ПРОЗА

Бір дорба — бидай

(әңгіме)

Әлсіз шам жарығы өлеусірей жанып тұрған қара көлеңке жерасты өткеліне түскенде жаңа піскен самса исі мұрныңа келеді. Бұрқыраған самса иісі жайылған ауаны кесіп өткен сайын оқудағы шағым есіме түсетін. Тіршіліктен әлдебір мән іздеген, барар жері беймағлұм мен секілді жолаушы өмірінің әр бұрылысы әлдебір иіспен жадында сақталса керек. Самса иісі жастық шағымды санамда болымсыз жаңғыртып өтетіні содан ба екен… Есептесең тым-тым алыста қалған, ойласаң тура жаныңда тұрғандай бір өмірдің иісі.

Самсаға бауырсақ қосылыпты. Өткелге кіреберісте көнетоздау дастархан үстінде үйме бауырсақ тұр. Жарты келі бауырсақ алдым. Целлофан дорбадағы бауырсақ иісі тәбетімді ашып, өткен шақтың еншісіндегі өткелдердің бірінде қалған бір оқиғаны ойыма салды.

***
Айналасы тұтасқан тоғайдың ортасындағы алаңқайда іргесін мықтап көмген киіз үйдің жалғыз мүйізіндей мұржасынан ақсұр түтін билей көтеріліп, қыстың аязды аспанына кілки жайылып жатыр. Күншығыстағы Қарасу өзеніне апаратын суыртпақ жалғыз жолда қолына қу тал ұстап, жер сызып бір ба­ла келеді.
Киіз тұтқан есік ашылып, еңкейе кірген балаға төр­т­бұрыш темір пештің отын қағыстырып отырған орта жастағы қызылшырайлы келіншек жүзін бұрып:
– А, Миау, келе ғой – деп күлімсірей қарады. Босағада состиып тұрып қалған балаға оң босағадағы кішкентай сары орындықты нұсқаңқырап: – Отыра ғой, – деген келіншек қақ төрде малдас құрып, аппақ сақалы өңірін жауып, көзілдірігі мұрын ұшына ілініп, лауыққа қойылған Құранды сыбырлай оқып, мүлгіп отырған үлкен кісі жаққа көз салды да оң қолын жүрек тұсына апарып, иілді. Иілген қалпы шегіншектеп сыртқа шығып кетті. Бұл көрініске кереге арқасын сүйеп отырған Миау таңырқай қарады. Әлден соң ақсақал қолын жайып, көзін жұмып, мүлги күбірлеп ұзақ отырды. Бала да тері қолғабын шешіп, алақанын жайып отыр еді, қолы тала бастады. Бір уақытта күбір-күбір тоқтап, ішкі сыбырға айналғандай болып бара жатқанда төрдегі адам бетін сипады. Миау да қолын сылқ еткізіп тастап жіберді. Ұйыған қолы дызылдай жөнелді. Ақ күмістей сақалын салалай сипалап, аяғын созған ақсақал әлгінде ғана дорба көтеріп кірген келіншекке қарап:
– Бұ қай бала? – деді. Төрге көзін тіктеп салмаған бойы басындағы гүлді ормаларын имене жөндеген келіншек:
– Сары апамның кенжесі ғой, – деп еді ақсақал жеңіл күрсініп, даусын соза:
– Е-е-е, Құдайдың алды кең ғой, әлі-ақ жетіліп кетесіңдер, – деді де екі тізесін уқалай бастады. Төрдегі бейтаныс адамның сөзінен ескен жылылық босағада отырған баланың көзіне мөлт еткен жас болып тұна қалды. Кеңсірігі ашып, шарасына толған жас төгіліп кетер ме деп қысылғанынан қайта-қайта жұтынып отырған Миау, сол босаға жақта бидай салынған дорбаның аузын бүріп байлап жатқан келіншекке қарап еді, ол орнынан тұрып, жарты дорба бидайды балаға ұстатып, маңдайын сипап, жұмсақ жымиды да, кілт бұрылып, теріс қарап кетті. Ошақ басына отыра кеткен келіншек пештің аузын ашып, отты қағыстырды. Екі иығы қыбырлағандай болды. Сол иығының сыртында жатқан орамалының ұшын лып еткізіп алды да пештің шойын аузының саңылауынан қызара жалындап көрініп жатқан отқа қарап еңкейе түсті. Көк барқыттан сырып тіккен мақталы тонының түймесін салып, дорбасын көтеріп есікке беттеген Миауға – Мә, ала ғой, жолда жейсің, – деп домалақ сап-сары екі бауырсақ ұсынған келіншек баланың тымағын нығыздай кигізді.
Жарты дорба бидайды арқалаған бала далаға шыға сала жең ұшымен екі көзін сүртіп-сүртіп, қорс еткізіп танауын бір тартты.
Ол жолға шыққанда қас қарайып, көз байланды. Аяз буып сірескен қалың тоғайды қақ жарып ирелеңдеген сиыр соқпақта жарты дорба бидайды қос иығына кезек салып жалғыз бала кетіп барады. Жалғыз аяқ жолдың келте жиектерін жапқан жұқа қар барған сайын қоюланған түн етегі – ымырт қараңғылынан жүрегі атқақтай соғып, қорқыныш ұялай бастаған бала көңілін жұбатқысы келгендей ағараңдай көрінеді. Әр жерінде лақ мүйізіндей бұтақтары бар жуандай қу ағашты уыстай ұстап, дорбасын әлсін-әлсін иығына ірке тастап жеделдете басса да, жер созылып кеткендей жеткізер емес. Әмбесі біреу артынан үнсіз еріп келе жатқандай. Бұрылып қараса болды, бас салатындай көрініп, өне-бойын үрей билеп, жыламсыраған күйі әрегідік жүгіре басады. Қара терге түсті. Қолғабының сыртымен көзін жапқан терді сүрткен болады. Қорқыныш буған бойынан сорғалаған тер шүмектеп құйылады. Әлде оң қапталынан, әлде сол қапталынан бір нәрсе сырт етіп сынғандай болды. Зәре-құты қалмады. Жүгіре жөнелді. Біраз жер жүгіріп, өкпесі күйіп амалсыз тоқтады. Мойнын ақырын бұрып, жан-жағына қарады. Тастай қараңғылық. Алқынған өз демінен басқа тырс еткен тіршілік белгісі жоқ. Дүрсілдеген жүрегі мен демін анық сезіп тұр. Бойын тіктеп, дорбасын бір іркіп тастап, таяғын тастай ғып ұстап ап аяңдап алға басты. Жүрісін жылдамдатайын десе, күші сарқылғандай, аяғы ауыр тартып, табандаған ескі пимасына тас байлағандай әрең басады. Үрей билеп ілбіп келе жатқанда «Қараңғыда бар даусыңмен ән айтсаң, түннің өзі адам даусынан сескенеді» деген апасының сөзі есіне түсті. Тілін жұтып қойғандай сезініп, дауысы шықпайтындай көрінген. Ыңылдап көріп еді, дауысы дірілдеп шықты. Қорқыныш буып бара жатса да бар күшін жинап, ән бастады. Сыбырлағандай, дір-дір етіп, туралған еттей болып бөлініп, үзіліп-үзіліп шыққан даусына бірте-бірте құлағы үйренді. Үрейі де жуасиын дегендей ме. Енді дауысын сәл көтере шырқады. Түннің қап-қараңғы зілдей тыныштығынан басқа қараңғылықтан қарсылық жоқ секілді. Осыны сезген Миау дауысы жеткенше әнге салып барады. Баланың әнін әлқандай бейсауат жолаушы естісе, түнді тілгілеген бұл неғылған айғай дер еді. Бірақ зәресін алған қорқыныш ініне кіргендей, үрейі бұлттай тарқай бастаған Миаудың өзіне салған әні жағып барады. Бойы жеңілдеп, қорқынышын жеңе бастағанына сенген сайын әнді үдете түседі.
Бір әнді аяқтап, енді бірін бастамақ болып сәл тыныс алған Миаудың бұл дүниедегі әзірге жалғыз тілегі «шіркін-ай, иттің үрген дауысы естілсе ғой» деген ой еді. Құрғаған тамағын жібітпекке бірер жұтынып, тағы бір әнді бастай бергенде арт жақтан, адымдаған адам жүрісін анық естіді. Сол-ақ екен жеңілдей бастағандай көрінген қорқыныш пен үрей мың батпан болып басты да қалды. Баланы басқан қорқыныштың салмағы көрдің қараңғылығынан да ауыр еді. Өкшелеп келе жатқан жүрісті естігенде жүрегі аузына тығылған Миау қалай аяғы аяғына тимей зуылдай жөнелгенін өзі білмей қалды. «Тоқта!» деген дауыс тура желкесінен шыққандай болды. Әлгі дауыспен бірге жүгірген адамның дарпылдаған аяқ дыбысы да естіліп келеді. Үрей құшағындағы Миауға өзі атқан оқтай болып бара жатқандай, әне-міне қуғыншыдан құтылатындай көрінген.
Түндей ауыр дорбаның буылған тұсынан шап беріп ұстап, баланы алға қарай итеріп жіберіп, жарты дорба бидайды жұлқа тартып қалғанда Миау арқасынан итерген күштің екіпімен бірер аттап барып, ептетінен құлады. Таяғы анадай жерге ұшып кетті. Қуғыншы тоқтаған жоқ. Жүгіре басып жөнеле берді. Қанша қашса да құтылмағанын құлағанда барып білген бала жалма-жан атып тұрды. Тұра сап қол созым жерде жатқан таяғын алды да түнге сіңіп бара жатқан жарты дорбай бидайының соңынан тұра жүгірді. «Апам ұрсады-ау, апам ұрсады-ау» деген жалғыз ой оны дедектетіп барады.
Дорбаны иықтап алып, асықпай аяңдап келе жатқан орта бойлы, қалың киімді адам әлденені құлағы шалғандай болып, жалт бұрылып, артына қарағаны сол еді оң аяғының қара санына сарт етіп таяқ тигенін бір-ақ білді.
Дыз ете түсті. Қара саннан таяқтап жатқан баланы бір тепкенше ол тағы салып өтті. Шалқалай құлаған баланы тағы теппекке ұмтыла бергенде ағаш таяқ қара санға тағы тиді. Бұл жолы біз сұққандай әлдене кірш етіп кіріп кеткендей болды да аяғы солқылдап кетті. Бұл да аянып қалмады. Тұра берген Миауда іштен ыңқ еткізіп бір тепті. Ол бүктетіліп домалап түсті. Бидайды тастай беріп, қара санын қос қолдап ұстаған адам ақсаңдап, секіре басып, жолдан жырылып, тоғай ішіне кіріп кетті. Оның адымын бастырғысы келмегендей аязға оранып тұрған ағаш бұтақтары киімінен тартқылап, сырт-сырт етіп, сілкініп жатты.
Ішке тиген ауыр соққыдан ішегі үзіліп кеткендей әрең демалып жатқан Миау домалап ұзақ жатты. Бір заманда ішінің ауырғаны басылайын деді. Басын көтеріп тағы біршама уақыт оздырды. Денесі тоңази бастағанда барып, түрегеліп, тымағын тауып киді, дорбасын иығына салып, таяғын ұстап жолға түсті. Бойында қорқыныш, үрейдің ізі де қалмаған. Тіпті қорқу дегенді білмейтіндей. Не ойлап бара жатқаны белгісіз. Соқпақ иірлеп жылжып барады. Бір мезгілде ит үрді. Сонда барып ауылына жеткенін сезді. «Үлкен құданың төрт көз иті босап жүріп, қауып алар ма екен» деп ойлап еді қорқынышы қайта оянды. Таяғын оңтайлап ұстай бергенде алдынан арсалаңдап өзінің ала аяғы шыға келді. Қуанғанынан шапши еркелеген ала аяқты сипалап, қалтасындағы екі бауырсақтың бірін ала аяққа беріп, біреуін өз аузына салды.
Қарасу өзенінің ұйығында қыстап отырған бес-алты түтіннің бірі – Миаудың үйі еді. Үйге жақындағанда талдан қиып салған қора ішінен кәрі қойдың күрк-күрк жөтелгені, сиырдың күйсегені, тайынша-торпақтың сүйкенгені естілді. Миау үйге кіргенде кесе түбінде жанған білте шамның жіңішке қара түтіні бұратыла көтеріліп, үй іші ала көлеңке болып тұр екен.
– Жер жұтты ма сені, мына тұрған жерге сонша жоғалып. Баланы қарсы алған апасының осы зілсіз сөзі ғана болды. Миау үй ішін бірден анықтап көре алмады. Дорбасын қазан-ошаққа жақ іргеге қойды да, оң босағаға барып, пимасын шешті. Сәл отырып жарыққа көзі үйренгенде барып, бүркеніп жатқан ағасын, оның басында отырған әпкесін көрді. Апасы үстел басында ұршық иіріп отыр екен. Тонын шешіп жатып:
– Апа, Қадырға не болды? – деп сұрады.
– Суат басында мұзға тайып жығылып, қара санын оңдырмай жаралапты. Таңып қойдық. Ыстығы көтерілмесе болды енді. Апасының сөзін естіген Миау селк етіп, жүкке сүйеніп отырған арқасын жұлып алды.
– Қане, көрейінші.
– Оның несін көресің, Құдай-ау. Мұзға жығылған адам көрмеп пе едің – деп апасы кейіген соң, тас бүркеніп жатқан ағасына ұмтылып барып, кері қайтты. Өліктей қимылсыз күйде сұлқ жатқан ағасынан көз алмаған күйі іші алай-дүлей болып біраз отырып, бір кезде қыстығып жылап жіберді. Ұмтылып барып, ағасын түйгіштей жөнелді. Еңіреп жылап жүр, түйгіштеп ұрып жүр. Ошақ жақтағы әпкесі, ұршығын тастап апасы ұмтылды. Қадыр басын бүркеген қалпы басын қорғаштап, бүктетіліп жиырыла түсті. Әпкесі мұны жұлқа итеріп жіберіп еді, апасы құшақтай алды.
– Құлыным-ау, саған не болды? Түнде жалғыз жүрем деп шошынып қалған ғой, су әкеле қойшы, ұшықтап жіберейін, – деп апасы Миаудың шашын қайыра маңдайынан сипап, екі бетінен кезек сүйді. Миау жылауын қояр емес, қыстығып, солқ-солқ етеді. Әпкесі әкелген суды апасы аузын толтыра ұрттап алып, кеудесін ашып бүркіп-бүркіп жіберді. Сол әдіспен жон арқасына да, бетін де су бүрікті. Айналып-толғанып жүріп, төсек салып, жатқызды да апасы басынан сипап мекіреніп отырды. Миау жылап жатып қалай ұйықтап кеткенін де сезген жоқ.
Арқалаған отынын балта шаншылған шөркенің қасына тастаған Қадыр отын үстіне отыра кетті. Тымағын шешіп, терін сүртті. Демін басып отырып, өзен жаққа қарап еді, мықшыңдап екі шелек су көтеріп келе жатқан Миауды көрді.
– Әй, Миау, бері келші – деп еді ол мұны көрмеген адамдай өте берді. Сол бойы үйге кіріп, қайтып шықпады. Әлден уақта Қадыр дауыстап, Миауды қайта шақырды. Апасы бар-бардың астына алды ма, әйтеуір үйден шығып, Қадырдың қасына келді. Қабағы түюлі. Жүз берер емес. Миаудың жүзіне барлай қараған Қадыр тымағын олай-былай бүктеп, содан көзін жазбаған қалпы:
– Дүрбі алып берейін, екі көзді.
– Дүрбіңнің керегі жоқ. Ортада ауыр үнсіздік орнады.
– Сумаңдаған өсекші қатындар құсап жайып салмақшымысың бәрін? Сені де жігіт дейді-ау, – деп Қадыр тағы да сөз жалғады. Миауда үн жоқ. Сазарып тұр.
– Жарайды, дүрбіні керек қылмайды екенсің. Сонда не керек саған?
– Бес жүз қырық теңге.
– Немене? – отын буылған арқанды шешіп жатқан Қадыр мұндайды күтпегендей бұрылып інісіне қарады.
– Не естісең сол.
– Сонша ақшаны не істейсің?
– Ал, сен бидайды не істемекші болдың? Әлдекім ұрлығының үстінен түскен адамдай қуыстанып қалған Қадыр табан астында не дерін білмей, сасқалақтап, абдырап аз тұрды да шөркеге шаншылған балтаны ырғап жұлып алды. Миау селк етіп кері аттады. Тарқатылған отынның шетінен алып бұтай бастаған Қадыр:
– Жарайды, айтқаның болсын! Қу ағашты құлаштай бұтарлаған Қадыр ашуын отыннан алып жатқандай еді.
Бір-біріне есе жібергісі келмей, есептескен күн мен түн кезек аунап, тайталасқан қыстың қысқа күндері өтіп жатты. Отынның кезегі келіп, Қарасудың арғы бетіне кеткен Миау дөңгелете байлаған бір арқа отынды иықтап, мұз үстіне түсіріп, ауыл жаққа қарады. Суат басында біреу мұз ойып жүр. «Суаттың аузын кеңейтіп жүрген шығар» деп ойлап, отынға атша мініп, көз ұшында мұз ойып жатқан адамға қараған бойы қос самайы мен маңдайыннан шыққан терден жеңіл бу көтеріліп дем алып отыр еді, суат басындағы кісі тайып жығылғанын көрді. Тұрмақшы болып еді, тағы тайып суатқа түсіп кетті. Мұны көрген Миау тұра ұмтыламын деп барып, отыннан ауып түсті. Тайғанақтап тұрған бойда суатқа жүгірді. Ауыл жақтан ешкімнің қарасы көрінбейді. «Құтқар!» деген жан айқайды Миаудан басқа ешкім естіген жоқ. Жан дауысы шығып, ара­сын­да қолын ербеңдетіп жанталасып жатқан адамға қарай құстай ұшып келе жатқан Миау суатқа жете бере тайып жығылды. Денесінің құлаған тұсын ауырсынғанын сезсе де жан дәрмен қайта тұрып, суатқа ұмтылды. Суаттың ернеуіне қиыршықтана қатқан пышақтай мұздардан ұстап, қолын қан жоса қылса да мұз үстіне ұмтылып, өзен ағыны аяғын жұлқи тартып, суға шашалып жатқан Қадырдың екі жеңінен шап беріп күшене тартқылаған Миау «Апа!» деп айғай салды. Қадыр да суаттың ернеуіне кеудесін шығармаққа талпынып жатыр. Қиыршық мұздан қолын босатса, Миаудың тартуға күші жетпейтінін білген Қадыр:
– Бір жақ қолтығымнан көтер! – деді тастай суға қақалып-шашалып. Миау екі жеңді жіберіп, суға қолын салды да қолтықтан алып тарта бастады. Миаудың демеуіне сүйенген Қадыр бір жақ кеудесін суаттың ернеуіне іліндіріп, артынша денесін судан шығарды. Шылқылдаған киімінен бу көтеріледі. Әбден әлсіреген Қадыр бірер шашалды да сылқ ете түсті. Сол беті қимылсыз қалды. Апалап шырқыраған Миау ағасын әрең аударды. Қадыр қимылсыз. Миау ағасын жұлқылай тартып жатыр. Жаулығы ағараңдап, апасы тағы бірнеше адам жүгіріп келе жатқанын байқады. «Өлді-ау, құлыным, өлді-ау» деп аңыраған апасының даусын құлағы шалды.
Қадырдың мұз тілген қолынан аққан қою қып-қызыл жылы қан киімнен сорғалаған сумен араласып, мұз үстінде буы бұрқырай жайылып барады.

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ,
жазушы, журналист.

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend