РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

ШЫҒЫСТАҒЫ ОҢДЫ ІСТЕР

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр.

Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы кешенді жоспар дайындалып, оған әртүрлі 61 жоба енгізілді. Олардың қатарында музей салу, киелі жерлердегі инф­рақұрылымды дамыту, археологиялық қазба жұ­мыстарын жүргізу, көне жәдігерлерді іздеу сияқты көп­теген игі іс бар. Бұл жұмыстың барлығы ал­дағы 6 жылға жоспарланып, «Рухани қазына», «Тәр­бие және білім», «Ақпарат толқыны», «Атамекен» деген арнайы бағдарламалар арқылы жүзеге асады. Ол үшін бюджеттен 28 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінбек.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласында туған елді, туған жерді тануға айрықша на­зар аударып, еліміздегі киелі жерлердің картасын әзір­леу жөнінде тапсырма берді. Қазіргі уақытта «Қазақстанның киелі орындар картасына» ене­тін Шығыс Қазақстанның өзінің киелі орындар кар­тасы түзіліп жатыр. Әзірге бұл тізімге облыс ау­ма­ғындағы 8 тарихи орын еніпті. Олар: Зайсан ау­данындағы Шілікті жазығы, Катонқарағайдағы Бе­рел қорымы, Ұлан ауданындағы «Аблайкит» ғиба­дат­ханасы, Мұзтау шыңы, Күршім ауданындағы Қиын Керіш, Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірі, Тар­бағатайдағы Ырғызбай Досханаұлы кесенесі мен Се­мейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік та­рихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі.

Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен са­­лынған «Абай – Шәкәрім» мемориалды кешені де тек Шығыс Қазақстан облысы үшін емес, барша Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. Белуха, Қиын-Керіш, Ашутас таулары сияқты табиғат-ана тарту еткен құндылықтарымыз да талай тарихтың куәсі ретінде баға жетпес асыл мұрамыз. Мұндай жәдігерлер Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ай­тылған ұлттық кодты сақтауда да ерекше рөл атқарады.

Берел жазығы мен Шілікті қорғандары брендке ай­налып келеді. Зерттеу нәтижелері де таңдай қағарлық. Патша жазығынан табылған құнды жәдігерлер елді елең ет­кізді. Бұған қоса, профессор Әбдеш Төлеубаевтың же­текшілігімен Зайсан ауданы аумағындағы Қаратал және Айнабұлақ қорымдары да зерттеліп жатыр. Аталған нысандарды зерттеу біраз уақыт алады. Де­сек те, археологиялық әр ес­керткіштің тарихи маңы­зы бар. Бұл Елбасы бағ­дарламада нұсқаған «сак­ралды Қазақстан» жо­басының бір бөлігі. Шығыс Қазақстан облысындағы ар­найы экспедиция жалғасын табады. Қараталдағы қазба жұмыстары аяқталған соң экспедициялық топ Сауыр, Маңырақтың бойымен археологиялық барлау жұмыстарын жүргізуді де жоспарлап отыр.

Шығыс Қазақстанда «Туған жерге тағзым» ша­расын өткізу біраз жылдан бері дәстүрге айналған. Шара мем­лекеттік бағдарлама шеңберінде жалғасын тапты. Бұл жауапкершілікті еселей түседі. Осы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға 21,3 млрд. теңге бөлу қа­растырылды. Оның 10 миллиардқа жуығы игеріліп, 929 әлеуметтік жоба бастау алды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының мазмұнына сәйкес келетін жобаларды ғана іріктеудің қажеттігін ай­тып, өңірдің іс-шаралар жоспарына сай «Абай» институтын ашу және «Абай» журналын халықаралық деңгейге көтеру мәселесі қозғалды.

Облыстағы белді кәсіпорындар ірі әлеуметтік жо­­­­баларды іске асыру үшін «Парыз» қоры арқылы 4,7 млрд. теңге бөлді. 2017 жылдың ең ірі жобасы – «Нұрлы жол» саябағы. Ал «Тәрбие және білім» кі­ші бағдарламасы аясында 35 жоба басталды. Үш тілде оқыту және рухани білім беру жобалары рес­публикалық деңгейде жүзеге асып жатыр.

Шығыс Қазақстан облысында «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында «Әдеби Шығыс» жобасы бастау алды. Оған әртүрлі байқауларда топ жарған 2 мыңнан астам оқушы қатысуда. Жеңімпаздар үшін арнайы оқу-тәжірибелік саяхат ұйымдастырылып, олар ақын Абай Құнанбайұлының туған жеріне сапар шекті.

А.Ержанқызы,
Шығыс Қазақстан облысы.

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend