ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕРІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ

ЖЕТІСУДЫҢ ЕЖЕЛГІ ҚАЛАЛАРЫ

«Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты»

Нұрсұлтан Назарбаев,
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан.

Біздің ежелгі ата-бабаларымыз Шу, Талас, Іле, Көксу, Ақсу, Тектек, Қаратал, Бурақожыр, Үсек, Шежін… т.б. өзендер маңына қоныстанып ғұмыр кешкен. Ғұндар, Қазақ даласындағы ежелгі Үйсіндер, одан бергі Түрік, Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағанаттары, Шыңғыс ханның Еке Моғол ұлысының, оның баласы Шағатайдың ұрпағы Тоғылық Темір құрған Моғолстан мемлекетінің, сондай-ақ, Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының, қорыта айтсақ қазіргі Қазақ ұлтының ежелден бергі ата қонысы, қасиетті мекені. Сол мекенде, әсіресе, жерұйығы атанған Жетісу жерінде қалалық мәдениеттің сан түрлі белгісі сақталып қалды. Олардың қатарында ежелгі Қойлық, Қарамерген, Екіоғыз, Дүңгене, Талғар (Талхиз), Ағарту, Қос құдық, Шаржетім сияқты ерте орта ғасырлық ежелгі қалалар мен төрткүлдер, қола, сақ, үйсін кезеңдерінен бастау алатын Ащыбұлақ, Есік, Боралдай, Қарғалы, Мұзбұлақ, Талапты, Биғаш, Үйгентас қатарлы ежелгі қорғандар, Шолақ, Қаракүңгей, Лабасы, Шаған, Қаратау таулары мен тау аралық ойыстарда шоғырланған қысқы мал жайылымына қолайлы ерте орта ғасырлардан бастау алатын қазақ қыстаулары, түркі кезеңінің балбалтастары, ерте орта ғасырлардағы суармалы егіншіліктің орталығы болған Іленің ескі арналары Бақанас, Қаратал, Сарқан, Басқан, Ақсу, Тентек өзендерінен тартылған ежелгі суару каналдары мен бөгендері ата-бабалар тарихының олқы болмағанын аңғартып тұр.

Жетісуда 100-ге жуық қала болған

Б.з.б. VІІІ ғ.- б.з. ІІІ ғ. дейінгі уақытта даланың азия­лық бөлігінде, оның ішінде Іле аңғарында сақтар мен үйсіндердің мәдени қауымдастығы қалыптасып өмір сүрді. Осыған дейін зерттеуші ғалымдар ортасында «Сақтар көшпенді халық болды» деген көзқарас жылдар бойы басым болып келген еді. Бірақ археолог зерттеушілеріміздің бірталай сақ қоныстары мен қалаларына жүргізген зерттеу еңбектері бұл пікірді түбегейлі жоққа шығарды. Демек, ежелгі сақтар мал өсірумен, егіншілікпен қатар, қыштан ыдыс жасап, зергерлікпен де айналысты. Оған айғақ ретінде көшпенділер мен жартылай көшпелілер мәдениетінің археологиялық ескерткіштері Есік қорғаны мен Бесшатыр обалары және Үйсіндердің қыстақ тұрақтарына жүргізген қазба жұмыстары дәлел болады. Сол тарихи даму үрдісінде Тараз, Баласағұн, Мерке, Талхиз қатарлы көптеген кент пен қала пайда болды. Б.д. VІІ – ХІ ғасырларында қала мәдениеті Қазақ даласының барлық өңірінде де жоғары қарқынмен дамыды деп айтуға болады.

Жібек жолының дәурені жүрген шақта Жетісу жеріндегі қалалық өркениет тіптен өркендей түсті. Талғар, Лепсі, Қаскелең, Шілік, Көксу, тағы да басқа өзендеріне тән аймақтардан қалалық орталықтар, қоныс-қыстақтар сияқты елдімекендер пайда болады. Ғалымдарымыздың соңғы зерттеулерінің көрсеткіші бойынша Жетісудың оңтүстік-батысында 36 қала жұрты анықталса, ал солтүстік-шығысында 70 қаланың орны табылып отыр. Оған дәлел ретінде Алакөл ауданындағы Асусай, Көксу бойындағы Қойлық, Іле өзені алқабында Екіөгіз, Талғар қаласы маңындағы Тал­хиз, Ақсу бойындағы Баласаз, Баянжүректегі Қоянкөз, ежелгі Жаркент жерінде Ілебалық қалаларының бой көтеруін айтсақ та жетіп жатыр. Заман талабына сай осыншама қалалар санының артуы, олардың эко­номикалық әлеуетінің де көтерілгенін байқатады. Ерте орта ғасырларда негізі қаланып, кейін жазба де­рек­терге түскен, Х ғасырға жататын парсылық «Худуд әл – Әлем» еңбегіндегі – Талғар, ХІ ғасырлық
М.Қашқари шығармасындағы – Екіөгіз, ХІІІ ғасырға тән Г.Рубрук жазбасындағы – Қойлық т.б. сияқты ірі сауда орталығы болған қалалардың айтылуы тарихи шындық. Аталмыш шаҺарлардың бүкіл Еуропа мен Азияның саудагерлеріне, ғалымдары мен елшілеріне әйгілі болғандығы анық.
Әрине, ЮНЕСКОНЫҢ бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енген Қойлық, Талғар (Талхиз), Қарамерген қалалары туралы жұрт біледі. Ол туралы баспасөздер мен оқулықтарда көптеген деректер жазылды, зер­деленді, зерттелді. Десе де, Жетісу жеріндегі 100-ге жуық қаланың орналасу реті, оның тарихи маңы­зы, ерекшелігі туралы біле жүрудің ешқандай артық­шылығы жоқ. Сондықтан осы орайда, кейінгі кездері анықталып, ел игілігіне асырыла бастаған біраз қалалар туралы қысқаша ақпарат беріп, оған пайымымызды қоса кеткеннің артықтығы жоқ деп ойладым.

Қызылаңғар қаласы

Жетісу жеріндегі ең ежелгі қала ретінде Үйсін патшалығының астанасы болған Шие (Шығу, Чекук) қаласын атауға болады. Қазірге дейін Шие қаласының орны туралы екі түрлі талас-тартыс бар. Бірі қала Текес өзенінің бойында десе, енді бірі Нарын өзенінің аңғарына ірге тепкен дейді. Олардың да өз дәлел-дәйегі бар. Осы қала туралы үшінші деректі тарихшы Молот Сұлтанов ұсынып отыр. Оның «Ескерусіз жатқан елеусіз ескерткіштер немесе кейбір атауларды жаңаша пайымдау» атты еңбегінде Шығу (Қызылаңғар) қаласы туралы: «Меніңше, Үйсіндердің Қызылаңғар қаласы, ел-жұрт ежелден-ақ мыңдаған жылдан бері мекендеп келе жатқан көне қоныстың орнында бой көтерген қала. Чигу, Чигучень, Қызылаңғар – атаулы қалалардың орны Жаркент аймағындағы Қорғас өзенінің тау аңғарынан шығып орта тұсында орналасқан Басғұншы ауылының маңайы», – деп жазады. Әрі оны дәлелдеуге тырысып, жеті түрлі дәйек ұсынады. Тіпті Басғұншы ауылынан 20 шақырымдай жердегі Шежін атауын Хань әулетінің билеушісі үйсін күнбиі Елжауға ұзатқан Жанду Уаңның қызы Шижұң ханшаның есімімен сабақтастырады. Басқұншы сөзінің өзі де байыптап қарасақ, біраз сырды аңғартады. Мұндағы «Бас» сөзі – бас, бастаушы, басты адам, ал «құн» күн, ғұн – сөздері ғұн тайпасын меңзейді, «шы», «шақ» – сөздері ел, жұрт деген ұғымды білдіреді. (Ежелгі дәуір әдебиеті, Алматы 1991 ж. 13-14 беттер, Қ. Салғараұлы Көмбе. Алматы 1989 ж. 20-бет).

Менің пайымымша, Шие қаласының орны Те­кес өзенінің оңтүстік жағасы немесе Нарын өзе­ні­нің шығысында жатқан жоқ. Тарихшы Молот Сұлтановтың қала орны Жаркент өңірінде жатыр деген дәлеліне қосыламын. Қытайдың ескі жазбаларындағы «Ханнама. Батыс өңір баяны», «Ханнама. Шин Таңның өмір баяны», бертінгі тарихшылар жазған «Цин Жияң Ту Жы», Хуаң Уын Би зерттеген «Мұңғолкүре, Шапшал аудандарындағы көне обалар» және қазақстандық ғалымдардың зерттеу еңбектерін салыстыра зерделеу арқылы осындай қорытындығы келдім. Әрине, бұл тақырып өз алдына арнайы жазылатын ауқымды дүние болғандықтан, ол дәлелдің бәрін осы жазбада көрсетуді жөн көрмедім. Бірақ осы ретте Жетісу жеріндегі ең ежелгі қала Үйсін патшалығының астанасы Шие қаласы екенін баса айтқым келеді. Әрі Жетісу жеріндегі қалалық мәдениетті танудың ең алғашқы өркенін осы қаладан бастау керегін ұсынамын.

Гаган, Қойлық, Талхиз…

Х-ХІІ ғғ. тарихқа қала мәдениетінің өркендеуімен енді. Ұлы Жібек жолының бір тармағының Іле алқабы арқылы өтуі осы кезеңде сауда-саттықтың маңы­­­зын арттырды. Бүгінгі күні облыс аумағында 87 ортағасырлық қала орны анықталған. Аса ірілері: Талхиз, Екі Оғыз, Қойлық, Дүнгене т.б. Музей экс­по­зициясындағы түрлі қыш құмыралар, хумдар, ыдыстар, су құбырының бөліктері, шикі кірпіш – Жетісу ортағасырлық қалалары мәдениетінің өркендегенін дәлелдейді.

Терістік-шығыс Жетісуда орта ғасырларда әлемге белгілі 6 қала болған. Бұл қалалардың ұзындығы
100 метрден 1 шақырымға дейін созылған. Солардың бірі Алакөл бойында орналасқан Гаган (Көктұма) деген қала. Оның куәсі қыштардан, тастардан жасалған ыдыстар мен бұйымдар. Сондай-ақ, палеолит кезеңінің пышақ, қырғыш сияқты еңбек құралдары, Темір дәуірінің бұйымдары, Қола дәуірінде пайдаланған мыс қазан мен ортағасырлық қыш ыдыстар, мыс теңгелер т.б. жәдігерлер сол дәуірден сыр шертіп тұр.

Қазақ даласындағы қала мәдениетінен сыр шер­тетін Қойлық қалашығы – VIII-XIV ғасырлардағы Же­тісудағы көне ортағасырлық қала. 1253 жылы Қой­лық (Қаялық) қаласы үстімен жүрген Вильгельм Руб­руктың мәлімдеуіне қарағанда, бұл қаланың аумағы өте үлкен. Онда негізінен түркі тектес халықтар тұр­ған. Үлкен мешіті бар ірі мәдениет орталық бол­ған­дығы да айтылған. Биіктігі 3 жарымнан 5 метрге дейін жететін қала қорғанының әр 30-45 метр же­рін­де биік мұнаралар орнатылған. Қалада будда, христиан храмдары мен мұсылман мешіттері қатар бой түзеген. Қойлық қаласының орны мен үйіндісі қазіргі Сарқан ауданы, Қойлық (Антоновка) ауылының шығыс шетінде, Ащыбұлақ өзенінің жағалауында, Талдықорған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 190 км жерге орналасқан.
Қойлықтан кейінгі қала өркениетінің тағы бір жетістігі ежелгі Талхиз қаласы. Жазба деректер бойын­ша Х ғасырдан белгілі. Бұл – Ұлы Жібек жолының бойын­дағы ірі мәдени, қолөнер және сауда орталығы болыпты.

Қала аумағы 28 га қамтыған. Х – ХІІ ғасырларда Талхиз – Жібек жолының бойындағы керуен-сарай қызметін атқарып қана қоймай, Жетісу өңірінің көшпелі және отырықшы халқының шаруашылық, саяси және мәдени-діни байланыстарын нығайтуға елеулі үлес қосқан. Қалада экономика, сауда мен колөнердің дамуына Іле арқылы Қытайға, Жапонияға, Орта Азияға, Иран мен Византияға апаратын Ұлы Жібек жолы үлкен рөл атқарды. Талхизде көп жыл бойына қазба жұмыстарын жүргізген археолог
И.Копылов қаланың жоғары қабаттарынан алынған мәліметтерге сүйене отырып, бұл тамаша қаланы ХІІІ ғасырдың бас кезінде найман билеушісі Күшлік әскері қиратты деген болжам бар.

Асусай мен Жайпақ қаласы

Осы қатарға Асусай ерте орта ғасырлық қалашығын қосуға болады. Аталған қала орны Алакөлдің оңтүстігі мен Жоңғар Алатауының солтүстігінде, бүгінгі Үшарал қаласының шығысында 65 шақырым жерде, Алакөлдің бойындағы Ақши ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жердегі Асусай шатқалының маңында орналасқан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, тарих, археология және этнология факультеті, археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдеш Төлеубаев және тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дөкей Әбдікерімұлы Талеев бастаған археолог мамандар арнайы далалық барлау жұмыстары мен қазба жұмыстарын жүргізді. Аталған зерттеу жұмысы «Жер-Су» корпорациясының президенті Бауыржан Кеңесбекұлы Оспановтың демеушілігімен іске асып жатқанын атап айта кету керек.
Археологиялық әдебиеттер мәліметтеріне қарағанда солтүстік-шығыс жетісуға сырлы ыдыстар ХІІ-ХІІІ ғғ. ғана тарала бастаса керек. Осындай мәліметті негізге алар болсақ, Асусай қалашығындағы тіршілік ХІ-ХІІ ғасырлардың арасындағы 50-60 жылды ғана қамтыған. Тағы айтатын нәрсе, бұл қалашықтың ешқандай шекаралық бекетке немесе сауда керуеніне қатысы жоқ, қарапайым егіншілердің маусымдық (уақытша) мекені болғаны анық. Қалашықтың айналасында сақталған суғару жүйелері мен шағын егін алқаптары, қазбадан табылған тас диірмендердің түрлі көлемдегі бөліктері осындай болжам жасауға негіз береді.

Жайпақ қаласы Алакөл ауданы, Жайпақ ауылынан оңтүстік батысқа қарай 6 шақырым жерде орналасқан. Жайпақ қаласының сыртқы қоршау қабырғасының орналасу реті мен ерекшеліктері, нақтырақ айтсақ, батыс қабырғаның орта тұсы сыртына қарай сүйірлене шығып барып, ауызы ашық күйінде қалуына қарап, қала қақпасы батысқа қарауы мүмкін деп болжауға болады. Сыртқы дуалының құландысының биіктігі 1,5-2 метр шамасында. Құлаған қабырғасының жайылған топырағы 8-9 метрден бастап, кей жерлерінде 22 метрге дейін жайылған. Сыртқы дуалының оңтүстік және шығыс бөлігін тау шатқалдарына шығатын маусымдық ағын сулар шайған. Осы тұста айта кетер мәселе, қаланың сумен қамтамасыз етілуі де осы таудан келетін ағын сулармен тікелей байланысты болуы мүмкін. Себебі, таудан ағатын судың орындары бүгінге дейін терең ор болып сақталып қалған әрі су жүретін ірі жылға қаланың оңтүстігінен келіп, шығыс қабырғаны сыртынан бойлай отырып, солтүстігіне қарай жайылып жоғалады. Мұндай жүйе оңтүстік өлкелердегі қалаларда жиі байқалады. Мәселен, ортағасырлық Аспара қаласының да сырты тура Жайпақ секілді арнайы су ағатын ормен қоршалып, ағын суды қала іргесінен өткізген. Жайпақ қаласы тек қала ішінде құрылыстармен шектеліп қалмайды. Қаланың сыртын айнала бірнеше жүздеген метрге дейінгі аймақта үйілген төмпешіктер, қаланың оңтүстік батысында шамамен 200-250 метр жерде көп мөлшерде жерлеу орыны (сақталғандары 180-200 шамасында), сонымен қатар қаланың шығысында үлкен көлемдегі, іргесі ірі тастармен қаланған кесе­нелер орналасқан.

Қарамерген кереметі

Іле өзенінің ескі арнасы Орта Бақанастың бойындағы VIII – XIV ғасырлар аралығында Ұлы Жібек жолының Балқаш ойысын Сарыарқамен, Сібірмен байланыстыратын солтүстік тармағының бойындағы Көктам, Бояулы, Ақтам, Ағашаяқ, Қарамерген қалаларының қалыптасуы мен өркендеуіне, жойылуына әсер етті. Осы тұста Іле өзенінің орта және төменгі ағысында ерте орта ғасырларда Ұлы жібек жолының тармақтары өтетін күре жолдардың бойында Ілебалық, Алмалық (Әлімата), Бояулы, Ағашаяқ Қарамерген сияқты сауда-экономикалық және саяси-әкімшілік маңызы бар ірі және шағын қалалық қоныстар бой көтерді.

Солардың ішіндегі бірегейі қазіргі Балқаш ауданындағы Қарой ауылдық округінің аумағында Іле өзенінің оң жақ саласы болған, құрғап қалған ескі арнасы Ортақсудың бойында орналасқан Қарамерген қалашығы. 2012 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның бүкіл дүниежүзілік мұралар тізіміне енуіне орай Алматы облысы әкімдігінің ұсынысына сәйкес 2013 жылдың 28 маусымындағы Алматы облыстық мәслихатының №18-181 шешіміне сәйкес «Қарамерген қалашығы» археологиялық кешенінің қорғау аймақтарының шекаралары бекітілген. Шешімге сәйкес тарихи- мәдени мұра нысаны болып табылатын қарамерген қалашығының жалпы ауданы 10 гектар, оның ішіндегі қорғалатыны 7,1 гектар, құрылысы реттелетін аумақ 18,9 гектар, қорғалатын табиғи ландшафттардың ауданы 25,3 гектар, жалпы ауданы 62 гектар деп тұрақтанды.

Қараойдың тораңғылы тоғайлары мен Балқаш жа­ғалауының сулы-батпақты алқаптарында ХХ ғасырдың 30 жылдарына дейін Тұран жолбарысы мекендеген. Біздің ойымызша, қалашықтың Қарамерген аталуына осы аумақта аң-құстың көп болуы, әлі күнге дейін аң шаруашылығының дамуы әсер етті. Жазба деректерге сүйенсек, аталған қалашық ХІІІ ғасырдағы моңғол-татар шапқыншылығы кезеңінде бұзылды.

Екіоғызды білесің бе?

Жетiсудағы ерте орта ғасырлардағы қала жұрттары «төрткөл» аталатын үлгiге жатады. Төрткөлдер Іле өзені аңғарында ғана емес, сонымен қатар оңтүстік-шығыс Жетiсуда, Тянь-Шаньда, Орталық Қазақстанда, Тува мен Моңғолияда таралған. Солтүстік Жетiсуда төрткөлдерi үш топқа бөлiнедi. Бiрiншiсiне Көксу өзені аңғарындағы, Дүнгене, Жарлыөзек, екiншiсiне Талғар, Сүмбе, Ақмола енгiзiлген. Үшiншiсiне Алматы, Лавар, Бояулы, Ақтам, Арасан жатқызылады.
Ерте орта ғасырда гүлденген саяси-әкімшілік әрі ірі сауда орталығы болған қалалардың бірі – қазіргі Көксу мен Қаратал өзендерінің бір-біріне құяр сағасында орналасқан Екіоғыз (Эквиус) қаласы. Ол түркі тілінен аударғанда «қос өзен» деген мағынаны білдіреді. Атау Қаратал мен Көксу өзендерінің сағасына жақын орналасуына байланысты қойылған деген қорытынды шығаруға болады. Суармалы егіншіліктің қарқынды дамуына байланысты қазір орны тегістеліп, қызылша плантацияларына айналдырылғандықтан нашар сақталған. Қала сырты қорғандарының іздері жал түрінде көкжиектің негізгі бағыттарына бағыттас созылып жатыр. Қала үйлері мен әлеуметтік маңызы бар ғимараттарда егіс алқаптарының арасынан анда-санда кездесетін ортасы шұңқыр, ірілі-ұсақты төбешіктер түрінде кездестіруге болады. Карл Байпақовтың еңбектеріндегі деректерге сәйкес, Ұлы Жібек жолының бойында XІІІ ғасырдың жартысы мен XІV ғасырдың басында Орта Азиядан Жетісу арқылы Алтай мен Моңғолияның орталық бөлігін байланыстыратын сауда жолы Көксу өңіріндегі қалалардың сауда-экономикалық маңызын арттырып, одан әрі гүлденуіне өз әсерін тигізді. Жетісу өңірінен шыққан қазақтың белгілі инженері әрі тарихшы ғалымы М.Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы» атты еңбегінде Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолының бойындағы гүлденген қалаларға тоқтала келіп, Көксу ауданындағы Екіоғыз, Дүнгене қалаларының көшелері мен маңызды ғимараттары анық көрініп жатқаны, жергілікті халық қала орнынан мыстан жасалған қазандар мен қыш құмыралар тапқанын және ауызсумен қамтамасыз ету үшін тау бөктеріндегі бастаулардан тартылған қыш құбырлар болғаны жөнінде де жазады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері М.Нүрпейісовтің пікірінше, Екіоғыз, Дүнгене сияқты қалаларда 1000-5000 тарта адам тұрған. ІX-XІІІ ғасырларда қала құрылысы мен сәулет өнерінің, сауданың жақсы дамығанын Иранда, Қытай мен Монғолияда жасалған шыңылтырланған жасыл түсті қыш ыдыстар мен су құбырлары болғаны туралы деректер айғақтайды. Қазір олар Мәмбет, Мұсабек, Амангелді ауылдарындағы орта мектептеріндегі тарихи-өлкетану мұражайларында сақталуда.

Жарлыөзек пен Ағарту

Көксу ауданы аумағындағы Жарлыөзек қала­шығының маңызы да ерекше. 32 400 шаршы метр аумақты алып жатқан қалашықтың сыртқы қор­ғаны жақсы сақталған. Төрткүлдің ұзындығы мен ені шамамен 190-200 метрге жететін трапеция тә­різді, сырты қалыңдығы – 2-3, биіктігі – 5-6 метрге же­тетін қорғандармен қоршалған. Бірнеше жүз жыл бойы сыртқы күштердің әсерінен бұзылуына байланысты қазір оның биіктігі бір метрден аспайды. Төртбұрышында бақылау мұнараларының ізі сақталған. Сарқан ауданындағы Қарабөгет ауылының солтүстігінде 12 шақырым қашықтықта Лепсі өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Қорған қалашығының жалпы ауданы 120 000 шаршы метр. Ескерткіштің жалпы ауданы шамамен 6 га, оның бір бөлігін өзен суы шайып кеткен. Сыртын ұзындығы 1,4 шақырым болатын қорған қоршап тұр. Сыртында төрт қабырғасын бойлай қазылған, ені 3-4 метрге жететін терең ордың ізі сақталған. Қалашықтың шы­ғыс бөлігінде пішіні трапеция тәрізді қамал орны бар.
Қорған – Жетісу қақпасы арқылы Қытайдан шыққан сауда керуені аялдайтын Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан бекет, әскери бекініс қызметін атқарған. Құрылысының басқа шағын қалашық төрткүлдерден басты айырмашылығы – қорған ішінде тұрғын үйлердің орнының сақталуы. Болашақта археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, ежелгі өркениеттің орталығы болғанын айғақтайтын нысандарды анықтау қажет.
Сарқан-Бақалы тас жолы кесіп өтетін Ағарту қа­ла­шығы. Ол Көкиірім өзенінің оң жақ жағалауындағы биік жарқабақтың бойында орналасқан, аумағы 180х200 метр. Бұрыштары кеңістіктің төрт тұсына қараған. Қазір биіктігі 2,3-3м жететін сыртқы қор­ғанының қабырғалары жалға айналған. Төрт бұрышында бақылау мұнараларының мұнара орны байқалады. Қорғанға кіру қақпасы – шығыс және батыс қабырғаларының ортасында. Қойлық қаласы мен Қорған қалашығынан айырмашылығы аталған төрткүлдің сыртқы қорғанының ішінде үйінді түрінде сақталған төмпешіктердің орны жоқ. Тарихи жазба деректер мен жергілікті тұрғындарда сақталған аңыз әңгімелерге сүйенсек, сыртын биік әрі қалың қор­ғандармен қоршалған бұл төрткүлді жаудан қор­ғанатын бекініс, сауда бекеті ретінде ХІХ ғасырдың ба­с­ына дейін пайдаланған. Кейіннен қараусыз қалған. Орнына шөп өспеген әрі қаланған кірпіштерінің орны анық байқалатын ашық жатқан қабырғалары сақталған.

Жаркент пен Ілебалық

Сақ дәуірінен жеткен ұлы мұра – Жаркент қаласы. В.Бартольдтың, Н.Бичуриннің, П.Румянцевтің жә­не отандық тарихшы К.Ақышевтың, тағы басқа зерт­теу­шілердің ғылыми дәлелдері бойынша «…қазіргі Же­тісуды, оның құрамындағы Жаркент өңірін б.з.д. VІІ – ІІІ ғасырларда сақ тайпалары мекен еткен» деген тұ­жырымдары бар. Одан бергі дәуірлерде жоғарыда ай­тып өткеніміздей бұл өлкеде үйсіндер өмір сүрді. В.Бартольдтың «Жетісу тарихының очерктері» атты ғы­лыми еңбегіне қосымша көмекші құрал ретінде жасалған «Орта ғасырлар картасына» көз жүгіртсек, сол дәуірдің өзінде қазіргі Жаркенттің орнында қала бол­ғандығы белгіленген екен. Танымал жазушы Б.Нұржекеев өзінің «Өзендер өрнектеген өлке» кіта­бын­да «…қазіргі Жаркент қаласын, ежелгі Үйсін мем­лекетінің астанасы болған – Шығу қаласының орны емес пе екен?» деген, өзіндік жорамалын да ұсынған. 1856 жылы отандасымыз ғалым әрі саяхатшы Ш.Уә­лихановтың Құлжаға сапарындағы 3 тамыз күнгі ес­те­лігінде «Бүкіл жол бойы біз тоғайлар ішімен, арық­тардың бойымен жүріп отырдық. …Яркенд, Тышқан қа­лаларын оң жағымызда қалдырып, Ақкентке тура тар­тып кеттік» деп, жазып картаға түсіріп кетті.
Панфилов ауданының Үшарал ауылының солтүстік жа­ғында 1.5 – 2 км қашықтықтағы Жаркент-Сарөзек тас жолының бойындағы Түрген қорғаны да ескі қала жұртының орны екендігі белгілі. Күре жол қорғанның оң­түстік – батыс жағының біраз жерін ала тіке кесіп өте­ді. Шамалап алсақ, Түрген қорғанының 95% бөлігі үлкен тас жолдың үстіңгі (солтүстік) жағын алып жатыр. Жалпы аумағы шамамен 15-20 га жерді құрайды. Тағы бір айта кететін жағдай, қорғанның сыртқы, ішкі қабырғалардан бір де бір шикі немесе күйген кірпіш қолданылмаған. Тек топырақ, ағаш, қамыс қана пайдаланылған. Шығыс және солтүстік жағы бір-біріне жалғасқан обаларға толы. Обалардың биіктігі – 4-6м, ені 10-12м болып келеді.
Академик В.Бартольдтің қысқа ғана осы Түрген қорғаны туралы: «…Іле өзенінен өткеннен кейінгі бірінші бекет Почтавой станица 15 верстах, екінші бекет 25 верст қашықтықта орналасқан. Сол маңдағы Бурақожыр өзенінің бойында Көкталдан кейінгі жерде қираған қаланың орны бар, қаланды үйлерден, қорғаннан бірнеше заттар табылған, бірақ нақты зерттелмеген» деп айтқан анықтамасы бар.
Ілебалық – өз атауы хабар беріп тұрғандай Іле алқабында орын тепкен Талхиз (Талғар), Қойлық, Дүнгене, Алмалық, Көктұма сияқты ірі қалаларының біріне жатады. Дегенмен зерттеуші ғалымдар арасында бұл қаланың нақты орны туралы жүйелі пікір әлі қалыптаса қойған жоқ. Мысалы, А.Бернштам мен В.Бартольд – М.Қашқари мен В.Рубруктың жаз­баларына сүйеніп, Ілебалықты Шеңгелді бекінісінің орнындағы «Екіөгіз» қаласы – деп көрсетсе, академик Ә.Марғұлан М.Дулатидің деректерін алға тарта оты­рып, «Ілебалық өз алдына жеке қала болған» деп тұжырымдайды. Ежелгі Қойлық қаласының ор­нын қазу кезінде үш мәдени қабаттың бар екендігі анық­талған. Олар – қарлұқ дәуірі; Қарахан және Моңғол кезеңдері. Ілебалықты да зерттеу барысында осындай мәдени қабаттар кездесуі әбден мүмкін. Ілебалық қаласының атауы 1254 жылы Жетісуды көктей тіліп өтіп, моңғолдардың астанасына барған армян патшасы І Гетумның (Гайтон) күнделігінде бар. Онда қала «Иланбалах» – деп жазылған, яғни, бұл сөз «Іле өзені өңіріндегі қала» деген ұғымға саяды. Бұл қаланың ел игілігіне қызмет етіп өмір сүрген уақыты шамамен ХІ-ХІV ғасырлар аралығын қамтиды.
Жетісу жерінде тағы бір басы ашылмай, зерт­теу­ші­лердің назарына ілінбей келе жатқан қала – Баласаз қа­ласы. Жетісу Алатауының Қаратау және Баянжүрек тау­ларының аралығын бөліп жатқан Күреңбел ойы­сындағы Бүйен өзенінің аңғары да орналасқан. Бала­саз көне қаланың тарихи атауы емес. Өткен жылы Баянжүрек тауларына жасаған экспедиция барысында сол қала орнына барып қайттым. Сонымен бірге, сол маңда зерделеуге тиісті ұланғайыр дүниелердің бар екенін де сезіндім. Сол қала орнына жақын жерде ежелгі абсерватория және рәсімдіқ орын қызметін атқарған «Шеңбер тас (Қалақай)» ескерткіші тұр. Одан он шақырым жердегі Ашыбұлақ ауылының іргесінде тағы бір көне қала орны бар. Француз королі IX Людовиктің бұйрығымен Қарақорым қаласына жолға шыққан саяхатшы Гильом Рубрук Екіоғыз қаласынан өткеннен кейін Сарқанға қарай бет алады. Қазіргі көзбен қарағанда Екіоғыз, Дүңгене қалашығы орналасқан Көксу мен Қаратал өзенінің бойынан Қойлыққа жететін екі бағыт бар. Бірі Сағабүйен, Қызылағашты басып өтетін жол. Осы бағытта, яғни, Сағабүйен ауылының іргесінде зерттеушілерді қызықтырмаған тағы бір көне қала орны жатыр. Енді бірі Қапал ауылын басып өтіп, Баянжүрек арқылы Баласаз, Ашыбұлақ арқылы Қойлыққа же­тетін жол. Рубурктың жазбаларын зерделеп көргенде ол екінші бағытпен жүрген деп айтуға әбден болады. Себебі, Рубуркті «Шеңбер тас (қалақай)» абсерваториясын көру қызықтырмай қоймады. Тіпті, оның жазбаларында Баласаз қаласына келгені туралы деректер де осы ойымызды нақтылай түседі.

 

Демек, біз осыған дейін қазақ баласы тек көшпенділікпен өмір сүрді деп есептеп келдік. Біз қанша жерден малшаруашылығы қазақтың ата кәсібі, көшпенділік қанына сіңген деп өзімізді сендіргіміз келсе де, туып өскен өлкеміздегі қала мәдениеті және ол туралы тарихи дәйектер осы бір қатып қалған көзқарасты өзгертуге қарай жетелей береді. Осының бәрін зерделей келіп, Қазақ жерінің бір бөлшегі болған Жетісу жері қалалық өркениеттің де тал бесігі екендігіне көзімізді жеткіземіз. Әрине, қазіргі Жетісу жерінде анықталған 86 қаланың барлық сипатын осы мақала арқылы толық көрсетуге болар еді. Оның көбі баспасөз бен зерттеу еңбектерінде жазылып жүр. Біз соның ішінде жұртқа толық жете қоймаған әрі өңір өмірімен етене жақындарын таңдап алдық. Сондай-ақ, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласына орай туындаған жаңа жобамыз әлі де жазылады. Сол жазбаларда қалып қалған қалалық өркениеттер туралы айтамыз.

Қажет АНДАС

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend