РУХ ЖЫРЫ

Білегі мығым, жүрегі бекем…

Атамыз – Алтай, Анамыз – Дала,
Қол тимеген-ді жағамызға да,
Темірді түйіп, Тәңірді сүйіп
өткерген күннің бәрі «аңыз» ғана.

Сүйсініп сипап жылқының жалын,
Жауынгер қылған жұртының бәрін.
Жорытқан кеше Күннің түбіне
Ұмытпа, дүние, түркінің барын.

Тәңірі көкте алқалап тұрып,
Айдай жүзінен Ар тарап тұрып.
Жарты ғаламды жаулаған бабам,
Шартараптарда салтанат құрып.

Асқақтық рухын уыстап туған
Тауларды көрдім Ту ұстап тұрған,
Жауларды көрдім жер құшып жатқан,
Балбалды көрдім тыныстап тұрған.

Тербеткен талай Тұран даланы,
Құлағыма кеп қырандар әні –
Алтынемелден асып жатқанда
Алты жүз ұлдың* ұрандағаны.

Білегі мығым, жүрегі бекем,
Қанша ұлың сенде түледі екен.
Қанменен бірге қасиет сіңген,
Қайран да біздің киелі мекен!

Бәрін де көрдің, бәрін де кештің,
Дәуірі жүрмей ақыл-кеңестің.
Адам-Құдайлар арқырап шығып,
Тілдесе де алмай Тәңірмен ешкім.
Тынышын түздің ала қашқанда,
Күллі әлем мидай араласқанда,
Қара түс шығады екен ғой, дүние-ай,
Ақ пенен қызыл жағаласқанда.

Аласапыранда, арпалыстарда
жас жолбарыс пен қарт арыстанға,
кезенген мылтық көміліп жатыр
көлеңкелер мен қалтарыстарда.
Жеті қабат жерге, жеті қат көкке
жасырсақ рухын таба алмас деп пе?!
Жеті қат көктен қона алмас деп пе?!
Жеті қабат жерден оралмас деп пе?!

Рухым – қалың қорымым ба екен?!
Қобызым тартқан қоңыр үн бе екен?!
Жоқ іздейтұғын жорығым ба екен?!
Өзегін тапқан өмірім бе екен?!

Оралып рухым, жаңғырып келем,
Даң қылып емес, таң қылып келем.
Жаңғыру деген – мың мезеттердің
түйіскен тұсы мәңгілікпенен.

Уақыт енді бағалатады,
Бақ болып қонып Далаға тағы,
Күн басты адам сәулесін шашып
күлімдеп сонда бара жатады.

Күн басты адам – тәңірқұтымды
түгендей білсем жаным бүтін-ді.
Дүрліккен дүние дүрмегіндегі
жаңғыру – менің жарығым сынды.

Қақым жоқ менің тұйықталуға,
Қақым жоқ менің сұйықталуға
Рух дейтұғын періштелерім
отырған кезде иықтарымда.

* Орбұлақ шайқасындағы алты жүз әскер

* * *

Амансың ба, әзер* дос, Әфсана қыз,
Сәтті болды сол жолғы бастамамыз!
Білесің бе,
ақындар сапарының**
Түбі ақиқат, бүгінде астары аңыз.

Бауырларды ойлаймын, Әфсана қыз!
Бауыр деуге кімдерден жасқанамыз?
Өзімізде өзіміздің Астанамыз,
Өзімізде өзіміздің Бас панамыз!

«Таулы бақта» тұрасың мұңыңа еріп,
Сен мұңайсаң Каспий де күңіреніп.
Құрметіңнің қайнары бүлкілдейді,
Күллі шейіт кеткендей бүгін өліп.

Әр елдің де бар шығар өз жарасы,
Өз жарасы…
Қайтесің, қозғамашы.
Жарасын жалап жазып келеді әлі,
Осынау Өр даланың өз баласы.

Арғы жағы Каспийдің бергі жағы,
Қайта айналып келем бе енді тағы?!
Түркі дейтін Алып бір Бәйтеректің
Мен бұтағы, Әфсана, сен бұтағы.

Өріп шыққан Алтайдың баурайынан,
Жел сипап, Күн кеп сүйген маңдайынан,
Еркін ед жерде Тұран, көкте Қыран,
Кетпеген Тәңір сыйы таңдайынан.

Бергі жағы Каспийдің, арғы жағы
Қалаған судың бетін жол қылады.
Қос жағадан қосылып әнге салсақ,
Түркінің түмен рухы жаңғырады.

Хат жаздым, қалам алып, Әфсана қыз!
Жып-жылы естеліктер – дастан, аңыз.
Сағынышпен жолдадым елден сәлем,
Бұл хатымды жауапсыз тастамаңыз.

* Әзербайжандық, * * Бір топ жас ақындардың Әзербайжанға сапары

***
ЖЕТІСУМЕН СЫРЛАСУ

Жетісудың арналы жеті өзені,
Сені ағыс, мені арман жетеледі.
Сен көлге, ал мен көкке ұмтылмасам,
Дүние дүбірсіз боп өтер еді.

Қарасаң, қадау-қадау тауларым бар,
Қалыбымды содан-ақ аңғарыңдар.
Соларға қарап өскен заңғар ұлдар,
Соларға қарап өткен мәңгі арулар.

Қамымен қара қазан, сары баланың
мәреге жеткен кезде майдан-ағын
батырлар болашаққа жәдігер деп,
Көлсайға қадап кеткен найзаларын.

Болған соң сурет сұлу, сөз кесімді,
Шарын да көңілге орнап, көзге сіңді.
Қыртыстап жинап алып бір Ұлы қол,
қайтадан жаза салған бөз секілді.
Меймандар келсін мұнда, көрсін бәрін,
Болмайды бұл байлықты қомсынғаның.
Ала жаздай алыстан қолын бұлғап,
Алакөл сапырғанда толқындарын.

Ал Айғайқұм… Жасырды нені шыңы?
Құм мен көктің құпия келісімі.
Мен білсем, тау басынан естілетін
шың ғана шырқайтұғын Жеңіс үні.

Аққу-қаз, кекілік пен қырғауылың,
Олар да сен сүйетін бір қауымың.
Қойныңа қонақтап жүр,
Құт мекенін
әрқайсы өз тілінде жырлау үшін.

Жусаның, сексеуілің, өлеңшөбің,
бауырыңда көктесе, көгерсе мың.
Мен де бір тау құшақтап тұрар едім,
Шыршаң болып шаншылсам егер сенің.

Киелі әр тауың да, әр тасың да,
Мың жылдық таңбасы бар жартасыңда.
Бақыттан басым қалай айналмасын,
Жүрген соң осылардың ортасында.

Сағыныш НАМАЗШАМОВА,

ақын.

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend