұлы бабаларымыздың жылқының арқасында жеткен жетістіктерінің бір парасы ғана. Тарихи мәліметтер бойынша, алғаш атқа мінген бабаларымызды көрген гректер «Адам басты жылқылардан» қатты қорқып, неше түрлі аңыз-миф шығарыпты. «Кентавр» сөзі содан пайда болған. Қа­зіргі күні батыстың фильмдерінде кентаврлар жайында сюжет көп кездеседі. Батыр бабаларымыздың даңқ­ты тарихы адамзат көкірегінде әлі де сайрап жатыр…

Жабы мен қазанат

Халқымыз үшін кейінгі түркілер дәуірінен бастап, ұлт болып қалыптасқанымызға дейін де жылқының рөлі еш кеміген емес. Алпамыстың Байшұбары, Қо­бы­ландының Тайбурылы, Қамбардың Қарақасқасы, Ер Тарғынның Тарланы, Қабанбайдың Қубасы, Ақан серінің Құлагері секілді, тұлпарлардың даңқы бізге аңыз болып жетті.

Десе де, қазақ халқында жылқы тұқымының екі түрлі бағыты қалыптасқан. Біріншісі, еті мен сүт үшін және күш көлігі ретінде өсірілетін жылқылар. Мұндай тұқым түрі жабы деп аталған. Қазақтың жабы жылқысы жайы­лымда жақсы әрі тез семіреді. Еті көп те дәмді, сүті мол да нәрлі болып келеді. Ыстық пен суыққа тө­зімді, ортаға бейімделгіш, жұмысқа көнбіс әрі тез арымайтын жабылар шаруашылық үшін таптырмайтын жылқы болып саналады. Дегенмен мұны жорық аты ретінде мінбеген. «Қанша жүйрік болса да, жауға мінбе жабыны» деп оны сәйгүліктерден төмен санаған. Ал екін­шісі, бетегелі бел мен найза ұстаған ерге ғана бітетін аузымен құс тістеген сәйгүліктер тұқымы. Мұ­ны қазақта қазанат деп атайды. Жоғарыда аталған Бай­шұбар мен Тайбурыл, Қарақасқа мен Тарлан, Қубасат пен Құлагер – осы қазанаттардың жарқын үлгісі. Мұн­дай сәйгүліктер соғыста әскердің күші болса, бей­бітшілікте бүкіл рудың атын шығарған бәйгелерге шап­қан. Мұндай тұлпарлардың құны ердің құнынан кем түспеген.

Көкмойнақтың үйірі қайда кетті?

Қазақ жерінде өсірілген жылқылар басқа халықтар ара­­сында да өте танымал болды. ХІХ ғасырдың сек­сенін­ші жылдары Австрия подполковнигі А.Дандевиль Орынбор даласына арнайы сапар шегіп, Австрия ар­миясы үшін 3000 қазақ жылқысын сатып алғаны ту­ралы деректер кездеседі. Тіптен І және ІІ дү­ниежүзілік соғыс майдандарына да көптеген қазақ жылқылары жіберілген. Бірақ қазақты отарлауды көздегендер оларды қалайда аттан түсіруге барын сал­ды. Ол үшін қазақтардың жылқысын азайтып, қа­занаттардың тұқымын жоюға тырысты. Мәселен, 1880 жылдары Австрия – Венгрияда 3,5 миллион, Германияда 3,3 миллион, Францияда 3 миллион жылқы болса, 1879 жылы алынған санақ бойынша Қазақстанның бір ғана Орын­бор облысында 1,8 миллион жылқы болғаны көр­сетілген. Ал ХХ ғасырдың басындағы нәубеттерден кейін бүкіл Қазақстанда 8 миллиондай ғана жылқы қал­ғандығы айтылады. Ұлттық байлығымыз саналған осыншама жылқы Кеңес үкіметінің солақай саясаты сал­дарынан да азая түскен. 2018 жылғы санаққа сен­сек, еліміздегі жалпы жылқы саны бар-жоғы 2,5 мил­лионның шамасында екен. Қазақтың басына келген нәубет жылқыларын да айналып өтпепті. Осылайша, кезіндегі басқан жерін ошақтай оятын асылтұқымды тұлпарлардың да қатары сиреп, ыңғай мәстектер мен қойға жетпес қойторылардың күні туыпты. Енді өз қазынамыздан айырылған соң шекара асып, өзге елден тұлпар іздейтін күйге түсіппіз. Тыңдаған болсаңыз, Елдос Еміл орындайтын «Көк мойнақтың үйірі» атты біздің қасіретті тарихымызды жылқы малымен байланыстырған таңғажайып жыр бар. Осы жырда қазақ даласындағы асылтұқымды жылқылардың қалай қырылғаны баяндалады.

Бүгінде әлемдік аренада бәсі жоғары жылқы тұ­қымы көптеп кездеседі. Олардың қатарында – ақал­теке тұқымы, жәуміт тұқымы, қарабайыр тұқымы, араб тұқымы, «таза қанды» ағылшын тұқымы, дон тұқымы, буденный тұқымы, Украинаның ұлттық тұқымы секілді асылтұқымды жылқылар бар. Дегенмен біздің де жергілікті жылқы тұқымдарын асылдандырудың арқасында жеткен жетістіктеріміз аз емес.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Болатхан Махатов: «Біз Кеңес кезінде ет пен сүт беретін бағыттағы жылқыларды өсірдік те, спорттық бағытқа көңіл аудармадық. Бізге бұл са­ланы жақындатқан да жоқ. Батыс Қазақстанда ең алғаш рет сүтті бағыттағы күшім жылқысы өсірілген болатын. Одан кейін жабының бірнеше түрін біріктіріп мұғалжар жылқысы шығарылды. Бұдан бөлек өзінің өсіп отырған ортасына жақсы бейімделген адай жыл­қысы қалыптасып келеді. Мұның ерекшелігі мініс­ке төзімді әрі жүйрік жылқы. Алыс қашықтыққа шап­қанда оған тең келетін бірде-бір жылқы жоқ. 150 шақырым ол үшін түк емес. Қазақ жылқылары біздің ал­тынмен бағаланатын ұлттық брендіміз болып отыр. Еуропаның асылтұқымды жылқыларының қа­ны бұрынғы жабайы тегінен өте алшақ кетіп қал­ған. Ал жабайы тегіне ең жақын тұрған біздің қазақ­тың жылқылары» – дегенді айтады. Ғалымның сөзі­не сенсек, өзге елдер жылқыларын барынша асыл­дандырып, басқадан артық етеміз деп тыртық еткенге ұқсайды. Яғни, бұрынғы түп тегінен алыстап, жылқыға тән жақсы қасиеттерінен айырыла бастаған. Ендеше, алдағы уақытта қазақ жылқылары бұрынғы атақ-даңқын қайтарып алуына мүмкіндік мол деген сөз.

Қорыта келгенде, жылқы мен қазақтың тағдыры бір ар­надан қатар аққан қос өзен секілді. Мейлі, техника мен компьютерге байланған бүгінгі заманда өмір сүрсек те, жылқыдан тағдырымыз бөлінбек емес. Қиқу көр­се делебесі қозатын тұлпарлардай біздің де жылқы көр­генде арқамыз ұстайтыны анық. Елбасы айтқандай, жыл­қы Ұлы дала елінің бір қыры болып қала бермек.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend