РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

ЕР ТҮРІКТІҢ БЕСІГІ — КИЕЛІ ТҮРКІСТАН

Жақында ғана Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістан қаласына арнайы барып, археологтар және тарихшылармен кездескен еді. Сонымен бірге, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени және «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейін аралап көрген болатын. Одан әрі министр «Қазқайтажаңғырту» РМК-сы мен «Базиз-А» құрылыс компаниясының жұмыстарымен танысып, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолға алынған жоба бойынша Түркістан қаласындағы 88,7 гектар аумақта орналасқан орта ғасырдағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің тарихи келбетін қайта қалпына келтірілуіне тапсырма берді. Мұның бәрі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында көрсетілген – қаланы түркі дүниесінің рухани астанасы ретінде таныту туралы идеясынан туындағаны түсінікті. Түркістан секілді тарихи қаланың төл келбетін сақтай отырып, оның болашақ сәулетін гүлдендіру мақсатында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі де осының жаңғырығы. Ағымдағы жылдан бастап «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты «Хан мешіті», «Хан ордасы», Күлтөбе қалашығы мен «Жеті ата», «Дарбаза», «Мүсәлла», «Тәкия» қақпаларында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Алдағы уақытта Түркістан қаласының мерейі асып, сәулеттене түсері хақ.

Әулиенің құты қонған Ясы

Түркістан қаласы орта ғасырларда Ясы деп аталатын қалашық болғаны мәлім. Ал қаланың ірі шаһарға, түркі әлемінің рухани астанасына айналуы – әйгілі ғұлама Қожа Ахмет Яссауидың есімімен байланысты. Ежелгі Сайрам деген қалада өмірге келген Ахмет Яссауи сол кездегі ғылым мен ағартудың орталығы ретінде белгілі болған Отырар қаласында білім алып, кейіннен Бұхардағы Юсуп Хамадани басқарған сопылар қауымына кіріп, дәруіштік мектептен өтеді. 1140 жылы Юсуп Хамадани, кейіннен оның екі мүриті дүние салған соң, қауымды Ахмет Яссауи басқарады. Бірақ көп ұзамай-ақ мәртебелі қызметін тастап, өзінің туған өлкесіне біржола қайтып оралады. Софизм идеяларын уағыздап, өзі де оны берік ұстана отырып, тақуалықта өмір сүреді. Елін иман мен хақ жолына шақырып, жолын қуған мыңдаған шәкірт тәрбиелейді. Осындай ерен еңбегі мен хақ жолына деген адалдығы үшін оны жергілікті халық Әзірет Сұлтан деп атаған.

1166 жы­­лы ғұлама қайтыс болғаннан кейін де зиратына тәуіп етушілер толастамай, оның мазары қасиетті орын ретінде қастерленеді. Ясы шаһары да күн өткен сайын көркейіп, көптеген сауда орындары ашылып, көпестердің соқпай өтпейтін бекеті болады. Қаланың экономикасы ғана дамып қоймай, Отырар, Бұхар, Самарқан секілді мәдени ошақтың бірі болып шыға келеді. Білімге құштар талай жан осында тәлім-тәрбие алып, рухани кемелденуге ұмтылады. Осылайша, кешегі кішкентай ғана қалашық бір ғана ғұламаның шарапатымен бар түркі әлемі үшін стратегиялық орталыққа айналады.

Шараф әд-Дин Әли Йездид деген ғалымның дерегінше, Қожа Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан кейін екі ғасыр өткеннен соң, яғни 1388 жылы Ясы қаласын Алтын Орда билеушісі Тоқтамыс басып алып, сол кезде қаламен бірге мазар да тоналады. Ал 1395 жылы Әмір Темір Тоқтамысты біржола жеңіп, 1397 жылы күзде Тоқтамысты жеңгенде түскен олжаның бір бөлігіне қирауға жақындаған мазардың басына теңдесі жоқ үлкен кесене тұрғызуға әмір түсіреді. Бұл ескерткіштің салынуының да саяси астары бар еді. Яғни, бүкіл түркінің рухани көсеміне айналып, шексіз құрметіне ие болған әулиенің басына кесене орнату арқылы Әмір Темір де халықтың жүрегінен жол табуға тырысты. Ал бұл әрекеті дұшпанына бас имейтін жауынгер әрі территориясы аса үлкен өлкені басқаруды жеңілдетуге тиіс болатын. Сонымен бірге, ислам дінінің даңқын асырып, оның кең таралуына жол ашуы керек еді. Әмір Темірдің бұл сұңғыла саясаты өз жемісін беріп, өзінің ғана емес, бүкіл ислам дінінің де мерейін үстем етіп, даңқын асырды.

Кесене салумен бірге әміршінің «Қолхаты» (гра­мота) жазылған. «Қолхатта» Әмір Темір ғимарат тура­лы «ешқашан да, қандай болған жағдайда да сатуға, же­кеменшік секілді ұрпақтан-ұрпаққа уақытша немесе тү­бегейлі біреуге беруге болмайтыны» туралы қатаң ескер­тіп, одан әрі ғимараттың кіреберіс есігінің ішкі маң­дайшасына: «Бұл әулие мекен – Алла тағаланың ра­­қымы жауған падиша Әмір-Темір Көрегеннің жар­лығы бойынша орнатылды… Алла тағала оның әмірі­нің ғасырлар жасауына нәсіп етсін!», – деп жаздырған.

Бір қызығы, алғашында қаланған қабырғалары құ­лап тоқтамай, ең бірінші ғұламаның ұстазы Арыс­тан баптың басына кесене тұрғызғаннан кейін ғана құлауы тоқтапты деген аңыз бар. Сондықтан зиярат етушілер алдымен Арыстан бапқа түнеп, содан кейін ғана Қожа Ахметтен тілейтін дәстүр қалыптасқан.
Бұл ескерткіш өзінің ұзақ тарихында не түрлі жағ­дайды бастан кешкен. Әмір Темірдің кезінде бас порталдың тек нұсқасы ғана болып, оның құры­лысын 1583-1598 жылдары Бұхарды билеген Абдолла хан аяқтаған. Абдолла хан заманындағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер бүгінге дейін сақталып қалған. XIX ғасырда Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен порталға қарабайыр корғану орындары салынып, қам кесекпен қоршалып, кесене қамалға айналдырылған. Онымен қоймай, 1846 жылғы Түркістан әкімінің Қоқанға қарсы әрекетін басу үшін қоқандықтар кесенені суға бөктіреді.
Ал 1864 жылы орыс әскерлері Түркістанды қоршауға алғанда ғимаратқа 11 рет зеңбірек оғы тиіп, күмбездері мен қабырғаларына үлкен зақым келген. Егер де ке­сене шырақшысының қарша бораған оққа қарамай мұнара басына көтеріліп, ақ жалау көтермегенінде ескерткіштің бүгінге жетуі неғайбыл еді. Танымал шығыстанушы Александр Кунның «Түркістан» атты фотоальбомын құрастыруына байланысты бүкіл әлем бұл ескерткішке көңіл аударып, соның әсерімен Ресей патшалығы он бес мың сом қаржы бөліп, ескерткішті жөндеуден өткізген. Жергілікті қожалар да елден ақ­ша жинап, ескерткішті жөндетпек болады. Бірақ ол ақшаның көбі құлқын мен қалтаның түбіне кетіп, жөндеу жұмыстары аяқсыз қалып отырған. Кезінде Алаш қайраткері Міржақып Дулатов та кесенеге арнайы ат басын бұрып, кесене туралы «Қазақ» газе­тіне мақала жариялаған болатын.

1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Яссауи рес­публикалық мұражайы, 1989 жылы 28 тамызда Қа­зақстан Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан қо­рық-мұражайы» ретінде құрылып, тек 2003 жылы 23 маусымда ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында кесене дүниежүзіндегі «Мәдени мұра» тізіміне енгізілді.

Туризмге де тартымдылық керек

Елбасымыздың Түркістан қаласын түркі дүниесінің кіндігі ретінде танытуға құлшынуы, соның қамымен министрдің де бұл жерге арнайы келуі барлығы да Түркістанды туристік орталыққа айналдырудың қамы. Десе де, Түркістан туристік орталыққа айналуға сай бола алатын тартымдылығы бар ма?! Аңыз бойынша Асан Қайғы бабамыз Түркістан қаласын және олардың қожа-молдаларын көргенде: «Ай, қарыс жері бір арық, жер сорлысы мұнда екен, әйелі семіз, ері арық, жұрт сорлысы мұнда екен», – деп баға беріпті деседі. Асан атамыздың не ойлағанын қайдам, әйтеуір сөзінде бір шындық бары рас. Егер шынымен жердің «сорлысы» болса қайтпек керек?!

Осындайда Израилдің 9-президенті Шимон Перестің сөзі ойға оралады. «Бізде ешқандай табиғи ресурстар болмады. Не алтын жоқ, не мұнай жоқ. Ол кезде Таяу Шығыстағы елдер екіге бөлінеді деуші еді – мұнайлы және киелі. Біздікі екінші түріне жататын. Себебі, біз «қу тақыр» едік», – дейді. Иә, жердің нағыз «сорлысы» осы Израиль жері. Не байлығы жоқ, не суы жоқ. Суы жоқ болған соң құм мен тастан басқа ештеңесі жоқ қу медиен. Бірақ бар әлемнің көз тіккен қасиетті өлкесі. Иудаизм, христиан, ислам діндерінің тоғысып, талай пайғамбардың кіндік қаны төгілген қастерлі мекен. Осының арқасында бар әлемге танымал. Тарихтағы қанқұйлы «Крест жорықтары» да осы Иса пайғамбар жатқан қасиетті жерді азат ету ұранымен басталған жоқ па еді. Тіптен құранда баяндалатын Йемен патшасы Абраһа туралы оқиға да жердің байлығы емес, қасиеті маңызды екенін дәледеп бергендей. Елдің бәрі жыл сайын Меккеге қажылыққа баратынын байқаған Абраһа сол халықты өзіне тарту үшін Сана қаласында әлемде теңдесі жоқ әсем шіркеу тұрғызады. Бірақ алтын шіркеуден гөрі жай ғана қара тастан қаланған Кағбаның бәсі жоғары түсіп отырады. Шіркеуінің кағбамен бәсекелесе алмайтынын көрген патша оны қиратуға барып, соңы немен аяқталғаны да бә­рімізге мәлім. Бұл жағынан келгенде Израиль, Мек­ке, Түркістан арасында үлкен байланыс бар. Яғ­ни, Түркістан да түркілердің қасиетті жері. Осы қа­сиет­тілігінің арқасында сан мыңдаған адамды өзіне тартатын күшке ие.

Туристерді тартатын тағы бір ерекшелік – кесененің көр­кемділігі мен тарихилығы. Ахмет Яссауи кесенесі – Орта Азия мен Қазақстандағы біздің заманымызға дейін сақталған ең зәулім күмбезді, қыштан соғылған ғи­марат. Оның көлденеңі – 46,5 м, ұзындығы – 62,5 м. Сыртқы көрінісі симметриялы жинақы келген бұл құры­лысқа үлкенді-кішілі 35 зал мен бөлме сыйып тұр. Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты дәліздермен және әртүрлі өтпелі баспалдақтармен жалғасып жатады. Жалпы тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат: қазандық, үлкен Ақсарай, кіші Ақсарай, құдықхана, кітапхана, асхана, көрхана, мешіт секілді 8 түрлі бөлме тобынан тұрады.

Кесененің қазақ тарихы үшін де маңызы зор. Мұнда қазақтың ұлттық пантеоны орын тепкен. Ғалымдардың айтуынша, осында қазақ тарихындағы аса беделді әрі танымал тұлғалардан 157 адам жерленген. Оның 21-і хан болғандар. Олар: Есім хан (1628), Жәнібек хан (1643), Жәңгір хан (1680), Тұрсын хан (1717), Тәуке хан (1718), Қайып хан (1718), Болат хан (1723), Сәмеке хан (1738), Жолбарыс хан (1740), Сейіт хан (1745), Барақ хан (1750), Сығай хан (1750), Әбілмәмбет хан (1771), Абылай хан (1780), Әбілфейіз хан (1783), Бөкей хан (1819), Тоғай хан (1826), Есім хан (ХІХ ғ. басы), Болат хан (ХІХ ғ. басы), Тәуке хан (ХІХ ғ. басы), Әликен хан (1859). Сонымен бірге, қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек тархан, Бөгенбай батыр т.б. секілді қазақ тарихындағы айтулы тұлғалар да осы жерді мәңгілік мекеніне айналдырған.

Бұл маңда тек Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ғана емес, сонымен бірге оның айналасында ХІV-ХVІ ға­сырға тиесілі Сегіз қырлы кесене, ХV ғасырда са­лынған Ұлықбектің қызы, Әбілқайыр ханның жұбайы Рабиға Сұлтан бегімнің кесенесі, ХVІ-ХVІІ ғасырда іргесін көтерген Шығыс моншасы, Түркістанды алғашқы болып билеген қазақ ханы Есім хан кесенесі, Жұма мешіті, т.б. шығыстың үздік сәулет өнерінің ескерткіштері орналасқан. Кесене ішінде атақты қолөнер туындылары да кездеседі. Оған жеті металдың қосындысынан жасалған тайқазан, кезінде қолды болып Луврға жөнелтілген шырағдан секілді бұйымдарды атауға болады. Жалпы, бұл аумақта 137 ескерткіш, 21 мыңнан астам жәдігер сақталғаны ай­ты­ла­ды. Олардың қатарында ескі құран кітаптары да бар.

Белгілі шығыстанушы академик Михаил Массон: «Бұл кесенеге Орта Азияда қай жағынан болсын тең келетін құрылыс жоқ. Ол – қайталанбас бітімді дара ғимарат» деп жоғары баға берген. Бұл ескерткіштің қазақ халқы үшін де орны ерек. Ағылшындар үшін Стоунхендж бен Тауэр қамалы, үнділер үшін Тәж Махал, египеттіктер үшін Пирамида, қытайлар үшін Ұлы Қорған қалай болса, қазақтар үшін кесененің орны дәл сондай. Сонымен қатар мұндай ескерткіштер қазақ даласында көп те емес. Өйткені көшпенді тұрмыс кешіріп, ат үстінде өткен ата-бабаларымыздың биік ғимарат салуға соншалықты көңіл бөле қоймағаны түсінікті. Әрине, қала мәдениеті бізде де гүлденген кезеңдер болған. Дегенмен аман жеткендері некен-саяқ. Сондықтан да бұл ескерткіштің қадірі бөлек.

Түркістандағы туризмді дамытуға қазақтың қонақжайлылығы да септігін тигізеді. Тек оны ұлттық дәстүрлеріміз бен заманауи менеджментті үйлестіре білу лазым. Келген туристер тек кесенені ғана емес, қа­зақ халқын да көруге келетінін назардан тыс қалдыруға болмайды.

Бүгінде Түркістан облыс орталығына айналып, да­мудың жаңа белесіне көтерілді. Атақты алашшыл ақын Мағжан Жұмабаевтың:
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, – деп жырлағанын­дай, бүгінгі Түркістан қасиеті мен көркемдігі қабысып, қазақ жеріндегі төртінші мегаполиске айналуы мүмкін бе?! Әрине, мүмкін. Тек жаңарамыз деп еуропалық қаланың көшірмесіне айналдырмай, керісінше ежелгі шығыстық стилін сақтағаны маңызды. Өйткені түркі дүниесінің бесігіне айналуы үшін соған сай келбеті де болуы керек. Бұл да туристерді көптеп тартудың төте жолы.

Қорыта келгенде, Түркістан тек қазақ даласының ғана емес, жалпы түркі әлемінің алтын бесігі. Ал осы алтын бесікті мемлекет пайдасына жаратып, қазы­наға түсім түсірсе нұр үстіне нұр болары анық. Ол үшін мемлекет туристердің көптеп келуіне мүдделі. Ту­ристерді тартуда Түркістан құдайдың өзі сыйлаған кө­рікті мекен. Тек барды пайдаға жарата алсақ бол­ғаны.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend