ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚСТАН МӘДЕНИЕТІ

«Қыз бен теңіз» жарасымы

Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Қыз бен теңіз» фильмін түсірді. Бұл фильмнің режиссерлері әрі сценарий авторлары – Әзизжан Заиров пен Мұхамед Мамырбек. «Қыз бен теңіз» фильмінің негізі өмірден алынған оқиғадан тұрады. Бас кейіпкерді ойнаған – АРДИ мүгедек балалары бар ата-аналар ассоциациясы оңалту орталығының тәрбиеленушісі Динара Шәріпова. Фильмде ол махаббатын кездестіріп, отбасын құруды және сәби сүюді армандайтын Әсел деген қыздың рөлін орындады. Сондай-ақ фильмге Эмир Байғазиннің «Төрт оқиға» фильмінде эпизодтық рөлді сомдаған Қанағат Тасқараев та түскен. Ал бас кейіпкердің әпкесі рөліне театр және кино актрисасы Гүлбахрам Байбосынова шақырылған.

– Мүмкіндігі шектеулі жандар туралы баян­дай­тын бұл фильм көрерменге ой салатын, өте күр­делі туынды. Мүгедектігі бар жандарға жағдай жасау, оларға қолжетімді орта құру, қоғамнан тыс қалмауына жіті көңіл бөлу, қоғамның назарын мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесіне көңіл аударту – біздің басты мақсатымыз! Фильмнің ре­жиссерлері Азиз Заиров пен Мұхамед Мамыр­беков қиындықтан қорықпай, осы маңызды тақырыпты қозғап, тамаша кинотуынды түсір­ді. Фильмнің түсіру тобын бүгінгі алғашқы көрсетілім­мен құт­тық­тай­мын, – деді Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы салтанатты тұсаукесер рәсімінің ашылуында.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Алматы қала­сында және Қапшағай жағалауында өткен. Фильмге түскеннің барлығы дерлік кәсіби актер емес, мүмкіндігі шектеулі адамдар (БЦП диагнозы және психикалық даму бөгелесі бар). Фильм ре­жис­сер­лері Мұхамед Мамырбек пен Әзизжан Заиров кар­тинаны шығаруға 3 жыл уақыт жұмсаған.

«Қыз бен теңіз» фильмі мүмкіндігі шектеулі жас­тардың өмірін баяндайтын «Безграничные воз­можности» дилогиясының екінші бөлімі.

– «Быть или не быть» атты бірінші бөлім ар­қылы біз БЦП-мен ауыратын жас жігіттің өмі­рін көрсетуге тырыстық. Ал осы фильмде бой­жет­­кеннің өмірін көрсетеміз. Фильм негізіне «Ар­ди» оңалту орталығының тәрбиеленушісі Ди­на­ра Шәріпованың өмірі алынған. Картинада ол басты рөлді сомдайды. Динара өзінің өмірге де­ген көзқарасымен, өмірсүйгіштігі және міне­зінің жұмсақтығымен ерекшеленеді. Өзінің ау­руы­­на қарамастан ол толыққанды өмір сүреді. «Тұ­ран» колледжін тамамдап, Мәскеудегі «Си­нер­гия» университетінде жоғары білім алған. Шы­­ғармашылыққа да өте жақын, аяғымен сурет­ салып, дені сау адамдарға өз-өзіне сенуге кө­мек­теседі. Динараның суреттері Жапония, Англия, Аме­рика елдерінің жеке көрмелерінде ұсынылған. Фильмде біз оның шексіз ішкі жан дүниесін ашып көрсетуге тырыстық. Осындай фильмдердің арқасында біз мүмкіндігі шектеулі жандардың өзіне деген сенімін арттырып, қоғамда еркін өмір сүруіне көмектесеміз. Сонымен қатар көрерменді олардың өмірімен жақынырақ таныстыруды көздейміз, – деді фильмнің режиссері әрі продюсері Әзизжан Заиров.

Астана қаласында өткен тұсаукесерде халық 20 минут бойы қол соғып тұрды. Бұл – көрерменнің фи­льм­ге берген бағасы. Режиссерге құрме­т­і. Фильм­дегі оқиға желісі адамды бейжай қалдыр­майды. Өмір үшін күрес, арманын орындауға ұмтылған ару, үнсіз тілеуін тілеген теңіз. Туындыда қоғамдағы іргелі мә­селелер, мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс-тір­шілігі көрініс тапқан. Кез келген адамға ой са­ларлық дүние. Әлеуметтік мә­селені фильмге арқау ету, «Қыз бен теңіздегі» жаңа бетбұрыстар туралы фи­льмнің тең режиссері Мұхамед Мамырбеков:

– Әлеуметтік фильмдерді түсіруден ұққаным, мүм­­кіндігі шектеулі жандарға кинематограф ар­қы­лы келген арт-терапияның әсері болатынын тү­сін­дім. Әлеуметтік бағытта түсірілген «Быть или не быть?» және «Қыз бен теңіз» жобаларынан кейін біздің «актерлеріміздің» қалай өзгеріп, өздеріне де­ген сенім пайда болғанын байқадым. Соның ар­қасында қоғам өміріне именбей араласуға дайын екен­і көрініп тұр. Бұл картина арқылы біз кө­рер­­­мендерге тек мүгедек жастардың ғана емес, мүм­­­кіндігі шектеулі барлық жанның күнделікті проб­­­­лемалары туралы ашып көрсетуге тырыс-
тық, – деді ол.

Анар ҚОНЫС

 

Previous ArticleNext Article

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Send this to a friend